• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Ауыл 31 Шілде, 2017

Шыңғыс Ақатаев, РФ Том облысы губернаторының орынбасары: Туған ел үнемі көкейімізде тұрады

194 рет
көрсетілді

Шыңғыс Ақатаев – Ресейде жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген аз қазақтың бірі әрі бірегейі. Қандасымыз бес жылдың бедерінде көрші елдің Том облысында губернатордың орынбасары қызметін атқарып келеді. Астанадағы құрылтайға келген Шыңғыс Маметұлымен танысып-біліскеннен кейін, аз-кем әңгімеге шақырғанды жөн көрген едік.

– Шыңғыс Мәметұлы, Қазақстаннан тыс жерде лауазымды қызмет атқаратын қандастарымыз көп емес. Солардың бірі өзіңіз. Қазқстанда туып-өсіп, Ресейде белді қызметке өрлеуіңіз қалай өрбіді? – Иә, мен Қазақстанның тумасымын. 1966 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Жансүгіров кентінде дүниеге келгенмін. Әкем журналист болып жұмыс істеген, анам медицина маманы. Орта мектепті Үшарал қаласында алтын медальмен бітірдім. Мектептен кейін Том мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түстім. Студент кезімде екі жыл әскери борышымды өтеп келіп, оқуымды қайта жалғастырдым. Университетті үздік бітіріп, өзім оқыған факультет жанындағы Еңбек белсен­ділігін зерттеу зертханасында жұмыс істеуге қалдым, ғылыммен айналысып кан­дидаттық диссертация қорғадым.  1991 жылы банк саласына ауысып, 12 жыл осы салада табан аудармай еңбек еттім. Том облыстық думасының бірнеше шақырылымдағы депутаты болдым. Ал облыс губернаторы Сергей Жвачкиннің командасында губернатордың орынбасары қызметін атқарып жатқаныма тура бес жыл толды. Әлеуметтік қорғау, білім беру, спорт пен дене шынықтыру сынды салалар менің құзырымда.  – Басқа елде оқу, уақытша тұру бір басқа. Орнығып қызмет істеу, қыз­метте өрлеу бір бөлек екені түсінікті. Ресей­де жүріп осындай биікке көтерілу қанша­лықты қиын болды? – Негізі, Том облысы Ресейдің басқа өңір­леріне ұқсамайтын ерекше жер. Астана­дағы Бейбітшілік пен келісім сарайынан жүзден астам көгершіннің бейнесін көрдім, бұл Қазақстанда тұратын халық санын көрсетеді екен. Томдағы жағдай да осыған ұқсайды, көп ұлттың өкілдері шоғырланған жер. Татар, әзербайжан, чешен, қазақ, қырғыз, бурят..., әсіре ұлтшылдықтан ада жер.  Оған қоса, білім беру ғылым дамыған облыс саналады. Қазақстанның Ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтпаев Том технологиялық университетін бітірген. Осы оқу орны мен Том мемлекеттік университеті әлемдегі ең үздік университеттердің қатарына кіреді. Оны не үшін айтып отырмын? Том адамдардың білімі мен зиялылық деңгейі айтарлықтай жоғары өңір. Біліміңмен, еңбегіңмен жетістікке жете алсаң, ол әділ бағаланады, өсуге мүмкіндік туады. Мен карьерамды студенттік кезден бастап ешкімнің көмегінсіз өзім жасадым.  – Жуырда Астанада өткен құрыл­тай­дан қандай әсер алдыңыз? – Біріншіден, тарихы мыңдаған жылдардан тамыр тартатын құрылтай сынды игі дәстүрді қайта жандандырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен тұрақты түрде өткізіліп келе жатқандығына өте қуаныштымын. Шетелдегі қазақтардың барлығын шақырып, бір мезгілде, бір жерде басын қосу дегеннің өзі керемет дәстүр деп санаймын.  Жиын кезінде Н.Назарбаев айтқандай, Қазақстанда тұратын қазақтардың саны 10 миллион шамасында болса, шет мемлекеттердегі қазақтардың саны 5 миллионға жетеді екен. Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі қандастарымызды айтпағанда, алыс Австралия, Италия, Ирландия сынды елдердегі қазақтармен жүздесіп, мәре-сәре болып қалдық. Бір-бірімізден қаншалықты алыста, әртүрлі салада жүрсек те, бәріміздің көкейімізде Қазақстан деген еліміздің тұратынын, сол еліміздің өсіп-өркендеуін, аман болуын тілеп жүретінімізді сезінудің өзі адамға қуаныш сыйлайтын сезім. Меніңше, құрылтай Қазақстанның қалай дамып жатқанын, қандай табыстарға қол жеткізгенін әлем елдеріне көрсетуге, дүние жүзіндегі қандастарымызға көрсетуге мүмкіндік берді.  – Том Қазақстанға соншалықты қашық жер емес. Елдегі ахуалды бажайлап, құлақ түріп отырасыз ба? – Әрине, елдегі жағдайды үнемі естіп-біліп отырамыз. Экономист, басқарушы салада тәжірибесі бар маман ретіндегі ойымды айтайын, Қазақстан 25 жыл ішінде экономика саласында таңғаларлық жетістіктерге жетті. Аталған саладағы жұмыстардың барлығы бағдарламалық негізде жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл терең ойластырылған, үлкен шеберлікті қажет ететін жұмыс.  Тоқсаныншы жылдардың басында ауыл шаруашылығының қалай құлдырағанын, автокөлік жолдарының қалай тоз-тозы шыққанын көрдік. Экономиканың ең маңызды секторларының аянышты күйге түскені күні бүгінгідей есімде. Ал қазір жағдай басқаша. Ауылды дамыту кешен­ді бағдарламасының арқасында ауыл­дағы және қаладағы халықтың әлеуметтік жағ­дайы айтарлықтай жақсарды. Авто­көлік жолдарының қалай жөнделгенін өз көзімізбен көріп жүрміз. Көкшетауға баратын жол, Балқаш арқылы тартылған жолдар қандай тамаша!  Жыл сайын ауылға, ата-анама келіп тұрамын. Әр келген сайын елдің жағдайы жақсара түскенін байқаймын. Қазақстан жыл сайын дамып, күшейіп, ұстанымымен әлемнің көптеген елдері санасатын қуатты мемлекетке айналып келеді. Осының бар­лығын көріп, қуанып жүреміз.  Құрылтайда Президент Н.Назарбаев өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыр­ғысы келетін жандарға еліміздің есігі айқара ашық екенін бірнеше мәрте қай­талап айтты. Жалпы, кез келген мемлекет үшін ең басты капитал – адами капитал. Елдің жаңғыруы, өрлеуі, бірінші кезекте, ұлттың, азаматтардың жаңғыруына, дамуына байланысты.  Қазақстанда осыдан оншақты жыл бұрын 200 мың сәби дүниеге келсе, қазір жыл сайын 400 мың­нан астам сәби өмірге келеді екен. Бұл мате­риалдық ынтыландырудың арқасында қол жеткізілген көрсеткіш. Менің білуімше, жаңа туған сәбилерге бір реттік, бір жылға дейін берілетін және басқа да берілетін жәрдемақылар бар екен. Н.Назарбаев Үкіметке шетелден келетін қазақтар үшін «жасыл дәліз» ашу туралы да тапсырма берді. Бұл нені білдіреді? Бұл, біріншіден, мемлекеттің халық санын көбейтуге мүдделі болып отырғанын білдіреді. Екіншіден, Қазақстан отбасымен, әулетімен көшіп келгісі келетін қандастарымызды әлеуметтік жағынан қолдауға, олардың осында ұрпақ сүйіп, орнығып, қоғамның бір бөлшегіне айналуына жағдай жасауға мүдделі екенін көрсетеді.  – Томдағы оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттер көп. Ол жақтағы универсиетттердің несімен тартымды, қандай артықшылықтары бар? – 1980-90 жылдары Том универ­си­теттерінде білім алатын әрбір  екін­ші студент қазақстандық болатын. Бакалавр немесе магистрлік білім алу­дың артықшылықтары көп. Бірін­ш­і­ден, құрылғаннан бергі ондаған жыл­дардың ішінде мықты білім беру базасы қалыптасқан. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан  экономикасының негізгі салаларына жақын мамандықтар өте сапалы оқытылады. Мәселен, біздің университеттерде мұнай-газ, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп салаларына қатысты базалық білім алған балалар өндірісте жоғары бағаланады. Мен оқу бітіріп жатқан жерлестеріме «Ресейде бір-екі жыл жұмыс істеңдер. Содан кейін жиған білімдеріңмен мен тәжірибелеріңмен барсаңдар, елде сендерді ірі компаниялар қол-аяқтарыңды жерге тигізбей алып кетеді», деймін. Қалай болғанда да, Томдағы жоғары оқу орындарының білім беру сапасы өте жоғары.  Қазақстандағы Назарбаев Университ­тетінде де мықты білім беру базасы қалып­тасқа­нын атап өткім келеді. Назарбаев Уни­вер­ситетін бітірген түлектер де қазір жоғары бағаланады.  – Ол жақтағы қазақтардың хал-ахуалы қалай? – Қазақтардың хал-ахулы жақсы деп айта аламын. Жалпы, облыс бойынша саны жағынан орыстардан кейінгі ең көп ұлт татар диаспорасы – 100 мыңнан асады. Әзер­байжандардың саны 70 мың­ға жуық­тай­ды. Украин, неміс, белорус ұлты­ның өкілдері де көп. Қазақтар облыстағы саны аз ұлттардың санатында, бас-аяғы екі мыңның шамасында ғана.  Біздің диаспора тату, бір-бірімен байланыстары жақсы. «Бірлік» атты ұлттық кеңесі бар. Үлкен мерекелерде жүздесіп, қазақы салт-дәстүрлермен атап өтеміз. Ондай жиындарға мені жиі шақырады.  – Елбасы Н.Назарбаев шеттегі қан­дас­­тарымызға еліміздің есігі айқара ашық екенін айтты. Болашақта елге оралғыңыз келмей ме? – Елге жиі келіп тұрамын. Жуырда ғана Алматыда Тимур Сегізбаевтың жүлдесіне футболдан жарыс өтті, Томнан 16 адам болып келіп қатыстық. Алматыда тұратын анам, әпкем, қарындасыма жиі барамын.  Президент командасының жасап жат­қан жұмысы ұнайды. Еліміздің бетке алған бағытына, даму барысына көңілім толады. Әрине, Қазақстанға оралу туралы ой үнемі көкейімде тұрады.  – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,

Суретті түсірген  Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»