• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2017

Алакөлде әуежай ашылды

405 рет
көрсетілді

Таза суымен, жағымды ауа райымен, сұлу көрінісімен талайдың ынтығына айналған Алакөл көлінің жағасы жаз шықса-ақ адамға толып кетеді. «Жері шалғай, жолы алыс, ой-шұқыры көп», деп шағынатын кезде солай болған. Шет елден турист тарта алмай жатуымыздың себебін де осымен түсіндіріп жататын көпшілік. Ел ішіндегілерге ыңғайлы болу үшін арнайы теміржол бар. Асфальт жол да салынып қалады дейді басшылық. Бірақ, бұл сонша қашықтық үшін аздық етері сөзсіз. Алакөлге адам тарту үшін енді бар тараптан «шабуыл» басталмақ. «Барайын десем жер шалғай» деп жүргендер үшін енді бұл мәселе шешілді: Алакөлден әуежай ашылды!

Бұл сүйіншілі жаңалық жағалауы туристік инфрақұрылымның қарқынды дамыған қалашығына айналып келе жатқан Алакөл көлінің мәртебесін тағы бір көтеріп тастады. Әуежайдың ашылуына еліміздің түкпір-түкпірінен сыйлы қонақтар ағылып келген күн болды бүгін. Құтты болсын айта келген сыйлы қонақтар – Үштөбе әуежайының алғашқы рейсіне мініп келді. Ақ қанатты алып құс бұдан былай кез келген мейманды демалыс орнына шаршатпай жеткізіп тұратын болады. Басшылық пен мамандардың айтуынша, әуежайдың салынуы, алдымен, туризмге көп көңіл бөлініп жатқанының белгісі.

Әуежайдың ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйледі:

– Бүгін бәріміз үшін – тарихи күн. 2014 жылы Елбасы облысымызға жұмыс сапарымен келгенде Алакөл көлінің туристік әлеуетін дамыту туралы тапсырма берген еді. Осыған сәйкес ауқымды шаралар іске асырылды. Оның нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.  Бүгінге дейін мұнда 1 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, жаңа әуежай бой көтерді.

Әкімнің айтуынша, тағы бір жағымды жағдай жасалып отыр. Ол – билет құнының арзандығы. Халыққа тиімді болу үшін билет бағасын субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн.теңге қаржы бөлінген.

Құрылысы 2015 жылы басталған әуежай әкімшілігінің нысанына жергілікті әімдік тарапынан 4,5 гектар жер бөлініпті. Көп жылдан бері тоқтап қалған әуе қатынасы кезінде ескірген, қараусыз қалған ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға ең қажетті деген радиотехникалық және метеорологиялық құрал-жабдықтар жаңартылған.

Алакөлге көңіл аудару, туризм орталығына айналдыру ісі әуежаймен шектелмесе керек. Әуе кеңістігі арқылы көп кісі келмегі – мұндағы жағдайға да байланысты. Сол себепті, алдағы жылдар еншісінде көпсалалы демалыс орындарымен қатар өзге де туристік мақсаттағы нысандар салу жоспары тұр.

Жаңа әуежайдың орнында 1980-90 жылдар аралығында Үшарал – Алматы бағыты бойынша жолаушы тасымалдаумен айналысқан аэродром болған. Бұдан былай көптен бері аспаны тым-тырыс тұрған Үштөбен қаласының 12-ші километріненен ЯК-40, АН-24, Ембраер-124, Сиэрджи-200 және тік ұшақтардың дыбысы естілетін болады. Осыған дейін сонау Алматыдан, Талдықорғаннан жету үшін бір күнін жоғалтатын демалушылар ендігіде көл жағалауына 86 шақырым жол жүріп барады.

«Жетісу» әуе компаниясы аптасына төрт рет «Астана –Үшарал – Астана» және үш рет «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыты бойынша жолаушы тасымалдамақ. «Жетісу» әуекомпаниясының президенті Қалмұхамет Дөңсебаевтың айтуынша, келешекте бұл бағыттарға «Алматы – Үшарал – Алматы» бағыты қосылуы мүмкін. Астана бағыты бойынша жол ақысы 16 мың, ал облыс орталығы Талдықорған қаласынан қатынау 8 мың теңге.

Алакөлге келушілер саны былтыр 452 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіш 2015 жылғы нәтижемен салыстырғанда 3 есе көп. Ал биыл олардың санын 700 мыңнан асады деп болжануда. Жаңа әуежайдың ашылуы туристер санының өсуіне септігін тигізеді, ал, бұл өз кезегінде аймақ экономикасына үлкен серпіліс әкеледі. Келешекте аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады деп күтілуде.

Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы