• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Шілде, 2017

Абырой биігі

423 рет
көрсетілді

«Ұлы Дала тұлғалары» дес­т­есі аясында ҰҒА ака­де­мигі У.Қали­жановтың бас­шылығымен жария­ланған «Абай» атты кітап жақында қолыма тиді. Мұнда заңғар жазушы М.Әуезовтің 1933 жы­лы алғаш жарық көрген «Абай­дың туысы мен өмірі» мақа­ласы берілген екен. Еңбекті оқып отырып болашақ ұлы ақын балалық шағында екі шешенің – Ұлжан мен Айғыз­дың ортасында өскен­діктен үлкендер «Тел­қара» атағанын білгенде, есіме әріптес ағам Тұяқбай Рысбеков түсе кетті.

Бұл әсте кездейсоқтық емес еді. Тәкеңнің мерейтойы жақын­дап келе жатқанын біле­тінмін. Телефон арқылы сөйлес­кенімізге де көп уақыт өте қойған жоқ-тын. Ең бас­ты­сы, ол Оңтүстік пен Батыстай екі өңір­дің, универ­ситеттік және ака­де­миялық екі ғылым­ның ор­тақ пер­зенті бола алған телқара екендігі.

Тұяқбай Жамбыл облысына қарасты Талас ауданының Ақкөл ауылында жетпіс жыл бұрын дүние­ге келіпті. Бұл – соғыстан кейін­­гі қиын кезең. Адамдар бір-біріне көмек қолын созуға әзір уақыт қой. Осыны көрген балалар да қамқор, мейірімді болып өсті.

Тұяқбай ауыл мектебінде білім алды. Балалық шақпен қоштаспай жатып, Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Білімді азамат болу сол уақытттағы қазақ қоғамының ұлт­тық идеясы десек, артық айт­қан­дық емес. Балаң жігіт білім нәрі­нен сусын­дауға барын салады. Педучи­ли­щені үздік дипломмен бітіріп, еңбек жолын бастауыш мектеп мұғалім­дігі­нен бастағанда да әрі қарай оқу керек­тігін бір сәт естен шығармайды.

Асыл арман оны Алматыға, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне алып келді. Міне, тап осы студенттік шақта Тұяқ­бай оқу мен өнердің, білім мен ғылымның телқарасы бола алды. Университеттегі «Жеті муза» қоға­мының, театр студиясының, «Аққу» ансамблінің белсенді мүшесі оқуды үздік үлгеріммен көмкерді. Тіпті, М.Әуезов театрын­да «Беу, кыздар-ай» пьеса­сы қо­йыл­ғанда доцент Қа­сен рөлін ой­нау­ға тартыл­ғаны бар.

Университеттегі оқуын акаде­миялық ортаға енумен ұштастырды. Қазақ КСР Ғылым академиясының табалдырығынан аттаған сәтті күні кешегідей әлі жадында. Еңселі ғимаратта орналасқан Ш.Уәли­ханов атындағы тарих, архео­логия және этнография институтының ғалымдары жас студентті жатыр­каған жоқ. Әйгілі этнограф Х.Ар­ғын­баев экспедицияға шақы­рып, қазақ отбасын зерттеудің тамаша мектебінен өткізді.

1971 жылы университетті аяқ­та­ған жас тарихшының тағ­ды­рын­дағы жаңа кезең Орал пед­инс­т­иту­тына жолдама арқылы қыз­мет­ке орналасумен басталды. «Ай­хай жиырма бесінде» Таласы мен Қара­тауын, Алатауы мен Есен­тайын арт­та қалдырып, Еділ мен Жайықтың жаға­сына жай­ғас­қан Тұяқбай жалғыз емес еді. Жанында құдай қосқан қосағы Баян Ғаббасқызы бар болатын.

Содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт тұлпардай зулап өте шығыпты. Жас маман есейді, қыз­метте өсті, ғылымда кемел­ден­ді, отбасында қамқор әке, ақыл­гөй ата атанды. 1977 жылы өзі оқыған Қазақ университетінің тарих факультетінде кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, Орал пединститутында кафедра меңгерді, жаңадан ашылған тарих факультетін басқарды. Ал 1990 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтындағы мамандандырылған кеңесте тарих ғылымдарының докторы дәре­жесіне диссертациясын қорғай­ды. Мұнда академиктер К.Нұр­пейіс пен М.Асылбековтің қамқор­лы­ғы­­на бөленгенін Тәкең күні бү­гін­ге дейін тебіреніспен еске алады.

Диссертацияларында ұлттық тарихымыздың осынау тағылымын жан-жақты зерделеген Т. Рысбеков оны, Мұқағали ақын айтқандай, замана талабына лайық шапан жауып, туған халқына қайтарды. 1991 жылы Орал пединститутына ректорлыққа сайланған ол қысқа мерзім ішінде жоғары оқу орнын университет мәртебесіне жеткізді, жаңа мамандықтар мен кафедралар ұйымдастырды, профессор-оқытушылар құрамын нығайтты. Түйіп айтар болсақ, Т. Рысбеков 20 жылға жуық ректор болған уақыт ішінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті еліміздегі маң­дайалды білім мен ғылым орталығына айналды, әлемдік интеллектуалды кеңістікте алғашқы қадамдарын жасады. Кәсібіне қатысты ізденісі мен жетілуін бір сәтке тоқтатқан жоқ. Біріншіден, теориялық-мето­до­логиялық ұстанымдарды жаң­ғырту оңайға соқпады, екіншіден, деректерді жаңадан сүзіп шығуға және оқуға тура келді, үшіншіден, тарихтағы ақтаңдақтарды жоюға белсене араласты. Нәтижесі бүгінде кімді болсын тәнті қылғандай. 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көп­шілік еңбектерін жариялады, бедел­ді ғылыми форумдарда баян­дамалар оқыды, тарихшы ғалым­дардың Батыс өңіріндегі таны­мал мектебін қалыптастырды, шет­ел­­дерге іс-сапарға шығып, ин­тел­­лек­туалды әлеуетті артты­ру­дың әлем­дік тәжірибесін кәдеге жарат­­ты. Қалалық және облыстық мәс­ли­­хат­­тар­дың бірнеше дүркін депу­­таты ретінде тәуелсіз­дігіміз­дің демо­кра­тиялық бастау­ларын бекем­­дегені өз алдына бөлек әңгіме.

Бүгінде Батыс Қазақстан аума­­­ғының білімі мен ғылымын, руха­нияты мен қоғамдық-саяси өмірін, тарихи өлкетануы мен тұлғатануын Тұяқбай Рысбековтің есімі мен тындырған ісінсіз елестету мүмкін емес. Қаратаудың кешегі қара­домалағы, Жетісудың қыран бүркіті, Еділ мен Жайықтың, Абай ұлықтағандай, «толық адамы», тарих ғылымдарының телқарасы еңбегімен, ақылымен аялап, баптап өсірген жасыл бағының саясында елінің берекелі ертеңіне тілек қосуда. 

Ханкелді ӘБЖАНОВ,  ҰҒА академигі