• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Шілде, 2017

Баспанамен қамтудың басты жолы

215 рет
көрсетілді

Елімізде урбанизация үдерісі белең алған сайын, баспана проблемасының өзектілігі арта түскені түсінікті. Бүгінде бұйырған баспанасында «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп көсіліп жатуды армандамайтын адам кемде-кем. Біз сөз еткелі отырған «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы халықтың осы арманын ақиқатқа айналдыруға ықпал етіп жатқан бірден-бір жол деуге болатындай.

Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жердің» басталғанына бір жыл да болған жоқ. Өткен жылдың соңында ғана халық үшін баспананың қолжетімділігін арттыруды мақсат тұтқан бағдарлама Үкіметте бекітілген-ді. Ел үміт артып отырған бағдарламаның қалай жүргізіліп жатқанына тоқталайық.

«Нұрлы жерді» жүзеге асыруға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың еншілес ұйымдары қатысуда. Бағдарлама бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Біріншіден, ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру көзделген. Ол үшін қазірдің өзінде жыл сайынғы сыйақы мөлшерлемесі 7%-дан аспайтын субсидия да бөлініп жатыр. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 10 млрд теңге бөлінген. Мол қаражатты игерумен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ – ипотекалық ұйымы айналысады. Қаржыны АТФ Банк, Сбербанк, Банк ЦентрКредит сынды екінші деңгейлі банктер халыққа жеңілдетілген несие түрінде ұсынуда. «Қазақстанның тұрғын үй  құрылыс жинақ банкі», «Цеснабанк», «Tengri Bank» АҚ сынды қаржы ұйымдары да жұмылдырылуда.

Екіншіден, тұрғын үй құрылысымен айна­лысатын компанияларды қызық­тыру тетіктері жолға қойылды. Ол үшін құрылыс компанияларының банктерден алған займдары бюджет есебінен субсидияланады. Ал компания салған үйлердің бір бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына берілуі керек.

Мемлекет екінші деңгейлі банктердің жаңа тұрғын үй салуға беретін несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялауда. Ол үшін 2017 жылғы бюджеттен 11 миллиард теңге бөлініп отыр. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, бұл тәсіл  қосымша 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бағдарлама аясын­да халықты жалдық баспанамен қамта­масыз ету, үлестік тұрғын үй құры­лысын қолдау сынды бағыттарға да басымдық берілген. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндеті жүктелгені белгілі. «Нұрлы жер» бағдарламасы осы сектордың дамуына да ықпал етеді деп жоспарланып отыр.

2017-2031 жылдар аралығын қам­титын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 жылда 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Бағдарламаны әзірлеген Ұлттық экономика министрлігі екені белгілі. Осы министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, биылғы жылы бағдарлама көмегімен тұрғын үй алуға шамамен 8 000 ипотекалық қарыз беру жоспарланған. Яғни, банктер ең көп дегенде 17% сыйақы мөлшерлемесімен ипотека берсе, мемлекет сыйақы құнының 7%-ын жабуды мойнына алады. Бұл елдің сұранысын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Тағы бір айта кетерлігі, «Нұрлы жер» бағдарламасы еліміздің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу мәселесін шешеді. Бұл туралы Мархабат Жайымбетовтің «Елдің әрбір азаматының жер заңнамасымен рег­ламенттелген жеке тұрғын үй құры­лы­сына әкімдік инженерлік инфрақұрылым тартқан 10 сотық жерді тегін алуға құқы бар. 10 сотық жер алу үшін әкімдікке өті­ніш беру керек, яғни жер теліміне кезек­ке тұру керек» деген сөзін тілге тиек етейік.

Сонымен, жолға қойылғанына жарты жыл болған бағдарлама қалай жүзеге асырылып жатыр? Қанша баспана берілді?

Инвестициялар және даму министр­лігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға арнал­ған арендалық тұрғын үйлер салу үшін 25 млрд теңге бөлінген. 25 млрд-тың 6 млрд-ы аймақтарға ауда­рылған, қалған қаржы біртіндеп беріледі.

– Осыған дейін аударылған ақшаға 5 936 пәтердің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін оның 2 687-сі пайдалануға беріледі,– дейді Жеңіс Қасымбек.

Арендалық пәтерлер әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға тиесілі. Кезекте мүгедектер мен асыраушысы жоқ адамдар бірінші тұр. Оларға берілетін баспананың бағасы да айтарлықтай арзан. Мысалы, 50 шаршы метрлік пәтердің айлық жалға алу құны 5 мың теңге шамасында.

Биыл жеке тұрғын үй салу үшін 60 мыңға тарта жер телімі таратылмақ. Ол да облыс әкімдіктерінде түзілген тізім бойынша жүргізіледі. Су, жарық, жол сынды инфрақұрылым, инженерлік желілердің тартылуы әр өңірде әртүрлі болуына байланысты, берілетін жер телімдерінің саны да облыстарда әртүрлі. Маңғыстауда – 15 мың, Ақтөбеде 11 мың жер телімі беріледі дегеп жоспарланған. Ал Қостанай (820), Шығыс Қазақстан (854), Павлодар (413) облыстарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен.

«Нұрлы жер» аясында коттедж қалашықтары салынып жатқанын да айта кетейік. Бюджет қаржысына бой көтерген үйлер тұрғын үй жинақ жүйесі арықылы сатылады. Биыл еліміздің 4 облысында бас-аяғы 1193  коттедж салынуға тиіс.

Алдағы үш жылда «Бәйтерек» басқарушы холдингі 133 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 97 млрд теңге қаражатты жергілікті әкімдіктерге аударады. Осынша қаржыға әкімдіктер «револьеврлік» әдіспен үй салатын болады. «Револьверлік» әдістің мән-жайын айта кетер болсақ, әкімдік жоғарыда айтылған қаражатқа салынған үйлерді иелеріне тапсырған соң, салымшылардан түскен ақшаға тағы да үй салуды жалғастыра береді. Осылайша, кейінгі транш алдыңғы шығындардың орнын толтырып отырады.

– Қазірдің өзінде әкімдіктерге «Бәйтерек» холдингі арқылы 67 млрд теңге аударылды. Ағымдағы жылы бұл қаржыға 8 505 пәтер салынады деп жоспарланған. Жарты жылда 1 686 пәтер берілді. Жазда құрылыс қызатынын ескерсек, жыл соңына дейін жрспар орындалуға тиіс, – дейді Ұлттық экономика министрі Жеңіс Қасымбек.

Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бойынша қолға алынған жұмыстар жемісін бере бастады деуге толық негіз бар. Мәселен, Павлодар облысында 2020 жылға дейін 1 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді, оның ішінде 4 909 несиелік пәтер және 868 арендалық пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Жамбыл облысы жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, биыл кезекте тұрған азаматтардың сұранысын өтеу үшін 2 247 гектар жер беріледі. Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метрге тең, әрқайсысында 11 пәтері бар 11 үй жақын арада тапсырылуға тиіс. Осы тектес деректерді еліміздің барлық өңірлерінен келтіруге болады.

Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, «Нұрлы жер» бойынша биылғы жылдың соңына дейін бас-аяғы 10 млн-нан астам шаршы метр, яғни 100 мың баспана салынуға тиіс. Бағдарламада қамтылған 15 жылда 1,5 млн адам баспаналы болады. Таяу 5 жыл ішінде 500 мыңнан астам адам заңды баспанасына ие болмақ. Пәтерде тұруды емес, өз бетінше үй салуды қалайтындар үшін 664 000  адамға 10 сотықтан жер беріледі. Қазақстандық ипотекалық компания мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 35 000 арендалық баспана, 280 000 несиелік үй беріледі, 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека арқылы ұсынылады. 2017 жыл мен 2021 жыл аралығында бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражат көлемі 1,548 трлн теңгені құрамақ. Үкімет бұл қаражатты бөлу жағын да қарастырған. 

Жалпы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі. Елбасы Жолдауында бұл туралы: «Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған», деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

«Үйі бардың – күйі бар» деген аксиоманы алға тарта отырып, елімідің әрбір азаматының әлеуметтік жағдайын жақсартуға аталған бағдарламаның әлеуеті жетеді деуге болады.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»