• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 03 Тамыз, 2017

Екпе салудың артықшылықтары

2066 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары вакцинаның төңірегінде дау өршіп, қоғамда қызу талқыланатын тақырыпқа айналды. Дәрігерлер ектірудің пайдасын дәлелдеумен әлек болса, көпшіліктің көкейінде оның қауіпсіздігі мен сапасына күдік те туа бастады. Енді біреулер шариғат тыйым салған деген желеумен балаларына екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартып жатыр...

Жұқпалы аурудан қорғанудың жалғыз жолы

Қазақ жеті жұттың біріне індетті де жатқызған. Кезінде шешек, тырысқақ, оба, сүзек ауруларынан талай адам қырылғаны тарихтан белгілі. Ежелгі Грекия мен Ұрымның күйреуіне соғыс қана емес, елді жаппай жайлаған қара індет те себеп болған деседі. Дәл соғыс кезінде өршіген оба ауруы миллиондаған адамның өмірін қиып кетті. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай қауіпті індеттерді кейбір зерттеушілер әдейі ойлап табылған биологиялық қару деп санайды. Жасырын тапсырыспен пайда болған мұндай аурулар – дұшпанды жеңуге таптырмас құрал. Қазір де атын естімеген небір жұқпалы аурулар шықты: құс тұмауы, шошқа тұмауы, Эбола вирусы... Бұл бір жағынан арнайы тапсырыспен жұмыс істейтін орталықтардың қомақты табыс көзі болуы мүмкін. Екінші жағынан, ғалымдар қазір жер бетіндегі адамның саны шектен тыс көбейді деп дабыл қағуда. Бүгінде дүние жүзіндегі халықтың саны 7 миллиардты құраса, 2020 жылы бұл сан 8 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Ал ғалымдардың айтуынша, жер шары небәрі 12 млрд адамды асырауға есептелген. Демек, ауру түріндегі биологиялық қару ғаламшардағы адамзатты азайту мақсатында қолданылуы да мүмкін деген күмән білдірушілер де жоқ емес. Хош делік. Сонымен, адам­затқа кесапаты көп ауру­ларға қарсы екпе ойлап та­бу – ғалымдардың ұзақ жыл­ғы ізденісінің нәтижесі. Ең алғаш шешекке қарсы екпе­нің қажеттілігін қытайлар көте­ріпті. Араға жүздеген жылдар салып, оның дәрісін Ұлы­британия ойлап тапқан. Ал 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер бірінші рет «вакцинация» сөзін енгізіп, сиыр шешегіне қарсы екпе жасаған. Кейін желшешек, қызамық, қызылша, туберкулез сынды бас-аяғы 40-тан астам жұқпалы ауруға қарсы 100-ден аса вакцина шығарылды. Содан бері жер шары тұрғындарының көзі ашылып, талай аурудан аман қалды. Айталық, дүние жүзінде табиғи шешек ауруының көзі 1978 жылы жойылды. Осыдан 30-40 жыл бұрын іш сүзегінен, қызылшадан балалар өлімі жиі болса, қазір бұл жөнінде сирек еститін болдық.

Елімізде вакцинацияның жүргізіле бастағанына жарты ғасырдай уақыт өтті. Әлемдік тәжірибеге сай, Қазақстан да өзінің Ұлттық егу тізбесін Үкімет қаулысымен бекітіп алды. Оның тізбесінде туберкулез, дифтерия, сіреспе, көк­жөтел, полиомиелит, қы­зылша, қызамық, эпиде­миялық паротит, А және В гепатиттері секілді ауыр асқы­ну­лармен өтетін, мүгедектікке апаратын, өлімге жеткізуі де ықтимал күрделі дерттер қамтылып, оған қарсы вак­ци­налар қарастырылған. Бұлар­дың бәрі ертеден келе жатқан, түрлі сынақтан өткен дәстүрлі екпелер. Осындай профилактикалық егудің арқа­сында қауіпті жұқпалар өршімей тұр. Мысалы, туберкулез – ең көп таралған ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарындағы халықтың үштен бір бөлігі құрт ауруын жұқтырған. Жыл сайын әлемде туберкулез жұқтырған 4 млн адам тіркелсе, осы жұқпадан 3 млн адам қайтыс болады екен. Ауа арқылы жылдам таралатын дерт балаға өте қауіпті. Сондықтан елімізде жаңа туған сәбиге үш күннің ішінде туберкулезге қарсы екпе салынады. Бұл жас ағзаны ауруды жұқтырудан және туберкулездің бүкіл ағ­за­ға таралатын ауыр түрінен қорғайды.  Тағы бір қауіпті жұқпаның бірі – полиомиелит. Әлемде 10 миллионнан аса адам осы сырқатқа шалдыққан екен. Бұл дерттің қауіптілігі сол, ағзада көбейген вирус адамның жүйке жүйесін зақымдап, сал ауруына ұшыратады. Егер бұл сырқатқа қарсы вакцина алмаған бала полиомиелит­ке шалдықса, мүгедек болып, өмір бойы арбаға таңы­луы мүмкін. Вакцинаның арқа­сында полиомиелиттен сырқат­тану жағдайы елімізде соңғы рет 1995 жылы ғана тіркелген.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы 1988 жылы тиімді ва­к­цинаның арқа­сын­да осы ауруды жер бе­ті­нен мүлде жою туралы бағ­дарлама қабылдады. Ал 2002 жы­лы Қазақстан по­лиоми­елит­тен ада аумақ ре­тінде бе­кі­тіл­ді. Дегенмен де, Ауғанстан, Пә­кіс­тан, Афри­ка­ның бірқатар елін­де осы жұқ­­­панын тіркелуі әлі де бар. Демек, полиомиелиттің Қа­­­зақстанға келу қаупі сақ­та­ла­ды де­­ген сөз.

Эпидемиялық паро­тит­тен қор­ға­нудың да жал­ғыз жо­лы вак­цина болып тұр. Адам­ды қа­терлі бауыр ісігіне, циррозға шал­дық­ты­ратын «В» гепа­ти­тінен де екпе ар­қы­лы ба­ла­ңызды қорғай ал­а­сыз.

Жалпы, вакцина салу ар­қылы алдын алуға бола­тын жұқпалы аурулардан жыл сайын жүз мыңнан ас­­там адам қайтыс болады не­месе мүгедектікке ұшы­­райды екен. Сон­дықтан ти­ім­­ді вакцина болса, неге жа­­қын­­дарымызды, бауыр еті ба­ламыз­ды екпе ар­қылы ау­­ру­дан қорғап қал­­масқа?! Әлем­де вак­цина алуға қау­­қа­ры жетпей, тұр­ғы­н­дарын түр­лі аурулардан қор­ғай алмай отырған елдер де барын ұмыт­­паған жөн. 

Ел ектіруден неге қорықты?

Бұрын жұртшылықтың вак­­ци­нациялауға деген кө­з­қарасы бас­қаша еді. Ал қа­зір алдын ала иммун­­дау­дан бас тартқан ата-ана­­лардың қатары көбейіп келе жат­­қаны жасырын емес. Бұ­ған вак­цинаның айна­ла­сындағы әр­түрлі алып-қаш­па әңгімелердің, оған қар­­сы түрлі ақпараттық-­ н­а­­­си­хаттық жұмыстардың се­­беп бо­лып отырғаны анық. Ай­та­лық, елімізде 2008 жыл­­дан бері егу­лерге қарсы бей­­не­мате­ри­ал­дар тарату жағ­­дайлары анық­тал­ғаны есі­мізде. Кейін дәл сон­дай дискілер де пайда болды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қи­мыл­дамайды» демекші, мұндай те­ріс пікірлердің қа­лыптасуына түрт­кі болып отырған жайттар да жоқ емес. Мысалы, алдыңғы жы­лы қызылшаға қарсы екпе сал­­дырған бір топ оқушы өздерін жайсыз сезініп, ауруханадан бір-ақ шықты. Бі­рақ дәрігерлер вак­цина алғандардың 15 пайызын­да мұн­дай ауытқулар болатынын айтып, шығарып салды. Жа­ңа­өзен­де де қызылшаға қарсы екпеден кейін біраз бала Маңғыстау об­лыс­тық ауруханасына түсіп, елді әбі­гер­лен­діргенін білеміз. Бұл жолы да ақ­же­лең­ділер «қалыпты реакция» деп құ­тылған. Осының бәрін естіп-біліп отырған ел екпеден қорықпай қайтеді?! 

Вакцинациялаудың айна­ла­сын­дағы мұнша дау неден ту­ындады, екпеден кейін ас­қы­­нулардың өршіп кетуіне не се­­беп? Бұл сауалдарға жауап із­деп, Денсаулық сақтау ми­н­и­стр­лігінің Қоғамдық ке­ңес тө­­рағасы, «Евразиялық ме­ди­ци­на­л­ық қауымдастық» ЗТБ ви­­це-президенті, белгілі дә­рі­гер Надежда Петуховаға ха­бар­лас­­тық. Оның айтуынша, бұрын ке­­ңестік заманда екпе салуға үл­­­кен жауапкершілік болатын, әр баланың организміне жеке мән берілетін. Ал бүгін мұн­дай жа­у­апкершілік азайған. Ба­лаға вак­­­­цина салмас бұрын педиатр-дә­­рігер алдымен сәбидің қа­лай ту­­ғанынан бастап, қандай ау­ру­­лар­­мен ауырғанын толық зерт­­теп алуы қажет. Егер бала­ның ден­­сау­лығында сәл кінәрат табылса, дене қы­зуы байқалса, тамағы қы­зарса, онда екпе жасауға қа­таң тый­ым салынады. Тіп­ті екі күн бұрын ауырып тұр­ған ба­лаға да иммунитеті қал­пы­на келгенше екпе салын­бай­ды. Егер сә­би­дің аллер­гиясы болса, онда вакцинадан бұрын алдымен ан­тигистаминдік дәрілер б­е­рілуі керек. Осы сияқ­ты про­филактикалық шарала­р жүр­гізілгенде ғана ас­қынулар бол­майды.

Надежда Петухова вак­­цина қанша дегенмен бөг­де микроорганизмдер еке­нін айтады. Ол адамның де­не­сіне енгізілген кезде имму­нитет бәрібір реакция береді. Ал әлсіреген ағзаға салынса, асқынулар тіптен өр­­шуі мүмкін. Ауырып тұр­ған ба­лаға екпе салын­бай­тыны да сон­дық­тан, қазіргі дәрігерлер оны ескере бермейтіні өкінішті, дейді дә­рі­гер. Оның айтуынша, бұған пе­диатрлардың же­тісп­еуі де әсер етіп жатыр. Өйт­­кені баланың организмін та­нып-білу оңай емес. Тілі әлі шығып та үлгермеген бала қай жері ауырып тұр­ға­­нын да айта алмайды. Ау­ру­­ды педиатрлар ғана дөп басады. Осы тұрғыдан кел­­­генде, қазіргі жалпы тә­жі­­рибелік дәрігер немесе от­ба­­сылық дәрігерлердің ба­ла­ның ағзасын тану жағынан тәжірибесі, біліктілігі жетпей жатуы мүмкін. Сөз арасында маман елімізде жабылып қалған педиатрларды даярлайтын факультеттер келесі жылдан бастап қайтадан мамандар дайындай бастайтынын айтып қалды. Бала организмінің ерекшеліктерін жақсы біле­тін мамандар істі қолына алса, бұл да вакцина төңі­ре­гін­дегі дүр­лі­гу­лерді азайтуға ықпал етуі мүмкін. 

Екпе салуға дін қарсы емес

Екпелер төңірегіндегі дауларды әсіредіншілдер де тиімді пайдаланып, оған қарсы әртүрлі уәж айтып жүр. Өздерінің қарсылығын шариғатпен байланыстырған олар «ислам екпе жасатуға тыйым салады», «денеге ине шаншу – тағ­дыр­ға қар­сы тұрғанмен бірдей» деп дау­рығып әлек. Алайда ек­пе салдыруға, вакцина алу­ға ислам діні қарсы емес. Жалпы, шариғат денсаулық Алланың аманаты деп қа­рап, аурумен күресудің бар­лық тәсілін қарастыруға үгіт­­тейтінін көзі қарақты қау­ым жақсы білсе керек. Ислам­танушы ғалым Ер­шат Оңға­ров­тың айтуынша, адам ағ­засы жұқпалы ауруларға екі жолмен қарсы тұра алады. Оның біріншісі – белгілі бір ауру­мен ауырып, кейін иммунитет оған қарсы антитела бөліп шы­­ғар­ғаннан кейін жазылып кету. Екін­шісі – ауруға қарсы екпе жа­са­ту. Вакцина – аурулардың уыт­­тылығын әлсірететін, оған қар­сы имму­нитетті күшейтетін пре­­параттар. Ғалым Құранда жә­не пай­ғам­барымыздың сүн­не­тінде вакцинацияға тыйым са­лынбағанын алға тартады. Ке­рі­сінше, ауру­дың алдын алуға, де­н­сау­лық­ты күтуге үндеген. «Имам Мус­лимнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Барлық ау­руға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйк­ес ке­лсе, жаратушының әмірімен ол кісі айығады». Ал имам әл-Бу­хари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина – аурудан айы­ғуға көмектесер құрал». «Ауруды жа­рат­қан, сол ау­руға ем­ді де қоса жа­ратқан еді» деген де бар хадисте. Сон­дықтан вак­ци­на салуға ш­ариғат қарсы деп айтып жү­р­гендердікі – адасу. Пай­ғам­­ба­рымыз аурудан емделу үшін дә­р­іні қолдануға рұқ­сат берген», дейді Ершат Оңғаров.

Белгілі дінтанушылар вакцина­циялау аурудың алдын алуға тап­тырмас тәсіл екенін айтып, жұрт­шы­лық­ты арандатуға ермеуге ша­қырады. Әртүрлі діни ағым­дар­дың жетегінде кет­іп, ада­сып жүрген әсіре­дін­шілдердің ді­ни кө­з­қарасы салдарынан олар­дың балалары жапа шег­іп жүр. Жыл­дың басында Ақ­тө­беде тиісті екпе егілмей қалған 20 шақты бала туберкулезге шалдыққанын ғаламтордан оқыдық. Дін әбден өтіп кеткен тағы бір ата-ана баласына АИТВ жұқ­пасына қарсы терапия алудан бас тартып, соның ке­сірінен баласы ауыр жағ­дайда жатқанын да есті­дік. Айта берсек, мұндай мысалдар же­терлік. Егер барлығы айналып келгенде, дінге ғана тіреліп тұр­са, имам­дар екпенің шариғатқа қай­шылығы жоғын айтудай-ақ айт­ып келеді. Ендеше, баласының өмі­рін қатерге тік­кісі келмесе, әсір­едін­шіл­дер ойлануы тиіс.

Ектіруден қорқатын елді де­ге­­ніне көндіре алмай, бас­тары қат­­­қан денсаулық са­ласының ма­­­­ман­дары мәж­бүрлеп екпе са­лу жолдарын қарастыруды да ұсы­­­нып жүр. Әлбетте, ауру­дан сенімді қорғанудың бір жо­лы – вакцина ектіру еке­ніне еш­кім шүбә келтіре қо­ймас. Де­ген­мен де, жұрт­шылықтың арасын­да вакцинаның сапасы мен қау­­іп­­сіздігіне деген секем бар. Осы кү­дікті сейілту үшін елі­мізге келіп жатқан ек­пе­лердің сапасын тағы бір мәрте сүзгіден өткізіп алған артық болмас еді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»