• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2017

Елдің Кейкіге ықыласы ерек

111 рет
көрсетілді

Қостанайдан шыққан «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-ағартушылық экспедиция Торғай өңірінде – Амангелді, Жангелдин аудандарындағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі тарихына қатысы бар, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің қаны төгілген қасиетті орындарды, елді мекендерді аралап қайтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Осыған орай облыстық ішкі саясат басқармасының «Ұлы Дала тұлғалары» жобасына кіретін экспедиция жұмысы бұл жолы Кейкі батырға арналды. Облыстағы «Нұршаңырақ» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен жолға шыққан экспедицияның құрамына тарихшы, филолог ғалымдар, өлкетанушылар, журналистер кірді.

– Экспедиция мақсаты – Кейкі батыр туралы ел аузында қалған, әлі де белгісіз, біз біл­мей­міз-ау деген әңгімелерді, ақ­парат­­тарды жинау болған еді. Батыр­дың бас сүйегі елге алдыры­лып, оның бет әл­петі қалпына келтіріліп, күз­де жер қойнына тапсырыла­йын деп жатқанда, батырдың ту­ған жерінде қол қусырып отыр­­ға­ны­мыз жарас­пас деген пәтуа­мен жолға шыққан едік, олжа­сыз емеспіз,–дейді экспеди­ция жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, про­фес­сор Алмас Әбсадықов.  Ел тәуелсіздігі үшін күрескен ірі тұл­ға, халық батыры Кейкі Көкембай­ұлы туралы ел арасында айтылатын әңгімелер әлі де бар екеніне экспе­диция мүшелерінің көзі жетті. Экспе­ди­ция мүшелері мінген жүрдек темір тұлпарлар алдымен Амангелді ауданынан өтетін Арқалық-Торғай тас жолының бойындағы Тасты ауылының тұсынан салынып жатқан Кейкі батыр кесенесінің құрылысына тоқтады.  – 16 бағаналы, күмбезді, биік­тігі 15 метрге жуық болатын кесе­ненің­ қабырғасы биіктеп ке­леді екен. «Аллю­ми­нстрой» компаниясының мамандары мен құрылысшылары және аудан әкімі Нұржан Өтегенов ке­сененің құрылысын 15 тамызда аяқтауды ұйғарыпты. Одан кейін айналасын абаттандыру, 17 қыр­күйек­те өтетін сүйекті жерлеу рәсіміне дайындық жұмыстары жүретін көрінеді. Кейкі батырға сағынышы мейіз­дей қатқан халықтың өзі Тастының тасынан қалаған белгі-кесене де 200 метр­дей ғана жерде тұр. Осы қос кесененің айналасында батыр жерлестерінің, ағайын­дарының бейіті жатыр. Бұл әрі-бері өткен жолаушыға елін, жерін сүюді Кейкі атамыз еске салып тұратындай қасиетті орынға айналары сөзсіз,–дейді Алмас Ахметұлы. Экспедиция мүшелері Аман­гелді, Жангелдин аудан­дарының орталық­тарында жұрт­шылық өкілдерімен кез­десу­лер өткізді. Жергілікті өлке­танушылармен, құй­мақұлақ ақсақал­дар­мен әң­гі­мелесті. 1916 жылғы ұлт-азат­­тық көтерілісіне бір ғасырдан асты. Ұр­пақ алмасып жатыр. Дегенмен, елі үшін қанын да, жанын да аямаған ерлердің бей­несін халқы жоғалтпайды, есімі ұмытылмайды. Кейкі батырдың өмірі мен өлімі туралы әңгімелер ел арасында әлі де сағынышпен айтылатыны экспедиция мүше­леріне осыны аңғартты.  – Кейкі туралы әңгіме көп, оның ақиқаты да бар болар, аңызы да басым. Бұл халықтың батырға деген сағынышы, арманы. «Кейкі батыр тірі кеткен, өлтірілген оның інісі болатын» деп, әлі күнге дейін айтылатын әңгімелер соның айғағы,–дейді Алмас Ахметұлы. –Кейкі батыр өмірі мен күресінің, өлімі мен тағдырының ақиқаты ғылыми-зерттеу жұмыстарының еншісінде болады деп сенеміз. Экспедиция мүшелеріне жергілікті тұрғындар, өлкетану­шылар Кейкі туралы білгендерін, естігендерін айтып берді. Кейкі батырдың басы шабылып, сүйегі қалды деген Жалаулы өзенінің Жыланшық өзеніне құяр тұсына да жол түсті. Одан кейін экспедиция Торғай кентіне барды, тұрғындармен кездесулер өтті. Сондағы музейлер кешенін аралады. Барлығы 1500 шақырым жер жүріп, Қостанайға оралды.  –Торғай – халқымыз та­рихының анасындай жер. Әрі­сін айтпағанда, мұнда ХІХ ға­сыр мен ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін қазақ­тың пассионар тұлғалары тұр­ды. Халқымыздың бетке ұстар тұңғыштарын берген де Торғайдың құнарлы топырағы. Торғай жері рухымызды көтереді. Экспедиция ғылыми-ағартушылық міндетті алған соң, біз де Кейкі батыр, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, оның батырлары, ел тәуелсіздігіндегі алар орны туралы айтып отырдық,– дейді экспедиция жетекшісі Алмас Әбсадықов. Экспедиция эмблемасы да «халқымызға туған жер берген тұлғалар ерлігімен, руханиятымен кейінгі ұрпақты рухтандырады, еліміздің бірлігіне қызмет етеді» деген ойды айтып тұрды. Эмблемада Кейкіге меңзелген адам басының орнына шаңырақ бейнеленді. Сонымен қатар, киікті көруге болады. Киік – ұлттық мақтанышымыз, ал оны қорғау қазақтың ғана емес, адамзаттың парызы. Экспедиция жұмысының қоры­тын­дысы бойынша деректі фильм түсіріліп, фотоальбом жасалады. Күзде Кейкі батыр сүйегін жерлеу рәсімі аясында өтетін ғылыми-практикалық конференцияда оның тұсаукесері көпшілік назарына ұсынылмақ. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ