• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2017

Павлодарда "Мен қазақпын"мега-жоба жүлдегерлері аталды

235 рет
көрсетілді

Елімізде «Қазақстан» ұлттық арнасынан бастау алған рухани-мәдени жобасының іріктеу кезеңі біздің облыс орталығында да өтті.

Кереку өңірі де өнерлі өңір, Исаның, Жаяу Мұсаның, Майраның елі. Шалғай ауылдарда жүрген дарынды әншілер, күйшілер жетерлік. Бұған дейін «Мен-қазақпын» мега жобасын қолдау мақсатында «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы жергілікті жастар арасында флэшмоб өткізіп, Ертіс өзені жағасында «Қара жорға» биін биледі. Өйткені, жұртшылық көптен бері күтіп, сағынып жүрген ұлттық өнерді насихаттайтын ұлттық жобаны қолдау маңызды. 

Енді міне, 23 маусым күні облыс орталығында өткен мега-жобаның облыстық кезеңіне 35 өнерлі жас қатысты. Өнер, ән байқауы қаланың орталық алаңымен мен Ертіс өзенінің жағалауында болды. Жиналған жұртшылыққа жергілікті қолөнер шеберлері мен зергерлердің көрмесі ашылды.

Байқаудың қатысушылары "Шаңырақ" xалық шығармашылығы орталығында ән шырқады. Дәстүрлі әндерімізді орындайтын әнші Ерлан Рысқали бастаған қазылар алқасы келді. Орталықтың маманы Амангелді Әбдіқадырдың айтуынша, ауыл, қалаларда да іріктеу кезеңі өтті. Жобаға 18-40 жас аралығындағы үміткер қатыса алады. Облыстағы өнер бәйгесінде танылған әншілер күзде Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өтетін гала концертте тағы да өнер сайысына қатысады. Байқау арнаның эфирінен тікелей көрсетіледі.

Телевизиялық жобаның облыстық іріктеу кезеңіне дәстүрлі әншілер, термешілер және күйшілер қатысты. Әнші Нұрболат Әбілxан, термеші Нұржан Сарқамбаев, күйші Бекзат Сәбиxанов жүлдегер атанды. Енді үшеуі де жобаның республикалық кезеңінде өнер көрсетіп, өнер бәйгесінен көрінбекші.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар