Жыл сайын өтетін форумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компания" АҚ басшысы Ахметжан Есімов пен ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева сөз сөйледі.
Дариға Назарбаева дәстүр бойынша форум биыл да қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын талқылайтынын атап өтті. "Өкінішке қарай, ондай проблемалық жағдайлар азаяр емес. Қазіргі заман қорқыныш пен басқаруға келмейтін еркіндік кезеңі деп аталып жүр. Расымен солай ма? Жақында ғана жаһандануды прогрестің шыңы деп атаған едік. Ал енді ол адамдарды" қорқыта бастады. Себебі оған радикализм идеясы, ұлтшылдық, интеграциялық процестерден бас тарту секілді үрдістер қарсы шығуда. Бірақ кім жеңіске жетеді?", деді Назарбаева.
Оның айтуынша, террорлық актілер, Таяу Шығыстағы азаматтық соғыс, босқындар санының артуы Еуроодақ елдерінің кейбіріне қиын соғуда. "Британ әлеуметтанушысы Зигмунд Бауман адамзаттың негізгі екі құндылығы бар екенін дұрыс атап өткен. Олар - еркіндік пен қауіпсіздік. Ол екеуі бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Еркіндігі жоқ қауіпсіздік - хаос, ал қауіпсіздігі жоқ еркіндік - құлдық. Адамның жеке басының еркіндігін қауіпсіздік үшін шектеу - қиын дилема. Ал қазіргі ұрпақ нені таңдайды?", деп сұрады Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева атап өткендей, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың даму жылдамдығы көптеген тарихи құндылықтар мен стереотиптерге деген көзқарасымызды өзгертуі мүмкін. Себебі ол замануаи адамның ойлау жүйесін басқаша қалыптастырады. Ал ақпараттық технологиялар әлем елдерінің шекарасын ашып жатқаны рас. Бірақ цифрлық революция мен ақпараттандырудың соңы не болмақ? Адам өмірі қалай өзгереді? Ең үлкен жетістік адамзатқа пайдасын тигізе алады ма?", дей келе ол негатив пен пессимизмнен аулақ болған жөн екенін айтып өтті.
"Біз жаңа ұрпақты мықты адам қылып тәрбиелеп, тарихи трагедиялардың олардың аяғынан шалуына жол бермеуіміз керек. Бізге жаңа заманда ата-бабамыздың рухани құндылығын бойына сіңіре отырып дамыған ұрпақ керек", дей келе, Дариға Назарбаева журналистік этика мәселесіне де тоқталып өтті. "БАҚ - ақпаратық соғыстың өткір құралы. Бірақ бұл ретте ең маңыздысы - журналистік этика. Ал журналистік жолға түскен адамның мақсаты - халықты ақпараттандыру, азаматтардың танымын кеңейту. Осы жолды таңдағандар "Басқаларға зиян тигізбеу керекпін" деген қағиданы ұстануы керек. Бұл мәселеге медиа қауымдастықтарының пікірі қандай? Мен қойған сұрақтардың барлығына осы форум барысында жауап аламыз деп ойлаймын", деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, ЕАМФ 2002 жылы Дариға Назарбаеваның бастамасымен бейсаяси әрі коммерциялық емес ұйым ретінде құрылды. Форум Батыс пен Шығысты толғандыратын көкейкесті мәселелерді ашық талқылауға бағытталған. Аталған іс-шара жыл сайын әлемнің 60-тан астам мемлекетінен халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдерін, саясаткерлер мен сарапшыларын бір алаңға жинап келеді.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,
"Егемен Қазақстан"