• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2017

Жолаушысы аз автовокзал туралы ой

243 рет
көрсетілді

Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңы мен 80-ші жылдарының басында Қостанай қаласында үлкен автовокзал салынып, пайдалануға берілген болатын. Ол сол кездегі өлшеммен алғанда өте сәнді де заманауи ғимарат еді және Қазақстанда Алматыдағы автовокзалдан кейін екінші орын алатын. Жолаушылар отыратын залы кең, бірнеше ондаған адам еркін сыйып тамақтанатын асханасы, подвалында ерлер мен әйелдерге арналған дәретханасы мен қол жүгін сақтайтын арнайы орны бар, барлық талаптарға жауап беретін автовокзал біраз жылдар қостанайлықтардың игілігіне айналды.

Сапарға шығатын автобустардың өз жолаушыларын отырғызулары  үшін ар­найы жабдықталған 29 платформа болса, сол замандарда сол орындардың бір­де-бірі бос болмай, бір автобус жол­­­­­­ға шығып жатқанда, оның орнын ке­­зекте тұрған келесі автобус басып жа­татын. Олай болатын жөні де бар еді. Өйткені, ол уақыттарда бұл авто­вокзалдан Қостанай облысының барлық аудан орталықтарын, үлкенді-кішілі қалалары мен ауылдарын  былай­ қойғанда, Орталық Қазақстанның бар­лық қалаларына және Ресейдің ше­каралас өңірлерінің ірілі-ұсақты қа­ла­ларына автобустар аттанып жататын. Сондықтан болар аталған авто­вокзалдың төңірегі қашан барсаң ауыр-ауыр сөмкелерін көтеріп, ерсілі-қар­сылы жөңкілген  халықтан арылмайтын. Өзің баратын бағытқа билет алу үшін ұзын-сонар кезекке де тұруға тура келетін.  Бұлардың бәрін біз әншейін, өт­кенді еске түсіру үшін айтып отырған жоқ­пыз. Таяуда белгілі бір себеппен осы аталған вокзалға барудың сәті түс­ті. Шамамен алғанда отыз жылдан ке­йін көруім болса керек. Баяғы өзі­міз білетін автовокзалдың көрінісі мен бүгі­нгі автовокзалдың көрінісінің айыр­машылығы жер мен көктей. Вокзалдың іші-­сыртында жиырма-отыздай ғана адам жүр. Олардың да кейбіреулері шы­ғарып салушылар мен күтіп алушылар екен. Соған сәйкес жоғарыда өзіміз айтқан арнайы жабдықталған 29 орынның екі-үшеуінен басқасы қаңырап бос тұр. Өйткені, бұрынғыдай жан-жаққа ағылып жатқан автобус та, иін тірескен жолаушы да жоқ. Ол аз десеңіз, ғима­рат қазіргі уақытта жекеменшікке са­тыл­ған, бұл жағдайдың да жоғарыда айтылғандай көңілсіз көріністердің орын алуына себепкер болуы мүмкін-ау деген ой келді көкейімізге. Олай дейтініміз, автовокзал төңірегі шыр айналдыра қоршалып тасталған, кіреберісте күзетші тұр. Жолаушылар сапарға шығатын орынға емес, бейне-бір абақтының ауласына кіріп келе жатқандай әсерде қалады екенсің. Осындай себептен автомашина тұрмақ, жаяу жүргіншілердің өздері бір ізбен кіріп, бір ізбен ғана шығады. Демек, бір жақын адамыңды алыс сапарға шығарып салып немесе қарсы алғың келсе, оның сөмкесін жарты шақырым жерден жаяулап-жалпылап тасуға тура келеді деген сөз. Осы мақаланы жазып отырғанда есіме бір жайт оралды. Осыдан бір­неше жыл бұрын газетіміздің Қос­та­­най облысындағы меншікті тіл­шісі Н.Жәрімбетова осы автовокзал төңірегінде туындаған дауға қатысты проблемалы мақала жазған болатын. Сонда автовокзалдың қазіргі қожайыны автовокзал маңындағы алаңның («привокзальная площадь») бөтен біреуге сатылып кеткенін, соның салдарынан айналадағы жер көлемінің тарылып қалғанын, автокөліктердің әрілі-берілі қозғалысының қиындап кеткенін айтып шағымданған екен. Сол айтқан сөз рас болып шықты.  Бір қызығы, осы автовокзалдың өзі жо­лау­шысыз қалып отырған бүгін­гі­дей күні біреулер жаңадан тағы біре­уін саламыз деп бүйректен сирақ шығарып­ты. Бұл енді күлкілі жағдай болатын. Әй­те­уір, әлгілер  істерінің қисынсыз еке­нін түсінсе керек, кейін өз ойларынан бас тартқан.  Қалай дегенде де, Қостанай авто­вокзалының маңындағы көрініс өте көңіл­сіз. Бізді оннан астам ауданы, жүз­деген елді мекендері бар өңір тұрғын­дары облыс орталығына қалай жә­не немен қатынайды деген мәселе ойлан­дырды. Олай дейтініміз, облысқа қарас­ты Аманкелді, Жангелдин, Нау­ры­зым аудандарында темір жол деге­нің атымен жоқ, болған да емес. Сон­дық­тан ол жақтардың халқы тек авто­көлікпен ғана қатынай алады. Рас, бұл аталған өңірлерде тұрғындар саны да өте көп емес. Соның өзінде де негізінен қазақ ұлтының өкілдері тұратын үш ауданда кем дегенде 60-70 мыңдай халық болуға тиіс. Олардың жағдайы қалай болмақ?     Абырой болғанда, автовокзалдың қазіргі қожайыны жолаушылар көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқан сыңайлы. Асха­насы, басқа да қажетті орындары жұ­мыс істеп тұр. Бірақ жолаушылар саны­ның аздығынан түсетін табыс та көп емес болса керек. Ғимараттың ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегенін байқап біз осындай байламға келдік. Бәрін айт та, бірін айт, Қостанай автовокзалындағы ертеректе өзіміз көрген көңілді тірлік көзден бұл-бұл ұшқан. Бұл да болса сірә, адам тағдырының өзі қатаң есепке байланған нарық заманының заңдылығы шығар...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»  ҚОСТАНАЙ