• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2017

Үнді тауысы, қытай қырғауылы

354 рет
көрсетілді

«Қалауын тапса, қар жанады» деген рас екен. Табиғатына анау-мынаудың көндігіп, жерсініп кетуі қиын саналатын Маңғыстауда құстардың неше түрін өсіру қолға алынды. 

Әкелі-балалы Қаржаубаевтар үнді­нің тауысын, қытайдың қырғауы­лын, африканың түйеқұсын және үй құстарын бағуға білек сыбана кірісті. Бойлары 2,5 метр, салмағы 120-140 кг, тек етінің өзі 40-45 кг тартатын африкалық түйеқұстардың жұмыртқасы ақуызға бай, яғни шамамен 16 адамды еркін тойдырады. Сағатына 70 км бағындыратын бұл құстардың терісінен түрлі әшекей бұйымдар, аяқ киім, киім-кешек әзірленеді. Маңғыстауға әкелінгеніне бір жылдан асқан олар өңірді жатсынбай, тез жерсініп кеткен. Шаруашылықта қырғауылдың 10-ға тарта түрі бар, құстарға өз ерекшеліктеріне қарай арнайы орындар жасалған. Үйрек-қаздарға хауыз салса, бөденелерді белгілі бір температура сақталған ғи­ма­ратта ұстайды. Бөденелерден тәу­лігіне 800-ге дейін жұмыртқа алып, сау­даға шығарса, ал үйрек-қаз өнімдерін нарық­қа шығаруды келесі жылдан бастауды көздеп отыр. Сырттан әкелінген жұмыртқаларды инкубаторда көбейтетін олар халыққа сапалы өнім беру үшін оларды құнарлы жем-шөп түрлерімен қоректендіреді. Мемлекет тарапынан субсидиямен көмек те алыпты. Алдағы уақытта құс санын және түрлерін көбейтіп, шаруа­шылық орналасқан жерден құс бағын ашып, этноауыл тұрғызу арқылы өңір­де агро және экотуризмді дамытуға өз үлестерін қоспақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы