Кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес Мәдениет министрлігімен және «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдардың Алматы конфедерациясымен бірлесіп, «Зиялы ұлтты қалыптастырудағы отбасының рөлі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Дөңгелек үстелдің жұмысына Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері мен Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының, жастар ұйымдарының өкілдері және ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Қазақстандық зиялы ұлтты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде алғаш рет Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы қазанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жасаған жария дәрісінде көтеріліп, қоғам алдына осы міндет қойылған болатын. Отырысты осылай деп бастаған Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров сөзін: «Зиялы ұлтты» қалыптастыру – XXI ғасырда қоғамды жаңғыртудың жолы, онда дамудың басты көзі креативті адам болады. Шығармашылық – бұл адамның өзін өзі жұмылдыру үдерісі, ол әркімнің өзінің рухани байлығы болуын, жеке тұлғаның даралығы мен төл қасиеттерінің болуын көздейді. Сондықтан да бағзы заманнан бүгінге дейінгі тарихи-мәдени мұраның барлық саналуандығы болашақтың рухани негізі мен қайнар көзі болып шығады, оларды сақтау мен толықтыру үрдісімен біздің «зиялы ұлтқа» ұмтылған жолымыз да шын мәнінде басталып кетті деуге болады. Сондықтан зиялы ұлтты қалыптастыру сияқты жаһандық проблема туралы әңгімелесу үшін отбасы тақырыбының таңдалуы тегін емес. Бұл ретте зиялы ұлт білім мен дағдыларды қолдану ретіндегі технократтық құбылыс тұрғысында ғана бейнеленбеуге тиіс. Ол ұлттық мәдениет ретінде танылып, ал оны қалыптастыру біздің қоғамымыздың мақсаты болуы тиіс», деп жалғастырған еді.
Шынында да, егер әлемдік озық дәрежеге жеткен мемлекеттердің тарихына үңілсек, онда ел халқының зиялылық деңгейі жоғарылаған сайын сол жұрттың соншалықты дәрежеге көтерілгенін көруімізге болады. Ұлтты биіктерге жетелейтін игі мақсатқа жұмылмасақ, онда заманауи ғылыми жетістіктерге жетпек түгіл, өзгелер жасаған құндылықтарды игеріп әкетуіміз де екіталай. Бұл жайында Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов қынжыла сөйледі. Біздің балаларымыз тігінші, шаштараз, аспаз сияқты қызмет көрсету саласы мамандарының оқуын оқымайды. Қазірдің өзінде қалталарында 5 дипломға дейін бар жастарды кездестірдім. Алайда, олардың көпшілігі өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайды. Мәселен, біздің елімізде 100 мың төлейміз деп «КамАЗ» көлігімен жүк таситын адам таба алмай отырған кәсіпорындар бар. Есесіне, осындай жұмыстардың барлығын сырттан келген мигранттар атқарып, өз қазынамызды толтырар қаражат шетке ағылып жатыр, деді депутат.
Дөңгелек үстел отырысында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқар, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Рәшида Нәубетова сөйлеп, шешендер қазіргі күні әлемде еңбектің жаңаша бөлінісі орын алып отырғанын, ал зияткерлік еңбек саласында, ғылыми және мәдени өндіріс пен қызмет көрсету саласында білім экономикасы туындайтынын айтып, адам капиталының алға шығатынына тоқталды.
Қазақстан болашақтың керуеніне ілесу үшін бар күш-жігерін осы мүддеге жұмсай алады және жұмсауға да тиіс деген пікірге тоқайласқан жұртшылық отырыстың аяғында ұсыным қабылдап, онда Парламентке осы мәселеге қатысты арнайы тыңдау өткізу қажеттігін ұсынды. Ал Үкіметке зиялы ұлтты қалыптастырудағы отбасы рөлінің маңыздылығын ескере отырып, осы жұмысты барынша қолдау мақсатында қаржы бөлуді әлеуметтік тапсырыс есебінен ұлғайту жайын қарастыру елдік іс екендігі көрсетілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.