• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Шілде, 2017

Триатлоннан еліміздің ашық чемпионаты мәреге жетті

227 рет
көрсетілді

Спорт – денсаулық кепілі. Бүгін ЭКСПО-2017 көрмесі аясында кезекті маңызды спорттық шара ұйымдастырылды. Астана қаласында үшсайыстан, яғни жүгіру, жүзу және веложарыс дисциплиналары бойынша тұңғыш рет Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті.

Бұл жарыс бұрынғыдан өзгерек. Халықаралық деңгейде өткен бәйгеге кәсібилер мен спортты сүйікті ісіне айналдырған әуесқойлар бөлек-бөлек қатысты. Бұл сынға түскендер суда 1,9 шақырым жүзіп, 21 шақырым қашықтықты жаяу жүгіріп, сондай-ақ, 90 шақырымды шайтанарбамен жүріп өтті.

Мұндай ауқымды шараны Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Триатлон Федерациясы, Азия Триатлон Конфедерациясы (ASTC), Халықаралық Триатлон Одағы (ITU) бірігіп ұйымдастырды. Ал жеңімпаздарды марапаттау үшін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты. Олар мәре сызығын кескен жеңімпаздар мен қатысушыларды қарсы алып, жылы лебіздерін білдірді.

Кәрім Мәсімов өз сөзінде барлық қатысушыларды, ұйымдастырушыларды, сондай-ақ жарыстың көркін қыздырған жанкүйерлердіТриатлон федерациясы атынан Қазақстан Республикасындағы тұңғыш ашық чемпионаттың ашылуымен құттықтады.

– Бұл дүние жүзіне кеңінен танымал спорт түрі.Кеше дәл осы жерде Халықаралық Триатлон Одағының қолдауымен Азия Кубогының іріктеу кезеңін көргенбіз. Жанкүйерлердің ұшқын атқан жанарынан спорттың бұл түріне деген қызығушылықты бірден байқауға болады. Алдағы уақытта триатлонды дамыту үшін келесі жылыIronman 70.3 жарысын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жарысқа қатысқан спортшылардықұттықтаймын! Олар келер жылдың шілдесінде Ironman 70.3 Astana жарысына алғаш болып қатыса алады, – деді Кәрім Мәсімов.

Қазіргі таңда әлем елдеріндегі секілді бізде деAge Group, яғни әуесқойлар санатындағы спортшылардың саны күннен күнге артып келеді.Оған осы жарысты мысалға келтіруге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысуға 200-ден астам адам ниет танытқан екен, бұл жолы 155 адам тізімге іліккен. Кәрім Мәсімов ілгеріде айтып өткендей, бұл жарыс елімізде өткізілсе, Қазақстаннан да әлемдік деңгейге шығатын спортшыларымыздың саны артар еді. Жоғары лауазымды тұлғалардың көпшіліктің қызығушылығын арттырып, спорттың осындай түріне ден қоюы мен қолдау көрсетуі қарапайым жұртшылыққа шабыт беретіні анық.

Чемпионатқа қатысушылардың арасындавелошабандоз, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров та болды. Бұл жолы ол әуесқойлар арасында бақ сынады. Ол 40-44 жас аралығындағы сында мәре сызығын 4 сағат 25 минутта кесіп өтті. Оның жұртшылық арасына келіп, қоян қолтық араласа жүруі жарыстың мәртебесін арттыра түскендей. Бұл сында 

– Бас қаламызда өтететін осындай үлкен жарыс туралы естігеннен кейін үйімде қарап отыра алмадым. Шынымды айтсам, спорттан кеткендіктен болар, маған оңайға соқпады. Алайда велосипед өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен ғой, сондықтан бұл жағы маған жеңіл болды. Ал ең ауыры тигені – жүзу түрі. Шамамен, бірінші болып жеткен әріптесімнен жарты сағатқа кешігіп келген болармын. Жарыста үздік болып, бірінші орынды алуды мақсат еткенім жоқ. Тек өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, аз да болсын септігімді тигізсем, жоспарымның орындалғаны болар еді, – деді Лондон Олимпиадасының чемпионы.

Кәсіби спортшылар арасында ресейлік Иван Тутукин бірінші орынға ие болса, күмісті отандасымыз Максим Крят иеленді. Ал үздік үштікті Украинадан келген Виктор Земцев қорытындылады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар әуесқойлар арасындағы үздіктерді түрлі жас дәрежелеріне қарай марапаттады.

Өз кезегінде Максим Крят 2015 жылдан бері мұндай қашықтықта сынға түспегендіктен жарыстың қиын болғанын айта келіп, екінші орын алғанына қуанғанын мәлімдеді. 

Айта кетейік, 29 шілде күні триатлоннан ерлер мен қыздар арасында Азия Кубогы өтті. Қатысушылар спринт арақашықтығында бақ сынады. Яғни жүзу – 750 метр, веложарыс – 20 шақырым, жүгіру – 5 шақырым. Мұндай ауқымды жарысты елордамызда өткізу Халықаралық триатлон одағы мен Азия триатлон конфедерациясы арасында өткен келіссөздері нәтижесінде шешілген болатын.

Саламатты өмір салтын ұстану, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу көптеген дамыған елдердің халқы ұстанатын жол. Жыл өткен сайын біздің ел азаматтары да оны дәстүрге айналдырып келеді. Билік бастап, халық қостаса, алдымызда әлі талай біз алатын асу тұр.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»