Дөңгелек үстел жұмысына Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктердің, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Іс-шараны аша келе, Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е.Әбдіқадыров Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі міндет ретінде заңнаманы жаңа жағдаятқа сай бейімдеудің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындалғанын атап өтті.
Президент проблемалық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырды. Осы орайда биылғы жылы «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, коллекторлық агенттіктердің қызметін реттейтін «Коллекторлық қызмет туралы» Заң қабылданды.
Жоғарыда аталған нормативтік актілердің нормаларына сәйкес, Жоғарғы Соттың бастамасымен банктердің қарыз алушыларға талап қою мерзімі бес жыл деп белгіленген.
Дөңгелек үстел барысында Әділет министрлігінің Заңнама департаменті директорының орынбасары Н.Жамаладин, Бас прокуратураның 4-департаментінің Жоғарғы Сотта қатысуын қамтамасыз ету бөлімінің бастығы А.Ибраева, Ұлттық Банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының орынбасары И.Әл-Кейси, Астана қаласы сотының судьясы Ш.Нүсіпова, Алматы қалалық сотының судьясы Р.Баишев баяндама жасады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Жоғарғы Соттың құқық қолдану мәселелерін шешудегі маңызды рөлін атап өтіп, банктік заңнаманың оң өзгерістері және құқық қолдану мәселелерін талқылау мен оларды шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретін осындай үлгідегі іс-шараларды өткізу қажеттігі аталды.
Дөңгелек үстел жұмысының соңында заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»