• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бағдарламалар 03 Тамыз, 2017

Ішкі көші-қон: іргелі мақсат, ілгері қадам

422 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдау­ындағы «Үшінші кешенді міндет − еңбек нарығын жаңғырту» атты бөлімін­де басы артық жұмыс күші бар өңірлер­ден басқа жерлерге, ауылдардан қала­ларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тарту­ға қолдау көрсету жөнінде орынды атап көрсетілген болатын.

Таратып айтқан­да, еңбек ресурстарының ұтқырлы­ғын арттыруға байланысты облыстың хал­қы тығыз орналасқан аудандарынан республикамыздың шалғайдағы өңір­лері­не халықты көшіру барысы туралы айт­қаны мәлім.

Өздеріңізге мәлім, республикада халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлер­ге халықты қоныстандыру жұ­мыс­­тары 4 жылдан бері жүзеге асы­рылып келеді. Осыған байла­ныс­ты Оңтүстік Қазақстан облысының 2014 жы­лы Шығыс Қазақстан облысы­мен, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысымен халықты жұмыспен қамту жөнінде ынты­мақ­тастық меморандумдары тү­зілді. Ал 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде облысымыздан бар­лы­ғы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелді. Аталған басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар ар­қылы мониторинг жұмыстары да жүргізілген. Қоныс аударған аза­мат­тардың 48-і ауыл шаруа­шы­лығымен айналысса, білім са­ласында 42 азамат қызмет ат­қаруда. Бұдан бөлек, жергілікті атқару органдарында 11, қызмет көрсету саласында 12, денсаулық сақтау саласында 7 адам еңбек етіп жүргені анықталды. Біздің өңіріміздегі мұндай игілікті әре­кетті қанатқақты жоба ретінде қарастырып, сәтті өткен эксперимент ретінде бағалауға болады. Қазақстан Республикасы Үкіметі 2018-2022 жылдарға ар­налған өз еркімен қоныс ау­да­рушыларды ынталандыру, іш­кі көші-қон саясатын жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстік-Сол­түс­тік» жобасын дайындауда. Се­бебі, республикамыздың сол­түс­тік облыстары халқының саны (Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Павлодар) жыл сайын кеми түсуде. Расында да Оңтүстік Қазақстан об­­лы­сы − артық жұмыс күші бар, респуб­­л­и­кадағы халқы тығыз орналас­қан аймақ­тардың бірі. Оның үстіне өңір­дің таби­ғи-климаттық және геогра­фиялық жағ­дайының қолайлы болуы да адам капи­талының дамуына оң әсе­рін тигізетіні сөз­сіз. Ресми деректерге жү­гінсек, соңғы бес жылда халық саны 272,8 мың­ға не­ме­се 24 пайызға ар­тып, бүгінде тұрғын­дар 2 861,3 мың адам­ға ( оның ішінде жұ­мыс­сыздар саны 62,7 мың) жетті. Сөйтіп, республика хал­қы­ның 16,1 пайызын құрап отыр. Ішкі көші-қон (миграция), яғни ха­лық­тың об­лыстан көшуі мен келуі бары­сын­дағы айырмашылықты қоса алған­дағы көр­сеткіштің өзі өсу динамикасын байқатады.

 Әрине, еліміздегі үшінші мегаполис болуға ұмтылған шаһарға қарай халықтың шоғырлана түсуіне заңды құбылыс ретінде қарауымыз қажет-ақ. Өйткені, облыс орталығы − Шымкент қаласына қоныс тебушілер қатары кө­­бейіп тұр. Мұны төмендегі деректер дә­лелдей түседі. Бүгінгі таңда облыс бо­йынша тұрғын үй салуға жер телі­мін алуға 173 мыңға жуық адамның өтіні­ші тіркелсе, 49 мыңға жуық адам бас­па­на кезегінде тұр. Ал, осыған әлі де құ­жат­тарын ресімдеу қаракетінде жүрген, тір­кеуге тұрып үлгермегендерді қосыңыз. 

Өңірдің экономикалық белсенді халқының жұмыспен қамтылғаны 1147,2 мың адам екен. Оның құ­ра­мында өз­ді­гінше жұмыспен қамтылғаны 502,8 мың адамнан асады. Бұл не деген сөз? Біз­дің ағайын­дардың «жұмыс жоқ» деп жүні жығыла салмайды. Жоқ жер­ден жұ­мыс таба қояды. Өз авто­кө­лігін «такси» ете салады. Үлкенді-кішілі кеңсенің маңайын «ақылы» автотұраққа айналдырып, мәшине кіргізіп-шығарудан да өз нәпақасын айырып отырғандар аз емес. Жұмыс іздеген адам әйтеуір «осылай» ай­налысатын кәсібін тауып ала береді. Нарық заманына бейім мұндай жандар жал­пы жұмыспен қамтылғандардың 43,8 пайызын құрайды екен. Ал облыс бойынша өздігінше жұмыспен қам­тыл­ғандар үлесі республикада ең жоғары көр­сет­кішті көрсетіп отыр.

Ішкі көші-қонды реттеу бо­йын­ша облыста бұл жұ­мыстар биыл да жалғасын тау­ып, Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігінің қа­тысуымен биылғы жылдың сәу­ір айында өңір­аралық бірігуді дамытудың шара­лары бірнеше аудандарда ұйым­дастырылды. Мұндай іс-шараға барлығы 5780 азамат қатысып, 672 отбасы (2019 отбасы мүше­лері­мен) қоныс аударуға ниет білдірді. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қа­бі­летті болса, олардың 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кә­сіп­кер­лікті дамытумен, 794-і мемле­кет­тік кәсіпорындарда жұ­мыс істеу­ге талаптанып отыр.

2017 жылы қоныс аудару­шы­ларға 288 отбасына квота бе­кі­тілді. Демек, квотаға енген бағ­дарламаға қатысушылардың әр­бір отбасы мү­шесіне 35 АЕК мөлшерінде (79 415 теңге) бір рет­тік субсидия жә­не тұр­ғын үй жал­дауға және комму­нал­дық қыз­мет­терге ақы төлеу шығыс­тарын өтеуге 12 ай ішінде 180-360 АЕК мөлшерінде суб­сидия­лар (408 420-816 840 тең­ге) беріледі. 

Бүгінгі таңда солтүстік өңір­лер­­дің мәліметіне сәйкес рес­пуб­лика бойынша 119 отбасы қо­ныс аударса, оның 99-ы (262 от­­басы мүшелерімен) Оңтүстік Қазақстан облысынан (Қостанай – 7, Павлодар – 13, Солтүстік Қа­зақстан – 44, Шығыс Қазақстан – 35) өзге өңір­лерге көшпек. Оның ішінде 64 от­басы нақты квота алу үшін құжат­тарын (Сарыағаш ауданынан – 11, Мақтаарал ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 2, Сайрам ауданынан – 12, Түлкібас ау­данынан – 3, Ордабасы ауданы­нан – 3, Түркістан қаласынан – 2, Шымкент қаласынан – 28 отбасы) тапсырды.

Әрине, мұндай маңызды істе қоныс аудару процесін жылдамдату, туындаған мәселелерді же­дел шешу, көшуге ниет біл­­дір­ген­дер­ге жағдай жасау үшін сол­түстік өңір­­лердің өкіл­дері ке­зең-кезеңмен об­лы­сы­­мыз­да болып, түсіндіру жұ­мыс­­та­рын жүргізуде. Бұл қуа­нар­лық жағдай. Талпыныс табыс әке­леді. Нәтижесінде ерікті түрде қо­­ныс аударуға 618 мүшесі бар 177 отбасының тізімі қалып­тас­ты­­рыл­ды.  Хош, көш көлікті болғай деп тілейміз!   Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, журналист

ШЫМКЕНТ