• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Шілде, 2017

Баламалы энергия. Шығыс Қазақстанның мүмкіндіктері қандай?

3787 рет
көрсетілді

Қазақтың кең-байтақ даласында не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтана айтуға тұрарлық дүние жетерлік. Құдайға шүкір, әлемнің кейбір мемлекеттері секілді жылдың төрт мезгіліне жарымай отырған жоқпыз. Қаһарлы қысымыз да, көгілдір көктеміміз де, жайдары жазымыз да, күрең күзіміз де бар. Жанға жайлы жаймашуақ ауа райымен қатар буырқанған боранымыз да, азынаған желіміз де бар. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» (Қазтуған жырау) көркем көлдеріміз бен арыны қатты асау өзендеріміз де бар. Мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Бүгінде дәстүрлі энергетикалық қуат көздеріне тиімді балама табу мәселесі күллі әлем жұртшылығын толғандырып отыр. Сондықтан қазіргі таңда әр мемлекеттің балама қуат көздерін табу жолында өздерінше қам-қарекет етіп жатқан жайы бар. Астана төрінде шымылдығы түрілген ЭКСПО көрмесінің басты мұраты да осы болса керек.

ЭКСПО төріндегі төрт жоба

Ал бұл тарапта Шығыс Қазақстанның мүмкіндігі қандай? Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне жүгінсек, баламалы энергия көздерін дамыту бағдарында өңірде бірқатар жобалар әзірленген. Мәселен, біздің облыс ЭКСПО көрмесіне 11 жоба дайындап, оның 8-і халықаралық іріктеу комиссиясының назарына ұсынылып, соның 4-і іріктеуден сүрінбей өтіп, қа­зір­гі уақытта «Нұр әлем» кешенінде жұ­рт­шылық назарына ұсынылуда. Бұл қан­дай жобалар? Алғашқы екі жобаны (Тұрғысын-2 және Тұрғысын-3 су электр станса­ларын салу) Зырян ауданындағы Тұрғысын өзенінде жүзеге асыру жос­пар­ланған. Әуелгісінің қуаттылығы – 20 МВт, жоба құны – 11 880 млн теңге. Екіншісінің қуаттылығы – 90 МВт, жоба құны – 62 600 млн.теңге. Алғашқы жобаны 2018-2020, кейінгісін 2020-2023 жылдар аралығында іске асыру көзделген. Қос жобаны да «Eco Energy» ЖШС ұсынып отыр. Үшінші жоба жасыл желектерді өсіру арқылы ауадағы зиянды заттарды жоюға бағытталған. Яғни, өңірдегі ауаға зиянды қалдықтар шығаратын кәсіпорындарға жылыту мау­сымы кезінде арнайы құрылғы орнату арқылы жүзеге асады. Бұл экологиялық жобаның авторы Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің техникалық физика және жылу энергетикасы кафед­ра­сының доценті М.Ермоленко. Жоба құ­ны – 6, 4 миллион теңге. Төртінші жо­ба «Өскемен қаласындағы көшелердің жарық­т­андыру жүйелерін жаңғырту» деп аталады. Жоба аясында облыс ор­та­лығындағы 18 035 дана ескі шамдар­ды жаңа LED шамдарға ауыстыру жос­пар­ланған. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда қаржы 40 пайызға, санмен айтар болсақ, жылына 34 миллион теңге үнемделмек. Өскемен қаласының әкімдігі ұсынып отырған жоба құны – 1,4 млрд теңге. Жүзеге асыру мерзімі – 2017-2018 жылдар. Басқарма мамандары қазір­гі уақытта жоғарыда аталған 4 жоба­ға әлеу­етті инвесторлар іздестіріліп жат­қ­а­нын айтады. Халықаралық іріктеу ко­мис­сиясының қарауына ұсынылып, сұ­рып­таудан өткен төрт жобаның да өңір үшін маңызы зор. Мәселен, Тұрғысын-1 су электр стансасын салу жобасы бүгінде жү­зеге асырылып жатыр. Құны 11,500 млн теңгені құрайтын ГЭС-ті 2018 жылы іс­ке қосу жоспарланған. Жоғары вольтті аппараттар және трансформаторларға қо­сымша май құюға арналған құрылғы, гидрокавитациялық терморобот, сонымен қатар Семей қаласындағы көшелердің жа­рық­тандыру жүйелерін жаңғырту жо­баларының әрқайсысының өзіндік ерек­шелігі бар. Мұның ішінде бір ғана жобаға тоқталар болсақ, жоғарыда аталған Семейдегі көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңғырту бағдарламасы аясында шаһардағы 7 246 шамды LED шам­дарға ауыстыру көзделген. Бұл жылы­на 29 миллион теңгеге жуық қаржы үнем­деуге мүмкіндік бермек.

Өңірге тағы бір су электр стансасын салу керек пе?

Балама қуат көздерінің түрі көп. Жел энергиясы дейсіз бе, күн энергиясы дейсіз бе, су энергиясы дейсіз бе, атом энергиясы дейсіз бе? Негізгілеріне ғана ен салып, екшеп отырмыз. Осынау қуат көздерінің бар­лығын кәдеге жаратуға әлеуетті об­лыстың бірі – Шығыс Қазақстан. Өңір­де баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік мол. Дәл қазіргі уақытта ай­мақ­та негізгі басымдық су энергия­сын өрістетуге беріліп отырғаны бел­гі­лі. Са­рапшылардың бағалауынша, об­лыс­та­ғы су ресурстары бір емес, бірнеше ГЭС салуға мүмкіндік береді. Үлкенін де, шағынын да. шығыстың гидроэнергетикалық ресурсы 61, 3 млрд кВт сағатты құрайды екен, оның 20 млрд кВт сағатын кәдеге жаратуға болады дейді мамандар. Шығыс Қазақстанда бір емес, үш бірдей су электр стансасы бар. Алайда осы ГЭС-терден өндірілген электр қуаты өңірдің сұранысын толық өтей алмайтын кездері де болып тұрады. Әсіресе, қақаған қыс пен өңірдегі үлкен өзендердегі су деңгейі төмендеген уақыттарда облыс энергия қуатының біраз бөлігін жылу электр орталықтары мен Екібастұздан сатып алуға мәжбүр. Бұл нені көрсетеді? Бұл аймақта тағы бір үлкен су электр стансасын салу қажеттігін анық аңғартады. Мұны жақында Өскемен қаласына жұмыс сапарымен келгенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де айтты. Қазіргі таңда еліміздегі ГЭС-тердің үлесі 12 пайызды құрайды. «Бұл – өте аз. Сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан жаңа су электр стансалары салынуы қажет. Мәселен, Шығыс Қазақстанның Зырян ауданында Тұрғысын-1, Тұрғысын-2 және Тұрғысын-3 су электр стансаларын салу жоспарланған. Егер бұл ГЭС-тер салын­ған жағдайда жылына 328, 0 млн кВт са­ғат­қа дейін энергия өндіріліп, облыс өзге өңірлерден электр қуатын сатып алмайтын болады. Қосымша жұмыс орындары да ашылады», – дейді облыстық энер­г­етика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы басқармасының энергетика жә­не энергия үнемдеу бөлімінің бас мама­ны Салтанат Саханова.

Оның айтуынша, Тұрғысын-2 және Тұрғысын-3 су электр стансаларының жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, даяр тұр. Тек инвестор табылса болғаны. Сонымен қатар, өңірде бөгетсіз және шағын ГЭС салу жұмыстары қарқынды түрде қолға алынып жатыр. Бұл мақсатта 12 жер телімі бөлініп беріліп, қазір жобалау-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Осы сала мамандарының пайымынша, шағын ГЭС-терде өндірілетін электр энергиясының өзіндік құны төмен болғанымен өзге қуат көздеріне қарағанда қоршаған ортаға тигізер зияны да төмен.

Желді қашан елдің игілігіне жаратамыз?

Біз қадірін көп білмей жүрген баламалы қуат көздерінің бірі – жел энергиясы. Бүгінде әлемдегі бірқатар мемлекеттер желді елдің игілігіне жарату ісіне белсене кірісіп те кетті. Жел энергиясының қуаты бүкіл электр энергиясына деген сұра­ныс­тың бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр­ған елдер де бар. Мәселен, Испа­ния мен Дания мемлекеттерінде жел генераторлары барлық тұтынатын электр қуатының 20 пайызын, ал Германияда 10 пайызын құрайды. Соңғы кезде жел энергиясын дамыту бағдарында Қытай тұрақты түрде көшбасшы болып келеді. Білікті мамандардың сөзіне сенсек, аумағына бір емес, бес Франция сыйып кететін, Атырау мен Алтайдың арасын еркін жайлаған кең-байтақ жеріміздің жел энергиясының қуаты ешбір елден асып түспесе, кем емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның жел энергиясын дамытудағы әлеуеті жан-жақты зерттеліп, кеңейтілген жел атласы жасалып, бұл атласқа ұлан-ғайыр қазақ даласының жел қуаты басым болатын өңірлерінің кестесі енгізілді. Мамандардың сөзіне сенсек, осы атласқа сәйкес еліміздің 50 000 шақы­рымнан астам аумағында жылына 900 000 гигаватт-сағат электр энергиясын өндіруге болады екен. Құбыла соғатын желі көп Шығыс Қазақстанда да жел энергиясын дамыту бағытында арнайы жоспарлар түзіліп жатыр. Жақын жылдары Жарма мен Ұлан аудандарында екі жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Ұлан ауданындағы қуаттылығы 24 МВт Тайынты ЖЭС жылына 65 млн кВт сағат, ал Жарма ауданындағы қуаттылығы 75 МВт ЖЭС жылына 125 млн кВт сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік бермек. Мамандар болжамы осындай. Екі ЖЭС-тің де құрылысы 2017 жылы басталады деп жоспарланған.

Түйін

Өңірде шағын күн батереяларын қол­данып, одан алынған қуат көзін күн­де­лікті тұрмыс қажетіне жаратып отырған тұр­ғын­дар да бар. Бірақ олардың көпшілігі Қытайдың бағасы арзан күн батереяларын тұтынып жүргені белгілі. Мұндай күн батереялары өзімізде де бар екен. Астанада шығарылатын көрінеді. Бірақ құны жоғары. Қытайдың күн батереяларының бағасы 1 миллион теңгенің ар жақ, бер жағында болса, біздікінің бағасы 5 мил­ли­он­ның төңірегінде. Әрине, бұл ретте тұр­ғындардың қайсысын таңдайтыны айт­паса да түсінікті. Бір атап өтерлігі, өзімізде шығарылатын күн батереяларын са­тып алған тұрғындарға қазақстандық өнімді тұтынғаны үшін мемлекет тарапы­нан 50 пайыз жеңілдік жасалады екен. Алай­­да мұндай жеңілдік барын жұрттың кө­бі білмейтін секілді.

Бір сөзбен айтқанда, өңірде баламалы қуат көздерін дамыту бағдарында жоспарланған іс көп. Елорда төріндегі ЭКСПО көрмесі бұл тараптағы қадамдарға тың серпін берері анық.

Маман пікірі

Виктор НЕДОВЕСОВ, ТМД мен Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі:

– Шығыс Қазақстан – гидроресурстарға бай өңір. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әсіресе, шағын ГЭС-терді көбейту қажет. Бұл мәселемен тек мемлекет қана шұғылданбай, кәсіпкерлер мен шаруашылықтар да қызығушылық танытқаны абзал. Оларға да мүмкіндік берген ләзім. Қазіргі уақытта Еуропа жұрты күн батереяларын қолдану тұрғысында көп ілгерілеп кетті. Мұны бізде де жүзеге асыруға болады. Ол үшін заңымызды реттеу керек. Бәлкім жаңа заң қабылдау керек шығар. Содан кейін балама қуат көздерін сөз еткенде, біз атом энергиясын естен шығарып аламыз. Оны ұмытуға болмайды. Бұл тарапта да жұмыс істеуіміз қажет. Атом энергиясынан алынатын қуат көздерінің де пайдасы аз емес.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы