• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Шілде, 2017

Жатқа кеткен қарындасты жазғырма...

271 рет
көрсетілді

Кейде әйелдің жан-дүниесінен хабары жоқ жігіттердің қыздардың сыртынан тон пішуге құмар болып бара жатқанына қауіппен қарауға мәжбүрсің. Әлдебір қазақ қызы шетелдік жігітке тұрмысқа шығыпты деген сөз құлағына жетсе, байыбына бармастан байбалам салып, топ болып, сол қыздың тағдырын талқылап, табан астында өміріне үкім шығарады. «Ондай қыздарды ату керек!». «Асу керек!». «Азаматтығын тартып алып, екінші қайтіп елге аяғын баспайтындай жасау керек!». Жігіттердің бо­йында осыншама қатыгездік қай уақытта орнығып жүр деп ойланасың. Жабысқанына көп уақыт болған жоқ. Дұрысы, кейінгі жылдардағы әлеуметтік мәселелермен бірге пайда болып, әлеуметтік желілермен әмпей-жәмпей жарасып, жалғасын тапқан жағымсыз әдет болып қалыптасып келеді.

Жат жұрттың жігітін сүйіп, жар болуға байлам жаса­ған­ша бойжеткендер ұзақ жүр­ді. Күтті. Сол аралықта қара­гөз­дің жүрегін жаулап алса, жа­ры­лқаса қайда қалды қазақтың жі­гіт­тері? Әйелдің бақыты – бой­жетіп, етегін жапқаннан кей­ін тұрмыс құрып, ана ата­ну. Ана атанып, перзент сүю­ге тиіс ару жіпсіз байланып жі­­гіт­ті күткенімен, уақыт, фи­зи­ологиялық мүмкіндігі күт­пей­­ді. Тістеніп алып, тұрпайы сөз­­дерді қарша боратып, бұй­рық шығарып отырған аузы жүй­рік жігіттер көңіл білдіріп, сөз салмаған соң, амалсыз өзге ұлт­тың жігітіне кете барады.

Орысқа шыққан да, түрікке ти­ген де, арабтың алақанында жүр­ген де, неміспен некеге тұ­рып жатқандар да жетерлік. Қай­сысы болса да, үлгі алатын, жарнама жасайтын дүние емес. Бірақ соңғы кездері дау-дамайы өршіп тұрған қы­тай­лық «күйеубалалар» мен аф­рикалықтарға келгенде, біз­дің қоғам тым қатал-ақ: оларды «атып», «асып тастайды». Ұры­нар­ға қара таппаған кей­іп­пен қара күші тасыған кей жі­гіттер «қытайға тиген қыз­дар­ды не істеуге болады?» деп кәдімгідей бас қатырып ойланады... 

Осы байбаламның ішін­де қытайға тиген қазақ қыз­да­рының статистикасы да бел­гілі болды. Соңғы алты жылда 253 қазақ қызы қы­тай азаматына тұрмысқа шық­қан. Ал таза этникалық қы­тай­лықпен некеге тұрғаны – 34 қыз, қалғаны – Қытайдағы өз қан­дастарымызбен шаңырақ кө­терген. Марқұм Мақаш Тә­ті­­мов ағамыз көзі тірісінде: «Қы­тайдың 50 млн еркегінің бір-ақ пайызы, яғни бес жүз мы­­ңы Қазақстанға келсе, олар қа­зақ­тың демографиялық ортасын бұ­зып жіберуге қау­қарлы» деп зар қақсайтын. Әр­бір еркек пен әйел – қазақ ұл­тының генофонды. Ал ге­но­­фондқа түбірімен қар­сы де­мографиялық геноцид «сақ­тан­ғанды ғана сақтайды». 

Әрине, қыз біткеннің бәрі Е.Сидоркинді ессіз ғашық етіп, соңынан сабылтып Қазақстанға іздеп келуге мәжбүр жасап, қа­зақ өнеріне қатар жүріп қыз­мет еткен Гүлфайрус Исмаи­л­ова емес. Аралас некеде тұр­­ғанның бәрі шетел асып жат­­қан жоқ. Қазақ қыз­да­ры­ның не себепті жат жер­дің жі­гіт­теріне тұрмысқа шы­ғып жат­қанына ерінбей әлеуметтік зерт­теу жүргізетін болса, он­даған, бәлкім жүздеген се­бебі анықталған болар еді. «Экс­портқа» кетіп жатқан епті қыз­дар туралы айтылатын ерте­гі­лердің сюжеті де стандартты: өз елінен теңін таба алмай, ақ­боз атты ханзадаға жолығып, бір езуінен бал, бір езуінен май ағып, бақытты өмір сүріп жатыр. Шіркін, солай болса ғой. Ата-анасының көңілін жы­ғып, туған-туысын жерге қа­ратып, төңірегінің талқысына түсіп, жат жұртқа жетіскеннен кетпейтіні және ол жақта жүріп те ертегідей өмір кешпейтіні белгілі дүние. Аралас некеде болған бір әпкеміз «тілі, ді­ні басқа адаммен бірге өмір сү­ру үнемі стресте жүруге мәж­бүр­лейді» деген еді. Білген соң ай­тады да. 

Таныс сіңлілердің бірі қа­рашай жігітіне күйеуге шыға­тын болды. Отызды орта­лап қалған, белгілі ком­па­ния­лардың бірінде тәп-тәуір қыз­мет істеп жүрген көрікті қызға бәрі де салған жерден өре түрегеліп «мұның не?» десті. Әсіресе ата-анасы, бау­ырлары ер тоқы­мын бауыры­на алып тулады. «Үшінші мүшелімді толты­рып, қырыққа аяқ басқан мені қазақ жігіті енді керек ете қой­мас. Қыздар әр жігітке бір үміт­пен қарайды, ал олар үй­ле­­нуге асықпайды. Кімді кү­те­тінін, нені күтетінін біл­мейсің. Сезімін білдіруге қор­қа­тын, жақсы көретінін ай­туға жігері жетпейтін, батыл­сыз жігіттерден шаршадым. Жұ­мысым бар, көлігім бар, жағ­дайым бар, отыздан асқанша осы­ның бәрін өз қолыммен жасадым, ендігі жерде не жұмысы жоқ, не жауапкершілігі жоқ, шірік-шірік иномаркасымен түнімен таксилетіп, өз күнін әрең көріп жүрген жігітке қалай күйеуге шық дейсіңдер?» дегенде, аспанға шапшып әл бермей отырған туыстары үндей алмай, көзімен шер шұқыды. Қазір екі баланың анасы. Қап тауының арғы жағынан да, бергі жағынан да қаптап келіп жататын ері­нің туыстарының көңілінен шы­ғып, дәстүрін ұстанып, сол ел­дің салтына сай жасаған қыз­метіне қай-қай­сысы да дән риза.  Бастысы, ба­қытты. Ал, заты әйел болып жа­ралған соң ол бақытты бо­луға лайықты. Қыз баласы кімге тұр­мысқа шықса да, отбасының шарты біреу ғана – сыйластық, жұбымен сыйласып өмір сү­ру. Жайнаған жастық шағы тө­бе­сінен ауып бара жатқан соң бақытты болуға талпынды, тапты, ол үшін кінәлі емес.  Әңгіме тіпті де қазақ қыз­да­рының шетелдікке тұрмысқа шығуы туралы емес. Қыз баланы кемсіту, әйел затын төмен тұту менталитеті шығысқа тән сипат болса да, ажырасуы атымен жоқ, зәуде бір «талағы» айтыла қалса, құлаққа тұрпайы емес, таң-тамаша естілген дәстүрлі қазақ отбасылық институты бұ­рын-соңды ері қызын қара есекке теріс мінгізіп, дәл осылай лағнеттеген қарадүрсін кепті басына ешқашан кимеген болар?!   Заман басқа, оқиға бөлек болса да, тектік, ұлттық ойлау жүйесі күшті халық қандай зау­ал төнсе де, замана ығына құ­ламай затын, тамырын сақ­тайды. Жан-жағын жайпап келе жатқан жаһандану үрдіс­ін­де болмай қоймайтын жат әре­кеттің бәрінен ата дәстүрден нәр алған мықты иммунитет қана қор­ғайтыны белгілі шындық. Аралас некенің астарында сая­сат жата ма, қыз жатжұрттық жігітпен жарасым таба ма, шетелдікке тұрмысқа шығатын қыз­дың құқығы заңмен шектеле ме, бәрі де сол үздіксіз үрдістің бол­машы бір көрінісі ғана.  Жаһандану дәуірінде «неге жатқа кетесің» деген сауалдың өзі мағынасыз әрі күлкілі екенін тар­тысты мәселеге орай үн қат­қан­дардың ішінде жалғыз-ақ саясаттанушы Айдос Сарым айт­ты. Саясаттанушы қазақ жігіт­т­ерін еңбекқорлыққа, па­ра­саттылыққа, ынжық бол­мау­ға шақырды. Ол: «Жалпы, қыз­да­рымызды ешкімге бермейміз, ойбай-ойбай дегеніміздің өзі аграрлық, архаикалық сана. Яғ­ни, қыздарды жылқымен, басқа малмен тең санау. Жігіт­т­ер! Мықты болсақ жұмыс іс­тей­ік, ынжық болмайық, ит бол­майық, бәсекеге қабі­лет­ті, білімді, парасат­ты, бай-ба­қу­атты болайық! Еш­кімгі тіл тигіздірмейік, тұмсық­ты­ға шо­қыт­пайық, бай мен бас­тық­қа қорлатпайық! Сон­да қыз­дарымыз ешқайда қаш­пай­ды, теңін ішінен іздейді»,–деген қорытынды жасады. Бұдан асырып қалай айтуға болады?

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ