• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Тамыз, 2017

Шимай философиясы

746 рет
көрсетілді

Есі толық енбеген бала қолына қарын­даш, қалам алса ақ қағаз бетін шимайлай бастайды.

Бұл керемет. Алғашқы шығар­машылық ізденіс. Өзін өзгеге таныту тәсілі. Сәбидің «мені» қалыптасып келеді. Қолға қалам алу, шимайлау сәбидің көңіл шуағы. Ол сол шимайды әке-шешесіне, үлкендерге көрсетеді, қоштау күтеді. Бірте-бірте шимайдан сурет шыға бастайды, ол бөлек әңгіме. Сурет әлемі сырға толы сәбидің дүниеге көзқарасы, сезім тұнығы, мөлдір бұлақ суы десек те жеткіліксіз. Оны сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес, сәби түсінігін түсінгің келсе, бірге отырып сурет сал. 

* * *

Шимайға қайта оралсақ, сәби жазып, сызып, ақ қағазды толтырса, бұл оның әлемге деген жаңалығы. Сірә да, шимайлай алатын сәбидің есейе келе есі, сезім-санасы дұрыс болса керек. Шимай сол жағдайдың сәбилік деңгейдегі хабаршысы. 

Шимай – сәби сезімі, рефлексиясы, тіптен оның өзі енген әлемге көзқарасы. Оны сақтап қойып, зерттесе, сірә, сол сә­би­дің мінезі аңғарылмақ деген ой ұсынамын.

* * * Ал енді әріп танитын, ес-ақылы, былайша айтқанда, толық дейтіндер, неге ақ қағаз бетін шимайлайды. Сондағы «шимайдың» мән-мағынасы неде?  Әр қилы себеп, мақсат, міндеттерден, мүмкін, құрғақ қиялдан, тіптен адасудан туатын «шимайлар» бар және олар өте көп. Менің айтпағым, осы «шимайлардың» бірер арнасы туралы болмақ. 

* * *

Шимайдың көкесі кешегі кеңестік социализм заманында болды. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлем­де ба­ғыты әлі бұлыңғыр, жаңа тари­хи ке­зең басталды. Күн санап өзгеріп жат­қан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние­танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» − деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Сірә, шимайлардың көптігіне Елбасы­ның да шыдамы таусылған сыңайлы.  Рас. Қашанғы өтірікпен (оны шимай дей беріңіз − Ғ.Е.) жүре бермекпіз. 

Өтірік, яғни шимай адамзатты адастырады. Адамзат адаса беретін болғандықтан, оған Дін келген. Жаратушының сүйікті құлдары пайғамбарларға кітаптар түскен. Мұса пайғамбарға – Таурат, Дәуіт пайғам­барға – Забур, Ғайса пайғамбарға – Інжіл, адам­заттың соңғы пайғамбары Мұхаммедке – Құран түскен. Абай хакімнің: «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айыр­мас» − дейтіні осы жағдайлар  баяны.

* * *

Мұсылман қауымы Мұхаммедті «соңғы пайғамбар» деп мойындаған. Одан бергіде пайғамбар болған емес. Алайда, «пайғамбармын» деушілер болған. Олардан бүгінде аяқ алып жүргісіз. Әулие, білгіштер шегірткедей қаптайды-ау кеп.

Осындай халде, хакім Абай: «Адамзат адасады, оны тура жолға бастаушылар: Пайғамбарлар, әулиелер және хакімдер деген».  Мұхаммед соңғы пайғамбар. Осыны жанымен сезінген Сұлтанмахмұт Торайғыров «Заманның Ғайсасы кім?» – деп қалың елге сауал қойған. Пайғамбарлар дәуірі өтті.

Әулиелер болса, олар негізінен пост-индустриялық дәуірге дейін болған тұлғалар. Өзін «әулие» санайтындар жеткілікті, алайда олар шын, анық әулие ме екен?! Үлкен сұрақ. 

Енді қалғаны хакімдер. Олар болмаса дүние ойран болады дейді, Абай. Рас. Әлемді солар ұстап тұр.  Қазіргі заман хакімдер дәуірі. Абай хакімдердің діндері басқа-басқа болуы мүмкін, бірақ олар болмаса, қайталап айтсақ, дүние ойран болады деген түйін жасаған. Осы шешімге келмеске амал жоқ. Қазіргі заманның, Сұлтанмахмұтша айтсақ, Ғайсасы – хакім және хакімдер.  Тағы да бірақ деуге тура келеді. Адам­зат­ты «арманына» жеткізбек болған ілім­шілдер легі шықты. Қиялшыл-утопистер, қиянатшыл ілімшілер, өтірік­шілер − осылардың дені ақ қағаз бетін шимайлауға ден қойды. 

Олардың шимайлары том-том кітаптар болып, кітапхана сөрелерін майыстырды. Неше қилы ілімдер шықты, олар: коммунизм және фашизм. Ілімдер – шимайлардың көбі сау ақылға сыйымсыз еді, оны дәуір хакімдері ашып айтып, әшкерелеумен болды. Бірақ, олар хакімдерге өшікті. Ілімшілер қолдарына қалам ғана емес, қару алды. Іс насырға шапты. Әлем дүркін-дүркін қанды қырғынға ұшырады. Мұның бәрі шимайшылар әрекетінен болған қасіреттер. 

* * *

Шимайшылар адамзатқа қасірет әкелді, солардың бірі атақты шимайшы ілім жасаған − Карл Маркс. Бір сөзбен айтқанда, ол меншікке қатысты адамдарды бір-біріне жау, қас, дұшпан етіп, соны ілім ретінде насихаттады. Оның ілімі – қылмыс. Марксизм дегендер миллиондаған адамдарды азаптап, құрбан етті. Коммунизм – шимай ілімі, фашизм нағыз шимай. 

* * *

«Әулие, білгіш айтты деп жазылған талай қате көп» – деп еді Шәкәрім.  Біз, әдетте, әулие айтты десе, мән бе­ріп, тың­даймыз. Бір ғалым еңбек жазыпты, ол керемет екен десе, бас алмай оқи­мыз, пайғамбар айтты десе, оған сенеміз. Ал сол айтылған, жазылған, ілім болған сөздер­де мін, қате бар ма? Оны тексеру үшін, әрине, ғылыми сараптама, сыншылдық қажет. Шәкәрім жазылған, айтылған нәрселердің барлығын бірдей қабылдай бермей, олар туралы өз күдігін қоса айтатын. Күдік деген шындықтың барлаушысы, күдіксіздік үнемі сенімге бастап тұрады. Абайдың «ақыл сенбей, сенбеңіз» дегені де осы күдікке орай айтылған ой. Мысалы, біз кезінде Маркс, Лениннің айт­қандарынан мін, қате іздеген жоқпыз, олардың айтқандарына күдік келтірмедік, соның нәтижесінде коммунистік идея негізінде сенім қалыптасты. Бұл сенімді ақиқатқа айналдырған нағыз діни дәстүр еді. Шынында, Ленин ілімі «жаңа дін» болды, оның Қызыл алаңдағы мавзолейі кәдімгі «құдайлардың» ғибадатханасына айналды. Миллиондаған адамдар оның есігін күзетіп, оны кәдімгідей зират етті. Бұл адамнан құдай жасау әлегі болатын. 

Шынында да, әулие, білгіштердің жаз­ға­ны­нан қатені кім анықтап алмақ? Жазыл­ған кітаптардан, айтылған сөздерден, атқа­рыл­ған істерден қатені кім таппақ? Бұл са­уал­ға жауапты заман ойшылдары берсін!

* * *

Шимайлар идеологияның жалдамалары. Саясат сөзі көбіне өтірікке құрылады. Тіптен таза өтірік болмаса да алдауға негіз­деледі. Алдау саясат болғанда, оған жамырай қаламгер-жазушылар қызмет еткенде, шимайдың «көкесі» көрінді. 

Кеңестік заманда дәл сондай жағдай орын алды. Коммунизмді, социализмді со­лар­ға қатысты қоғамдағы нендей сорақы жағ­дайлардың тігісін жатқызып «жаңалық», «жақсылық» етіп көрсету мақсатында нағыз шимай басталып кетті. Өтірікті шындай етіп шығарма жазбаған елімізде қаламгер қалмады, десек те болғандай. Себебі нағыз шыншылдар «халық жауы» болып атылған, сотталған, қуғындалған, азапқа салынған. Тірі қалған қаламгерлерді үрей биледі. Үрей – шайтан азығы, әзәзіл тағына әбден мінді. Сананы улау ісі мықтап қолға алынды. Бірінші сыныптан бастап жалған түсініктер санамызға «қағыла» бастады. Өтірік айтып болмас өріс алды. Сәби болып дүниеге енген миллиондар санасы уланып, лас қоғамда өсіп-өнді. Арылу деген аса ауыр іс екен. Күні бүгінге дейін өтірік пен шындықты ажырата алмай қағаз бетін шимайлап жатқандар жеткілікті. 

* * *

Ойшыл болу бір мәселе. Ал, сыншыл­дық болса ойшылдық қуатын одан әрі тереңдетпек. Сыншыл адамды айламен теріс жолға түсіру қиын. Сондықтан Шәкәрімнің социалистік қоғамды, оны құрушы большевиктер әрекетін қабылдамағаны түсінікті. Ол осы ілімдердің терістігін, қателігін жанымен сезді, содан бұл саясатқа іштей қарсы болды. Шәкәрімнің баласы Ахат жазған өмірбаянынан белгілі болған жай, ол большевиктер саясатын қабылдамаған адам. Осы жағдайды түсінген большевизмнің өкілдері Шәкәрімді жау деп атаған. Өйткені, большевиктер саясаты адамның болмысына, табиғатына кереғар еді. Осы ілімде қателік бар ма, жоқ па дегенге Шәкәрім тура жауап берді, ол «Ғылым деп уды жегізген» – дейді. Яғни бұл ғылым емес – у. Сананы улағаннан кейін сен басқа адамға айналасың. Басқа табиғатқа кетесің. Сөйтіп адасасың. Сана уланғанын, жұрттың адасқанын Шәкәрім өзі өмір сүрген кезде толық білмеген де шығар, оның тұсында социализмнің нышандары ғана белгілі бола бастаған еді, нағыз бет-бейнесін біздер білдік, санамыз уланып өмір сүрдік. Біз сана, сезім уланған заманды басымыздан өткердік. Шәкәрімнің сол кезде айтып отырған сөзі көрегендік еді, оның әлеуметтік тәжірибеде дәлелденгеніне куә болдық.

«Улама ондай уды жеп, Шатаққа сатпа шыныңды» – дейді ақын. 

Осы мәселеге орай бізде теріс қалыптас­қан бір түсінік туралы айтсам, оның мәні­сі мар­кстік-лениндік ілім, большевизм Қазақ­­станға ене бастағанда түсініп, оны сын­шылдық көзқараспен ақ-қарасын те­ріп алатын бізде зиялы қауым болған жоқ деу. Соның нәтижесінде ел лап етіп, социалистік қоғам құруға белсенді түрде араласып кетті деушілер болған. Бұл теріс түсінік. Міне, көріп отырсыз, мәселенің ақ-қарасын Шәкәрімнің өзі-ақ ашып беріп отыр. Шәкәрім өлеңдерін түсінетін адамдар болды, тіпті, аз болған жоқ, бірақ олар осындай түсініктері үшін большевизм тарапынан қатаң жазаланды. Жаппай жазалаудан сөз мәнісін анық түсінетін аман қалған азын-аулақ қана зиялы қауым болды. Мылтықтың күшімен, зорлықпен енген социализм, маркстік идеология ғұмыры ұзаққа бармады, ақыры құрыды. Оны Шәкәрім көрген жоқ, біз көрдік, басымыздан кештік. 

Өтіріктің өрісі қысқа, ол ғасырға жетпей қирады. 1991 жылы Қазақ елінде Тәуелсіздік орнады, егеменді ел атанды. Ойлаймын, Тәуелсіздіктің басталуы әулие-білгіштердің айтқан қателігін анықтаудың саяси жеңісі, бірақ мұның бәрін Шәкәрім көрген жоқ. 

Тәуелсіздік деген: Шындық, Ақиқат. Тәуелсіздік таза сана. Тұнық су. Бұлтсыз ашық күн, сәулелі түн. Тәуелсіздік саясат деп тану мәселенің бер жағы, тәуелсіздік – қа­зақ халқының асыл қасиеті, құндылығы, ол − шимай тақырыбы емес. 

Тәуелсіздік халқымыздың мәдени мұрасы, байлығы, баяны. Қалыпты тұрмыс сал­ты. Бабалардың орындалған арманы. Ол келешекке сенім кепілі. Өмір, өнер сансыз ұрпақтың тарихи-мәдени өрісі. Қазақ атанудың – субстанциясы. Тәуелсіздік − ел құты. Елдің құтын қашырмау әр ұрпақтың, әр азаматтың борышы.

* * *

Студентпін. Философия пәнінің оқыту­шысы Ленинград, Москвада оқып, білім алып, сол жақта ғылым кандидаты болып елге оралған азамат. Философияны аңызға құрып, әрі тым саясаттандырып дәріс оқи­тын. Бұл жағдайға қарамастан, одан әрі мар­дымды ақпарат жоқ, тіптен сабақтарын да толық жүргізбей, бізді қоя беретін. Философияға ынталы болып, өз бетіммен философия туралы талай кітаптарды оқы­дым. Бұл пәнге ынта арта берді. Мені таң­дандырған схоластика, әсіресе софистер болды. Күдікшілер (скептицизм) де жеткілікті екен. Содан бері (1967 жылдан) философиямен айналысуды өмірімнің мәнісіне айналдырдым. 1970 жылы филология факультетін үздік аяқтап, Семей педагогикалық институтының философия кафедрасына оқытушылық қызметке орналастым. Сол кезде Алматыда диалектикалық ойлау жүйесін қалыптастырған топ болды. Біздің философтарды орталық Москва тани бастады. Философия кеңес заманында элитарлық білімге айналды. Философияны коммунистік партия мейлінше қолдады. Мен кейде өзіме неге философияны коммунистер соншама бағалауда деп қоямын. Осы түйіннің бір шеті Аққу селосында әкемнің отбасында ашылғандай болды.

Әкем дінге берік, намаз, оразасын қа­за қыл­маған тақуа. Інісі де Екінші дү­ние­жүзілік со­ғыстан мүгедек болып қайт­қан, бірақ ол кісіге Құраннан басқа құн­дылық жоқ, тым тақуа. Ол кісі қуыршақ дегенді балтамен шабатын, қабырғаға сурет ілінсе қирататын, орысша, қазақша кітаптарды отқа жағатын. Біз, ол кісіден әбден қаймығып қалғанбыз. 

Философия пәнінің оқытушысымын, жаз­ғы каникулда үйге келсем, әкем әлгі айтқан «тақуа» інісімен шәй ішіп әңгіме-дүкен құруда. Сәлемдескеннен кейін әңгіме маған ауды.

− Ағасы, − деді әкемнің інісі кекесін үнмен, мына балаңызды мақтайсыз, деп мені нұсқап, − білесіз бе, бұның қандай қызмет атқарып жүргенін?  Әкем мен туралы жағымды сөз бола ма де­ген ниетпен:

− Иә, айтшы, қандай қызмет атқаруда. 

Әкемнің інісі келтесінен кетті. − Бұ, бұл ма, нағыз кәпір. Оның фәлса­фасы (дәл осылай деді) Құдайға, Құранға қар­сы, сіздің ұстаған оразаңыз, оқыған нама­зыңыз харам, − деді, мені жеп қоярдай жал­ғыз сау көзімен оқтай атып.

Әкем де тура кетті. − Кет ит, шық үйден, менің оразам мен на­ма­зым­ның харам болатынын айтатын сен бе, бәрін бір Алла тағала біледі, − деді бу­лығып. Інісі шойнаңдап (ақсақ еді) шығып кетті. Әкем мейірімді жан еді, ашуы тез тар­қап, әңгіме өзге арнаға ауып, оқиға ұмыт бол­ған­дай болды. Кейі­нірек аңғардым, «тосын оқиға» әкем үшін де, мен үшін де ұмыт болмапты. 

Көп кейін әкем: − Балам, анау ағаңның сен туралы айт­қа­ны рас па? – деді. Мен мәселені ұзақ түсіндірген болдым, байқаймын, әкем толық қанағаттанбағандай сыңайлы.  Өзім ше? Өзім не ойда болдым. Фило­со­фия Жаратушыны, яғни Құдай дегенді мойындамайтын зайырлы білім. Философия, әсіресе біздер айтып жүрген диалектикалық және тарихи материализмде Жаратушыға орын жоқ. Бәрі-бәрі өздігінен болған, мұнда әкемнің жиі айтатын «Алла әмірі» деген түсінік жоқ.

Осы күдік санама ұялай берді. Бүгінде зерделесем, философияның қарабайыр, тұрпайы түрін «кәсіп» қылып ұзақ жүріп қалыппын. Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ленин теориялық негіз деп алған «Неміс классикалық философиясы» мұсылманға жат ойлау жүйесі екен. Бұл философиялық жүйенің шимай екенін ен­ді түсініп, ілгеріде «Ебелек философия» де­ген көлемді мақала жазып, сонда өз дәлел­дерімді келтірдім.  Айтылған мақалаға қоса айтарым, Аб­солю­тке қатысты сөз. Мұсылман теоло­гиясында (Мұсылманда философия жоқ − Ғ.Е.) Алла тағала дегенде «Тағала» абсолют деген ұғымды білдіреді. Сонда абсолют – Алла. Ол тумаған, туылмаған, мәңгі – абсолют. Оның көркем есімдері бар. Сол есімдері арқылы біз Абсолютты тануға ынталымыз және мүмкіндік ашамыз. Абсолют есімдері, оны танудағы мүм­кіндік. Абсолюттің (Қасиетті Есімнің) бірін­ші – Алла, одан кейін көптеген көркем есімдері бар.  Гегельдің жаңалығы сол, ол ислам тео­­­ло­­гия­сынан Алла тағаланы алып, оны Абсолют­тік идея деп ұсынған. Кеңестік заманда араб философиясы, ислам теология­сы дегендерді оқу болмады, бола қалғанда теріс дәрістелді. Философиялық шимайлар болды. Коммунистердің философияны дәріптеуі, бұл білім олардың қате құрған социа­листік қоғамын «ғажап қоғам», әлем­дегі «әділетті қоғам» деп дәлелдеулері үшін қажет болды. Оны Ленин бір сөзбен «диа­лек­тика марксизмнің жаны», – деді. Рас. Диалектикасыз маркстік-лениндік бағыт­тағы философия болуы мүмкін емес-ті. 

* * *

Тәуелсіздік жеңіске жетті. Социалистік қоғам қирады. Марксизм «архивтік ілімге» айналды. Енді, оның жаны диалектика да өз мән-мағынасын жойды. Жағдайдың түбінде осылай болатынын сезген кеңес философтары Гегель іліміне сүйеніп, «Диалектикалық логика» деген пән ойлап тапқан. Ол схоластика мен софизмнен құрылған, қолдан жасалған «философия». 

Диалектикалық логиканы жақтау­шы­­лар, аны­ғында, «философия» деген зайырлы ілі­­мнің тамырына балта шабушылар. Ком­­мунист-философтар ойлап тапқан (Фридрих Энгельс іліміне сүйеніп) диалек­тикалық материализм және тарихи материа­лизм деген теріс ілімдер бүгінде пән ретін­де оқылмайды, олар жойылған. Солар­мен бірге «архивке» «диалектикалық логи­каның» да кетуі табиғи жағдай еді, бірақ ес­кіше ойлап, коммунистік санадан шыға ал­май (тәуелсіздікті қабылдай алмай) жүр­ген кеңес заманында философияны ғылым деп танып, сол таптаурынды санадан арыла алмай жүргендер Кант, Гегель, т.б. (Еуропа ұмыта бастаған) философтар ілімінің шашбауын көтеріп, жаңа заманға тың, жаңа фи­лософиялық рефлексия қажеттілігін тү­сінбей жүргендерді адасушылар, яғни шимай философтар деуден өзге айтарым жоқ. 

* * *

Сәби шимайына қайта оралсақ, ақ қағаз­дың бетінде көлбеу-көлбеу сызбалар пайда болғанын көреміз. Осы сызбаларды сақтап қою қажет. Ол сызбалар сәбидің келешек тағдырының символдары. Әлде, басқадай көзқарас бар ма, қадірлі оқырман!      

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы