• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Тамыз, 2017

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаевпен сұқбат

283 рет
көрсетілді

Жексенбі күні Көлік қызметкерлері төл мерекесін атап өтеді. Биылғы жыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ үшін мерейтойлық болып табылады − компанияның құрылғанына 20 жыл. Мереке қарсаңында біз «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Қанат АЛПЫСБАЕВТЫ әңгімеге тартып, компанияның негізгі жетістіктері мен даму жоспар­лары туралы айтып беруін сұрадық.

– Қанат Қалиұлы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Көлік қызметкерлері кү­нін қандай нәтижелермен және жоспарлармен қарсы алуда?

– Биыл Қазақстанның сауда әріптестері болып табылатын елдермен тауар айналымының өсуі, сондай-ақ, экономикалық өсімді ынталандыру бойынша ел Үкіметі қолға алған эко­но­микалық ынталандыру шара­ларының нәтижесінде тасымалдау көлемі төмендеуінің теріс тренді шұғыл өзгерді.

2017 жылғы 1 жартыжылдық қорытындылары бойынша жүк айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11%-ға өсті. Барлық қатынас түрлерінде көмір, темір кенін, құрылыс материалдарын, мұнай өнімдерін және тыңайтқыштарды тасы­малдау көлемі артты. Осы дәс­түрлі жүктердің физика­лық көлемінің өсуі ел экономи­ка­сының жақсарғанын көрсетеді. 

Сонымен бірге «ҚТЖ» ҰК»­ АҚ өсу болашағын жаппай та­сымалданатын жүктердің дәстүрлі тасымалдарымен емес, тасымалдардың жаһандық нары­ғына көлік-логистика өнімдерін ілгерілету стратегиясымен байланыстырады. Бұл өнімдер тізімінің және клиенттер базасының аудан­дастырылуын қамтамасыз етеді және экономиканы аудандастыру және Қазақстанның шикізаттық емес экспорты үлесін арттыру жөніндегі Үкіметтің эко­­но­микалық саясатының стратегиялық векторына толық сәйкес келеді. Бұл жаппай тасы­малданатын дәстүрлі жүктер тасымалы кірісінің төмен болуынан, сондай-ақ, жасыл экономика үле­сінің кеңеюіне байланысты көмірді тұтыну көлемі азаюының ұзақ мерзімді трендінен туындайды. Ел деңгейінде Мемлекет басшысы Қазақстанды іскерлік және логистикалық хабқа айналдыру және Жібек жолын жаңғырту бастамаларын көтеріп, сондай-ақ, барлық көлік түрлерінің ин­фра­құрылымын дамыта отырып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ негізінде ха­лықаралық деңгейдегі көлік-ло­гистикалық компанияны қа­лып­тастыру туралы шешім қа­былдады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде ашылатын «мүмкіндіктер терезесін» және еуразиялық құрлықтағы ірі экономика полюстері арасындағы тасымалдау нарығында позиция­сын бекітіп алуға деген басқа елдердің ұмтылыстарын ескере отырып, Қазақстанның көлік-логистикалық кешенін үдемелі дамытуға қаражат бөлінді.

Қытай-Еуропа-Қытай қа­ты­насындағы транзиттік кон­тей­нерлік тасымалдардың жыл сайын екі есе өсуі қабылданған ше­шімдердің дұрыстығын растап отыр. Биылғы жылы транзиттік та­сымал көлемі 200 мыңнан ас­там контейнерге жеткізілді.

Жаһандық нарыққа қазақ­стан­дық көлік-логистикалық қызметтер экспортының бола­ша­ғын ескере отырып, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауында транзиттік тасымалдар көлемін 2020 жылға қарай 7 есеге өсіріп, 2 миллион контейнерге жеткізу міндеті қойылды.

– Алға қойылған мақ­сат­тарға қалай қол жеткіз­бек­сіздер?

– Ол үшін компания нарықтың жаһандық және жергілікті қаты­су­шыларымен бірлесіп альянс құрып, халықаралық көлік-ло­гистикалық бағдарларды дамытуда. Олар: Қытайдан Еу­ро­паға Қазақстан, Ресей және Белоруссия аумағы арқылы (Сол­түстік Трансазиялық маршрут), Қытайдан Еуропаға Каспий, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы (Транскаспий ха­­лық­аралық көлік бағдары), Қытайдан Орталық Азияға және Парсы шығанағы елдеріне, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі.

Қытайдың 17 провинциясында, Вьетнамда, Кореяда, Еуропа және Парсы шығанағы елдерінде жұмыс істей отырып, компания контейнерлік жүрдек пойыздар қызметін белсенді ілгерілетуде. 

Еуропа-Азия қатынас­та­рын­да ойдағыдай жұмыс істеп жүр­ген тұрақты контейнерлік пойыз­дарға қосымша Қазақстан ар­қылы Қытай, Иран, Ұлы­бри­та­ния мен Түркия аралығындағы қа­тынастарда жаңа бағдарлар игерілуде.

Тапсырыс берушілерге жө­нел­ту бекетінен барып жететін бекетке дейін тұтас біріктірілген қызмет керек. Бұл транзиттік бағдарлар бойындағы барлық нарыққа қатысушылардың: магистральдық және терминал­дық инфрақұрылымдар иелері­нің, көліктің әр түрімен тасы­мал­даушылардың және логис­тикалық операторлардың кооперациялануын талап етеді.

Сондықтан, Қазақстандағы барлық көлік түрлерінің инфра­құрылымын біріктіріп отыр­ған «ҚТЖ» ҰК» АҚ халық­ара­­лық бизнес-альянстарды жә­не трансқұрлықтық мульти­модальдық дәліздердегі бар­лық мүдделі тараптардың ықпал­дасқан бірлестіктерін қалып­тас­тырудың бастамашысы болуда.  Қазақстан, Ресей және Бела­русь аумағы арқылы өтетін Сол­түстік Трансазиялық бағдар­ды да­мыту үшін үш темір жол ком­па­ниясының бизнес-альян­сы – Бірлескен көлік-логисти­калық компания (БКЛК) қалып­тастырылды. 

2014 жылдан бері БКЛК «бір терезе» қағидатына, бірың­ғай технологияларға, сапа стан­дарттарына және баға саяса­тына негізделген ықпал­дас­тырылған қызметтің көрсе­ті­луін қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде басқа көлік дәліз­дерімен тиімді бәсекелесуге мүмкіндік береді. 

«БКЛК» АҚ мақсаты – тасымалдау көлемінің 2020 жылға қарай жылына 800 мың контейнерге дейін өсуін қамтамасыз ете отырып, Азия-Еуропа дәлізіндегі контейнерлік жүк ағындарын шетелдік теңіз тасымалдаушыларынан ЕАЭО инфрақұрылымына қайта бағыттау. 

Өзара тиімді коммерциялық және технологиялық ынтымақ­тастық «БКЛК» АҚ-қа тасымалдау көлемі өсімінің рекордтық динамикасын көрсетуге және Қазақстанның транзиттік әлеуе­тінің іске асырылуына мүмкіндік туғызуға жол ашады. Бұл стра­те­гиялық альянс еуразиялық эко­номикалық ықпалдастық пен Жі­бек жолы экономикалық белдеуі­нің тоғысуы үдерісінің шешуші элементі болып табылады.

Қазақстанның бастамасы бо­йынша 2014 жылы Қазақ­стан, Әзербайжан, Грузия, Түр­кия, Шығыс Еуропа елдері мен Украина нарықтарының қаты­сушыларын біріктіретін Транс­каспий халықаралық көлік бағ­дарын (ТХКБ) дамыту жөнін­дегі үйлестіру комитеті құ­рылды. ТХКБ Үйлестіру коми­теті қызметінің негізгі бағыттары ықпалдастырылған логистикалық қызметті және контейнерлік по­йы­здарды, мультимодальдық та­сымалдарды ұйымдастырудың бірыңғай технологиясын дамыту, бүкіл бағыт бойына бәсекеге қабілетті тарифтерді қолдану болып табылады.

Жыл соңына дейін пайда­лану­ға беру жоспарланып отыр­ған Түркия мен Грузия ше­кара­сындағы Карс – Ахалкалаки жаңа темір жол телімі осы бағдар бойынша транзиттік тасымалдарды ұлғайтудың жаңа болашағын ашады.

Бұдан басқа, «бір терезе» сервисі мен қызметтерін көрсе­ту үшін тартылған елдердің логис­­тикалық провайдерлерінің кон­сорциумы құрылды. Қы­тай­­дан Түркияға «Nomad Express» кон­тейнерлік сер­висі қалып­тастырылды. Жаңа қаты­су­шы­ларды тарту және дәліз­ді ұзарту жұмысы жүр­гі­зіліп, оған Украина көлік жүйесі енгізілді және тұтас көлік сервисі қалыптастырылды. 

Қазақстан, Беларусь және Ресей аумағы арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізімен транзиттік тасымалдарды ұлғайту бойынша осындай үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. 

Қазақстан аумағы арқы­лы өте­тін трансұлттық дәліз­дер­­дің ойдағыдай жұмыс істеуі көлік-логистика ин­фра­­құрылымының дамуы және барлық көлік түрлері инфра­құрылымының «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқаруына берілуі арқасында мүмкін болды.

Қытаймен аралықтағы жаңа шекара өткелі мен Жетіген-Ал­тын­­көл темір жол желісінен бас­тап «Шығыс-Батыс» дәліз­дері шеңберінде Қазақстан инфра­құрылымының дамуы, құрғақ порты бар «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, Алматы-Шу транзиттік учаскесінің өткізу қабілетін арттыру, Жезқазған - Бейнеу жаңа темір жол желісін, жаңа Құрық портының инфрақұрылымын және Боржақты-Ерсай желісін салу, Ақтау портын кеңейту, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің қазақстандық учаскесін аяқтау ішкі және экс­порттық жүк ағындарының логистикасын оңтайландыруға және трансқұрлықтық тасымал­дардағы қазақстандық бағдар­лардың тартымдылығын арт­тыруға мүмкіндік берді. Қазақстан, Түрікменстан және Иран аумағы арқылы өтетін Өзен-Болашақ-Берекет-Горган жа­ңа темір жол желісінің іске қосылуы Әзербайжан аумағы арқылы Каспий теңізінің батыс жағалауы бойынша өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлі­зі­­нің балама жобасын басып озып, Баренц және Балтық теңіз­де­рінен Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына дейінгі жаңа «Сол­түстік-Оңтүстік» дәлізін ашты.

Инфрақұрылымның шешу­ші сегменттеріне құйыл­ған ин­­вес­­тициялар көлік дәліз­де­рінің қолданыстағы инфра­құрылы­мына сұранысты арттырады. Мәселен, жаңа Жезқазған-Бей­неу және Арқалық-Шұбар­көл те­мір жол желілері пайдала­ныл­ған толық емес 3 жылда жоспар ТЭН-ге сәйкес пайдаланудың 5-ші жылы 12 млн тонна деп есептелгенде, іс жүзінде күт­кен­дегіден еселей артып, 30,1 млн тонна жүк өткізілді. Құрық порты теміржолдық паром кеше­ні­нің бірінші кезегі іске қосылған соң, небәрі жарты жыл ішінде 543 мың тонна жүк өткізілді.

Ішкі және трансқұрлықтық қатынастардағы қазақстандық көлік инфрақұрылымына көлік ағындарын тарту үшін Қазақ­станның және Еуразия құрлы­ғы елдерінің аумағындағы жүк ағындары туындайтын, шоғыр­лан­дырылатын және таратылатын бекеттерде көлік-логистика ор­­талықтарының тірек желісі дамуда.

Көлік-логистика орталық­та­ры­ның сыртқы тірек желісін қалыптастыру шеңберінде бірін­ші жартыжылдықта ирандық әріптестермен бірлесіп Бандер - Аббас портында (Иран) терминал салу үшін бірлескен кә­сіп­орын құрылды. Жыл соңына дейін ірі ресейлік «COALCO» девелоперлік компаниясымен бірлесіп, Мәскеу облысында Құрғақ порт салу үшін бірлескен кәсіпорын құрылады. Ағымдағы жылдың алты айында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағындағы құрғақ портта 81,7 мың контейнер өңделді. Бұл өткен жылдың осындай кезе­ңіндегіден 3,5 есе жоғары көрсеткіш. 

Ірі «COSCO» теңіз шипинг ком­паниясы Құрғақ портының және Ляньюньган портының ак­ционерлік капиталына кіруі жаһандық логистикалық тізбек­тер­ге кірігіп, қосымша контей­нер­лер ағынын тартуға зор мүм­кіндік береді.

Қазақстанның ірі қалаларында ішкі және халықаралық көлік ағындарына қызмет көрсету үшін көлік логистикалық орта­лықтар жасақталуда. Эконо­ми­каның сапалы көлік-логисти­ка­лық қыз­меттерге деген қажет­ті­лік­терін қамтамасыз ету инфра­құры­лым­ды ғана емес, жылжымалы құ­рам­­ды да дамытуды талап етеді. Сондықтан «ҚТЖ» ҰК» АҚ локомотивтер, жүк және жолаушы вагондар паркін жа­ңартуға айтарлықтай қаражат құйды. Төрт теңіз құрғақ жүк кемесін са­тып алып, әзербайжандық әріп­тестермен бірлескен кәсіп­орын құрған соң, жаңа құзырет игеріліп, ТХКБ көлік дәлізінің теңіз сегментінде темір жол кө­лігімен жүк тасымалдау қыз­меті мен Құрық, Ақтау порт­тарында қайта тиеумен ықпал­дастырылған тасымалдар ұйым­дастырылды. 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біз жолаушылар логистикасы ин­фра­құрылымын дамытуды жалғастырып жатырмыз. ЭКСПО-2017 қарсаңында астаналық әуежайда жалпы көлемі 47 мың шаршы метр, халықаралық жолаушылар және VIP терминалдары кіретін жаңа терминал іске қосылды. ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған және әлемде соңғы жылдары салынған темір жол вокзалдарының ішінде ең заманауи болып табылатын жаңа «Нұрлы жол» вокзал кешені пайдалануға берілді. Жаңа ны­сандар ең заманауи технология-лар бойынша салынып, жаб­дықталды. Қауіпсіздігі, эко­логиялығы және жолаушылар үшін қолайлылығы бойынша ең­ жоғары стандарттарға сай ке­леді. Қазақстанның көлік-ло­гис­тикалық кешені Logistics Per­fomance Index индексіне көтерілді. 

«ҚТЖ» ҰК» АҚ тасымал­дау­­дың жеделдігі мен қара­па­йым­­дығы бойынша «Ха­лық­аралық сауда» индикаторын «Doing Business» халықаралық рейтингіне жеткізу үшін, тех­нологиялық үдерістерді оң­тай­­­лан­дырып, «бір терезе» қағи­датымен ықпалдасқан қызметті ұйым­дастыру жүзеге асырылуда. Ол арқылы кон­тейнерлік тасымал мерзімі экспорттық бағытта жөнелту мерзімі 28 сағаттан 16-18 сағатқа дейін, яғни 35 пайызға қысқарды. 

– Қанат Қалиұлы, инфра­құрылымды дамыту тран­зиттік әлеуеттің дамуы үшін қа­жетті алғышарт болып та­бы­ла­тындығы түсінікті. Алай­да, сіздер транзит үшін бас­қа бағ­дарлармен және көлік түр­лерімен бәсекеге түсесіздер. Қа­зақ­стан арқылы өтетін көлік дә­ліз­дерінің тартымдылығын арттыру үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?

– Жаһандық нарықтағы бәсеке­лестіктің күшеюі транзит­тік қаты­­­нас­тағы ғана емес, ішкі және экспорт­тық-импорттық қа­­­ты­настар тасы­малдарындағы ло­гис­тикалық сервистердің сапасы мен тиімділігін арттыруға алып келуде. Өйткені, қазақ­стан­дық клиенттер де нарыққа бас­қа қатысушылармен бәсекеге түседі.

Сондықтан «ақылды» эко­но­ми­каның қазіргі заманғы талап­тарын ескере отырып, техно­логияларды дамытумен және бас­қарудың корпоративтік үде­­рістерін, тасымалдарды ұйым­дастыру мен жүзеге асырудың, өндірістік активтерді күтіп-ұс­тау мен оларға қызмет көрсе­ту­дің бизнес-үдерістеріне жаңа­шыл­дықты енгізумен айналысудамыз.

Бүгінгі таңда біз жаңа­ техн­оло­гия­лық плат­фор­маларды: «MULTIRAIL» жүйе­сін, «Шарт­тық және коммер­ция­лық жұмыс» және «Энерго­дис­петчерлік тартым» авто­мат­тан­ды­рылған бас­қа­ру жүйелерін енгіздік.

«MULTIRAIL» жүйесі жүк та­сымалдарын жоспарлау мен нормалау үдерістерін автоматтандыру есебінен пойыздардың бұзылмайтын кестелермен жө­нел­тілуін қамтамасыз ете­ді. Бұл өз кезегінде жүк вагон­дарының жылдамдығы, жұмыс өнімділігі көрсеткіштерін өсіру­ге, ал, айналым мен тұрып қалу көр­сеткіштерін азайтуға мүм­кіндік береді.

«Шарттық және коммер­циялық жұмыс» автоматтан­ды­рылған басқару жүйесін пай­далануға беру шарттық және коммерциялық жұмысты оң­тай­ландыруға мүмкіндік берді. Автоматтандырылған басқару жүйесі интернет арқылы «бір элек­тронды терезе» қағидаты бо­йынша клиенттер үшін әлемнің кез келген жерінен жүйеге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Нә­ти­жесінде, өтінімдерді өңдеу мерзімі үш күннен үш минутқа дейін қысқарды.  Дизель отыны мен электр қуатын жұмсауды есептеу жөнін­дегі «Энергодиспетчерлік тартым» автоматтандырылған бас­қару жүйесі энергия ресурс­та­ры­ның жұмсалуын бақылауды жә­не технологиялық тәртіпті, мәлі­меттерді жинақтауды және отын балансын талдауды қам­та­масыз етеді.  Мемлекет басшысы­ Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақ­­­стан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес біз жедел техно­логиялық жаңғыру тұр­ғы­сын­да «Сандық темір жол» бағ­дар­ламасын іске асырып жа­тырмыз. Интер­нет­тің, ақпарат­тық-комму­ни­­кация­лық және бұлттық тех­но­логиялардың, цифрлы плат­фор­малардың жылдам дамуы­нан туындаған нарықтағы бәсе­кеге қабілеттіліктің жаңа па­раметрлеріне сәйкестікті қам­тамасыз ету үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Индустриялар 4.0» технологияларын барлық шешуші сегменттер: жүк және жолаушы тасымалдарына, инфрақұрылымға және көлік логистикасына ен­гізе отырып, компанияның биз­нес-моделін сандық жүйеге көшіруге кірісті. Нәтижесінде, қазіргі заманғы технологиялық платформалар негізінде өнді­рістік үдерістер тиімділігі көр­сет­кіштерінің түбегейлі өсуі күтілуде. Темір жол көлігімен жүк та­сымалдау саласында жүк тасымалдарын жоспарлау мен бас­қарудың зияткерлік жүйелері енгізіледі. Сондай-ақ, пойыздар қозғалысын басқарудың біртұтас орталығы құрылады. 

Бұл жобалардың іске асырылуы пайдалану шығыстарының азайтылуын, техникалық стансада тұрып қалудың және сұрып­тау жұмысы көлемінің қыс­қар­тылуын, сондай-ақ, мар­ш­руттық жылдамдықтың арттырылуын қамтамасыз етеді. Жолаушылар тасымалын же­тіл­діру шеңберінде жолаушы пойыз­дарында спутниктік интер­нет енгізу және вокзалдарды цифр­лық жүйедегі қызметтермен жарақтау қажет. Бұл билеттердің 100-пайыздық электронды сатылымына және жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа деңгейі­не көшуді қамтамасыз етеді.

Ол үшін: – клиенттермен өзара қарым-қатынасты басқару жүйесі (CRM) (клиенттердің ортақ базалық қоры, операциялық шығындарды азайту, келісімдерді ретімен орындау); – мультимодальдық тасымалдауды басқару (SCM) (барлық жеткізілімдердің толық циклы, жүк ерекшеліктеріне байланыс- ты оңтайлы көлік түрін таңдау, дәл уақыт кезеңінде тасымалдау үдерісін қадағалау);  –  интермодальдық терминалды басқару жүйесі (TOS) (терминалдың өткізу мүмкіндігі мен вагонның пайдаланылу коэф­фициентін көтеру, дәл уақыт кезеңінде контейнердің қоз­ғалысын қадағалау, контейнерлік парктің бос тұрып қалуын қыс­қарту); – пойыздардың қозғалыс кестесін болжамды атқару, жү­зеге асырылуын автоматтанды­ру жүйесін енгізу (РП ГДП) (бағ­дарлық жылдамдықты 0,3 пайызға көтеру, жаспарлау уақытын дәлдеу, қозғалыс кестесінің орын­далуы, ұзақ мерзімдік (20 тәу­ліктен 30 тәулікке дейін);  – пойыздардың қозғалысын басқару орталығы (елдің бар­лық темір жол желісін орта­лық­тандырылған басқару жүйесі (739 станса) және пойыздардың дәл белгіленген мерзімдегі қоз­ғалысын Астанадан және ай­мақ­­тағы үш бекеттен (басты − Ақтөбе, оңтүстік-шығыс – Ал­ма­­ты, солтүстік − Астана) қада­ға­лау; – инфрақұрылымды пайдалану және оған қызмет көрсе­ту үдерістеріне енгізіл­ген жа­ңа «Магистраль» автомат­танды­рылған басқару жүйесі негізінде жоғары технологиялық диагнос­тика жүйесін енгізу;  – цифрлық вокзал (жолау­шы­ларды келіп кеткен пойыз­дар туралы аудио және бейнелік ақ­параттандыру технологиясымен қамтамасыз ету, жолаушылардың анықтамалық ақпарат алуы);  – жолаушылар пойыздарын­да­ғы Интернет желісі (жолау­шы­ларға қызмет көрсету сапа­сын көтеру, қызмет аясын ұл­ғай­ту, Интернетке шығу және ғарыш­тық ТД жүйесіне шығу мүмкіндігін жасау); – темір жол бойында «LTE-R» стандарты негізіндегі сымсыз жүйені құру (Қазақстан темір жолының өн бойына жоғары жылдамдықты сымсыз мәлімет беру желісін енгізу) көзделеді.

Бүкіл Қазақстан темір жолдары бойында деректерді берудің жоғары жылдамдықты сымсыз ортасын құру Интернет құралда­рын енгізу, роботтандыру және ұтқыр қосымшаларды енгізу үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.

− ҚТЖ «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған жүр­дек жолаушы пойыздары гео­графиясын кеңейтуде. Жо­лау­шылар тасымалын әрі қарай да­мыту жоспарларыңыз қан­дай? Жолаушыларға қыз­мет көрсету сапасын арттыру үшін қандай шаралар қолданылуда?

– Небәрі бес жыл ішінде біз Қа­зақ­станның барлық ірі қа­ла­­ларын жүрдек жолаушы­лар бағдарлары желісімен байланыстырдық. Бар­лық бағ­дарларда «Тальго» зауыт­тарында өндірілген заманауи әрі жайлы жолаушы вагондары қа­тынайды.

Жүрдек пойыздардың негізгі артықшылығы жолаушылардың жол жүру уақытының айтар­лық­тай қысқаруы болып табылады. Ол 1,2-1,5 есе қысқарды.

Өткен жылдың соңынан бері қолданыстағы құрамдардағы ва­гон­дарды қорабы үлкен жаңа ва­гон­дармен ауыстыру жұмысы жүр­гізілуде. 2022 жылға дейін 6 бағдар бойынша шанағы кең «Тұлпар-Тальго» вагондарынан тұратын жаңа құрамдарды енгізу жоспарлануда. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ұсынылатын сервистік қызметтер аясын кеңейту жұмы­сы жүргізілуде. 

Мәселен, қазір «Тұлпар-Таль­го» жолаушы пойыздарында та­мақ­тандырудың жаңа бірыңғай стандарттары әзірленуде. Пойыз бригадалары үшін бірыңғай стандарт әзірленіп жатыр. Ол жолсеріктің сыртқы келбетіне, киім киісіне, жолаушылармен сәлем­десуге, салонды әзірлеуге, жа­рақ­тауға, жолаушыларды отыр­ғызып, түсіруге, жолаушыларды хабардар етуге және т.б. қойылатын талаптарды қамтиды. 

Компанияда Вокзалдарды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Ол бойынша ғимараттардың іші және сыртқы келбеттері бірыңғай талапқа сәйкестендіріледі. Вок­залдар аумағындағы коммер­циялық қызметтерді тәртіпке келтіру жұмыстары жүргізілуде. 

 – Қанат Қалиұлы, мереке қарсаңында көлік саласы қыз­меткерлеріне не айтар едіңіз?

– Көлік қызметкерлері күні кәсібіне жан-тәнімен беріл­гендігі, патриотизмі, алға қойыл­ған міндеттерді орын­дау­да­ғы табан­­дылығы үшін барлық әріп­тес­теріме зор алғысымды біл­діргім келеді. 

Өздерінің әр күнгі еңбегімен, қайрат-жігерімен, кәсібилігімен олар саланың ғана емес, бүкіл Қазақстан экономикасының дамуына лайықты үлесін қосуда. Барша теміржолшыларға ең­бекте табыс, жаңа кәсіби жетіс­тік­тер және зор денсаулық тілей­мін!

Әңгімелескен  Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»