• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Театр 25 Шілде, 2017

Сайрам сахнасы

370 рет
көрсетілді

Облыс орталығына жақын маңдағы Сайрам елді мекенінде орналасқан Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театрының ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, шығармашылық ұжымға сәттiлiк тiлеген болатын. Содан бері 2003 жылғы 22 қазан мұндағы өзбек жұртшылығы үшін ең бір естен кетпес тарихи күн болып саналады. Әне-міне дегенше арқа-жарқа күй кештірген сол бір қуанышты сәтке биыл күзде 15 жыл толады екен. Зымыраған уақыт-ай десеңші. Осы аралықта 60-тан астам туынды сахналанса, бұлардың ішінде этносаралық татулықтың қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған тұшымдылары қаншама. ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы Қазақстан Ұлттық (этникалық) театрларының IV республикалық фестиваліне қатысқан Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры елордалықтарға мерекелік шашу ретінде «Қожанасыр Сайрамда» спектаклін тарту етті. Осы сәтті пайдаланып біз театрдың жас әртісі әрі режиссері Жавлон Саидовты әңгімеге тартқан едік.

– Жавлон Кәмилжанұлы, елорда төрінде өңірлік өз­бек театры алғаш рет өнер көр­сеткен екен. Өнер бәйге­сіне бұл спектакль тегін таңда­лма­са керек-ті?

– «Сайрамда бар сансыз бап» деп күллі мұсылман баласы зиярат етіп келетін қасиетті өңірге қоныс тепкен біздің театр өнер бәйгесіне қатысушылардың ішін­дегі ең жасы болғанмен, қойы­лымдар, ұлттық музыка мен декорация, ән мен мәнер қай­та­ланбайды. Мәдени-тарихи ес­керткіштерге толы, туризмнің ошағына айналуға лайық өлкеде орналасқандықтан қарабайыр қалыпта, аудандық деңгейде қалып қоюға тағы хақымыз жоқ. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен тұсауын кескен театрға  биыл 15 жыл толмақ. Күзде мұны арнайы атап өткелі отырмыз. Ал Астанадағы Қазақстан Ұлттық (этникалық) театрларының IV республикалық фестиваліне Леонид Соловьевтің шығармасы бойынша Өзбекстанның танымал режиссері, актер  Сайфиддин Мелиев инсценировкалаған «Қожанасыр Сайрамда» музы­калық спектаклін алып келдік. Коме­дия жанры бол­ған­мен, қо­йы­лым тарихи ескерткіштерді қор­ғау мен тұлғаларға құрмет көр­сету идеясы жағынан өте құнды.    

– Театр әртістерінің кәсіби дең­гейі туралы айтып өтсеңіз?

–  Олардың сексен пайызы кә­сі­би білімі бар актерлер. Көп­шілігі Ташкент өнер уни­вер­ситетінде, Шымкент қала­сындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетте театр ұжымына жетекшілік ма­мандығы бойынша білім алған­дар. 

– Қожанасырмен қазір ха­лықты күлдіру мүмкін бе?

– Комедия десек, Қожанасыр десек, жұрттың бәрі жаппай күле береді екен деу – қате түсі­нік. Күлдірте отырып, көз­ге жас алдырту – үлкен өнер. Ал Қо­жанасыр шығыс халықтарына ортақ тұлға болғандықтан, ол туралы әр өңірде түрлі нұсқалар, қойылымдар сақталған. Біздің спектакльдің олардан ерекшелігі, мұнда хикаятты түгел қамтымай, ішінара тек халыққа қызықты-ау деген тұстарын ғана таңдап алдық. Мұнан кейінгі тағы бір ерекшелігі, Қожанасыр өткен заманда өмір сүріп кеткен тұлға емес, ол бүгінде арамызда жүр. Мақсатымыз халық қадірлеген бейне мәңгі өмір сүре береді деген ойды алға оздыру болатын. Тапқыр, дарынды, қоғамның дертімен күресіп жүретін Қожа­на­сыр кейпіндегі шыншыл, адал жандар қазір де бар ғой арамызда.  Ол жұрт әжуалап, майпаздап мақтағанға масқарапаз кейіпке енетін кекесін кескін емес.

...«Қожанасыр Сайрамда» музыкалық комедиясы «Қожана­сыр әңгімелері» негізінде жазыл­ған. Бұқарадан қонақ болып келген Қожанасыр Сайрам тұрғын­дары арасында өз әділдігімен айла­сын асыра отырып, өмірде оның бар екен­дігін халыққа жет­кізу­ді көксейді. Және осы ойы жү­зе­ге асады.

– Ұлттық театрлар қойы­лы­мы басқа театрлардан несі­мен ерек­ше­ле­ніп тұруы керек? 

– Мысалы, біздің театрда спек­такльдегі барлық әндер жан­ды дауыс-та орындалады. Қо­жанасыр туралы музыкалық туын­дыда осы қырымыз өте сәт­ті көрініс тапты. Мұндағы музы­калық шығармалардың сахнада жанды дауыс-та орындалғаны жұртқа ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар спектакльге өзбек халқының ұлттық аспаптарын алып шығу үлкен жетістік деп санаймын. Әртістеріміз әмбебап – дабыл, дойра, рубаб, дутар аспаптарында ойнайды.

– Халықтық әуендерді за­ма­на­уи үл­­гіге түсіруде кейде түп­­нұс­қаға зиян кел­­ті­ріп алып жа­та­тынымыз рас. Сіз­­дер мұны қалай жүзеге асыр­дыңыздар?

– Музыкалық жанрдағы спек­такль болғандықтан өзбек ха­л­қының ұлттық фольклорлық әндеріне қоса кейбір халықтық әуендерді қазіргі заманауи ыр­ғақ­қа салуға тура келді. Бұл ретте режиссер Сайфиддин Мелиев шеберлігіне ризамын. Қойылым жү­гін негізінен музыканың кө­теріп тұрғаны қандай ғажап. Осы орайда өнер майталманы көрерменнің жанына не керек екенін, неге зәру екенін дөп басқаны анық. Жаңа әндерді фольклорлық нақышпен әрлеп, заманауи спектакль жасау талпынысы сәт­ті өрілген деуге толық негіз бар. Айта ке­ту керек, музыкалық шығармалардың 80 пайызы ұрпақтан ұрпаққа тарап келе жатқан көне мұраларымыз болып табылады. Махаббат сахналарына жазылған әндер де әсерлі, әдемі. 

– Бұл спектакль қай жылы қо­­йыл­­­­ған?

– Былтыр қазан айында премьерасы өткен болатын. 

– Өзбек театры өңірлерге гас­троль­дік сапармен жиі шы­ғып тұра ма?

– Ташкент қаласына жыл сайын барамыз. Онда тұрақты көрермендеріміз бар. Алматы, Түркiстан, Тараз, Қызылорда, Көкшетау қалалары мен Созақ, Түлкiбас, Төле би, Қазығұрт аудан­дарында өнер көрсеттік. Театр әртiстерi түрлi деңгейдегi байқаулар мен фестивальдарда жүлделi орындарға ие болып жүр.

Белгілі драматург Рахымжан Отарбаевтың Атырауда өткен фести­валіне өзім сахнала­ған «Аяулым, Анфи­са» спектак­лі­мен қатысып қайттық. Ен­ді мі­не, ЭКСПО-2017 көрмесінің арқа­­сын­да елорда төрінде өнер көрсету бақытына ие болып отырмыз. Құдай қа­ла­са, күз­де Таразда театрлар фести­валі ұйым­дастырылмақ. Со­ған ша­қырту алдық. Одан кейін осы жылдың аяғында Қы­р­­ғыз­станның Бішкек қаласына өнер сапарымен бару жоспарымыз­да бар. 

– Репертуардағы қандай тұшымды қо­йы­лымдарды айрықша атап өтер едіңіз?

– Ұлттық комедиядан бас­­қа жа­һан классикасынан сах­наланған туын­дылардың орны бір бөлек. Биыл «Эдип патшаның» қаңтар айында премьерасын өткіздік. Мұны бел­гілі режиссер Қуандық Қа­сы­мов сахналады. Одан басқа Ресейдің, Американың автор­ларына  атбасын бұрған жа­йымыз бар. Сондай-ақ Шың­ғыс Айтматовтың хикаяты бойынша қолға алынған «Шың­ғысханның ақ бұлты» спектаклін Шымкентте өткен  «Театр көк­темі» фестиваліне апарып, жүл­делі орынға ие болдық.

– Республикалық, облыс­тық театр­лардың өзінде ре­жис­­­серлер же­тіс­пей­ді деген пі­­кірді жиі алға тартып жатады...  

– Бізде де режиссерлер өте аз. Не­гізі мен актер мамандығы бойынша бітір­генмін, бірақ соңғы уақытта режиссура са­ла­сына тер төгіп жүрмін. Еншімде алты спектаклім бар. Бірақ мұнымен тоқтамаймын, ойымда жүрген жобаларым көп. Кей жағдайда режиссерді сырттан шақыруға мәжбүрміз. Мы­салы, Өзбекстаннан Олим­жон Салимов, Тәжмұхамед Исра­йылов, Авлиеқули Хожақулиев, Мах­суд Мансуров, Минав­вара Абдуллаева, Қаһрамон Садул­лаев сынды майталмандар ке­ліп жұмыс істесе, ал Жетiсай, Шым­кент қалаларынан ре­жис­сер­лер Ғазиз Арынов, Асқар Алтын­­бе­ков, Әскер Құлданов ша­қырылды.

– Алдағы уақытта көрер­менге қан­дай спек­такльдер ұсы­нылады?

– Жа­қын күндерде үлкен бір мә­де­ни оқиғаға куә болғалы отырмыз.  Өзбекстандық режиссер Марат Азимов сахналаған шы­ғыс шайыры, философ На­уаи бабамыз туралы туынды та­рихи тұлғаны жадымызда жаңғырту ғана емес, тереңнен бастау алатын тамырымызға, байырғы бабалар рухына перзенттік сүйіспеншілігіміз, рухани ескерткішіміз болмақ. Одан басқа Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» шығар­масы желісімен қойылған екін­ші құнды спектакль жыл ая­ғына дейін дайын болады деп күтілуде. 

– Қазақ драмургтерінен мұ­нан өзге тағы кімдер сахналанды?

– Байғали Есенәлиевтің «Мұхаммед Хайдар Дулати» та­рихи трагедиясын сах­наладық. Екі жыл бұрын Шымкент қа­ла­сында өткен Ұлттық театр­лардың ІІІ фестиваліне осы спек­такльмен барып қатысқан бола­тынбыз. Жалпы, авторлар аз емес. Негізі өзбек театрында жыл сайын кем дегенде екі қазақ драматургінің шығармасы қойылады. 

– Спектакльдер қай тілде орындалады?

– Тек өзбек тілінде ғана. Ал бірақ мұ­нан бас­қа әзірлеген концерттік бағ­дар­ламаларымыз бар. Онда өзбек хошық­тарына қоса қазақша, орысша, түрікше, татарша әндер орындалады. 

– Астанаға театрдан қанша адам келдіңіздер?

– Барлығын қосқанда, жиырма се­гіз адам келдік. Олардың ішінде өнер шеберлерінен Сейдікәрім Махмұдов, Ұлықбек Насыров, Рустам Сайдхуджаев, Венера Нышанбаева, Вахила Абдур­ах­манова есімдерін ай­рық­ша атап өткен жөн.   Өнерімізге белгілі театр жә­не кино режиссері Талғат Те­менов бастаған құрамында Гер­маниядан келген Рахима Абдувалиева, британдық театр режиссері Дэвид Папава, АҚШ-та, Ұлыбританияда білім алған ирландиялық тәуелсіз сыншы Сара Коплэй бар қазылар алқасы баға берді. Кемшіліктер, олқылықтар ортаға салынды. Бұл сапардан өз басым көп сабақ алып кетіп барамын. 

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»