Қазақ даласы Пушкиннің есімін екі ғасыр бұрын естіген. Ұлы Абай оның «Евгений Онегин» романын ықшамдап аударғанын, қырдың адамдары Татьянаның жан сезіміне ортақтасып, соншалықты ықыласпен қабылдағанын Мұхтар Әуезов «Абай жолында» тамылжытып жазған. Осы аудармадан соң қазақ арасында Тәтіш есімді қыздың аты пайда болды. Татьянаңыз солай еркелете айтылатын Тәтішке айналып жүре берді... Орыстың ұлы ақынының атындағы залдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты, пушкинтануға өзіндік үлес қосқан ғалым Сауытбек Абдрахманов: «Бұл жерде Пушкиннің пайда болуына дейін Ресейде орыс тілі қарапайым бұқараның тіліне айнала жаздағанын айту артықтық етпейді. Элита атанған ақсүйектер негізінен француз тілінде сөйлеуді дұрыс көретін, – деді. – Орыс тілі адам ойы мен сезімінің терең қалтарыстарын ашып көрсете алмайды деген түсінікті бұзған адам – Пушкин. Орыс халқының өз еліне деген сенімін қалыптастырған да нақ Пушкиннің өзі. Бұл – үлкен еңбек, үлкен ерлік». Осындай ұлы тұлғаның атында залдың ашылуы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-қимыл жоспарына сай жүзеге асты. Залға Ұлттық академиялық кітапхана қорынан 500-ден астам кітап ұсынылғанын мекеме директоры Үмітхан Мұңалбаева баяндады. Кітаптар негізінен ақынның әр жылдары жарық көрген өз еңбектері мен ол туралы зерттеулер, мақалалардан тұрады. Одан басқа танымал суретші Орест Кипренскийдің «Александр Пушкин» портреті мен ақын қолжазбаларының көшірмелері қойылған. Салтанатты шараға еліміздегі Ресей Федерациясы елшілігі атынан Ресей ғылымы мен мәдениеті орталығының жетекшісі Владимир Нефедов, танымал публицист Ғаділбек Шалахметов, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»