• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Маусым, 2017

TWESCO Әмір Нәжіптің бұрын-соңды жарияланбаған түркі тілдерінің сөздігін басып шығарды

242 рет
көрсетілді

Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) бүгін Астанада аса көрнекті түркітанушы ғалым, көне түркі және қазіргі түркі тілдерінің білгір маманы Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдық еңбектің тұсаукесер рәсімін өткізді.

«Eurasian Book Fair – 2017» халықаралық кітап көрмесі аясында өткен салтанатты шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, Қазақстандағы дипломатиялық корпус жетекшілері, белгілі түркітанушы, әдебиетші ғалымдар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Әлемдік түркология ғылымы үшін құнды саналатын бұл сөздік толық нұсқада тұңғыш рет жарияланып отыр. Көптомдықты оқырман қауымға Академия басшысы Дархан Қыдырәлі таныстырды.

Әмір Нәжіп Алтын орда дәуірінде жазылған Құтыптың «Хұсрау мен Шырыны» атты аса құнды әдеби көркем шығарманың ішіндегі 2500 сөзді қамтитын «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деп аталатын 4 томдық еңбегін бітіріп, көзі тірісінде баспаға тапсырған болатын. Өкінішке қарай, бұл еңбектің бірінші томы ғана 1979 жылы Мәскеуде жарыққа шықты да, қалған томдары ғалымның көзі тірісінде басылмай, тоқтап қалады.

Ғұлама ғалым Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған елең-алаңда өзінің сырлас бауыры, академик Әбдуәли Қайдариге қолжазба мұраларын аманаттапты. «Мен ақыл-ойымды түркологияға бағыштадым. Денем Мәскеуде қалады, бірақ сүйегіме қазақтар ие болады, жүрегім де сендермен бірге... Ортағасырлық жазба ескерткіштердің көбісі бүгінгі қазақ жерінде дүниеге келген, демек олардың мұрагерлері де  – сендерсіңдер. Мен олардың біразын жарияладым. Бірақ жарияланбағандары да бар. Екі-үш том етіп қолжазбасын дайындап қойдым. Жариялап, шығаруды аманат етем».

Халықаралық Түркі академиясы түркологтардың қолжазба мұрасы мен жеке архивін, құнды кітапханасын жинау, сақтау, зерттеулерін жариялау жұмыстарын жүйелі атқарып келеді. ҚР ҰҒА академигі Ә.Қайдари өзінің кітапханасы мен қолжазба қорын Академияға тапсырғаны белгілі. Осы қордың ішінде Ә.Нәжіптің аса бағалы қолжазбасы да Академия қоржынына кеп түскен болатын.

Осыдан кейін Академия көрнекті ғалым Ә.Нәжіптің  «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деген еңбегін толық дайындап басу жұмысын жоспарлайды. Әлемдік түркология ғылымының бағдарына жол сілтеп, сапалық деңгейін жаңа белеске көтеретін бұл 4 томдық бүгін жүйеленіп, «Қазіргі түркология» сериясымен оқырманға жол тартып отыр.

Бұл іргелі де кешенді еңбекте ескі ескерткіштегі 2500 сөз түркі тілдерінің тарихи сөздіктері мен XI-XV ғасырлар аралығында жазылған 20-дан астам көне әдеби жәдігерлермен, сондай-ақ 20-дан астам қазіргі түркі тілдерінің бай материалымен салыстырыла берілген. Араб-парсы, сонымен бірге моңғол, бурят, қалмақ тілдерімен де қажетінше салыстырулар жасалған. 

Аса көрнекті түрколог Әмір Нәжіп 1899 жылы бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Алдымен ауыл молдасынан, кейін ҚХР Шәуешекте Ресей консулының жанынан ашылған гимназияда, одан кейін Семейде мұғалімдер семинариясында оқығанда әлем тілдерінінің сырын тануға сәтті қадам жасап, орыс, араб, парсы тілдерін үйренеді. 20-дан астам түркі халықтарының тілінде еркін сөйлеп, жаза да білген филология ғылымдарының докторы, профессор, түркологтардың Кеңестік Комитетінің мүшесі, Түркия Түрік тілі құрылымының мүшесі болған.