• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Шілде, 2017

Мектептерді жөндеуге қаражат жеткіліксіз

362 рет
көрсетілді

Семейде мектептерді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе, су ағатын ескі шатырларды жөндеу өз алдына бас­ты мәселе болып тұр. Биыл қаладағы екі мектептің шатырын түбегейлі жөндеу үшін қаражат бөлінсе, қалғандарына ағымдағы жөндеу үшін қаржы беріліпті. Мәселен, Пригород орта мектебі мен №43 мектеп түбегейлі түрде шатырлары мен төбелерін жөндемек. Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау үшін қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко директорларға демеушілер арқылы да жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігін айтуда. Егер 2016 жылы Семейдегі 35 мектепке 340 млн теңге бөлінсе, биыл 33 мектепке 302 млн теңге ғана бөлінген.

– Бізде әрбір екінші мектептің шатыры ескіріп кеткен, – деді білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко. – Сондықтан да қай мектепті қалай жөндеу керектігін директорлар жиынында анықтап отырамыз. Бір өкініштісі, жыл сайын бюджет қоржыны ұлғайса да, білім ордаларын қалпына келтіруге, жаңа оқу жылына дайындауға ақша аз бөлінеді. Осы жағы түсініксіз. Семейде көптеген мектептер өздерінің кезегін күтуге мәжбүр. Басым көпшілігінің жөндеу көрмегеніне 50-60, 90 жылдай болған. Олар шатырын жөндеуді жылдап күтуге шамалары жете ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Мәсе­лен, биыл №35 мектепте ылғал салдары­нан бір сыныптың төбесі құлап тү­сіпті. №28 мектепте төбе мен қабырғасы көгеріп, зең басып кет­кен. Сондықтан да, шағын спорт­залды жауып тастауға мәж­бүр болған. Бұл жерде бұ­рындары бастауыш сынып оқу­шылары жаттыққан екен.  – Балалардың денсаулығы үшін тұтынушылар құқығын қор­ғау басқармасының ма­ман­дары зеңнен көгеріп кеткен мек­теп­терге балаларды кіргізуге тыйым сал­ды. Бұл дұрыс. Біз білім ор­даларының басшыларына де­меу­шілермен жұмыс істеуді тап­сырып отырмыз. Қоғамдық жә­не халықаралық ұйымдармен бір­лесе жұмыс істеңдер деп жатырмыз. Жапониялық «Шөп тамыры» атты жоба бойынша қала­дағы кейбір мектептер ескі терезелерін пластикке айырбастап алды. Ал ауылдағы бірнеше мектептер Жапония елшілігіне жобаларын ұсынды. Және ата-аналар бірлестігімен де жұмыс істеу керек, – деді Наталия Фесенко. Алдағы уақыттарда мектеп­тер­де демеушілер атындағы ка­бинет ашылмақ. Бұл оларды қаржылық жағынан тартуға ар­налған шара­ның бірі болса керек. Кәсіпкер атын­дағы қай­ырымдылық бөлмесі қала мек­тептерінің бірінде ашыл­ған да екен. Десек те, мұның дұ­рыс-бұрыстығын алдағы уа­қыт көрсетер. Ал әзірше Семей мек­теп­терін жөндеуге қосымша қар­жы көзі жетпей жатыр. Бұл мәселені арнайы шешу үшін облысқа өтініш жаздық, жауабын тосып отырмыз, дейді Наталия Фесенко. 

Раушан НҰҒМАНБЕК

Семей

Суретті түсірген автор