Кәрі кемпірдің саусағындай тырбиып өскен бәкене бойлы сексеуілдің арасынан қарақұйрық жүгіріп шықты. Аптап ыстықта көлеңкелеп жатқан жануарларды көліктің дауысы үркітсе керек. Алдымызға түсіп алып құйғытты-ай дерсіз. Қарабарқынның қалтарысынан қоян сығалап қарайды. Сарысазанның түбінен сарышұнақтар ін қазып жатыр. Әлден уақытта қапталымыздан бұрқыраған шаң шықты. Құйын шығар дегенбіз. Құлан екен. Біз мінген көлікпен жарысып келе жатыр. Екпіндері тау құлатарлықтай. Тұяқтарынан ұшқан топырақ шаңға айналып, артынан қалың тұмандай із қалдырып келеді. Сол күйінде алдымызды кесіп өтті. Санап үлгердік. Алты құлан. Осы сәтте қызық болды. Құланның дүбірінен түлкі қашты. Алдынан шыққан көліктен одан сайын қорқып, кілт кері бұрылды. Бұрыла бере, бұратыла құлады. Құлан мен көліктің ортасында есінен танардай болған түлкі ирек салып жүгіріп, көзге көрінбей кетті. Аяғыңның астынан буылдырық бұрқ етіп көкке көтеріледі. Төбеңде дала қыраны мен қарақұс қалықтай ұшады. Бұл – «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» еді.
Бегім сұлуАтының өзі адам жүрегіне үрей ұялатар аралға бару баяғыдан ойда жүрген. Көзбен көрсек, құпиясын білсек, табиғатын тамашалап, тыныс-тіршілігін сезінсек деген құмарлық ақыры бізді «Барсакелмеске» апарды. Қорық екі учаскеден тұрады екен. Біріншісі – «Барсакелмес», бұрынғы арал мен кепкен теңіздің орнын алып жатыр. Екіншісі – «Қасқақұлан». Бұл аумаққа Арал теңізінің баяғы шығыс жағалауы мен аралдары кіреді. Негізгі мақсаттың бірі – құлан көру еді. Бір кездері тұқымы тұздай құрып кетудің алдында қалып, үлкен қамқорлықтың арқасында бүгінде саны 500-ге жеткен жануарлар «Қасқақұлан» жағында жайылатын көрінеді. Содан «қайдасың, Қасқақұлан» деп тартып кеттік қой. Бірақ онда бармас бұрын алдымен Бегім ананың ескерткішіне аялдадық.
Бегім ананың нақты қай заманда өмір сүргені белгісіз. Зерттеушілер ІХ-ХІ ғасырлардың арасында екенін айтады. Аңыз бойынша, Бегім сұлу атақты Қарабура әулиенің қызы болған деседі. Ай десе аузы, күн десе көзі, көркіне көз тоймайтын, ажарына алты құрлықтың бар асылын бере салуға татитындай сұлу болыпты. Сол кезеңде өмір сүрген Санжар дейтін ханға тұрмысқа шығыпты. Санжар хан өте саятшыл, аңға шықпаса ішкен асы бойына батпайтын кісі екен. Патша аңға шыққан сондай бір сапарында үйінде қанжарын ұмытып кетеді. Қасынан бір елі тастамайтын қанжарын әкелу үшін уәзірін жұмсайды. Тақсырының тапсырмасын тап-тұйнақтай орындайтын уәзір үйге шауып келіп, Бегімнен қанжарды сұрайды. Сонда сұлу дидарын көрсетпей, ағаш үйдің жабығынан қолын шығарып, ханның қанжарын ұсынады. Бегімнің сүйріктей ақ саусақтарын көргенде уәзір атынан ауып түсіп, есінен танып қалыпты дейді. Әлден уақытта әлін жиып, өз-өзіне келіп, ханға қарай заулайды.
Уәзірінің кешіккеніне патша ашуланып отыр екен. Бірден бас салады. «Қайда жүрсің?» – деп. Зәресі зәр түбіне кеткен уәзір: «Бегім сұлу менің білегімнен ұстап, жібермей қойды», – деп өтірікті өкіртіп жібереді. Өзі ашу үстінде отырған хан мына сөзді естіп, одан сайын қаһарланып, ақылға келместен аңға шыққан сапарын кері бұрып, үйіне қайтады. Келісімен Бегімнің оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де зынданға тастайды. Қансыраған Бегім жылап-еңіреп зынданда жата береді. Бірде Қарабура әулие қызының түсіне еніп: «Балам, шыныңды айт. Адал болсаң, Тәңірі жәрдем беріп, жан жараңды да, тән жараңды да жазар. Ал күнәлі болсаң, Құдайдың қарғысына ұшырарсың», – депті. Сол түні Қарабура әулие Санжар ханның да түсіне еніп: «Адам өзінің өмірлік серігі – әйеліне істің ақ-қарасын анықтап барып, жаза қолданбас па? Егер қызым кінәлі болса, өмір бойы мүгедек болып, қорлық көріп өтсін. Адал болса, оның адалдығына араша түспеген еліңді жылан жұтсын», – деп аян береді. Шошып оянған патша уәзірін зындандағы Бегімнің не күйде екенін біліп келуге жұмсайды.
Бегім сұлу дін аман дейді. Сол сұлу қалпында екен. Патшаның басы қатады. Солай жүргенде аспаннан жылан жауып, қаланы басып қалады. Халықты қыра бастайды. Қасында бірнеше адамымен қашып шыққан Санжар хан ақыры шөл далада қорлықпен өліпті. Ал патшаға өкпелеген Бегім Құдайдың құдіретімен аққу болып ұшып, теңіз жиегіндегі аралға келіп қоныпты. Бегім сұлу қонған жерде мұнара өсіп шығыпты. Кей аңыздарда «мұнараны Қарабура әулие салыпты» деп те айтылады.
«Бегім ана» кесенесі – бүгінде мемлекет қамқорлығындағы тарихи-мәдени ескерткіш. Арал теңізінің бұрынғы жағасында орналасқан. Қаратерең ауылынан 30 шақырым жерде тұр. Жалпы жұрт білуі, көруі керек қой деген оймен жазып отырмыз. Қасиет дарып, кие қонған мұндай мекенді адамдар барып көзбен көріп, аурасын сезініп қайтуы керек.
Қайран, «Қасқақұлан»!Мынау – «Жыңғылтүп» деген жер. Заманында тонналап балық ауланып, оны қалаға жіберіп отырған. Қазіргі күйі өте аянышты. Әнебір үйінділердің астында үйлердің орны жатыр. Бұрын өмір болғаны, қайнаған қызу тіршіліктің өткені сол қирандылардан ғана байқалады. Бұдан әрі қарай теңіздің табанына түстік. Қарабарқын қырғын өскен. Барқыннан кейін сарысазанның алқабы басталады. Сазан біткен соң, сексеуілге жалғасады. Мұны ешкім екпеген. Өзі шығып, өзі өніп келеді. Барлығы табиғи. Күндердің күні келгенде сарысазан мен қарабарқын жойылып, орнын сексеуіл басады. Мына сексеуілдердің шыққанына да ондаған жыл болған шығар. Бірақ әлі кішкентай. Толық жетіліп, іріленуі үшін уақыт керек.
Теңізді көзбен елестетіп, айналаны танып, аң мен құсқа, жануар мен жәндікке қарап отырып «Қасқақұланға» да жеттік. Бір кездері ауыл болған, жұрт отырған дегенге ешкім сенбейді. Боп-бос. Тек елдің өмір сүргенін төбенің басындағы зираттар ғана әйгілеп тұр. «Қасқақұланнан» ең соңғы үй 1975 жылы көшіпті. Теңіз тартылып, тіршілік тоқтаған соң халқы жақын жердегі «Қаратерең» мен «Жаңа құрылысқа» қарай жөңкілген. Басқа амалы қайсы? «Қасқақұланнан» халық кеткеннен кейін «Барсакелместен» құлан көшіп келген. Өйткені, мұнда су бар. Бұрын үш ұңғыма болған. Бүгінде оның біреуі бітеліп, екеуінен су ағып тұр. Даланың төсін дүбірлеткен құланның негізгі суаты осы жер.
Зират орналасқан төбенің басына шықтық. Айналаны дүрбімен шолып тұрмыз. Көз ұшында үш құлынын ерткен екі құлан кетіп барады. Неге үш құлын? Құлан егіз туатын ба еді? Анасынан адасып қалған шығар деп топшыладық. Шамасы, «Ұзынқайырдың» маңы болса керек. Одан беріде жалғыз құлан жүр. «Айғыры үйірден қуып жіберген саяқ қой», – деді жолбасшыларымыз. Әнебір қырдың астынан топ құланның желкесі көрінетіндей. Бізді осы жолға бастап шыққан «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Гаухарбек Сатекеев санап жатыр. Тұп-тура 18 құлан шығарды. Дүрбіні қолдан-қолға өткізіп, жарықтық жануарларды тамашалап тұрмыз. Жаңағы үйірдің қасынан тағы бір топ құлан шықты. Ондағысының саны 25-ке жуық. Бір кезде көк шаң көтерілмесі бар ма? Гаухарбек «екі айғыр төбелесіп жатыр-ау» деген. Айтқандай-ақ екен. Екі айғыр шайқасты да кетті. Ал қос үйір айғырлардың шайнасқанынан үркіп, тұра қашты. Екеуі бірін-бірі аяйтын емес. Секіріп тұрып тебеді. Шоқтықтан, шаптан, жуан саннан, мойын мен құлақтан азуды салып, шайнап, еш аяушылықсыз екеуі кескілескен майданға түсіп кетті. Тура жарты сағат шайқасты. Сосын біреуі қашты. Екіншісі қуып кетті. Әрі қарай көрінбей қалды. Бірақ аңдығанымыз сол жақ. Бір кезде жалғыз аяқ шаң көрінді. Жеңімпаз айғыр ғой. Екі үйірді қосты да, алдына салып, тырқырата қуып кетті. Дәл табиғат туралы деректі фильмдегі көрініс дерсіз. Еш айырмасы жоқ. Тек біз оны суретке түсіре алмадық. Фотоаппаратқа ілінбеді. Төбеден түсіп, қорықтың ішін кезіп келеміз. Шамасы бір шақырымдай жерде үйір құлан тұр. Көлікті өшіріп, асқан сақтықпен, сексеуілдердің тасасымен, аяғымызды санап басып, құландарды суретке түсірмек болып келе жатырмыз. Жел біздің тараптан еді. Екі жүз метрге жуық жүрдік пе, жүрмедік пе, үйір тұтасымен біз жаққа жалт қарады. Қаққан қазықтай тоқтап тұрмыз. Танаулары желбіреп, құлақтарын қайшылап, елегізи бастағандай. Демімізді ішімізге тартып отырмыз. Сәлден соң тыншығандай болды. Қайтадан мысықтабандап жүрдік. Жақындай алмадық. Сезіп қойды. Орындарынан дүр сілкініп, айналаны шаңға көміп, шауып кетті. Тағы да суретке түсіре алмадық.
500 құлан бірге жүреді деп ойлаппыз. Сөйтсек, жылқытектес жануар үйірімен жүреді екен. Күн еңкейе бастаған соң «Қаратереңге» қарай бұрылдық. Жолда құлан кездессе, суретке түсіру – басты міндет. Кездеспеді емес, жолықты. Жолыққанда да көлігімізбен жарысып, тура алдымыздан кесіп өтті. Гаухарбек құланның көлікпен жарысып, сосын алдын кесіп өтетін әдеті барын айтты. «Адамдар! Сендер қанша қуатты көлік шығарыңдар, ғарышқа ұшыңдар! Бірақ мына сайын сахараның иесі – біз! Бізден озып кете алмайсыңдар», деп кетіп бара жатқандай болып көрінді бір сәт маған. Шынымен, адамға көрсеткен қыры ма екен? «Даланың иесі де, киесі де – біз!» – деп кетіп бара жатыр ма, кім білсін... Десек те, бұл жолы да таспаға тартуға мүмкіндік болмады. Шоқалақ жолда суретке түсіру өте ыңғайсыз. Тоқтап, суретке түсіремін дегенше, құландар көзден ғайып болады. Үлгермейсің. «Ұзынқайыр» мен «Тоқпанның» да орнын көрдік. Тастанды далаға қарап жүрегің езіледі.
Айтпақшы, мынадай қызық болды. «Бектібайды» бетке алып келе жатқанбыз. Жазық даладан адамдар екі аяқ жол салып алған. Оның кедір-бұдыры көп. Басыңды көліктің қапталына қатар соғып, он екі мүшең үгітіліп кетердей болып келе жатқанбыз. Гаухарбек жүргізушіге: «Қарап отыр. «Бектібайдың» бұрылысынан өтіп кетпе», – деді. Күлкі қыссын. Айдалада, жолсызда қайдағы бұрылыс дейсіз ғой. Шынында да, бұрылыс бар екен. Сексеуілге ақ қапты байлап қойған. Оның өзі жел шайқап, күн жеп, түйнектей ғана боп қалған. «Бектібайда» да бізді зираттар қарсы алып, шығарып салды...
Сапардың алғашқы күнінде жолсызбен 300 шақырым жүріп, әбден сілеміз қатып, кеш бата «Қаратереңге» кеп құладық. Ертең «Барсакелмеске» барамыз.
Уақыт тоқтап қалған сияқтыТаңмен таласа тұрдық. Жол қамына бірден кірісіп кеттік. Күн көкжиектен бауырын көтермей жатып ауылдан шықтық. Кенезесі кепкен, әбден құрғап, соры шығып жатқан теңіздің табанымен шайқалып келеміз. «Дәл осы жерде теңіздің тереңдігі 16 метр болған», – деді жолбасшымыз. 16 метр дегеніңіз кемі 5 қабатты үйдің биіктігі ғой. Теңіздің ең терең тұсы 70 метрге жуық болыпты. Сондай «жайқалып» жатқан судан тамшы да жоқ боп кетуі қалай? О, Құдайдың құдыреті!
Осы теңіздің астында Х-ХІІ ғасырларда Кердері деген қала болған. Қала екі бөліктен тұрыпты. Біріншісі – үлкен Кердері. Онда кәдімгідей қызу тіршілік бұрқ-сарқ қайнап жатқан. Екіншісі – Кердері қалашығы. Ғалымдар мұны үлкен қаланың қажеттілігін өтейтін, мал өсіріп, егін жинаған қалашық санайды. Бүгінде үлкен Кердеріге бару мүмкін емес. Батпаққа батып қаласыз. Қалашыққа бардық. Қойтастың көлеміндей диірмендерді көрдік. Бұрын осы жерден ірі денелі адам сүйектері шыққан көрінеді. Сонымен қатар, малдың да сүйектері, тұрмыстық жағдайда пайдаланған заттарының қалдықтары табылған. Мазар жанындағы жерленген қабірден бойы екі метрге жуық адамның қаңқасы шығыпты. Қабіріне түрлі тұрмыстық бұйымдар салынып, сән-салтанатты жағдайда бірге қосып жерленгені айғақталған. Екінің бірін бұлай жерлемейтінін ескерсек, онда бұл адамның қалада үлкен абыройға ие болғанын білуге болады.
Кердерінің бүгінгі орны тұтас құм. Жел үздіксіз соғып тұрады. Жақында ғана археологтар келіп жұмыс істепті. Бірнеше жерді қазып, зерттеген. Бірақ жел мен құм зерттеушілер аршыған аумақты қайтадан тегістеп тастауға жақын екен. Енді бір аптадан кейін аршылған жер тақырға айналып, сыр мен құпияны бойына қайтадан сіңіріп жіберіп, түк болмағандай бүк түсіп жата береді-ау.
«Барсакелмес» аралына түс болмай жеттік. Өлі тыныштық. Уақыт тоқтап қалған сияқты. Желдің уілінен басқа ештеңе жоқ. Су кеткеннен соң ну да кеткен. Су мен ну болмаған соң жан-жануарлар да басқа жаққа ауған. Ал бір кездері мұнда бақасы қойдай шулап, балығы тайдай тулап, құланы қақырата шауып, қарақұйрық пен киігі төсін дүбірге бөлеп, құстары ән салып, жасыл-желегі жайқалып, осының бәрін ғалымдар жіті зерттеп жатқан тіршілік болған ғой. Одан қазір қалғаны – «Барсакелместегі» төрт үй. Сосын техникалардың қалдығы. Анау тақыр жерде аэропорт болған десең ешкім сенбейді. Мұнда құландар қысқа қарай келеді екен. Оған дейін осылай аңырап жатады. Айтпақшы, осы арада ел ішіндегі бір аңызды айта кетейікші.
Арал өңірі тұрғындары арасында «Барсакелмес» төңірегінде аңыздар көп. Солардың бірі былай баян етіледі. Есте жоқ ескі заманда Арал маңын мекен еткен тайпалардың арасында соғыс оты өршіп, бір басылмай, елдің берекесін алыпты. Осы тайпалардың ішінде Ләтпай дейтін рубасы болыпты. Соғыстан әбден ығыр болған Ләтпай құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалуды армандайды. Содан «іздегенге – сұраған» дегендей, теңіздің қақ ортасында суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың ғажайып арал бар екенін естиді. Естиді де, сол аралға кетуге бекінеді. Бұлар мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен аралдың төріне жетіп алмақ болады. Қарамағындағы жұртын ақ жартас түбіне әкеліп: «Шолпан туғанда жолға шығамыз», – деп хабар береді. Шолпанның туғанын күтіп отырғанда, олар жаққан оттың маңайына жыртық шапанды, тесік тымақты бір ақсақал келеді. Сосын Ләтпайға қарап: «Бара жатқан аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар да жоқ. Аралда табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді. Мыңғырған мал болады. Аң-құсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер», – дейді. Осыны айтқан заматта қария қараңғылық қойнауына сүңгіп жоқ болады. Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Төбеден Шолпан көрінген сәтте тайпа түгел орнынан қозғалып, мұзды күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына барып түседі. Қысты осы аралда жақсы өткізген Ләтпайдың жұрты көктемге қарай тойына бастайды. Қыдыр атаның айтқандары айдай келіп, көп ұзамай олар байып кетеді. Осы ұзақ аңыздың ақыры аралдағы ағайынның күндердің-күнінде баяғы қарияның өсиетін естерінен тарс шығарып, сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуға ауыз сала бастауы салдарынан бір түнде маңайды түгел ордалы жыланның жалмауымен аяқталады. Аңыз бойынша, сол қырғыннан сегіз жасар бала ғана аман қалыпты. Шамасы, елді түгел қырып тастауға ертегілерге тән есті сарын жол бермесе керек.
«Барсакелместе» төбесіне айшық қойылған үш адамның бейіті жатыр. Мұның екеуі Анатолий Скоруцкий мен оның шешесінікі. Үлкен Скоруцкий осы аралда қызмет еткен. Кейін бір келіншекпен көңіл жарастырып, Ресей жағына кетіп қалған. Баласы мен әйелі осында қалған. Мәңгілікке! Ал үшінші бейіт Давид Пирулин атты ғалымға тиесілі. Ол да саналы өмірінің бәрін «Барсакелместе» өткізген. Энтомолог, яғни жәндік зерттеушісі, ғылыми қызметкер болған. Кейін аралдың басынан бағы тайғанда туған еліне көшкен. Бірақ... «Өлсем, сүйегімді «Барсакелмеске» қойыңдар», – деп аманаттапты. Аманатқа қиянат жасалмаған. Ғалымның аралға деген махаббатын осы бір әрекетінен анық көруге болады.
Тіршілік нышанынан сирек ұшқан құс, бірнеше қоян, қаңырап бос тұрған төрт үй мен үш бейіт қана хабар беретін «Барсакелместің» күйі осындай. Егер жер астынан ұңғыма қазып, су шығарса, баяғы қалпына келмесе де, дәл бұлай бос жатпас еді-ау, Барса. Аралдың ажарын әлі де кіргізуге болады. Тек аз ғана әрекет керек.
Барыңды бағала!Түс қайта тағы жолға шықтық. Бағытымыз – «Қасқақұлан». Құланды жақыннан суретке түсірмесек, жұмысымыз толық аяқталмағандай күйдеміз. Кешке құландар суатқа құлайды, азанда ерте өреді деген. Сол сәтті пайдаланып қалмақ ниеттеміз.
«Барсакелмес» пен «Қасқақұланның» арасы 90 шақырымдық жер. Көп бөлігінде жол түгілі, із жоқ. Осы тұста жолбасшымыздың жердің ыңғайын жақсы білетінін көрдік. GPS-ті желкесіне қондырып, навигаторды миына орнатып алғандай. Қараңғы жерде қара мысықты тап десеңіз, табады-ау. Жаңағы 90 шақырымды еш адаспай, итіңдеп отырып 3,5 сағатта әрең жүріп өттік. Оның жарты сағатында шеге құмға батып, тұрып қалдық. Қысқасы, дала жағдайындағы өмірдің бәрін бастан өткердік қой.
«Қасқақұланға» жетіп, ентігімізді басып отыр едік. Алыстан көліктің дауысы құлаққа жететіндей. Адам аяғы сирек басатын жерде кім жүруі мүмкін? Браконьерлер ме екен дейміз. Сөйтсек, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің директоры Зәуреш Әлімбетова келіп тұр. «Оу, апай, қайдан жүрсіз?» – дейміз ғой біз. «Балалар тамақтан тарығып қалмады ма, жағдайлары қалай екен деп алаңдап отыра алмадым, келдім», – деп жымияды апайымыз. Қоржынын ас-суға толтырып алыпты.
Кешкілік құлан келмеді. Ертесі таңғы сағат 5:30-да суаттың басына тағы бардық. Құлан жоқ. Бізге суретке түсіру бұйырмапты. Енді елге қайту керек. «Барсакелмес» қорығына кірер бірнеше ғана жол бар. Соның бас жағына күзет бөлімін қойған. Қорық қызметкерлері кезектесіп он күннен жатып күзетеді. Бірақ басында үй жоқ. Қосын салса, қысы-жазы адам жатар еді. Жазда вагонда жатып күнелтеді. Қыста қиын. Инспекторлар күн сайын қорықты аралап, жат көздердің жортуылын бақылайды ғой. Дегенмен, қосын салынса, тіпті керемет болар еді.
Зәуреш Жансұлтанқызы қайтар жолда Қамбаштың бойында салынып жатқан «Арал» ғылыми-туристік орталығының құрылысымен таныстырды. Бұл жобаны «Аралды құтқару» халықаралық қоры мен «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ бірігіп қолға алып жатыр екен. Қамбаштың жанында Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі ағылып жатыр. Батыс пен Қытайдың арасына адамдар үздіксіз қатынайды осы күні. Міне, осы орталық ішкі және сыртқы туризмді дамытуға үлкен үлес қосады деген ойдамыз. Өйткені, шөл даланың ортасындағы оазис – Қамыстыбаста жұрт қарақұйрық пен киікті, басқа да жан-жануарды көріп, суға түсіп, жан рахатын сезінер еді ғой. Аралды, «Барсакелместі» зерттеп, оның тағдырына алаңдап жүрген ғалымдардың барлығы осы орталықта жиналып, тізе қосып қатар жұмыс істесе, ғажап емес пе? Қысқасы, бұл ғылым мен туризмді қатар дамытатын үлкен орталық болғалы тұр екен.
Жолсыз жермен бас-аяғы мың шақырымға жуық жол жүріп, үш күн бойы аптап ыстыққа күйіп, ақ шаң жұтып, далада қонып, телефон, интернет деген дүниелерден бөлініп, табиғатпен етене болған бұл сапардың жөні мен жосығы бөлек болды. Көргеніміз, көңілге түйгеніміз көп. Соның бірі мынау: осы күні қазақтың бай жігіттері демалысын Африкада өткізіп, арыстан мен пілді көргеніне мәз болып қайтып жүр. Сондай табиғат өзімізде де бар ғой. Ендеше, неге олар сыртқа құмар? Осыны да ойлануымыз керек сияқты. Ақшаны сыртқа шашқаннан, өз жерімізде алып қалғанымыз барлығымызға тиімді емес пе? «Барсакелмеске» келіп, осында сафари жаса деуден аулақпыз. Өйткені, бұл – қорық. Қорықтың өз заңдылықтары бар. Әрі-беріден соң сол заңдылықтарды сақтай отырып та қорықты аралап шығуға болады. Қысқасы, өзгенің қаңсығына тамсана беретін уақыт өтті ғой деп топшылаймыз...
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы, Арал ауданы
Суреттерді түсіргендер Бағдат Есжанов, Дмитрий Елисеев