• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Астанамен айшықталған Бейжің бейнесі

407 рет
көрсетілді

Қытай астанасында Қазақстан елордасының мәдениеті күндері өтті Ұлы елдің ұлы астанасы... Қытай мемлекетінің бас қаласы Бейжіңге қа­тысты бұл сөзді толық сеніммен-ақ айтуға болады. Бір қарағанда әсірелеу сияқты көрінетін мұндай көзқарасты оның мыңдаған жылдарға тамыр тар­татын тарихы да, 20 миллионды құрайтын тұрғындарының саны да, керек десеңіз, жыл санап емес, ай санап дерлік қарыштап алға басып келе жат­қан бүгінгі даму қарқыны да растайды. Бірқатар батыстық сарап­шы­лар енді бір жи­ырма жылдан кейін Қытай дамудың барлық жағынан да АҚШ-ты артқа тастайды деген сөзді тегіннен-тегін айтпаса керек. Ол ол ма, өздері таң­да­ған социалистік жүйеге адалдығынан танбаған Аспан асты елі Америкаңды жиырма жылға жеткізбей-ақ шаң қаптырады деушілер де жоқ емес. Қазіргі Бейжің қаласы орналасқан аумақта біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мыңжылдық­тың өзінде-ақ қалалар болған екен. Солардың бірі Янь патшалығының астанасы Цзи қаласы болып табылады. Ал бізге белгілі Пекин деген атауды иемденгенге дейін қала Бейпин, Яньцзин, тіпті Ханбалық деген де атаулармен танымал болған. Пекин сөзіне келер болсақ, осыдан төрт жүз жыл бұрын француз миссионерлері қаланы Пекин деп атаған көрінеді. Бірақ бұл атау қытайша сөйлеу мәнеріне мүлде сәйкеспейді. Сондықтан да ХХ ғасырдың екінші жартысында қала атауы нақты қытайша айтылуына қарай бейімдетіліп, содан бастап ол қағидатты түрде Бейжің деп жазылатын болған. Осындай атағы әлемге мәшһүр қалада тәуел­сіздігіне қол жеткізгеніне 20 жыл ғана болған жас Қазақстан мемлекеті астанасының мәдениеті күндерінің өтуі, қытайлар тарапынан Қазақ еліне қошемет көрсетілуі, әрине, мақтанарлық-ақ жәйт. Сөз ретінде айта кету керек, Бейжің мен Астана 2006 жылдан бері бауырлас қалалар болып сана­ла­ды. Бұл да Қазақстанның қабырғасын енді ға­на нығайта бастаған елордасы үшін үлкен мәртебе. Астана қалалық мәслихатының хатшысы Ермек Оспанов бастап барған елордалық деле­га­цияның алып көршімізбен жақын танысуы Ұлы Қытай қорғанын аралап көруден басталды. Қы­тай тіліндегі атауы «Ұзын қабырға» деген ма­ғынаны білдіретін бұл қорған дүние жүзіндегі ең ірі архитектуралық ескерткіштердің санатына жа­тады. Оның ұзындығы қалтарыс-бұрылыс­та­рын қоса алғанда 8850 шақырымнан асады екен. Рас, бұл қашықтықты 6500 шақырыммен шектейтіндер де бар. Ал қорғанның бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралық 2500 шақырымды құрайды. Алғашқы қабырға құрылысы «хунну» (ғұндар) деп аталатын көшпелі халықтардың шабуылынан қорғану үшін біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда Цинь әулетінен шыққан Цинь Ши-Хуанди император билеп тұрған кезде басталыпты. Сонымен бірге ол «Ортадағы империя» қарамағындағылардың жартылай көшпелі өмір салтына ауысып, жабайыларға қосылып кетпеуі үшін қытай өркениетінің шекарасын нақты белгілеп беру міндетін де атқарған. Біздің заманымызға дейін сол күйінде дерлік сақталған, бүгінде туристердің ең көп келетін орнына айналған, Бейжің қаласынан 65 шақырымдай ғана қашықтықта орналасқан қабырға негізінен алғанда 1368-1644 жылдары Мин әулеті кезінде салынған көрінеді. Жер атауына байланысты Бадалин деп аталатын қабырғаның бұл бөлігі ерекше күтімге алынған. Онда осында күн сайын ағылып келіп жататын мыңдаған туристерге неше түрлі дәмханалар мен сауда орындары қызмет көрсетеді. Бірнеше мыңдаған жылдарға созыла­тын тарихында қабырға талай-талай оқиғаларды бастан өткерген. Цин әулеті билеген үш ғасырға жуық кезеңде қабырға уақыттың ықпалымен мүлде құлауға жақын қалып, оның тек Бейжің қаласына жақын Бадалин деп аталатын аумағына ғана күтім көрсетіліп тұрыпты. Өйткені ол өзіндік тұрғыда «астананың қақпасы» міндетін атқарған. Екі мың жылдан астам тарихы бар, екі жарым мың шақырымға созылатын қорғанның уақыт тезіне шыдамай бүліншілікке ұшыраған бөліктері де аз емес көрінеді. Тек 1984 жылы Дэн Сяопиннің бастамасымен Ұлы Қытай қорғ­а­нын қалпына келтіру бағдарламасы бастау алып, ол қытайлық және шетелдік компаниялар, сол сияқты жеке адамдар қаржылары есебінен қаржыландырыла бастайды. Құрылысы бірнеше ғасырларға созылған бұл қабырға туралы аңызға бергісіз небір әңгімелер де жетерлік. 1899 жылы жел сөзді жақсы көретін америкалық газеттер қабырға біржола құлатылып, оның орнына автожол салынбақшы деген қауесет те таратқан екен. Осындай ғаламат құрылысты көру үшін Астанадан келген біздер қорған бойымен өрлей отырып, шамамен бір шақырымдай жерді әзер жүріп өттік. Қорған таудың дәл жотасының үсті­не салынғандықтан біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсіп дегендей, әрқилы «асулардан» өтуге тура келеді. Кей тұстары биікке қарай қия­лай көтерілетіндіктен екі аяққа едәуір салмақ тү­сіріп, екі иіндерінен ентіге дем алып, орта жолда тыныстап отырған адамдар да көптеп кездеседі. Бүгінгі күнге дейін жеткен аңыздарға сенсек, қор­ған құрылысына жарты миллиондай адам қа­тыс­қан көрінеді. Егер ол замандарда ел халқы 20 миллиондай ғана болғанын ескерсек, бұл нақа аз сан емес. Тас кесектерді қалау барысында сөн­дірілген әктас қоспасы мен желімге ұқсас күріш ботқасы пайдаланылыпты. Жыл сайын мұнда «Ұлы Қабырға» деп аталатын жеңілатлетикалық марафон ұйымдастырылып, осы шараға қаты­с­қан спортшылар қашықтықтың бір бөлігін қо­р­ған­ның жотасымен жүгіріп өтеді екен. «Қабырға» бойымен өрмелеп өкпелері ұшқа­нына қарамастан, тарихи орынды көріп таным-білімдерін толықтырған астаналық делегация­ның келесі атбасын тіреген жері – Бейжің қала­сындағы «Foton Motors» зауыты болды. 1996 жы­лы іргетасы қаланған бұл кәсіпорынның онсыз да қарқынды дамып келе жатқан Қытай эконо­микасын алға бастыруда алатын орны орасан зор. Шағын автомашиналардан бастап халық шаруа­шы­лығына қажетті техникалардың алуан түрін шығаратын зауыт өнімдері қазірдің өзінде-ақ ха­лық­аралық рынокты жаулап үлгеріпті. Оған дәлел ретінде 2004 жылға қарасты Қытайда 5 миллионнан астам автомобильдер шығарылып, саудаға түс­кенін айтсақ та жетіп жатыр. Бұл елдің әлем­дегі автомобиль шығарушылар ара­сын­да 5-інші орынға көтерілуіне мүмкіндік берген. 40-тан астам елдер мен өңірлерде өз өнім­дерін сататын зауыттың Таяу Шығыста, Еуропада, Африкада, Азия мен Оңтүстік Америкада дилерлік желілері бар. 1998 жылдан бастап зау­ыттың «VDA 6.0» атты немістің сапаға бақылау жа­сау жүйесіне негізделген «ISO 900» әлемдік сапа стандартына сәйкес сапаға бақылау жасау жүйесін енгізуі шы­ғарылатын техниканың кез келген халықаралық талаптарға жауап беруіне берік негіз қалап отыр. Мәселен, «FOTON» автобустары мен жүк маши­на­лары бағасы, сапасы және рентабельділігі ж­а­ғы­нан бүгінде ең бір жоғары деген бағаларға ие болуда. Осы маркамен шығатын жүк автомаши­наларын онда арнайы жобаланған қондырғылар көмегімен фургон, эвакуатор, рефрижератор ретінде де пай­далануға болады екен. Кәсіпорын эко­логиялық жағынан таза электр қуатымен қозға­латын автомобильдер шығаруды да батыл қолға алыпты. Айтқандай, осыдан 4-5 жыл бұрын біздің Астана көшелерінде де осы зауыттан шыққан автобус­тардың жүргенін елордалықтар әлі ұмыта қой­маған болса керек. Өкінішке қарай, солтүс­тіктің қатты аязына шыдас бере алмаған ол авто­көліктер көп ұзамай істен шығып қалған бола­тын. Сөйтсек, кінә зауыттан емес, тағы да өзімізден болыпты. Арада делдалдық жасаған пысықайлар бағасының арзандығына қызығып, автомашина­лардың климаттық жағдайларға қан­шалықты сәйкесетіндігіне мүлде «назар аударма­ған». Дә­лірек айтқанда, оңай олжа табуды көк­сегендер мәселенің мәнісін біле тұра Қазақ­станның ауа райына жарамсыз көліктерді әдейі алып келген. Бір қызығы, бұл жәйттен зауыт өкілдері де хабардар болып шықты. Ал енді, кейбір мәліметтерге қара­­ғанда, өздеріндегі климат­тық жағдайды ескере оты­рып жұмыс істейтін Ресейде «FOTON» мар­­калы жүк көліктері осы елде шығатын осы тектес жүк көліктерін әлдеқашан-ақ тықсыра бастапты. Қытайлық зауыт өнімінің қаншалықты сұранысқа ие болып отырғанын өзіміз келтірген осынау аз­ған­тай деректерден-ақ айқын аңғара беруге болады. Қалалық мәслихат хатшысы Ермек Оспанов бастаған астаналықтар сапардың екінші күнінде Бейжіңнің бас жоспарымен танысып, қала мэрі Го Цзиньлунмен кездесу құрметіне ие болды. Кездесу барысында Қазақстанның Қытай үшін ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі екінші сауда әріп­тесі болып табылатындығы, екі елдің де қалып­тасқан осы байланыстарды одан әрі дамыта түсуге барынша мүдделі екендігі ерекше атап көрсетілді. Бейжің қаласының мэрі жаңа жетіліп келе жатқан Астананың аяқ алысына өзінің үнемі назар аударып отыратынын айта кетуді де ұмытқан жоқ. Қытай астанасының бас жоспарын бейнелейтін павильон төрт қабаттан тұрады, құрылыс ала­ңы 16 мың шаршы метрді құраса, көрме ала­ңы 8 мың шаршы метрді құрайды. Осындағы бейнезалда Қазақстаннан келген меймандар үшін қала­ның өткенін, бүгінін және болашағын алдыңа жай­­ып салатын фильм көрсетілді. Онда келешекте бой көтеретін құрылыстармен қатар, Бей­жің­де­гі тарихи ескерткіштер мен оларды сақтау жол­дары да өте тартымды бейнеленген. Кең экранды фильмді қарай отырып, өзіңді сол кинода көр­се­тілген қала көшелерінде жүргендей күйде сезі­не­сің. Қаланың бас жоспары үшін өзіндік рөл атқа­ра­тын залдар павильонның әр қабатында рет-ре­тімен орналас­қан. Тіпті, павильонды аралаушы­лар­ға арналған «демалыс аймағы» да мұқият ескеріліпті. Қалабасымен өткен ыстық ықыласты әңгіме­ден соң астаналық делегация Бейжіңнің Халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төр­­­ағасы Ду Дэинмен кездесті. «Beijing Hotel» қонақ­­­үй­інде өткен кездесу соңы бауырлас қалалар ара­­­сындағы қарым-қатынастарды одан әрі жетілдіре түсу жөніндегі меморандумға қол қою рә­сі­мімен аяқталды. Осы орайда Бейжіңнің Халық өкілдері жиналысының 770 депутаттан тұраты­нын, олар­­­дың заң шығарушылық және қаланың дамуына қатысты маңызды мәселелерді шешумен қатар, жоғары лауазымдарға, оның ішінде соттар да бар, тағайындау құзырына ие екендігін де айта кеткен жөн. Өз кезегінде Астана қалалық мәсли­хатының хатшысы тәуелсіздік­­­тің 20 жылдығы қарсаңында елордалықтарға осындай құрмет көр­сеткендері үшін қытайлық әріптестеріне алғысын жеткізіп, ежелден тарихи көршілер болып табы­латын ел­­­дердің арасын­дағы достық байланыс­тардың алда­­­­­­ғы уақыттар­да да дами түсетініне сенім білдірді. Сонымен бірге ол жаңа бой түзеп келе жатқан Астана қаласында ЕҚЫҰ Саммитінің, VІІ Қысқы Азия ойындарының, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңе­сі­нің және басқа да көптеген халықаралық маңыз­ды шара­лардың өткізілгенін айрықша атап көрсетті. Бейжің қаласының орта тұсында «Тыйым са­лынған қала» деген атауымен белгілі сарайлар кешені бар. 720 мың шаршы метрді алып жатқан бұл «қала» әлемдегі ең үлкен сарайлар кешені болып табылады екен. Ол XV ғасыр мен XX ғасырдың басына дейін Қытай императорла­ры­­ның басты сарайлар кешені болып келген. Мин және Цин әулеттерінің 24 императоры дәл осы сарайларда отырып өз билігін жүргізген. Қы­тай­дағы нысан­­­дар ішінен 1987 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлем­дік адамзат мұралары тізіміне ең алғаш енгізілген де осы архитектуралық ескерткіш. Осы сарайлар ішінде 8707, ал аңыз бой­ынша 9999 бөлме бар деп есептеледі. Ғимарат­тарды салуға миллион құ­рылысшы мен 100 мың маман тартылыпты. «Тыйым салынған қала» өз заманы тұрғы­сынан алғанда таңғажайып сипаттамаларымен ерекшеленген. Мәселен, осынау алып сарайлар кешенінен бірде-бір пеш мұржасын таба ал­майсыз. Сонау замандардың өзінде-ақ мұнда жылу жүйесі тұрғын-жайлардың едені астымен жүргізілген. Ал жылу көздері, бізше айтқанда, қазандықтар құрылыстан сыртқары жерде орна­лас­тырылған. Мұның өзі біріншіден, сарайлар­дың ішін түтін мен ыстан сақтаса, екіншіден, өрт қауіпсіздігі үшін де өте қолайлы рөл атқарған. 1987 жылы жарыққа шыққан «Соңғы император» деп аталатын кинофильм осы жерде түсірілген көрінеді. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер тамашалайтын бұл сарайлар аума­ғына ХХ ғасырдың басына дейін бірде-бір шетелдіктің аяғын аттап баса алма­ғанын да айта кету орынды. Осы «қаланың» бір шетінен екінші шетіне жету үшін бір шақырым­нан астам жол жүруің керек. Егер қос қапталда орналасқан сән-салтанаты көз тартатын, ұлттық нақыштар­мен безендірілген ғимараттарды ара­лай­тын бол­саң, онда бүтіндей бір күніңді арнауыңа тура келер еді. Өйткені, оның енінің өзі 753 метрді құрайды. Бұл айтылғандардың шын­дығына осы бір «қала ішіндегі қаламен» танысу барысында өзіміз де анық көз жеткіздік. Астанадан барғандар үшін Бейжің сөзінің қазақша мағынасының «Солтүстік астана» дегенді білдіруі де әлдебір ұқсастықты сездіріп, құлаққа жылы естілгендей әсер етері анық. Себебі біздің де өз қаламызды кейде ауызекі тілде «Солтүстік астана» деп атап жататынымыз бар. Дэн Сяопиннің экономикалық реформалары басталғаннан кейінгі уақыттарда Бейжің қаласы­ның аумағы айтарлықтай ұлғая түскен. Бірақ бұл құбылыс дамумен қатар көптеген проблема­лар­ды да көлденең тартқанға ұқсайды. Жол кептел­мелерінің көбеюі, ауаның ластануы, тарихи құрылыстардың қиратылып, елдің кедей аудан­дарынан, әсіресе селолық жерлерден мигрант­тар­дың ағылуы соның айғағы болып саналады. Осындай жағдайларды ескере келіп, үкімет 2005 жылы қаланың жан-жаққа қарай кеңейе беруін тоқтату жөнінде шешім қабылдайды. Елдің сол­түстік және солтүстік-шығысында пайда бола­тын құмды дауылдар да жыл сайын Бейжіңнің мазасын алып тұратын көрінеді. Астана ауасын ластанудан қорғау мақсатында қаланың шет аймақтарындағы өнеркәсіп кәсіпорындарына өз өндірістерін неғұрлым таза жолға қою, өйтпеген күнде Бейжің аумағынан мүлде кету жөнінде талап қойылған. Осындай биік талап үдесінен шыға алмаған көптеген зауыттар ел астанасынан біржола қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Дей тұрғанмен, қаланың бүгінгі таңдағы даму қарқыны өте жоғары. Қазіргі заманға лайық­талып салынған көп қабатты үйлер мен ғима­рат­тар Бейжіңнің көркін бұрынғыдан да гөрі аша түсуде. Құрылыстың осыншалық екпінді жүріп жатуының өзге тұрмақ, тіпті бейжіңдіктердің өзін таң қалдырып отырған сыңайы бар. Осыдан он екі жыл бұрынғы Бейжіңді бүгінгі қаламен салыстыруға мүлде келмейді дегенді айтты бізге қытайлық аудармашы қыз. Бұрындары велосипедтермен, мопедтермен жүретіндердің көп бол­ғандығы сондай, көліктің осы түрлерінің өзі-ақ көшелерде кептелме туғызып тұрған екен. Бүгінде велосипедтер азайып, олардың орнын автомашиналар алмастыра бастапты. Көше тол­ған Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Германия­ның жап-жаңа автомобильдері. Біздегі тәрізді ескі-құсқы машиналар көзге онша шалына бермейді. Мұны да елдің экономикалық дамуда қан­шалықты алға кеткендігінің басты көрсеткіште­рінің бірі ретінде қабылдаған жөн. Ұлы халықтың – істері де ұлы. Оған біздің бүгінгі Бейжің қаласының жай-жапсарымен та­ны­са жүріп-ақ көзіміз жетті. Жүрдім-бардым істелген шаруалардың талайын көріп, «әттегенай­дан» аузымыз босамайтын бізді қытай халқының жасаған әрбір жұмысын тиянақтылықпен тын­ды­ратыны таңдандырды. Қалада тұрғызылған әрбір ғимараттан әдемілік қана емес, сонымен бірге көрген адамының мысын басатындай сал­мақ­тылық пен сұстылық та сезіледі. Құрылыс­тар­дың 5-10 жылға емес, жүздеген жылдарға негізделіп, ұрпақ игілігіне жарайтындай етіп салынғаны байқалып-ақ тұр. Кешегі кеңестік кезде көсем­дердің портреттерінің жағалай ілулі тұратынын көрген және әміршіл-әкімшіл жүйеде солай бо­луға тиісті деп түсінетін біз социализм жолын­да­ғы елдің астанасынан бірде-бір портрет көре алмадық. Сөйтсек, мұнда көзі тірі көсем­дерге ескерткіш орнатуға немесе олардың суреттерін ілуге тыйым салынады екен. Осыған қа­рап-ақ кешегі өзіміз көрген Кеңес өкіметінде жарасымсыз қы­лы­қтардың аз болмағанын аңғар­дық. Сөз орай­ында Бейжіңнің Тяньаньмэнь деп аталатын басты алаңының әлемдегі ең үлкен алаң болып сана­ла­тынын да айта кету керек. Қаланың қақ ортасын­д­а Бадалин деп аталатын жоғары шапшаңдықпен жүруге арналған автожол бар. Ол жолмен жүру үшін 20 юань төлеуің керек, оның есесіне бағ­даршам да жоқ, кептеліс­тің не екенін де білм­ей­сің. Жалпы, мұнда авто­кө­ліктердің көптігіне қара­мастан жол-көлік оқи­ғалары өте сирек кездесетін көрінеді. Бұл да әр­кімнің өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынының нәтижесі. Ені үш метрге жақындайтын тротуармен жүріп келе жатып оның бір жақ шетіне кедір-бұдыр плита төселгенін аңғардық. Сөйт­сек, ол соқырларға арналған жол екен. Жаңағы ұзынша пішіндегі кедір-бұдырлар көше қиы­лы­сына келген тұста дөңгелек кедір-бұдырларға ауысып кетеді. Ол да зағип кісінің сол арқылы табанымен-ақ өзінің қай жерде тұрғанын біліп отыруы үшін арнайы жасалыпты. Жан-жа­ғын­дағы кез келген нәрсеге көз сала тұрып олардың бәрінің де алдын ала ойластырылып, белгілі бір мақсаттар үшін жасалғанын бай­қай­сың. Қоғам­дық орындардағы дәретханалардың бәрінде де мүгедектерге арналып жабдықталған арнайы кабиналар бар. Бізді бәрінен бұрын 20 миллиондай (ресми түрде «көшіп-қонушы халық» деген атау алған 10 миллион адамды қосқанда қалада 30 миллион халық бар деп есептеледі) халық тұратын қалада түннің кез келген мезгілінде алаңсыз жүре беруге болады деген сөз қайран қалдырды. Осыны естіген біздің отандас­та­ры­мыз шыдамай кетіп біз болсақ қараңғы түсті дегенше сыртқа шығуға қорқамыз деген реніштерін де айтып салды. Оның сыры бұл елде тәртіп бұзған­дарға қатаң жаза қолданылатынында болса керек. Расында да, тәртіп орнамаған, заң жұмыс істемеген жерде қандай да бір жетістікке қол жеткіземін деу бекершілік. Әркім заңды құр­меттеп, тәртіпке бағынған жағдайда ғана қолға алған істен белгілі бір нәтиже шығатынына сенім артуға болады. Әсіресе, миллиардтан астам тұрғыны бар Қытай үшін темірдей тәртіп өте қажет. Әр нәрсенің мәнісін әріден ойлайтын қытай халқы сірә, осыны дұрыс түсінген-ау деген ой келеді. Қаланың үлкендігіне қарамастан автобустарда жүру жола­қы­сы да қалта көте­рер­ліктей – барар жеріңнің қашықтығына қарай бізше алғанда 25 теңге мен 50 теңгенің арасы. Ай­лық орташа табыстары 700 долларды құрайтын бейжіңдіктер үшін бұл ақы­ның қымбат болып есептелмесі анық. Тіпті екі бөліктен тұратын, сырт­қы бейнесі де жарасымды көрінетін қоқыс салғыштарының өзі қалдықтарды қатты-жұмса­ғына қарай бөле отырып тастауға арналған. Үлкен-үлкен қонақүйлердің алдына авток­ө­лі­к­пен жақын келуің үшін автоматты түрде ашы­лып-жабылып тұратын шлагбаумнан өтуің керек. Сөйтсе, ол келіп-кетіп жатқан автомаши­на­ларды суретке түсіріп тұрады екен. Біз үшін «ұсақ-түйек» нәрсе болып көрінетін бұл сияқты ерекшеліктер Бейжің қаласында өте көп. Мә­се­лен, бұл елде қараңғы түсе ұшақтардың ұшпайты­нын, Бейжің әуежайының түнге қарай мүлде дерлік жабылатынын да осында келгенде білдік. Оның өзі қауіпсіздік үшін қабылданған шара кө­рінеді. Қырғызстанның «Бішкек эйр» әуе компа­ния­сының Шыңғыс Айтматов есімі берілген «А-320» ұшағымен түнде ұшып келіп Бейжің әуе­жайына қонып, арада үш күн өткенде дәл сол ұшақпен тағы да түнделетіп Астанаға қарай бет түзеген біз ғана Қытай елі аспанының түнгі тыныштығын бұзғандай болдық. Қытай астанасында елде ресми түрде та­ныл­ған 56 ұлттың бәрінің де өкілдері тұрады. Тұр­ғын­­дардың 95 пайызын этностық қытайлар сана­ла­­тын ханьдар құрайды. Бізді осындай бай тари­хы бар елде 5 мың қазақстандықтың білім алып жат­қаны қуантты. Мен «қуантты» деген сөзді ән­шейін айта салып отырған жоқпын. Малай­зия­ның бұрынғы үкімет басшысы Махатхир Мохаммад айтқандай, уақыттарының көбі ереуілдеумен өте­тін, мораль­дық жағынан алғанда түсініксіздеу жол­ды таңда­ған батыстан гөрі, ежелгі мәдениеті, бай тарихы бар, салт-дәстүрлеріне берік шығыс­қа қарай бетбұрыс жасаған, Қазақстанның бола­шағы болып табылатын жастарымызды Қытай сияқты елде оқытқан дұрыс-ау деген ойға қалдық. Осын­да болған 2-3 күнде аудармашы ретінде бізге кө­мек көрсетіп, қасымыздан табылған Дина, Әлия есімді қазақ қыздарының мінез-құлықтары мен білім деңгейлері де менің осы ойымды растай түсті. Бейжіңдегі Астана қаласының мәдениеті күн­дері Бейжің Гранд театрының концерт залында қойылған Қазақстан өнер шеберлерінің концертімен қорытындыланды. Нұржамал Үсенбаева, Айман Мұсақожаева, Талғат Мұсабаев, Роза Рым­баева, Еділ Құсайынов, Жәмила Серкебаева сияқты талантты әртістеріміздің, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Астана қаласы мемлекеттік филар­мониясының қазақ халық ұлт-аспаптар оркестрі­нің қатысуымен өткен өнер кеші шы­нымен-ақ көрермендер көзайымы бола алды. Осы театрдың екінші қабатында ұйымдас­ты­рыл­ған Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына және жаңа елорда – Астана қаласының табыс­та­рына арналған көрме де жиналған қауымды риза ете білді. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. Астана – Бейжің – Астана. Аспан асты елінің астанасынан алған әсерлер туралы әңгімені осымен тә­мамдауға да болар еді. Бірақ... Осы елге келген бірқатар ағайындары­мыздың, дәлірек айтқанда, әртістеріміздің (ал олардың жалпы саны 165 адам болды) сахнада ғана емес, сонымен бірге көшеде немесе қоғамдық орындарда жүр­­генде де өздерін әртіс ретінде сезінетіндігі көңілге аздап көлеңке түсірді. Үйдегі дағдысымен «ащы суды» сіміріп алған бірқатар қандастарымыз өздерінің сырт елде жүргендерін, олардың мінез-құлықтарына, өздерін-өздері ұстауына қарап қазақ деген халыққа, жалпы Қазақстанға баға беретінін «ұмытып» кететін тәрізді. Кейбір келеңсіз көріністер ұшақ ішінде де орын алып, ондайларды тәртіпке шақыруға тырысқан стюардессалардың әбден ығыр болғанын да естіп-білдік. Осындайларды көрген кезде бәлкім шетелдерге шығатын адам­дарды жинап алып, сыртта жүргенде олардың өздерін қалай ұстаулары керектігі жөнінде ақыл-кеңестер беріп, түсінік жұ­мыс­тарын жүргізсе қалай болар еді деген ой да қылаң береді. Ал ондай ескертулерден нәтиже шығармайтындар, тұла бойы тұнып тұрған талант болса да, енді қайтіп шетелдерге жіберілмейтіндей шара қабылданса. Мұның өзі, түптеп келгенде, қазақтың, одан қалды, бүкіл Қазақстанның абырой-беделі үшін пайдалы болар еді.