• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2017

Шұғылалы шығыстың Астанаға тартуы

192 рет
көрсетілді

21-25 шілде күндері Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының күндері өтті. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған ауқымды бағдарлама шеңберінде жұртшылық шырайлы шығыстың тарихи-мәдени құндылықтарымен танысып, театрландырылған қойылымын тамашалап, әсем ән мен күйге бөленді.

Қойнауы құт, табиғаты көркем Шығыс Қазақстан өңірін Елбасы «елі­міздің інжу-маржаны, алтын тәжі» деп бекер атамаған. Әр тау-тасының өзі сан қырлы тарихтан сыр шерткен Алтай өңірі орманға да, көлге де, әртүрлі аң-құстарға да бай. Сондықтан да мұнда өндіріс те, өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы мен туризм де ерте дамыған.

Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов секілді ұлылар, Әміре Қашаубаев, Бибі­гүл Төлегенова сынды өнер майтал­ман­дары дүниеге келген қасиетті мекен руханияттың да киелі ордасы. Шығыс­тықтар ешкімге ұқсамайтын осындай мәдени жауһарлары мен бірегей өнер туындыларын астаналықтарға ала келіпті.

Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері бағдарламасының басты қазығы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өткен ауқымды шара болды. Онда елордалықтар мен қала қонақтары Шығыс Қазақстанның бірегей археологиялық жәдігерлерімен және құнды экспозицияларымен танысуға мүмкіндік алды.

«Ата-бабалар мұрасы» атты архео­ло­гиялық көрмеге Катонқарағай ауда­нындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандарынан жəне Ұлан ауданындағы Абылайкит бекініс-монастрінен табылған 3 мыңнан астам жəдігердің көшірмелері қойылыпты. Құнды экспонаттар қола, ертедегі темір дәуіріндегі тайпалардың шаруа­шы­лығынан және ортағасырлық мәде­ниеттен сыр ақтарады.

Сонымен қатар, көрмеге Қазақстанға таны­мал ғалымдар – Зейнолла Сама­шевтың, Әбдеш Төлебаевтың, Карл Байпақовтың облыста жасаған соңғы екі жылдағы еңбектері жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл ғалымдардың барлығы Шығыс Қазақстанда үш жылға жоспарланған археологиялық  бағдарлама аясында еңбек етіп жатқанын атап өткен ләзім. Жұртшылықтың есінде болса, былтырдан бастап, Шығыс Қазақстан облысында археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуды мақсат еткен үшжылдық бағдарлама әзірленіп, оның алғашқы кезеңі жүзеге асырылған болатын. Өткен жылы бұған облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, бес археологиялық нысан жан-жақты зерттелген екен. Қазба-зерттеу жұмыстарына АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Ресей, Польша, Жапония ел­дерінің белгілі археологтары да тар­ты­лыпты. Бағдарламаның алғаш­қы кезеңінің басты жетістігі – Қатон­қарағайдағы Берел кешенінде ашық аспан астындағы музейдің ашылуы болды. Енді ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын дамыту жоспарының екінші кезең­інде археологияға қатысты бірта­лай шаруаларды еңсеру міндеті тұр. Бұған облыстық бюджеттен биыл қосымша 100 млн теңге бөлінген екен. Осы жылы ғалымдар Берел, Шілікті, Абылайкит секілді ескерткіштерді тереңірек зерттеуді мақсат етіп отыр.

«Этноауыл» кешенінде облыстың  қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйым­дастырылды. Олар елорда тұрғындарына теріден, былғарыдан, ағаштан жасалған ерекше туындыларды тарту етті. Айман Боқбасарова, Айбын Жұма­тай, Гүлнәр Қожамжарова, Наталья Жукова сынды елімізге танымал шебер­лер Астанаға өздері жасаған қолөнер бұйымдарын әке­ліп қана қоймай, көрмеге келушілерге тоқыма тоқу, ағаштардан түрлі кескіндер жасау бойынша шеберлік дәрістерін өткізді.

Кешен аумағына Шығыс Қазақстан­ның тамылжыған табиғаты мен шұрайлы өңірлерін сипаттаған бірегей фотокөрме де ұйымдастырылды. Жұртшылық Мұзтау тауы, Рахман қайнарлары, Киин-Кириш, Сібе көлдері, Алакөл, «Жидебай-Бөрілі» кешенін, әйгілі Бұқтырма су қоймасын үздік фотосуреттер арқылы тамашалап, көркемдігіне тәнті болды.   

«Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені­нің төрінде орналасқан үлкен шатырда Шығыс Қазақстан облысының Әміре Қашау­баев атындағы мемлекеттік фи­лар­­мониясы концерт қойды. Онда облыс­тағы дәстүрлі әншілер, ұлт аспап­тары оркестрі ән мен күйден шашу шашса, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, басқа да об­лыстық театрлар ең үздік туынды­лары­мен жұртшылықты рухани әлемге жетеледі.

Шығыс Қазақстан облысы «Қаза­нат» атшабарында ұлттық спорт түр­лері бойынша көрсетілімдер де ұйымдастырды. Астана төрінде көкпар, қазақша күрес, аударыспақ секілді спорт түрлері бойынша үздіктер өнер көрсетіп, балуандар белдесті. Олардың құрамында елге танымал спортшылар да бар. Атап айтқанда, аударыспақтан Қазақ­станның бес дүркін чемпионы Ерзат Жапишев, қазақша күрестен Қазақстан чемпиондары Ерзат Арғынов, Әділ Төкешев, Фархат Қайырбеков және Айбек Ағыбаев бар. Айтпақшы, ұлттық спорт түрі десе көңілі бөлек шығысқазақстандықтар 30 спорт атын арнайы дайындап әкеліпті.

Бұдан бөлек, сахнада қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақтан да жарыс өтіп, оған астаналықтар белсене қатысқанын атап өту керек.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы­ның күндері «Этноауыл» кешенін­дегі көрмелермен, ұлттық спорт жарыстармен, концерттермен ғана шектеліп қалған жоқ. 21-25 шілде аралығында күн сайын «Бәйтерек» монументінің ала­ңында, «Ғашықтар» саябағында Шығыс Қазақстан облысынан шыққан елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының қаты­суы­мен ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылды. 

Шығыс Қазақстан облысының күн­дері кеше ЭКСПО-2017 кешеніндегі амфи­театрда өткен «Шырайлы шығыс­тан – атағы асқақ Астанаға» атты гала-концертпен қорытындыланды. Кон­церт­тік бағдарлама аясында Қазақ­стан­ның халық әртісі Роза Рымбаева ән шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, жастардың сүйікті әншісі Әли Оқапов та әдемі әндері­мен жұртшылықтың жүрегін баурады. Шығыс Қазақстанның үздік шығар­машылық ұжымдары да жұртшылықтың көңілінен шыққаны анық.

Шығыс Қазақстан облысының Аста­на­дағы күндері ЭКСПО-2017 халық­­ара­лық мамандандырылған көр­месі аясында өткізілгенін атап өттік. Жалпы, осы облыстың тұрғындары жаһан­дық көрмеге белсене қатысуымен ерек­шеленіп келеді. ЭКСПО бастал­ғалы көрмені 36 700-ден астам шығысқазақ­стандық тамашалаған екен. Биылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша, облыста ЭКСПО-2017 көрмесіне 89 700 билет сатылып алынған. Бұл алдын ала жоспарланған 100 мың адамның 90 пайызын құрайды. Сонымен қатар, халықаралық көрмені облыстағы 26 000 бала, оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 15 500 жеткіншек, 905 жетім бала, 3 750 дарынды бала және 4 595 колледж студенті тамашалауға келгелі отыр.  

Дерек пен дәйек

• Шығыс Қазақстан облысының 2017 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде сөз қозғасақ, облыста өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 720,2 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 113,4 млрд теңгеге жеткен. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 83,5 мың бірлікке жеткен.

• 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы (Кеден одағын қоспағанда) 1323,6 млн АҚШ долларын құраса, оның ішінде тауарлар экспорты – 951,0 млн АҚШ доллары (133,2%), импорт – 372,6 млн АҚШ доллары (163,8%) болған. Сыртқы сауда айналымының сальдосы да оң – 578,4 млн АҚШ доллары.

• 2017 жылғы қаңтар-маусым айларында мемлекеттік бюджетке 164,5 млрд теңге немесе болжамды 111,9% салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түсті, оның ішінде республикалық бюджетке – 114,6 млрд теңге (болжамның 108%-ы),  жергілікті бюджетке – 49,8 млрд теңге (болжамның 122,2%-ы) келіп түскен.

• Әлеуметтік салада да өсім байқалады. Биылғы қаңтар-наурыз айларында орташа айлық жалақы 116013 теңгені құрап, былтырғыдан 7%-ға асты.

• Денсаулық сақтау саласын дамытуға 2017 жылға барлығы 37,6 млрд теңге бөлінді.  2017 жылдың 1 шілдесіне 14,7 млрд теңге игерілді, бұл қаржыландыру жоспарының 97,2%-ын құрайды.

• 2017 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 104,3 млрд теңге қарастырылса,  2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 54,0 млрд теңге игерілді, бұл  қаржыландыру жоспарының 99,9%-ын құрайды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»