• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2017

"Кітап - тарих, кітап - қазына" атты сирек кітаптар көрмесі ашылды

628 рет
көрсетілді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының бір топ қызметкерлері ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында өткен «Кітап – дәуір айнасы» атты ашық есік күні мен «Кітап – тарих, кітап – қазына» деп аталатын сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлады академияның баспасөз қызметі.

Алқалы жиынды Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев құттықтау сөзімен ашты. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде электрондық технология қарыштап дамығанына қармастан рухани байлықтың басты көзі кітап болып қала беретінін айтты.

Бұдан кейін Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Модаштва Дамирчилу, белгілі ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожаұлы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ұрпағы Ләйла Баймағамбетова сөз сөйлеп, кітаптың адамзат өміріндегі маңыздылығын атап өтті. «Құнды тарту» акциясы аясында С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Мақпал Нұрғалиева, қаламгерлер Табыл Құлияс, Ақайдар Ысымұлы, Толымбек Әбдірайымұлы Ұлттық Академиялық кітапхана қорына бағалы кітаптар тарту етті.

«Кітап – тарих, кітап – қазына» атты көрмеге әр жылдардағы Құран басылымдарының топтамалары, араб, латын, шағатай жазуларымен шыққан көне кітаптар мен қолжазбалар қойылған. 

Олардың ішінде, түркі дүниесінің ортақ мақтаныштары А.Байтұрсыновтың 1909 жылы шыққан «Қырық мысалы» мен М.Әуезовтың «Абай жолы» романының автордың қолтаңбасымен сақталған алғашқы басылымын, Абайдың парсы тіліндегі өлеңдер жинағын айрықша атап өтуге болады. 

Жиын соңы арнайы семинар-тренингтер мен ғылыми дәрістерге, күйтабақтар мен ескі мерзімді басылымдардың көрмесіне ұласты. 

Айта кету керек, Түркі академиясы халықаралық ұйымы мен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы арасында тығыз серіктестік байланыс орнаған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Академия 90-нан астам аталым бойынша өзі әзірлеп шығарған барлық кітаптарын аталған кітапхана қорына тарту еткен болатын.