• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бағдарламалар 03 Тамыз, 2017

Институттық реформаның іске асырылу барысы қаралды

77 рет
көрсетілді

Үкіметтің баспасөз орталығы кеше «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шараларына арналған брифингтер легін экономика тақырыбында жалғастырды. Онда «Индустрияландыру және экономикалық өсім» деп аталатын үшінші институттық реформаның іске асырылу барысы қаралды.

Жиынға Ұлттық экономи­ка бірінші вице-министрі Руслан Дә­ленов, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев, Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қатысты.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р.Дәле­нов ми­нис­тр­ліктің «Индустрия­лан­дыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша төрт қадамды іске асыруға жауапты екенін атап өтті. Оның үшеуі салық пен кеден саясатына және біреуі монополияға қарсы жұмыспен байланысты. Ұлт жоспары аясында аталған бағыт бойынша қолданыстағы салық режімдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Салық және Кеден кодекстерінің жаңа жобалары әзірленді. Салық тұрғысынан мемлекет тарапынан бизнесті әкімшіліктендіруді жеңілдету, несиелеуді ынталандыру, сондай-ақ, геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар салу көзделген. Сонымен қатар, салық консультанттары институтын, дистанциялық аудит және салық несиелерін енгізу жоспарда бар.

«Кедендік бақылау туралы айтсақ, мұнда декларациялау кезінде электронды технологияларды енгізуге, кедендік операцияларды орындау кезінде автоматты ақпараттық жүйелерді қолдануға және бақылаудан өту барысында «бір терезе» те­тік­терін белсенді пайдалануға басым­дық беріледі», деді Р.Дәле­нов.

Вице-министр сонымен қатар қазір елімізде шағын бизнес салық төлеудің бірнеше әдісін таң­дай алатынын атап өтті. Сон­дай-ақ, шағын бизнеске тиянақ­талған шегерістің жаңа режімі ұсынылатынын, ол айналымы көп, бірақ пайдасы аздар үшін тиімді екенін жеткізді.

Ал Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі А.Ай­дарбаев өз кезегінде «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын іске асыру аясында құ­ры­лыс саласында жүргізілген реформалардың арқасында рейтингіміз жақсарғанын атап өтті. Ұлт жоспарын іске асыру аясында «бір терезе» қағи­даты мен құрылыстың рұқсат құжаттарын алудың үш сатылы қағидаты енгізілген. Құжат­тарды алу мен эскиздік жобаларды бекіту мерзімдері 40-60 күннен 17-6 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Құрылыс салуға рұқсат беру электронды түрде хабарлама беруге алмас­тырылды. «2020 жылға қарай жобалау-сметалық құжаттардың 90 пайызға дейін сараптамасын жеке нарық жүргізетін болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрайды. Бұдан өзге, Еурокодтарға арналған жаңа нормативтік база енгізілген, 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толықтай ауысу жұмыстары жүргізілмек.  «Құрылыс саласындағы реформалардың нәтижесінде Қазақстан Doing Business есебі бойынша 2015 жылдан бастап өз орнын 130 сатыға жақсартты, яғни, 152-ден 22-орынға көтерілді», деді А.Айдарбаев.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыра отырып еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті де кеңейген. Бұл ретте, вице-министр Ұлт жос­парын іске асыру аясында Алматы маңынан халықаралық авиациялық хаб құру үшін Мемлекет басшысы жоба операторын – «МГ Холдинг» компаниясын анықтағанын хабарлады. Компания жобаны іске асыруға Сингапурдан инвестициялар тартумен айналысады. Бұдан өзге, «Эйр Астана» әуе компаниясы белсенді дамып жатыр, оның паркі 31 ұшақтан тұрады, олардың орташа жасы 6-8 жыл. «2020 жылдың соңына дейін Airbus А320neo тобының 10 әуе көлігін, 2019 жылы – екі Боинг 787 ұшағын жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ «ҚТЖ» компаниясы «Эйр Астанамен» бірлесіп жүк әуе компаниясын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр», деді А.Айдарбаев.

Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығына көлік қолжетімділігін қамта­ма­сыз ету үшін Астанадан Франк­фуртке, Лондонға, Дубайға, Сеулге, Бейжіңге және Парижге тікелей әуе қатынастары іске қосылғанын хабарлады. 2017 жылы тоғыз жаңа халықаралық әуе бағыты, олардың ішінде – Ас­танадан Делиге, Варшаваға, Хель­синкиге, Будапештке, Бей­жіңге, Ереванға, Киевке, Бату­миге және Минеральные Воды қаласына әуе қатынастары ашылған. 2019 жылы Токио мен Сингапурға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йоркке әуе қатынасы бағыттарын ашу көзделіп отыр. Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігі Ұлт жос­пары­ның 17 қадамы бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. 

Қаржы вице-министрі Р.Бе­ке­таев 8 қадам бойынша атқа­ры­лып жатқан ауқымды жұмыстың жайын баяндады. Қаржы министрлігіне бекітілген 8 қадамның 3-еуі әлдеқашан орындалған. Бұл ретте, кедендік және салықтық әкімшіліктендіру, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жайын баяндады. Осылайша, жаңа Кеден кодексінде декларациялауды цифрландыруға көшіру жүзеге асырылады және экс­порт­тық-импорттық операциялар бо­йынша «Бір терезе» қағи­даты енгізіледі. «Егер қазір құжат­тарды ресімдеу орта есеппен 2 сағатты алса, «Астана-1» жүйесін енгізгеннен кейін кедендік дек­ларациялау жасыл дәліз арқылы автоматты түрде шығарылады», деді Р.Бекетаев. Вице-министр экспорттық-импорттық операциялар бойын­ша «Бір терезе» қағидатын 2019 жылдың басынан бастап енгізу жоспарланғанын атап өтті. СЭҚ қатысушысы кедендік тазарту кезінде қолжетімділіктің бірыңғай нүктесі арқылы мем­ле­кеттік органдардың барлық қажетті рұқсаттарын ала алады. Сөйтіп, енді кеденге қағаз түрінде құжаттар ұсыну қажет болмайды. 

Сондай-ақ, вице-министр «Индустрияландыру және экономикалық өсім» үшінші бағыты бойынша мүлік пен қаржыны заңдастыру ісі жүзеге асырылғанын айтты. «2016 жылы мүлікті және ақшалай қаражатты заңдастыру рәсімін табысты аяқтадық. Заңдастыруды 140 мыңнан астам азамат пайдалана алды, ал экономикалық айналымға 5,7 трлн теңге, олардың ішінде ақшалай қаражат түрінде 4,1 трлн теңге және мүлік түрінде 1,6 трлн теңге қосылды», деді Р.Бекетаев. Айтуынша, 151 мың заңдастырылған жылжымайтын мүлік нысанының 9,5 мың нысаны коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде тіркелген. Бұл мүлікке салық түсімін шамамен жылына 800 млн теңгеге ұлғайтады. 

Бұдан әрі Энергетика вице-министрі Б.Жақсалиев энергетика саласында көзделіп отырған межелі міндеттер мен қол жеткізілген өзгерістер туралы баяндады. Осыған орай Ұлт жоспарын іске асыру барысында электр энергетикасы мәселелері бойынша бірқатар жаңашылдықтар қарастырылған заңнамаға түзетулер енгізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, салаға инвестициялар тартуды ынтыландыратын жаңа тарифтік сая­сат іске қосылады. Сондай-ақ, өңірлік желілік компанияларды ірілендіруге мүмкіндіктер ашылады. Бұл электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, өңірлерде электр энергиясын жеткізу шығындарын қысқартуға және соңғы тұтынушылар үшін оның бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

«Бізде еліміздің энерге­ти­калық кешенді ырықтандыру мен жекешелендірудің арқасында көптеген электр қуатын таратушы ұйымдар пайда болғаны анық. Бүгінгі таңда олардың саны шамамен − 160, ал шын мәнісінде, барлығының атқаратын міндеті бір – электр энергиясын тарату», деді Б.Жақсалиев.

Ірілендірілген ұйымдарға арнайы талаптар қойылатын болады. Мәселен, диспетчерлік тех­нологиялық басқарудың, оқытылған және аттестатталған мамандары бар қызметтердің болуы, жүйелік қызметтер көрсе­туге жүйелік операторлармен келісімшарттардың, коммерциялық есептің ав­то­маттандырылған жүйелерінің болуы сияқты талаптар ескеріледі.

«Бұл энергия таратушы ұйым­дардың санын 2022 жылға қарай 30 пайызға, 160-тан 110-ға дейін қысқартуға және энергиямен қамтамасыз етудің сенім­ділігін арттыруға, иесіз электр желілерінің мәселесін ше­шуге мүмкіндік береді», деді Б.Жақсалиев. Негізінен Энер­гетика министрлігі бойынша 3 қадам жүзеге асырылуда. Бі­ріншісі – «Электр энер­гети­касы саласын қайтадан құру. «Бірыңғай сатып алушы» мо­де­лін енгізу». Бұл 50-қадам өңір­лер арасындағы электр энергия­сының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік береді. Одан кейінгісі – 51-52-қадамдар. Өңір­лік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру мен Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф сая­сатын енгізу. Вице-министрдің мәлімдеуінше, бұл қадамдарды іске асыру ұзақ мерзімді сипатқа ие.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»