• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Ықпалдастыққа ынта жоғары

326 рет
көрсетілді

Кеше ертеңгісін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төр­аға­сы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация Минск трактор жасау зауытының құрастыру цехтарын аралап көріп, аталған кәсіпорын жұмысымен жан-жақты танысты. Бұл шара бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс Төраға­сының ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің оты­ры­сына қатысу үшін Беларуське келген сапары барысында жүзеге асты. Ал зауытта болу кезінде сондай-ақ делегация мүшелеріне зауыт шығаратын өнімдердің үлгілері көрсетілді. Мұнда қойылған тракторлар бидай, күріш, мақта алқаптарын өңдеуге бейімделіп жасалған екен. Және де климаттық ерекшеліктерге байланысты жан-жағы ашық тракторлар да шығары­ла­ты­ны белгілі болды. Жалпы, аталған кәсіпорын трактордың 60 моделін шығарса, оның өзі 200-ден астам модификацияға бөлі­неді екен. Егер зауыт 2010 жылы 42 мың трактор шығарса, биыл оның көлемін 62 мыңға жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Минск трактор зауыты өз өнімдерін әлем­нің көптеген елдеріне сата­ды. Мысалы, Семей өңіріндегі авто зауытта қазан айында ал­ғашқы трактор құрастырылған еді. Қарашаның соңына дейін тағы төрт трактор құрастырылып бітеді деп күтілуде. Жыл соңына дейін Беларусь тракторларының барлық моделін қамтитын 1150 данасы құрастырылады деп жос­парланыпты. Жыл басынан бері елімізге Беларусь тарапынан 2064 трактор мен оның бөлшек­тері сатылыпты. Бұдан кейін Орал Мұхамед­жа­нов Беларусь Республика­сы­ның Президенті Александр Лу­ка­шенконың қабылдауында болды. Беларусь басшысы Қазақстан тарапының өз елі мен халқына көзқарасы көңілден шығатынын айта келіп, халықаралық мәсе­ле­лерде де ұстаным алшақтығы жоқ­тығын алға тартты. Қазіргі тынышсыз әлемде мемлекеттеріміз интеграциялық құрылымға бі­рігіп, уақыттың талабынан шы­ғып отыр. Бұл интеграциялық құ­рылым 2012 жылдың 1 қаңтары­нан бастап енгізілетін Біртұтас экономикалық кеңістіктен кейін жоғары белеске көтерілуі тиіс. Аталған бірлестіктен үміт үлкен, әсіресе, мұнда Қазақстан мен оның басшысы, менің досым Нұр­сұлтан Назарбаевтың атқар­ған рөлі зор, еңбегі өлшеусіз, деді А.Лукашенко. Ол сондай-ақ Ел­ба­сыға сәлемін жеткізуді өтінді. Беларусь өзінің мүміндігіне қа­рай Қазақстанның мүдделерін Еуропа бағытында ілгерілетуге ықпал етуге дайын екендігін де білдіре кетті. Мәжіліс Төрағасы Беларусь Президентіне Қазақстан-Бела­русь ынтымақтастығының ма­ңыз­ды мәселелері бойынша пікір алмасуға уақыт тапқанына риза­шы­лығын білдіре отырып, оның үстіміздегі жылдың 23-25 мамы­рында Астанаға жасаған ресми сапарын Қазақстанда жоғары ба­ғалайтындығын жеткізді. Жоғары деңгейдегі бұл келісімдер екі елдің игілігі үшін қызмет ететін болады. Осы орайда айта кетерлігі – Қазақстан мен Беларусь ара­сындағы қарым-қатынас өзара сенім мен түсіністік негізінде құ­рылған. Сондықтан мұндай бай­ла­ныстар ТМД және халық­ара­лық ұйымдар шеңберінде ны­ғай­ып келеді. Қазіргі таңда Қазақ­стан-Беларусь ынтымақ­тас­­ты­ғы­­ның құқықтық-келі­сім­дік база­сын әр сала бойынша қам­тамасыз ететін 76 шарт пен келісім бар. Беларусь Президентінің үсті­міздегі жылдың 17 қазанында «Известия» басылымында жарық көрген «Біздің интеграциямыз­дың тағдыры туралы» мақала­сы­мен мұқият танысып шыққан­ды­ғын жеткізген Мәжіліс Төрағасы оның негізгі тезистерін қолдай­тын­дығын жеткізді. 2011 жыл ТМД мемлекеттері үшін аса ерекше жыл екендігін қаперге салған О.Мұхамеджанов А.­Лука­шен­ко­ны Беларусь Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығымен құт­тықтады. Сондай-ақ Орал Бай­ғо­нысұлы Кеден одағы жұмысына өзінің қанағаттанушылық сезімін де білдіре кетті. Кездесуден кейін қазақстан­дық парламентшілер делегация­сы қала сыртындағы «Хатынь» Мемлекеттік мемориалдық кешеніне барып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың ру­хы­на тағзым етті, гүл шоқтарын қойды. Сол зұлмат соғыста Беларусь халқы 2,5 миллион адамы­нан айырылғаны белгілі. Респу­б­ликаның әрбір үшінші тұрғыны құрбан болды. Қазіргі кешен ор­наласқан жер тұрғындары тірідей өртелген деревняның орны екені тарихтан мәлім. «Бұл беларусь халқының өткен соғыста тартқан үлкен қасіретінің бір көрінісі ғана. Енді біздің алдымызда со­ғысты болдырмау мақсаты тұр», деді Мәжіліс Төрағасы кешенді аралап шыққан соң. Сондай-ақ қазақстандық делегация Беларусь Ұлттық кітапханасында және Ұлт­тық өнер мұражайында бо­лып, аталған мекемелердің жұ­мы­сымен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Кеше түс ауа Орал Мұха­мед­жановтың Беларусь Республика­сы­ның Премьер-министрі Михаил Мясниковичпен кездесуі бо­лып өтті. 2012 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап енгізілгелі отырған Біртұтас экономикалық кеңістік Еуразиялық экономикалық одақ құруға бағытталған интегра­ция­лық үдерістерді тереңдетуде ма­ңызды кезең болып табылады. Мә­жіліс Төрағасы Беларусь Үкі­меті басшысының қатысуы жос­пар­ланған алда Санкт-Петербург қаласында өтетін Кеден одағы­ның жоғары органы – ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі отыры­сында дағдарысқа қарсы бірлесе әрекет ету мәселесін талқылау жоспарланғанын қаперге салды. Аталған шара қазіргі қауіптерге төтеп беру үшін тиімді тетіктер мен құралдар жасауға мүмкіндік беруі тиіс. Қазақстан мен Беларусь ара­сындағы сауда айналымы 2011 жылдың қаңтар-тамыз айларында 400 миллион АҚШ долларына жет­кен. Қазақстан ТМД шең­берінде Ресей мен Украинадан кейінгі осы елдің сауда-эконо­ми­калық әріптестерінің үштігіне кіреді. Егер 2010 жылды алсақ, Қазақстан мен Беларусь арасын­дағы сыртқы сауда айналымы 657,2 миллион АҚШ доллары болса, бұл 2009 жылмен салыс­тырғанда 1,5 есеге көп. Екі ел арасында өндірістік кооперацияны дамыту мақса­тын­да 2010-2011 жылдарға арналған Бірлескен іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, Қазақстанның Индустриялан­ды­ру картасына жалпы құны 98,6 миллион доллар болатын бела­русь­тік техниканы құрастыру жө­ніндегі 5 бірлескен жоба кіріп отыр. М.Мясникович өз кезегінде сауда-экономикалық ынтымақ­тас­­тықты тереңдету жайына ке­ңі­нен тоқталды. Беларусьтің Қазақ­стандағы Ұлттық көрмесі, үсті­міздегі жылы Алматыда өткен екінші қазақстандық-беларусьтік кәсіпкерлік форумы, сондай-ақ Гомель қаласында (Беларусь) өткен Сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық жөніндегі үкіметара­лық комиссияның 8-ші отырысы екіжақты сауда-экономикалық ын­тымақтастықты арттыруға ай­тар­лықтай үлес қосатын болады. Кезекті 9-шы отырыс 2012 жылы Қазақстан Республикасының бір өңірінде өтуі тиіс. Бүгін Беларусь Республикасы­ның Президенті А.Лука­шен­ко­ның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің басшы­лары­мен кездесуі болады деп күтілуде. Соңынан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден.