Төрт құбыламызды барлап, кеткенімізді келтірсек, жоғымызды түгендесек деп жүргенде тағы бір алтын көмбенің беті ашылып, алтынмен аптап, күміспен күптеген, саз балшықтан сәнін келтіріп, әрін кіргізіп, бояуын қандырған түркілік түпнұсқа ата тарих үшін құнды дерек көздері болғалы тұр. Оны таныр адам, түсінер ұрпақ болса, сан қырынан шашаудай шашылып отыр. Біздің заманымызға дейінгі ІІ-І мыңжылдықтарда алтын ұстап, мыс пен темірді балқытқан, сөйтіп материалдық мәдениетіміздің іргесін қалаған, Еуразия кіндігінде келбеті келісіп, рухын биік ұстаған болған да толған бабалардан қалған, арқауы үзілмеген қазір де сынын бұзбай, сырын кетірмей келе жатқан ұлттық дүниелермен сабақтасқан мына жәдігерлерді қарап отырғанда ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты өлеңі ойға оралып: «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған, Түркінің тәңір берген несібі ғой... көп түркі енші алысып, тарасқанда, Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген жолдарды іштей қайталап, ежелгі қазақ жеріндегі мына ғажап рухани құндылықтар ұлтымыздың ұлылығын, халқымыздың қадір-қасиетін тағы бір арттыратын болды-ау деген байламға ат басын тірегендей болдық. Оның үстіне биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Мына дүниелер ғалымдардың сол атаулы күнге тартуы десек, жөн секілді. Күлтегін, Білге қаған елдік тұғырын биіктетсе, енді сол ұлыларымыз жатқан Моңғолия жерінен тағы ір қорым ашылып, түркі қағанатының ұлы да ұлық ел болғанын дәйектейтін, ешкім күдік келтіріп, күмән туғызбайтын, тонауға түспеген, дерлік түпнұсқасы сақталған қыруар қазына табылып отыр. Осы қорымның ашылуына ұйытқы болған түркі тарихынан бастау алатын қазақ тарихының тамырын кеңге тартуына өз үлесін қосып жүрген филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы мен моңғолиялық тарихшы ғалым А.Очир бастаған азаматтар қорымды қопаруға ұйытқы болғанын айта кетсек дейміз. Осы қазақ-моңғол бірлескен экспедициясының құрамында қазақстандық жас археолог Жантегін Қаржаубайұлы мен моңғолиялық археолог Л.Эрдэнболд, сонымен қатар, отызға таяу студент қатысқан.
Біз осы ақ жарылқаған істі жамағатқа жар салып айтсақ деген ниетпен Қаржаубай Сартқожаұлына жолыққан едік.
– Елордамыз Арқа төсіне келіп қанат жайғанда білім мен ғылымның ортасы болсын деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі іргелі білім ордасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін ашқан еді. Осы университет Моңғолияның археология институтымен келісім-шартқа отырып, сан-салалы зерттеулер жүргізіп келе жатқаны жұртқа мәлім. Иә, біз бұл қорымды көп жылдан бері бақылап, тексеріп келе жатқан едік. Енді соның нәтижесін шығару үшін өткен жылдан бері дайындық жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Жалпы, менің далалық экспедицияда жүргеніме отыз жылдан асып барады екен. Осы уақыт ішінде азды-көпті шаруалар бітірдім десем, артық бола қоймас. Жер бетінде ашық жатқан көне бітік руникалық жазуларын қайыра көшіріп, қайта зерттеу, алдында кеткен қателерді қалпына келтіру, түркі жазуының шығу тегіне байланысты Еуропа, Америка, Қытай ғалымдарының «финикия немесе арамей жазуларынан шықтыға» саятын пікірлерін саралай келіп, зерттеулерімізде көне түркі жазуы ата-бабаларымыздың өз шығармашылығынан туған деп арнайы монография жаздық.
Үстіміздегі жылдың жазғы маусымындағы Қазақстан – Моңғолия біріккен экспедицияларымызда әлемдік жаңалық ашылды деп Ресей, Қытай, Моңғолия, Жапония, Корея мемлекеттері интернеттерінде жазылып жатыр. Бұл қазына бұрынғы Күлтегін ескерткішінің төңірегінен бе, әлде басқа аймақтан табылып отыр ма?
– Күлтегін ескерткішінен солтүстікке қарай 200 шақырымдай жердегі Қызылкенттен ашылды. Бұл Ұлан-Батыр қаласынан батысқа қарай 210 шақырым. Осы маңайды зерттеп, зерделегенімізде, 7 шағын қаланың 7-8 қорымының бары анықталып отыр. Бұлар былай қарағанда, топырақтан үйілген дөң секілді көрінеді. Бұрын-соңды Еуразия аймағынан мұндай жерасты кешені ашылмаған. Осы мазардың диаметрі 34х36 м, 42 м дәлізі бар. Бұл жерден табылған мұралар арқылы Көк түркі қағанатының тарихын жаңа көзқараспен жаңғырта зерделеу мәселесі туындап отыр.
– Сіздердің бұл ашқан қорымға бұрын қол тимеген бе?
– Жоқ. Мұндай құндылықты ашу кезінде екі мәселені анықтап алу керек. Оның біріншісі, қазатын жеріңнің есігі қайда екені болса, екіншісі, қаржы жағдайы. Қаржы мәселесі шешілген еді. Енді қорымның есігін тауып, сол арқылы қазынаға қол жеткізу біздің басты мақсатымыз болды. Мен де, А.Очир де практик-археолог болғанмен, мамандығымыз филолог. Ендігі жердегі бар жұмыс археолог Жантегін мен Эрдэнболдқа жүктелді. Бұлар таңның атысынан бастап, күн ұяға қонғанға дейін түрлі өлшеулер жасап, есігі мына тұста деген байламдарын талқыға ұсынды. Біз қорымды қаза келгенде, олардың тұжырымы нақты екеніне көз жеткіздік.
– Қорым қанша метр тереңдікте екен?
– Дөңнен алғанда – 12 метр, жер бетімен есептегенде – 8 метр. 3 метрдей қазғанда қорымға кіретін есіктің екі қабырғасы көрінді. Содан әрі қаза түскенде есік-дәлізден негізгі бөлме 8 метр тереңдікте болып шықты. Қорымның қабырғалары табиғи жартастан тұрады. Осы табиғи жартастың, жертопырақтың бетін сылып тастаған. Кәдімгі сары батпаққа селеу шөптерді турап, араластырып, әбден иін қандырып барып, қолмен сылаған. Бұған қоса есік-дәліз бойында 3 метр сайын арка жасалып, оған есік салынып, сыртын таспен бітеп отырған. Ондай аркалардың саны бесеу. Бесінші аркадан кейін ағаш есікке тап болдық. Ол алтын құлыппен бекітіліпті. Кәдімгі қазақтың қолданып келген қара құлпы. Ол есікті ашқанымызда, арғы жағынан тағы да есік көрінді. Екі есіктің ортасында лақат бар. Биіктігі 20-50 см аралығындағы түркілердің қыштан жасалған 45 қуыршақ мүсіні көзге шалынды. Сондай-ақ, Византия дәуірінің 60 шақты алтын ақшасы, түркілердің де алтын ақшалары шықты.
– Сонда бұл түркі дәуіріне жата ма? Күлтегін тасы да, мына жауһарлар да бір өңірден табылып отыр. Жер моңғолдікі дейміз, ал табылған байлық кімнің еншісіне тиеді?
– Иә, түркі дәуіріне жататынын алдын ала білдік. Моңғол ғалымдары да солай деп түйін жасаған. Сұрағыңның екінші бөлігіне берер жауабым төмендегідей. Жер бүгінгі күні моңғолдікі екені рас. Бірақ, қазіргі Ұлан-Батырдың шығысындағы Керулен дариясынан батысқа қарайғы өңір сақ, скиф заманынан бері көк түріктің жері болғаны тарихтан белгілі. Шыңғыс дәуірінде де түркі жері делінді. Қилы замандардың қыспағы түркілерді бұл жерін тастап кетуге мәжбүр етті. Мына байлық сол түркілерден қалып отыр. Егер мұны мойындамаса, моңғол ғалымдары бізді қарыс қадам бастыра ма?
– Күлтегіннің көшірмесін елорданың төріне әкеп орнаттық. Мына дүниенің ендігі тағдыры қалай болар екен?
– Жер кімдікі болса, одан шыққан бар дүние де солардың мүлкі болып есептеледі. Бұл халықаралық заң нормаларында көрсетілген.
– Бүгінгі түркі ұрпағына не қалады?
– Осындай жауһар жәдігердің табылуы біз үшін теңдессіз жетістік. Мағжан ақын айтқан қарашаңырақтың иесі қазақ үшін зор мақтаныш. Бізге тиетіні рухани жағы. Яғни, сол байлықтың түпкі жасаушысы біздің бабалар, осы арқылы олар әлемдік өркениетке өз үлесін қосты дегенді өзге жұртқа таныту. Жалпы, бұған қоса түркі дүниесінің ақыл-парасаты биік, өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-санасы болды дегенді осылар арқылы ендігі жерде жар салып айтуымызға әбден болады.
– Өркениет туралы әлем ғалымдары аз айтпаған ғой. Бірақ түркі жұртында түк жоқ деген қасаң пікір қалыптасқалы қашан. Енді соған мына қазына тосқауыл қойып, түркі өркениеті туралы әңгіме қозғалатын шығар.
– Әрине, Абай айтпақшы, біз ендігі жерде өзімізде бармен көзге ұрып таныта алсақ, өзің айтқан қасаң пікірге түзету енгізілері күмәнсіз. Әлемдік өркениет туралы батыс ғалымдары Тойнби, Вагнер, Данилевскийлер көп еңбек қалдырған. Оның ішінде шынында түрік өркениеті деген сөз жоқ. Енгізбеудің себебіне келетін болсақ, біріншіден олар түркі әлемімен таныс емес еді. Мынандай рухани құндылықтарды біле қоймады. Тек Еуропада шыққан еңбектермен, солардың астам ойымен ғана «қаруланды». Сол бойынша тұжырым жасады. Мұның екінші бір жағы, мынада жатыр. Егер сонау орта ғасырда Ақсақ Темір Баязитті құртпаған жағдайда бүгінгі түркі ұрпағы бір замандары бүкіл Еуропаға билік құруы мүмкін еді. Осыдан Еуропа қатты қауіптенген. Әлі де ұмытқан жоқ. Сол себептен де олар түркі өркениеті дегенге көп бара бермейді.
– Қорымды қопару кезінде небір құнды дүниелерді, 3 кило алтын заттарды да тапқаныңыздан хабардармыз. Енді осы жағын таратып айтсаңыз.
– Мәселе алтында емес. Мәселе сол кездегі түркілер, яғни біздің ата-бабаларымыздың қандай рухани байлық жасағанында. Артына осыншама мол мұраларды қалдырғанында болып тұр. Біз осы табылған құндылықтар арқылы Көк түркі империясының бүкіл мемлекеттік құрылымын түгел зерттеп, зерделеуіміз қажет.
– Осыншама байлықты көтеріп тұра алар ма екенбіз деп қазақ жыраулары айтқандай, бұл құндылықтарымызды әлемге қалай таныта аламыз?
– Үлкен насихат керек. Бір Қаржаубай емес, мың Қаржаубай жұмылу керек. Бәрімізге ортақ мақтаныш. Жоғарыда да айттым, тағы да айтсам артық болмайды. Түркілер шаруашылығын қалай жүргізіп келген, қандай іспен айналысқан? Мал шаруашылығы, әскери құрылымы, тағы басқа. Біз ол түріктерді классикалық көшпелілер деп жүрміз. Жоқ, олар көшпелі ғана емес, отырықшы да ел болған. Оған жоғарыда айтқан жеті шағын қала дәлел болады. Мазардың есігіндегі жақтау арамен тілінгені бірден байқалады. Түркілер сол заманда-ақ ағаш тіле білген. Мен алтын құлыпты көргенде таң қалдым. Себебі, осыған дейін шығыстық үлгідегі құлыпты мен адамдар ХV-ХVІ ғасырларда пайдаланды деп жүруші едім. Сөйтсем, біздің бабаларымыз VІІ ғасырда қолданысқа енгізіпті.
– Қаржаубай Сартқожаұлы, осы VІІ ғасыр шегеленген тұжырым ба?
– Иә. Бұған ешкім шәк келтірмесе керек. Біз қорымды ашқанда көрсетілімдерге (панорамаларға) тап болдық. Қолына ту ұстап, сап түзеген әскерлер кетіп барады. Оларға жұртшылық тізіле қарап тұр. Мен энциклопедияны парақтап көргенімде, мұндай көрсетілімдер тұңғыш рет ХVІІІ ғасырдың аяғында ирландиялық кескіндемешісі Р.Баркер Эдинбург қаласында жасапты. Содан кейін ХІХ ғасырда кең қанат жайыпты. Көрсетілім сол кезден бастау алады делінген. Ал мына көрініске қарағанда, түркілер әлемі осыдан 1300 жыл бұрын ондай көрсетілімдерді жасап қойған екен. Еуропа кескіндемешілері қабырғаға немесе картина етіп сызып ХVІІІ ғасырда панорама жасаса, біздің бабалар VIІ ғасырда қыштан мүсін құйып, кәдімгі тірі адамдар бейнесін де беріп отырған.
– Қорымды қазу кезінде қабырғаға салынған жолбарыстың суреті шықты деп едіңіз. Осы туралы оқырмандарды хабардар ете кетсеңіз.
– Қазу барысында есіктің екі жағынан аузынан да, бүкіл денесінен де от шашып тұрған 9 метрлік қызыл жолбарыстың суреті шықты. Осы арада мен мына бір нәрсені айта кетсем деймін. Бұл қорым атақты Көк түріктің қағанына арналған. Ең қасиетті мұраларын жерасты мазарына орналастырған. Тірі кезінде қандай салтанат құрып өткенін көрсетілімдерде көрсеткен. Тұла бойы жалын секілденген жолбарыс сол кездегі түркі жұртының өршіл болмысын анық көрсетіп тұрғандай. Оның үстіне жолбарысты осы күнге дейін кие санайтынымыз және бар. Бірден ойымызға арғы түркі мен бергі түркі, яғни қазақ сабақтастығы орала кетті. Суретті салған қытай емес, түркі адамы дегенге тоқтадық. Өйткені, суретші қытайдың айбыны саналатын айдаһармен шендестіріп, мына жерде біздің тотемді одан қаһарлы, қуатты етіп бейнелеген. Егер өзге жұрттың өнерлі адамының қолынан шықса, мұндай асқақтатпайды, төмендеу жасайды. Ауыздан да, денеден де қызыл жалынды атқақтатып керемет етіп бермейді. Бұл суретте түрік суретшінің шексіз романтикасы, түркілік жалын атойлап тұр.
– Жамбыл Жабаевтың да киесі қызыл жолбарыс болғанын қазақтың айтулы ақыны Әбділда Тәжібаев талай жерде айтқан еді. Сүйінбайдан қалған сол қызыл жолбарыс қарамай кеткен кезде Жамбыл мына өмірден өзінің кететін кезі келгенін айтқан көрінеді. Сол айтқаны айнадағыдай келді дейді білетіндер.
– Көрдіңіз бе, сол жолбарыс әлі күнге дейін қазақтың киесіне, иесіне айналып келеді. Шығыс елдері жолбарыстың бейнесін қасиетті жерлерге, үкіметтік мекемелерінің есіктерінің алдына орнатып қояды. Мұндай үрдіс біздің елімізде де бар. Астанадағы кейбір мекемелердің алдынан көріп қаламын. Ендеше, мұны үзілмей келе жатқан алтын арқаулы сабақтастық десек жараспайды ма?
Қазақ жұрты туға баяғыдан-ақ ерекше көзқараспен қарайтыны аңғарылатын. Сөйтсек, бұл да сол дәуірден жалғасып келе жатқан үрдіс екен. Керегеге 3 ту салынған. Оның бірі оң қанатты, екіншісі сол қанатты, үшіншісі орталықты немесе Орда туын көрсетіп тұр. Ал оның алдына тәу еткен адамдардың бейнесі айдай анық кескінделген.
– Алтын ақшалар табылды дедіңіз.
– Сексенге таяу алтын ақша табылды. Оның алпысқа жуығы византия ақшасы. Онда көне латын әріпі, крест, пирамида бар. Көк түріктің ақшасынан руникалық жазуды көруге болады. Бұған қоса алтын әшекейлер, лағыл тастан көз орнатқан сақина, білезік, бірінің табаны бар, екіншісі табансыз екі түрлі алтын үзеңгі, жоғарыда айтқан алтын кілтті құлып, жүген сулығы, алтын жіптер, таза алтын кесе, ханның алтыннан жасалған тәжі, қошқар мүйіз ою-өрнектер, оны айтасыз, жіпке алтын қосып іс тіккені – бәрі де сақталған. Бұрын біз сауытты тек адамдар киеді деп келсек, енді олардың атқа да сауыт жасағанын көруге болады. Бұл мүсіндерді жасау технологиясы да нақты көрсетілген. Алдымен темірден қаңқасын құрап алып, оны батпақпен көмкеріп, отқа күйдіріп отырған. Содан соң сауыттың түр-түсін түрлі бояулармен әдемі бейнелеген. Мұндай бояулармен адам бейнелерін, ат үстіндегі адамды, оның киім үлгілерін, түрлі өзге де құндылықтарды беріп отырған. Осындай дүниелерді олар өзге ешкімнен алмаған, өздерінің ой өресімен жасаған. Сол құндылықтардың көпшілігі бүгін қолданыста жүр.
– Бұл дүниелер арқылы олардың тірлік-тынысын көруге болады дейсіз ғой.
– Адамның қиялы қанша жүйрік болғанмен, өзі қолданбаған дүниенің әдемі түр-түсін жасағанда бір олқылық жібермей қоймайды. Ал мына құндылықтарда мін жоқ. Ендеше, біздің арғы бабаларымыз өзі тұтынған, қолданған дүниелерін дәл берген деуге негіз бар. Мысалы, тазы, төбет бабаларымыздың аңшылықпен айналысқанын дәйектейтін болса, осының бәрінің құйма бейнесі табылды. Шынында, біздің ата-бабаларымыз қыран бүркіт, жүйрік ат, құмай тазыны серік етіп, саяшылық жасағанын осы мысалдар дәйектей түседі.
Осы арада қабырға суреттер мен құйма бейнелерге тоқталып, әсіресе, қабырға суреттерді алғаш салған түркілер деген байлам жасауымызға болады. Мысалы, осы қорымдағы алуан түрлі қабырға суреттері бір замандары қазақтың жері болған, қазір Қытай мемлекетіне тиесілі өңірлерде молынан кездеседі. Сол елде Дун-хуан деген жер бар. Соның қасында Аратүрік деген Қытай мен көне түріктің арасындағы шекараның түйіскен жері бар. Қазір де солай аталады. Дун-хуаннан батысқа қарай түркілер мекендеген Құмыл, Ақсу, Бесбалық, Қашқар, Тұрпан – осы өңірлерде қабырға суреттер өте көп. Ал Қытайдың өз жері саналатын жағында мұндай қабырға суреттер болмайды. Бұрын осындай қабырға суреттерді қытай салған деп келсек, мұндай құндылықтың да иесі түркі жұрты екенін қорымдағы сызбалар дәйектеп отыр. Ендігі жерде жоғарыдағыдай екіұдай пікірге тосқауыл қойылып, қабырға суреттердің де иесі біздің ата-бабаларымыз деуге толық негіз бар. Мүсін суреттердегі алуан түрлі бояулармен берілген киім үлгілері де түркінің еншісі. Осылар арқылы біз әлем өркениетіне үлес қосқан түркі жұртының ұрпағымыз деуге толық қақымыз бар.
– Осы құндылықты сақтау, Күлтегін тасы сияқты олардың да көшірмесін алу жағын қалай шешуге болады?
– Бұл екі мемлекеттің келісімімен немесе министрліктердің өзара шарт жасасуы арқылы орындалатын жұмыс деп білемін. Біз қазірше Қырым Алтынбек деген азаматтың жанкешті еңбегінің нәтижесінде консервация жасап қойдық. Ал моңғолдар жағы үлкен аңғар салып жатыр. Жуықта бітеді. Мұнымен қоса, біз кешенді ашып, ол туралы алғашқы мәліметті айтқан сәтте-ақ олар мына жер мынанікі, ана жер ананікі демей, сол арадағы малшыларын өзге жерге көшіріп жіберді.
– Ашық аспан астындағы музей жасау жағын көп болып ойластырсақ, қалай болар екен?
– Көкейде жатқан ойды қозғадың. Ондай ашық аспан астындағы музейге айналдырсақ, көне түркі мен оның бүгінгі ұрпағының арасына алтын көпір орнатар едік. Мәселен, Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерін түріктер алды да музей жасақтады. Қарақорым қаласынан Күлтегін, Білге қаған ескерткішіне дейін 45 шақырым еді. Түріктер сол қаладан жарық тартты. Тақтайдай асфальт жол салды. Келесі жылы Күлтегін ескерткішінің жанына әуежай салғалы жатыр. Бұл енді Түркиядан тікелей Күлтегінге келуге жол ашады. Оған қоса, туристік база да жасақтау үстінде. Келешекте бұл ара түрік пен моңғолдардың біріккен ашық аспан астындағы музейі болады. Туристер келіп тамашалайды. Осы арқылы, табыс табу өз алдына олар бұрынғы түркіні төрткүл дүниеге танытқалы жатыр.
– Жапон мемлекеті де сол арада үлкен жұмыстар атқарып жатыр дегенді жиі естиміз. Бұл туралы не айта аласыз?
– Жоғарыда айттым, елдің даңқын шығаратын, халықтың абыройын көтеретін мұндай ғажаптар ашылған кезде дамыған елдер әлемге жар салады. Сонау бір қиырдағы жапондықтар Шығыс Моңғолияға ат арылтып келіп, Шыңғысхан ордасы тігілген орынға музей жасақтап, туристік база орнатты. Ол жапон-моңғолдың біріккен музейі деп аталады. 125 шақырымға жарық тартып, 125 шақырымға асфальт жол жасады.
– Ендігі жерде біз де қарап отырмауымыз керек дейсіз ғой.
– Әрине, біз олардай көп шығындалмаймыз. Себебі, біздің салатын жолымыз 15 шақырым. Тартатын жарығымыз да 15 шақырымнан аспайды. Осы кешеннің басына шағын ғана лаборатория, келістіріп қонақүй салсақ болды. Екі жақ келісе отырып, қазақ-моңғол біріккен музейін жасасақ жетіп жатыр. Өзіміздегі барды өзгеге көрсете алмасақ, таныта алмасақ, бұл бабалар алдындағы парызымызды өтей алмағандығымыз болып есептеледі. Ұрпақ өзінің өткенін білмесе, келешегіне сеніммен қарай алмайды. Еуразиялық халық боламыз дейміз. Ендеше, сол Еуразияны мекен еткен түркі жұртының мынандай кереметтерін аз ғана адам, санаулы ғалым біліп қана қоймай, бүкіл жұрт алақанда аялап жатса, қане. Әсіресе, бұл іске шенеуніктер белсенді кіріссе, барлық жұмыстың ілгері жылжитынына менің иманым кәміл. 1,5 миллиард халқы бар Қытай мемлекеті елдік іске кадр дайындағанда олардан өз ұлтының 25 тарихын жатқа сұрайды екен. Сол 25 тарихтан емтихан алып отырғанда, қытай патшаларының жүргізген саясатын, өркениетке қосқан үлесін бірінші кезекке шығаратын көрінеді. Онсыз үкіметтік жұмысқа қоймайды. Осы арада мына бір мысалды айта кетсем деймін. Ресейдің В.Молодин, Н.Полосьмак деген ғалымдары Таулы Алтайдың Укок деген жерінен Пазырык мәдениеті қорғанын қазып, алтын әшекейлі әйел адамның мүрдесін шығарды. Соны көрші мемлекет үлкен жаңалыққа балап, ғалымдары конференциялар өткізіп, мерзімдік басылымдарға жарыса жазып жатты.
– Жоғарыда шетел ғалымдары ерекше мән беріп жатыр дегенді айтып едіңіз. Сол туралы да білсек дейміз.
– Әлемде жұртты селт еткізген бір жаңалық ашылса, соған алдымен мән беретін жапондықтар ғой. Таң дәуірінің маманы доктор, профессор Мариясу интернетке мазар туралы мәлімет шыға салғанда-ақ жетті. Жан-жақты танысқаннан кейін: «Мен алғашында бұл таң дүниесі ғой деп едім. Жоқ, олай емес екен. Көк түріктің таза өзіне ғана тән құндылықтар. Қышты өртеуі қытайлықтарға да ұқсамайды. Олар қышты күйдіріп жатқанда су себеді. Ал Көк түріктер ондай тәсілді қолданбапты. Мен мына жаңалықты тек Көк түріктердің еншісі деп білемін. Бұл олардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі!» десе, кореялық профессор И Сон Бук та оны қолдап, «Әлемдік жаңалық, Көк түрікті көкке көтеретін, бүгінгі ұрпағын марқайтатын дүние!» деп бағалады.
Қалай десек те мұндай бағалы дүние өрісімізді кеңейтері сөзсіз. Мен бір кездері Ізгілік Шор дейтін сазгер туралы жазғаным бар еді. Соған қойған ескерткіш тасқа «...Ізгілік Шор сегіз түрлі аспапты меңгергендіктен оған арнап, ғибадатхана тұрғызылды» деп жазылған еді. Бұл сазгер сегізінші ғасырда өмір сүрген. Сол кездегі біздің аспаптарымыз қайсы десек, қобыз, сырнай, сыбызғы, даңғара, домбыра, жетіген, тағы басқа. Ал мен өткен жылы Алтайдан 1500 жыл сақталған домбыраны әкелгенім бар. Мінеки, бағалай алсақ, өзгеге таныта алсақ – біздің ұлттық құндылықтарымыз кешелі беріден емес, сонау ғасырлардан тамыр тартады.
– Осыншама қыруар жұмыстар атқардыңыздар, соның тұсаукесер рәсімін өткізе алдыңыздар ма?
– Қыруар жұмыс дегеннен шығады. Бізге студенттер көп көмектесті. Тіпті олар арзан жұмыс күші болды десек, қателеспейміз. Ғылымға, археологиялық қазбаларға өмірін арнаған сол жастардың ынтасын мен ерекше бағалаймын. Археологиялық жұмыс инемен құдық қазғандай нәрсе. Күректің өзін сирек қолданасың. Екі айдың ішінде біз 500 куб топырақ, 14 куб тас шығардық. Мұның бәрі техникасыз атқарылды. Күндізді қойып, шамның жарығымен түнде де кірісіп кетіп жаттық. Себебі, ата-бабаңның өмірінен хабар беретін дүниенің шеті шыққанда соны аяғына шығарсам деген талпыныс бір толастамайды екен. Мен алғаш осы іс нақтыланған тұста елімізге келіп, тиісті мекемелерді хабардар еттім. Олар арнайы адамдар жібереміз деді. Қандай себеп болғанын білмеймін, ол орындалмады. Бірақ, біз тамыздың 19-ы күні қорымның ресми ашылуын жасадық. Оған Моңғолияның Білім, ғылым және мәдениет министрі Отгонбаяр, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Орман Нұрбаев қатысты. Елшіміз тиісті мекемелерге бұл қорымның Отанымыз үшін ерекше екенін бұған бүкіл ел болып атсалыссақ деген тілегін бірнеше рет жазды. Осында табылған дүниелерге қарап отырып, түркі мемлекетінің бүкіл құрылымы қалай болды деген мәселені бірінші кезекке шығарып, 300-ге таяу құндылықтарды тарихшылар, өнер зерттеушілері, археологтар, суретшілер, дизайнерлер – бәрі де атсалысып зерттеу міндеті тұр алда. Бұл бір адамның емес, мыңдаған адамның қолынан келетін іс. Бұл елдігімізді, ерлігімізді танытатын ұлы шаруа. Біз тәртіп бойынша, алдағы қараша айында Моңғолия ғалымдарымен бірігіп, ғылыми есеп жазамыз. Келесі жылы оны ғылыми тұрғыда дәйектейміз. Алдағы уақытта үлкен монография, суреттердің, мүсіндердің толық атласын жасасақ деген ниетіміз бар.
– Түркі әлемінің тарихына төңкеріс жасайтын осындай жанкешті еңбектеріңіз және қол жеткізген табыстарыңыз, алда да жемісін бере берсін, мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.