− Еуразиялық медиа-форумдағы сессиялар тақырыбының бірі: «Сирия дағдарысы: соғыс өрті сөне ме?». 60-тан астам елден келетін саясаткерлер мен журналистердің, экономистердің пікірі Астана процесіне қандай үлес қоса алады? − Сириядағы қақтығыс тек Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл дүние жүзін толғандырып отыр. Бұрынғы қақтығыстарға қарағанда, бұл жерде халықаралық терроризм белең алып барады. Тек азамат соғысының болуы емес, сол жердегі қақтығысқа көптеген елдер азаматтарының қатысуы жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Кейбір ықпалды күштердің өз мүддесін қорғауы салдарынан соғыстан соқтасы шығып, босқындар еліне айналды. Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу мәселесіне Елбасының көпвекторлы саясаты негізінде Қазақстан бітімгер ретінде барын салып жатыр. Оның айқын көрінісі − Астана процесі. Осыған дейін бірнеше келіссөз өтті. Онда қол жеткізген басты нәтиже − Сириядағы қауіпсіз аумақтарда оқ атылмауы. Женева, Лозанна қалаларында әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі оқиғаларды бейбіт жолмен шешу отырыстары өтетін, енді ол құрметті миссия Астанаға бұйырды. Мұны еліміздің жеткен жетістігі деп айтуға болады. Бұл медиа-форумға өзге елдердің саясаткерлері мен журналистері, Сирия өкілдері де қатысады. «Сирияның көз жасы» фильмін түсірген Шахида Төлегенова деген әріптесіміз бар. Ол да Сириядағы болып жатқан қақтығыстың зардабын өз шығармасында көрсетуі тиіс. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары қатты дамыды десек те, Сириядағы қақтығысты Ресей, я батыстық БАҚ-тың көзқарасымен қарайтынымыз рас. Ал бұл медиа-форумда тікелей өзіміз сарапшылардың аузынан тыңдап, өз көзқарасымызды қалыптастыра аламыз. − АҚШ-тағы «Журналистерді қорғау комитетінің» мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылы 69 журналист өзінің кәсіби қызметіне байланысты қаза тауыпты. Сириядағы қанды қырғынның ортасына барып, халыққа шынайы ақпарат жеткіземін деген 13 журналист опат болған. Бұл форумда журналистердің қауіпсіздігі мәселесі сөз бола ма? − Әрине, бұл форум ашық дебат түрінде өтеді. Қатысатын спикерлердің бәрі кәсіби, беделді мамандар. Сондықтан бұл тақырыпты аттап өтулері де еш мүмкін емес. Бұл тақырыпты форумның өзекті мәселелерінің бірі болады деп ойлаймын. − Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі де медиа-форумның негізгі тақырыптарының біріне айналатын болар? − Бұл жерде айта кету керек, Еуразиялық медиа-форум жылда көктемде өтетін. Биыл ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында өтіп жатыр. «Болашақтың энергиясы: жасыл экономиканың қуаты» атты арнайы сессия ұйымдастырылады. Қазір жаңғыртпалы қуат көздеріне сұраныс туып отыр. Оның үстіне, технология мен техниканың дамуы көптеген жаңалықтар алып келуде. Ауадан су жасау деген жаңалық та бар. Өз елімізде жаңғыртпалы қуат көздерін дамытсақ, дәстүрлі шикізат көздеріне тәуелділіктен құтылар едік. Бұл мәселе бойынша спикерлер міндетті түрде өз ойларын айтады. Дебаттарға Нобель сыйлығының лауреаты, үндістандық Ранджер Пачаури қатысады. Үндістан экономикасы жаңа технология енгізу жағынан алға шығып келеді. – Биыл бұл форум 14-рет өтіп жатыр. Бұл біздің медиа-әлемге қандай пайда береді? – Жаһандану процесі шалғайдағы арал тұрғындарын да жұтып жатыр. Қазір бәріміз ғылым мен техниканың қызығын көріп отырмыз. Осы тұрғыдан алар болсақ, ғаламдық медиа қазір шекара танымайды. Сондықтан әлемдік оқиғалардан отандық журналистика шет қала алмады. Өйткені, еліміз әлемнің бір құрамдас бөлігі. Осы себепті әлемдік оқиғалардың бәріне біздің қатысымыз бар. − Істеріңізге сәттілік тілейміз Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы