• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Тамыз, 2017

Алтын Орда хандығына тиесілі жәдігер

487 рет
көрсетілді

Орал қаласының тұрғыны Анаргүл Әмірова өзіне атасы Мырзағалидің аманаттап кеткен мұрасы – көне жалаудың ХІ-ХІV ғасырлардағы әйгілі Алтын Орда хандығына тиесілі екенін айтады.

Көлемі бір беттік қағаздай ғана, әбден то­зығы жетіп, қозғаған сайын матасының талшықтары үгі­тіліп түсіп жатқан, бүркітке ұқсас екі басты айдаһар бейнесі бейнеленген жібек матадан жасалған көне жалауды Анаргүл Әмірқызы Алматыдағы бірқатар белгілі тарихшыларға арнайы көрсету үшін алып келген екен. «Менің бала кезімде бұл жа­лаудың көлемі үлкен шаршы ора­малдай еді. Ал атам «оның кө­лемі бұрын екі құлаштай еді» деп айтып отыратын. Енді өз­­деріңіз көріп отырғандай, не­­ше ғасырлар бойы дұрыс сақ­­талмаған жалаудың көлемі көз алдымызда біртіндеп кіші­­рейіп, жоғалып барады», деп қынжылады Анаргүл Әмірқызы.

А.Әмірованың қолында сонымен қатар, Ал­­тын Орда хандығы тұ­сын­­да мәртебесі жоғары қолба­сы­лар­дың бі­ріне тиесілі бол­ған жауынгер киімімен қатар, сарбаздар та­ғынатын, бағалы металдан жасалған белбеу түйіндігі, тот басып, кішірейе бастаған қылыш тәрізді бірқатар жәдігерлер бар екен. Әбден тозығы жетіп, шіруге айналған мақтадан тігілген мата бөлшектерінен иректі ою-өрнектерді көруге болады. Л.Н. Гумилев атындағы археология ғылыми-зерттеу институты берген сараптама қорытындысында: «Айдаһар бейнесі бар жалау мен бүркіт басты түйіндіктер жоғары мәртебелі жауынгерге тиесілі болуы мүмкін. Айдаһар бей­несі моңғолдарға билік символы ретінде Қытайдан келген. Жәдігерлердің зираттан қазылып алынуы мүмкін» делініпті.

Археолог ғалым Карл Бай­пақов жалау жайынан хабардар екенін айта келіп: «Бұл Алтын Орда хандығынан қалған жәдігер болуы да мүмкін, өйт­кені ол уақыттары таза қытай жібегі сапалы болған. Бұл жалау мен жауынгер киімі қарапайым сарбазға емес, қандай да бір бе­делді қолбасыға немесе ба­тырға тиесілі болған сияқты. Қалай болғанда да, мұндай жәдігерлерді мүлдем құрып кетпей тұрғанда әлі де толық зерттеп, тарихшы-зерттеушілердің назарына ұсыну қажет», деген пікірін білдірді.

Осы уақытқа дейін атасының тәсілі бойынша қара тұзға орап сақтап келген жалаудың бір жыл ішінде жылдам тозып, көз алдында ғайып болып бара жатқанын айтқан Анаргүл Әмірқызы ел тарихына жаны ашитын жәдігердің аман сақталып қалуына септігін тигізер азаматтар табылып қалар деген үміт жетегінде жүр.

Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ