• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Шілде, 2017

Атажұртты аңсаған ақсақал

1073 рет
көрсетілді

1869-1870 жылдары бүкіл Батыс Қазақстан өңірін шарпыған «Ел ауа» көтерілісінде туған жерінен көтерілген көштің ұрпағы бір жарым ғасырдан кейін атажұртын іздеп келді.

1868 жылы Патша өкіметінің қазақ даласын басқару жөніндегі жаңа ережесіне қарсы Батыс Қазақстан мен Торғай өңірінде үлкен толқу болған. Тарихшылар бұл оқиғаны «Ел ауа» көтерілісі деп атайды. Өйткені толқу кезінде мыңдаған шаңырақтан тұратын қалың ел Ресей билігін мойындамау үшін өз жерінен ауа көшіп, Хиуаға қоныс аударған екен. Біздің кейіпкеріміз Темірқұл қажы Тәліпұлының арғы атасы Беркін Оспанұлы – дәл осы көтеріліс көсемдерінің бірі болған. Бодандық бұғауына қарсы көтерілген халық оны өздеріне «хан» көтерген. «Қарадан шығып, хан болған» алаша Сейіл Түркебайұлы орыс қолына түсіп, түрмеде өлсе, байбақты Беркін өзіне қараған көп елді бастап тәжік-ауған жеріне өтіп кеткен. – Орыс деректерінде Беркін Ос­пановты «Сырым Датовтың немере інісі, аса қауіпті» деп сипаттайды. Тіпті сол жылдары шыққан «Ресей империясы­ның жаулары» деген тізімде Беркін Оспан­ұлы №1 болып жазылған, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин. – Беркін бабамыз бұрынғы шалдардың айтуы бойынша, орыстан қиындық көргесін, Батыс Қазақстанның Тайпақ өңірінен 500 шаңыраққа бас болып көшкен екен. Көшу себебі – қазақтың құнарлы жерлерін Ресей үкіметі күштеп тартып алыпты. Ол жерлерді қазақтар әлдеқалай пайдалана қойса, оларға айып салыпты. Қарапайым халықтан ретсіз алым-салық алуды да көбейтіпті. Жығылғанға жұдырық дегендей, ашар­шы­лық та болыпты. Елден көшіп, тәжік жеріне келіпті. Сөйтіп, Қаратау, Түйе­бақырды деген тауларды жайлап, Қолап өңірін қоныс еткен, – дейді бүгінде жасы 81-ге келген Темірқұл ата. Қазақтар бірнеше жылдан соң тәжік жерінің де түпкілікті қоныс болмайтынын сезіп, ақылдасыпты. «Бұл жерде де Ресей үкіметінің қоластынан құтыла алмаймыз-ау» деген ой-пікірге келіпті. Ишанқажы деген кісіні «Сіз қоныс қарап келіңіз» деп бата беріп, желмаяға мінгізіп жөнелткен екен. Ол кісі Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Түркия сияқты бірнеше мемлекетке барып, аралап көріп, қайта оралып келген соң халқын жинап, былай деген екен: – Ал, ағайын, біз Ресейдің қоластынан құтылу үшін көшуіміз керек. Бұл орыстың мұсылманға қысым көрсетуі анық. Бірнеше мемлекетке бардым. Ауған­станға қоныс аударсақ болады-ау деп келдім, қалай қарайсыңдар? – дейді.  Әрине, бұған наразылық білдір­ген­дер де болыпты. «Елді тағы да бос­­қын­шылыққа ұшыратайын деп отыр ма» деп күңкіл шығарғандар көп болған екен. Сонда Беркін батыр: «Жауды көрмей тұрып қорық» деген нақыл сөз бар. Қиындық басымызға келмей тұрып көшейік, ағайын!» депті. Осылайша, қазақтар Бағлан қаласының Ақмол деген ауылына, Құндыз қаласының Шар­дара, Айлабат, Седірек ауылдарына, Имам­сайып қаласының Бескепе, Ақмешіт, Кәлбат деген ауылдарына қоныстанып өмір сүрген. Әрине, жат жерде кірме елдің халі қайдан керемет болсын?! Небір қақтығыс, қанды шайқастар да болғанға ұқсайды. Тіпті орыс өкіметінің өзі арнайы қазаққа соққы беру үшін шекара асырып әскер кіргізген оқиға да болған. Беркін батыр ауған жерінде жасы жетіп, Құндыз қала­сының Сәдірек ауылының оңтүстік жағындағы адырдың үстіндегі қорымға жерленіпті. Беркін қайтыс болған соң да Ерназарбек, Бүркітбай ақсақал, Өтеш ақсақал, Тәжі батыр, Майлаш батыр, Дастанбек, Өтеген ақсақал, Әбдіразақ уәкіл, Әбдіқали палуан сияқты азаматтар елді билеп, ауғанның, басқа ұлттың иегінің астында жүрмей, өз басына ауыл болып, мешіт салып, имам ұстап, өзге ұлттармен терезесі тең өмір сүрген екен. Темірқұл ақсақалдың әңгімесін тың­дап отырып, жер жаһанға тарыдай ша­шыл­ған қазақтың басынан талай тар заман, тайғақ кешу өткенін түсіндік. Сонымен, Ауғанға барған қазақтардың бәрі де 1977 жылға дейін тыныш өмір сүріпті. Кеңес солдаттары Ауғанстанға басып кіргенде қарапайым халықтың күн көруі қиын болған. Мал-мүлкін тас­тап, қашу басталған. Алды Түркияға, Иранға қоныс аудара бастапты. Тағы да босқан бір мыңдай отбасымен бір­ге Иранға барған Темірқұл қарияның ағайындары Гурган, Бендертүркпен, Аққала, Кумбеткәус деген қалаларда тұрмыс кешкен. Осы уақытта он-он бес жылдай босқын мәртебесінде болған. 1991 жылы «Қазақстан егемендік алды, мемлекет болды» – деген жақсылық хабарды есіткенде алақайлап қуанып, «Біз отанымызға барамыз» – деп Президентке өтініш жазған.  – 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Иранға келеді дегенде, ондағы қазақтар қатты қуанып, өз патшамызбен кездесуге қамдандық. Сол жолы Нұрекеңмен жолыға алмасақ та, Мырзатай Жолдасбеков бізге арнайы келді. «Президенттің Иранға келгенде жоспарлаған жиырмадан аса шаруасы бар. Соның ең біріншісі – сіздердің, қазақтардың қамы, – дегенде жат жерде жабығып жүрген қаракөздер еңіреп жылап жіберді, – деп еске алады Темірқұл ақсақал. Сөйтіп, 1993 жылы Президент қолдауымен Иран қазақтары Қазақстанға көшіп келген.  Темірқұл қажы Тәліпұлының отбасы бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласының Ынтымақ ауылында тұрып жатыр. Ал енді сексеннен асқан жасында ақсақалды төсегінен тұрғызып, алыс жолға аттандырған не сезім?! – Арғы бабамыз Беркін осы Батыс Қазақ­стан өңірінен кетті ғой. Оның баласы молла Естай да, менің әкем Тәліп те атажұртын бір көруді армандап дүниядан өтті. Қазақ жерінің қай топырағы да – Отанымыз, дегенмен атакүлдіктің орны бөлек екен. Кәрі қойдың жасындай жасым қалса да осы өңірді бір көріп, аталас ағайындарыммен танысып, табысып кету – арманым еді, – дейді қария. * * *  150 жылдан кейін жарты әлемді шарлап оралған ұрпағын Батыс Қазақстан өңірі жылы қарсы алды. Темірқұл қажы­ны Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдап, өңір тарихымен таныстырды. Меймандар Байбақты руы­ның Шолан атасынан тарайтын, Сырым батырдың ұрпағы тұратын Жетікөл өңіріне сапар шегіп, Қазы Сырымұлы мен Омар Қазыұлының қабірін зиярат етті. Ауыл ақсақалдарымен кездесіп, шежіре сұрасып, шер тарқатты. «Бошалап кетіп, боталап оралған» бауырларын сырымдықтар биыл күзде атап өткелі отырған Сырым Датұлының 275 жылдық мерейтойының да төрінен көргісі келіп отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Шынар МОЛДАНИЯЗОВА