• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2017

Жағдайың қалай, Жайығым?!

804 рет
көрсетілді

Жақында Ресей Федерациясы Орынбор облысының Елек кентінде Жайық өзенінің бассейнін қорғау тақырыбына арналған халықаралық тарихи-экологиялық конференция өтті. Оған Батыс Қазақстан облысынан арнайы делегация қатысты.

Трансшекаралық Жайық өзе­ні­нің экологиялық мәселесі – батыс­қа­зақстандықтарды көптен бері алаңдатып келе жатқан тақырып. Осы­дан дәл 21 жыл бұрын «Валериан Прав­духиннің ізімен» атты қайық жорығын ұйымдастырып, дәс­түр­лі шараға айналдырған Елена Тара­сенконың бастамасы бүгінде мем­ле­кет­аралық деңгейге көтерілген. 2016 жылы Астана қаласында Қазақ­стан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақ­тау жөніндегі» мемлекетаралық келісім­шарттың жобасына қол қойған еді. Жақында ғана, биылғы 18 шілде күні «Жайық өзені бассейнінің экожүйесін қорғау жөніндегі келісімді бекіту жөнінде» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды. Жайықты жағалай қонған қалың ел соңғы жылдары көздің жасындай жылай аққан өзеннің өзекті мәселелері енді шешіле бастар деген үмітте.

Жиырма бірінші экожорық

«Жайық-Орал» тарихи-мә­де­ни экожорығы биыл 21-мәрте ұйым­дастырылып отыр. Оған әу баста тек оралдықтар қатысса, соңғы 15 жылда бұл шара Ресейдің Орынбор губерниясымен тығыз байланыста өтіп келеді. Өйткені, Жайықтың жағдайы – оны жағалай жатқан екі облыстың да тұрғындарына ортақ.

– Биыл көктемде біз Орынбор губернаторы Юрий Бергпен күн сайын хабарласып тұрдық десе де болады. Соның нәтижесінде оқыс оқиға, су тасуының алдын алдық. Міне, бүгінде Жайық өзенінің арнасы бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда, әлдеқайда толық. Көріп отырғанымыздай, ақылдаса, біріге жұмыс атқарсақ, көп нәтижеге қол жет­кізуге болады екен. Биыл 21-інші мәрте өткізіліп отырған қайық жоры­ғын да кейбіреулер құр саяхат, бос уақыт өткізу, жеңіл-желпі шара деп қабылдауы мүмкін. Алайда мұның астарында көзге көрінбейтін қаншама жұмыс жасалып жатыр. Бұл істің ең үлкен нәтижесі – екі ел басшыларының былтыр Астана қаласында Жайық өзенін қорғау бойынша келісім жобасына қол қоюы екені анық, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Биылғы экожорық Ресей Федерациясының Орынбор облысына қарасты Подстепки ауылынан басталды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бастаған байдаркалар керуені Елек кентінің жанында арнайы дайындалған айлаққа тұмсық тіреді. Орынбор губерниясының басшысы Юрий Александрович – Жайық өзенінің қазіргі жағдайына жан ауыртып жүрген азамат екен. «Жайықты жағалай отырған елдер – орыс болсын, қазақ болсын, башқұрт болсын, татар болсын – ұлтына, дініне қарамастан арнайы «Жайық күнін» бекітейік. Сол күнді бәріміз жыл сайын атап өтіп, өзенді қорғау, сақтау бағытында қандай қызмет атқарғанымызға есеп берейік» деген ұсынысын екі ай бұрын Орал қаласында айтыпты. Ұсынысты оралдықтар да қолдаған. Енді, міне, дәл осы Елек қаласында, Жайықтың жағасында Қазақстан мен Ресей Федерациясы мемлекеттерінің достығы белгісіндей бір ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды. Ұлттық киім киген қазақ-орыс бүлдіршіндері шымылдығын сыпырған бұл белгіде «Ескерткіш белгі 2017 жылы Ресей-Қазақстан достығының белгісі ретінде «Жайық күні» бекітілу құрметіне орай орнатылды» деп жазылған екен.

Өзен – біреу, мәселе ортақ

Жайық өзенінің Орал тауындағы бастауынан қарт Каспийге құйғанға дейінгі аймақта 4 миллион халық тұрады екен. Ендеше бүгін бекітіліп отырған «Жайық күні» мерекесі – болашақта кем дегенде осы 4 млн адамның ортақ мейрамы болатыны сөзсіз.

– Біз көбіне өзенге жағадан ғана көз тастаймыз. Ал қайықта, өзеннің ортасында келе жатқанда әсер бөлек болады екен. Жайықтың тағдырына басқаша қарай бастайсың, өзеннің де жанды құбылыс екенін түсінесің, – дейді жағаға шыққан соң Юрий Берг.

– Бір Жайықтың бойында қаншама кедергі, қаншама шелілмеген мәселе бар. Осындай кездесулер көп нәтиже береді. Мысалы, оралдықтар үшін көктемде су тасу қаупі, қалған уақытта су тапшылығы мәселесі бар. Ақылдасып шешсек, Иреклі су қоймасын дұрыс пайдалансақ, өзендегі су деңгейін бір қалыпты сақтап, табиғи апаттың алдын алар едік, – дейді Алтай Көлгінов.

Талай жылдан бері қағылып келе жатқан дабылдың нәтижесі енді көріне бастады. бүгінде екі елде де Жайық өзені бассейнінің экожүйесін қорғау мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылған. Ең басты мәселе – Жайық өзеніндегі су деңгейін сақтау, арнасын тазалау, зиянды қалдықтардан тазарту, су пайдалану мәселесінде ысырапқа жол бермеу секілді күрделі істер атқарылуы тиіс.

Орынбор ортақ іске дайын

Ресей федерациясының Орынбор губерниясы – мұнай-газ, химия, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі ерекше дамыған өндірісті өңір саналады. Орынбор қаласының өзінде 3 мыңдай кәсіпорын жұмыс істеп тұр екен. Бұл кәсіпорындардың экономикаға қосар үлесі де, табиғатқа тигізер зияны да бар екені түсінікті.

– Жайық өзенінің флорасы мен фаунасын сақтау мәселесін ең алдымен қазақтар көтергенін мойындаймыз. Сонау 1997 жылдан бері Қазақстанда экологиялық қозғалыс басталды. 2002 жылдан бері оған Орынбор да қосылды. Жайық өзені бассейнінің экожүйесін қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Танымал жерлесіміз Виктор Черномырдин: «Біз Жайықтан көп нәрсе алдық, енді қарызды қайтарар шақ туды» деген еді осы қайық жорығына қатысқан кезде. Міне, мәселе мемлекетаралық деңгейде көтеріле бастады. Бұл іске көп қаржы бөлінуі керек. Жайық өзені аңғарын сауықтыру жөнінде арнайы бағдарлама керек. Біз де қарап отырмай, жергілікті жерде - шағын ауылдардан бастап, облыс орталығына дейін мәселелерді шеше беруіміз керек. Біз РФ Сыртқы істер министрлігі мен Экология министрлігін коалициялық комиссияны құру ісін жеделдетуді сұраймыз, – деді Жайық өзені мәселелеріне арналған халықаралық тарихи-экологиялық конференцияны ашу сәтінде Орынбор облысының вице-губернаторы, ХХІ тарихи-мәдени экожорықты ұйымдастыру комиссиясының жетекшісі Павел Самсонов.

Осы конференцияда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде «Жайық күні» мерекесін өзен бойының барлық жерінде – Ресейде де, Қазақстанда да атап өту ұсынысы көтерілді. Оралдықтар мен орынборлықтар жаңа бастаманы қолдау үшін Башқұртстан Республикасына, Челябі, Астрахан, Ақтөбе мен Атырау облыстары басшыларына үндеу жолдады.

Бұл күні Жайық өзенінің жағасында жатқан әр аймақ, әр өңір өзенді қорғау, сақтау бағытында жасалған жұмыстары жөнінде есеп беріп, тәжірибелерімен бөліседі деп күтілуде. Өзен жағасында пайда болған қоқыс орындарын және жағада қураған шөп-бұталарды тазалау, жаға бекіту жұмыстары, ылғал сақтау бағытында өзен жағалай көкжелек отырғызу, су көздері мен бұлақтардың көзін ашу, биоресурстарды, соның ішінде балық қорын қалпына келтіру, жаға бойлап отырған өндіріс орындарына суды ластау мәселесі бойынша қатаң экологиялық мониторинг жүргізу де нігізгі міндеттердің қатарында.

Сонымен бірге экожорық мүшелерінің әу бастағы мақсаты – Жайық өзені аңғарында, Каспий су бассейнінде тұрақты қызмет ететін мемлекетаралық мониторинг жүйесін құру керек. Жайық өзені тұрақты қамқорлық қажет етеді, – дейді Юрий Берг.

– 2017 жыл – Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығы бойынша Экология жылы болып бекітілді. Экологиялық мәселелердің көбі Ресей мен Қазақстанға ортақ. Соның бірі – су мәселесі. Су – ұлттық қауіпсіздік. Жайық өзенінің экожүйесін қорғау мәселесімен Кеңес кезінен бері атсалысып келемін, Жайық өзенінің тағы бір қайталанбас келбеті – қызыл балықтың табиғи өсіп-өнетін жалғыз су қоймасы. Жайық өзенін қорғау мәселесін созбалауға болмайды. Оралдықтар бастаған экспедиция алдына қойған алғашқы мақсатына жетті, Жайық мәселесі қоғамдық қозғалыс тудырды. Орынборда Валериан Правдухин оқулары өтетін болды, жазушының туған жері Таналық ауылында ескерткіш белгі қойылды, Қазақстанда тұрған жері – Каленый ауылында мемориалдық тақта қойылды. Сондықтан бұл бастаманы ұйымдастырушыларға, жорық мүшелеріне көп алғыс айтамын. Мемлекеттік Дума деңгейінде мемлекетаралық комиссия құрамына мүше қосу туралы мәселе көтерілді, біз өз ұсыныс тарымызды бердік. Бізге Жайық өзені бассейнін қорғау жөнінде тәуелсіз комиссия керек. Трансшекаралық Жайық өзенінің экожүйесін бірлесе қимылдағанда ғана қорғай аламыз, – дейді РФ мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мещеряков.

Ғалымдар не дейді?

– Жайық, Ертіс, Сырдария секілді трансшекаралық өзендер мәселесі Қазақстан үшін соңғы 20 жыл бойына өте өзекті болып тұр, – дейді М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы Экология және биогеохимия ғылыми зертханасының жетекшісі Зарипа Қонашева.

Жайық өзенінің мәселесі әрдайым оралдық мамандар назарында. Жайық өзені мен оның салаларындағы экологиялық ахуалды зерттеу мәселесі 1992 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы су-биологиялық басқармасы Жайық бөлімшесінің басшысы профессор Роберт Құрманғалиев пен Виктор Киянскийдің басшылығымен жүйелі жүріп келеді. Гидрологтар, биологтар, ихтиологтар, экологтар, химиктер тарапынан жасалған ғылыми-зерттеу жұмыстары бар. Батыс Қазақстан облыстық экология департаменті трансшекаралық Жайық, Шаған, Деркөл, Елек, Сарыөзен мен Қараөзен өзендерінің санитарлық жағдайын қадағалап отырады.

Соңғы 3 жылдағы мониторинг нәтижесіне қарағанда Батыс Қазақстан облысы аумағында Жайық өзеніне тұрмыстық қалдық су құйылмайды. Кешенді зертханалық бақылау жүргізу үшін облыс аумағында Жайық суынан 5 жерден сынама алынады. Олар – Январцев, Орал қаласынан жоғары, Оралдан төмен, Көшім және Тайпақ ауылдарының тұсы. 2015 жылы жүргізілген зертхана нәтижесі бойынша Жайықта оттегін биологиялық пайдалану (БПК) көрсеткіші – рұқсат етілген қалыпты нормадан 1,3% жоғары, амоний тұздары – 0,31%, темір – 0,63% жоғары болған. Дегенмен жыл өткен сайын судағы мұнай өнімдерінің концентрациясы, хлоридтер азайғаны байқалады. Оттегі режімі қалыпты.

– Соңғы 3 жыл бойынша Жайық өзеніндегі су ластануының кешенді индексі 0,74-2,5 аралығында, бұл ластанудың төменгі дәрежесін көрсетеді. Ең соңғы сынама нәтижелері бойынша Жайықта маусым айында су құрамындағы темір рұқсат етілген шекті мөлшерден 1,9% жоғары, нитрит 1,1% жоғары болды, – дейді Зарипа Хайроллақызы.

Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті биолог, ботаник, зоолог ғалымдарының зерттеуі көрсеткеніндей, Жайық өзенінің суын тұрмыстық-өндірістік мақсатқа қолданушылар су қорын тиімді пайдалануды ойлай бермейді. Соның нәтижесінде Жайық өзенінің аңғарында көптеген ағаш пен өсімдік түрі жойылып барады. Топырақ қабаты, жануарлар әлемі сұйылып кеткен. Жайық бойындағы емен тоғайының 50-70 пайызы жоғалды, бұталар жамылғысынан долана, қарақат жойылып кеткен. Шөптің 50 түрі жойылған. Топырақ қабаты да тұзданып барады. Осыдан 15-20 жыл бұрын Жайық өзенінің аңғарында 200-дей өзен-көл болатын. Бұл су қоймалары Жайық өзенінің көктемгі тасуы кезінде сумен толығып отыратын. Ал қазір су Жайықтың өзінде тапшы. Әлгі өзен-көлдер кеуіп жатыр. Мұндай шағын су қоймалары қыста бауырлап қатып қалатын болды, ал Жайықтың өзінде балық үшін азық қоры мүлдем жоқ десе де болады. Осылайша, Жайықтан балық та құрып барады. Экожүйе әр аймақтың ерекшеліктеріне байланысты қорғалуы тиіс. Су қорын ақылмен пайдалану, әлеуетін артыру керек. Бұл іске жеке сектор мен азаматтық қоғамды тарту керек.

– Су проблемаларын шешу үшін мемлекетаралық бірыңғай бағдарлама, ортақ мониторинг керек. Өзен бассейнінде сирек кездесетін тіршілік иелері мен өсімдіктерді қорғау, Жайық өзенін қорғауда халықаралық әріптестік, Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша зерттеу нәтижелерін жариялап отыру, су мәдениетін қалыптастыру қажет, – дейді Зарипа Қонашева.

– Жайық – біздің барлық жетістігіміздің өзегі, ұстыны. Адам – табиғаттың бөлшегі, бірақ адамзат табиғаттың эволюциясын бұзбауы керек. Жайық өзенінің өзіндік ерекшелігі бар. Жайық суы қорының 80 пайызы көктемгі су тасыған кезінде өтеді. Зерттеулерге қарасақ, соңғы 70 жылда жауын-шашын мөлшері еш өзгермеген екен, – дейді Ресей Ғылым академиясы Орал бөлімі Орынбор ғылыми орталығының геоэкология бөлімі меңгерушісі, география ғылымдарының докторы Юрий Нестеренко.

Ғалымдар соңғы жылдары өңірде ауа температурасы көтеріліп келе жатқанына алаңдап отыр. Бассейн аумағында шаруашылық қызметі де жылдан жылға көбейіп келеді. Су пайдалану мәселесіне ғылыми есеп керек. Юрий Нестеренконың айтуынша, Орынбор облысында адам қолы тимеген, өзгермеген мүйіс жоқ. Әрине, қазір шаруашылық мақсатқа пайдаланылып отырған жерді игермей бос қою мүмкін емес, сондықтан ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың өнімділігін арттыру қажет.

– Жайық өзенінің су қорын көктемде тасытпай, су қоймаларында сақтап, жаз бойына шектеп жіберу, қатты тасытпау керек, бірқалыпты болуы керек, – дейді ресейлік ғалым.

«Жайық – жәй өзен ғана емес, үлкен экожүйе. 21 жыл бойына мәселе көтеріп, бүгінде біздің қол жеткен нәтижеміз – мемлекетаралық келісімге қол қойылуы. Осы жылдары біздің қайық жорығында экспедиция құрамында еліміздің Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттары, Алматы қаласы мәслихаты депутаты, саясатшылар, ғалымдар, белсенді азаматтар қосылды. Жайықтың тағдыры – халықтың тағыры!» – дейді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Орал – Елек – Орал

Сурет автордікі