• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Шілде, 2017

Судың сұрауы субсидияда ма?

222 рет
көрсетілді

Астана қаласына іргелес жатқан Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында су бағасы елорданікімен салыстырғанда үш есеге қымбат дегенге сене қоймадық. Сондықтан да осы елді мекеннің 12 мың тұрғыны атынан редакциямызға Целиноград «Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын (ШЖҚ МКК) үстінен арызданған Төкен Шәймерденовпен кездесіп, мән-жайды білуге жолға шықтық.

Бірнеше адам болып таксиге отырған­нан кейін әңгімені су бағасынан бастауға тура келді. Әркім білгенін ортаға салып жатыр. Біреу судың бағасына онша мән бер­мейтінін байқатса, екіншілері де сол тұрғылас ойларын айтып қалуда. Бар­лығы да салыстыру арқылы білінеді емес пе.  Біздің де көздегеніміз осы еді. Сонымен Төкен ақсақалмен су­дың жайын білмекке кірі­с­іп те кеттік.

Ақсақал мешіт айналасына отыр­ғы­­зылған гүлдердің қурап қалғанын және шыршалардың сарғайып бара жат­қанын уайымдап тұр. Мен «судың қымбаттығынан ба?» дедім келгендегі шаруамды меңзеп. «Жоқ», деген Т. Шәймерденов арамшөп қаптап, қурап кеткен гүлдер мен сарғайған шырша ағаштарының мешіт қыз­мет­ке­рінің назарынан тыс қалған­дығын айтты. «Жаңадан көшіп келген жас жігіт еді, ескерту керек екен» деді. Со­нымен осындағы аудандық статис­ти­ка басқармасына бас сұқтық. Бізді қар­сы алған маман Ғалия Ахметова аудан бойынша 52 елді мекен бар екендігін алға тартты. Алайда елді мекендер бойынша тұрғындар саны жөнінде жеке мәліметтер жоқ болып шықты немесе бергісі келмеді. Ал қолымызға ұстат­қан мәліметке сенсек, 2016 жылдың 1 ма­мы­рында аудан тұрғындарының саны 69540 адамға жетіпті. Әрине, бұл жауап бізді қанағаттандыра қойған жоқ. Сондықтан да аудандық әкімдікке баруға тура келді. Олар берген деректерге қарағанда, қазіргі таңда аудан аумағындағы 53 елді мекенде 144551 адам тұрады екен. Тек Ақмол ауылдық округінде 11350 адамның тұ­рақты тұратынын білдік. Тек содан кей­ін ғана су тарифін орынсыз кө­те­ріп отыр деген Целиноград ауданы әкімдігі жанындағы «Целиноград Су Арнасы» ша­­руашылық жүргізу құқығындағы мем­ле­кеттік коммунал­дық мекемесіне бет бұр­дық. Мекеме басшысы орнында жоқ бо­лып шықты. Оның орнына осы ме­ке­ме­нің бас экономисі Валентина Ла­ри­оно­ва қарсы алды. 

Целиноград «Су Арнасы» ШЖҚ МКК-нің 2015 жылдың 1 тамызынан 2020 жыл­дың 1 тамы­зы­на дейінгі ста­ционарлық құ­ры­л­ғылардан су беру және ағынды суды бұру жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламасы  Ақмола облы­стық табиғи мо­нопо­лия­ларды рет­теу де­пар­та­мен­ті тарапынан 2015 жылдың 26 мау­сымындағы бұй­рығымен бе­кі­тілген. Т. Шәй­мер­денов бұл рет­те бағ­дарламада 2014 жылдың көр­сет­кіш­те­рі назарға алын­­ба­ғандығын ай­тып, бесжылдық жос­парды жасау ережелері сақ­тал­ма­ғандығына назар аударды. Аталған бұй­рықтың №3 қо­сым­ша­сында қыз­мет көрсету көлемі бес жылда да 622,839 мың текше метр деп көрсетіледі. Сондай-ақ, әр жыл сайын нормативтік судың төгілуі 16,05 пайыз деңгейінде белгіленіпті. Бұған арызданушы судың жол бойы төгілуі шартты нәрсе, небәрі 3-5 пайыз болуы керектігін айтып, қосымша кестеде көрсетілгендей оған 11,8 млн теңге шығындаудың еш реті жоқ деп санайды. Ал адам санының жыл сайын артып келе жатқанын және олардың міндетті түрде су тұты­натынын ескерсек, мұндай есеп біздің күмәнімізді тудырғаны рас.

Мекеменің бас экономисі Вален­ти­на Ларионова өз сөзінде Ақмол ауыл­дық округында 9 мың тұрғын бар деп қалды. Мұндай мә­лі­ме­т­пен келіспейтіндігін білдірген Т.Шәй­мер­де­нов жеткізілетін су көлемі төмен деңгейде етіп көрсетілген дегенді алға тартады. Оның есебіне қарағанда, 13 елді мекенде кем дегенде 50-60 мың адам тұрады. Бір адамға норматив бойынша 3 текше метр су қажет болса, ол жылына 36 текше метр тұтынуы тиіс. Ал 60 мың адамға шаққанда жылына 2160000 текше метр тіршілік нәрі қажет екен. Жалпы, Целиноград «Су Арнасы» ШЖҚ МКК 24 мың адам тұратын 28 елді мекенге су тарататынын білдік. Бір ғана Ақмолда адам саны бойынша қайшылық барлығын ескерсек, 28 елді мекенде қанша адамның тұратындығы туралы нақты мәлімет қайдан болсын. Оның үстіне Төкен ақсақал Ақмол ауы­лында төрт құс фабрикасы, үш кірпіш зау­ыты, емхана, мектеп, екі балабақша жә­не отызға тарта дүкен, үш мейрамхана жұ­мыс істеп тұрғандығын, есептің дұрыс жүр­гізілмегендігін айтты. 

Осындай олқылықтар салдарынан тұрғындар бір жарым жылда 113,5 млн теңге артық төлегендігін тілге тиек еткен бұрынғы бас экономист Т.Шаймерденов Ақмол ауылы тұрғындарының 35 пайызы ғана көп қабатты тұрғын үйлерде тұ­рады дегенмен де келіспейтіндігін біл­дірді. Арызданушы оны 90 пайызға жетті деп санайды. Өзіміз бас сұққан Ақмол ауылдық округі әкімдігі берген мәліметте жер үйде тұратындар 5 пайызды құраса, ал қалған 95 пайызы көп қабатты үйлерде тұратындығын растады. Біздің білгеніміз, су мекемесінің кірісі шынымен де 21 пайызға артып, 140 миллион теңгенің инвестициялық бағдарламасы жүзеге асырыла баста­ған. Су арнасының өз ғимараты бой көтеріп, артынан автотұрақ пен құрал-жабдықтар сақтайтын қойма да салынуда. Инфляцияны ескерген мекеме басшылары жұмысшыларының жалақысын 30 пайызға көтеріпті. Әрине, мұның барлығы аталған мекеменің ішкі шаруасы. Біз тарифтің неге осын­шалықты қымбаттығына жауап із­деу­ге тырыстық. Бұл орайда тарифтің диф­фе­ренциалды әдістеме бойынша бел­гі­ле­нетінін айта кету керек. Ең төменгі тариф, яғни адам басына минималды тұтынудың ор­таша тарифі судың 1,5 текше метріне 178 теңге деп белгіленсе, одан артқаны 201 теңге және 3 текше метрден жо­ға­ры­сы­на 396 теңге бекітіліпті. 

Қалай болғанда да, Ақмол елді ме­ке­­ні­нің тұрғын­да­ры тіршілік нәріне қымбат төлейтіндігін су жеткізу мекемесі де растап отыр.  Бұл орайда «Целиноград Су Арнасы» ШЖҚ МКК су өткізу тобын құрып, оны субсидиялау мәселесін екі рет көтерген. Енді үшінші рет осындай ұсыныспен шықпақшы. Егер ол жоғары жақтан қолдау тапса, онда ақмолдықтар судың текше метрі үшін 30 теңгеден төлемек. Бұл әрине, жоспар ғана, оның орындаларын уақыт көрсетер. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы