• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2011

Еуразияшылдық идеясы өмірге белсене енуде

771 рет
көрсетілді

Еуразиялық тұтастықтың озықтығы, осы кеңістіктегі  интеграцияны құрудың өмірлік қажеттігі, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде көтерген болатын. Бүгінгі күні сол идея іске асып, өзінің жемісін бере бастады. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кеше өткен халықаралық ғылыми форум осы мәсе­леге арналды. Оның тақырыбы «Қа­зақ­стан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» деп аталды. Оның жұмысына Қазақстан Рес­публикасы Президенті Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Б.Майлыбаев, Парламент депутаттары,  М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­сите­тінің ректоры В.Садовничий, ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Т.Мансұров, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Е.Новожилов, Ресей Федерациясының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников, Қазақстан мен Ресей Фе­де­рациясы жоо-ларының ректорлары, про­фессор-ғалымдары, оқытушылар мен студенттер қатысты. Форум жұмысы Еуразиялық идеяның тууы мен іске асуына арналған деректі фильм көрсетуден басталды. Онда бір кездерде көптеген адамдар скептизммен қа­раған Президент Н.Назарбаев идеясының бүгінгі таңда жақсы нәтижелермен іске аса бастағандығы туралы қызықты деректер көлденең тартылды. Одан әрі форум жұ­мы­сын Қазақстанның Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ашып, жүргізіп отыр­ды. Жиналғандарға құттықтау сөзін арнаған министр мәртебелі қонақтарды да таныстырып өтті. Содан кейін сөзді Қа­зақстан Президенті Н.Назарбаевтың құт­тық­тауын оқып беру үшін Б.Майлыбаевқа берді. Құттықтауында Нұрсұлтан Әбішұлы форумға қатысушыларға ыстық сәлем жолдай отырып, өзінің мемлекеттердің Еуразия одағы атты жаңа интеграциялық бірлестік құрудың нақты бағдарламасы мен қағидаттары туралы алғаш рет 17 жыл бұрын айтқанын еске алады. Ал ХХІ ға­сырда сол идеяның іс жүзіне аса бастағаны 10 жылдық тарихы бар Еуразиялық эко­но­микалық қоғамдастықтың нәтижелі жұмыс істеп жатқанынан көрінеді. Оның аясында нақты экономикалық міндеттері бар Кеден одағы құрылып,  2012 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап күшіне енетін Бірлескен эко­номикалық кеңістікке жол ашылды, делінген құттықтауда. Одан әрі Н.Назарбаев бүгінгі күні Еуразия идеясының миллиондаған жақтастары бар екенін айта келіп, біздің елдеріміздің жаһандық әлемде өзіндік орнын алу жолы осы екенін алға тартады. Сонымен бірге, бұл идеяның іске асуына жалғыз саясаткерлер ғана емес, ғалымдар мен мамандар да белсене атса­лысуы қажеттігін атап өтіп, форумның жұмысына табыс тілейді. Келесі сөз Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевтің құттықтауын оқып беру үшін Ресейдің Қазақстандағы елшісі М.Бочарниковке берілді. Онда Д.Медведев  форумға қатысушыларға сәлем жолдай отырып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту қарсаңында Қазақстан мемлекет құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық дамуда өзін халықаралық зор беделге ие еткізген тамаша табыстарға жеткенін атап өтеді. Бүгінгі күні Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі интеграциялық үдерістердің жақсы серпінмен дамуына жол ашып отыр. Біздің үйлесімді әрекет­теріміз толымды табыстарға қол жеткізді, дей келіп, одан әрі Дмитрий Анатольевич Бірлескен экономикалық кеңістікке жол ашқан Кеден одағының жақсы жұмыс­тарын атап өтеді. Біздің келесі баспал­да­ғымыз интеграцияның ең жоғары деңгейі – Еуразия экономикалық одағын құру, дейді ол. Бұл бірлестік бізге технологиялық, жаңғырту, инновация салаларында тиімді кооперациялар құруға қосымша мүм­кін­діктер береді. Мен форумда көтерілген пікірлер мен ұсыныстар Ресей-Қазақстан үн­қатысуы мен ынтымақтастығының терең­дей түсуіне тың серпін берер деген үміт­темін, деп аяқ­талады Ресей Президентінің құттықтауы. Осыдан кейін сөзді Б.Жұ­ма­ғұлов алды. Еуразия идеясының тарихына үңілген ол бұл ойдың бүгін ғана туып отырмағанын, орыстың Н.Трубецкой, П.Савицкий, Г.Флоровский, П.Сувчинский, Г.Вернадский секілді ой­шыл­дарының еңбектерінде де оның бар екенін атап өтті. Олар орыс тарихын бөле-жара емес, еуразиялық өркениет кеңістігімен тұтастыра отырып зерттеді. Ал ХХ ғасырдың екінші жарты­сын­да бұл идеяны Лев Гумилев өзі­нің еңбектерінде қайта тірілтіп, көптеген ғалымдардан «ең соңғы еуразияшыл» деген атақ алды, дей келіп, ғалымның еңбектеріне шолу жасады. Ғалымның негізгі идеялары Еуразия аумағының этногенез үдерістерін зерттеуден туған. Біздің халықтарымыздың әлемдік өзгерістер барысындағы комплиментарлық идеясы ортақ тарихи кеңістікті жоюға мүмкін­дік бермеген шығар, деген қоры­тын­ды жасай отырып, Б.Жұма­ғұ­лов өткен ғасырдың 90 жыл­да­рында бұл идеяның қағидатты түрдегі жаңа серпін алғанын айтты. Соның нәтижесінде еур­азия­шылдық идеясы 1994 жылы Мәскеу университетінде Н.На­зар­баевтың аузымен «Еуразия­лық одақ» деген атау алып, да­мудың жаңа кезеңіне жалғасты. Сөйтіп, әлемдік тарихта тұңғыш рет айтулы Мемлекет басшысы бұл идеяны теориялық тұрғыдан ғана танып қоймай, мемлекет­аралық деңгейде іске асыруға шақырды. Одан әрі шешен Н.Назарбаев идеясының бүгінгі күні нақты сая­си көзқарас қалыптастырумен қа­тар, қуатты экономикалық тұ­ғыр­намаға қол жеткізгенін айтты. Сондықтан Қазақстан Президентін ғаламшарлық ақыл-ойы бар пассионарлық тұлға деп баға­ла­ды. Еуразия идеясының қағидат­та­рын іске асыру адамзат өмі­рінің барлық салаларын да қам­тиды. Соның ішінде білім, ғылым және инновация да бар, дей келіп, Қазақстан Президентінің бас­тамасымен Ғалымдардың еур­азиялық клубы, Телевизия мен радионың еуразиялық академия­сы, Университеттердің еуразия­лық ассоциациясы және т.б. құрылымдардың өмірге келгенін атап өтті. Сөзінің қорытын­ды­сында осы салалардағы  еуразия­лық интеграцияның іс жүзіндегі жарқын көрінісінің бірі ретінде 2001 жылы Астанада М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының ашылғанын көлденең тартты. Филиал жұмысының одан әрі дамуы және оның инновациялық-индус­трия­лық дамудың негізгі мәселе­ле­ріне бағытталуы біздің халықта­ры­мыздың арасындағы қатынастарды тереңдетудің ма­ңызды факторына айналатынына сенімдімін, деді қазақстандық ми­нистр. Сөз кезегі өзіне келгенде ММУ ректоры В.Садовничий Еуразия идеясының қазіргі даму кезеңі Н.Назарбаев есімімен ты­ғыз байланысты екенін атап өтті. Одан әрі осы идеяның Қазақстан Президентінің аузымен алғаш рет ММУ-дің қабырғасында айтыл­ға­нын мақтан ететіндерін жеткізді.  Қазір ол қажетті мазмұн­дар­мен толығып, іске асып келеді, дей келіп, соның бірі ретінде 10 жыл бұрын Қазақстанда ММУ-дің филиалының ашылғанын айтты. Еуразияшылдық идеясын іске асыру жолында сол жыл­дарда Қазақстанның Білім және ғылым министрі болған Қ.Көшербаевтың, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Т.Ман­сұровтың айрықша еңбектерін атап өтуге тиіспін, деді ол. ММУ-дің филиалы туралы айтқанда, ректор оның құ­рамын­да қазір 600-ден астам адам бес бағыттағы мамандықтар бойын­ша білім алып жатқанына назар аударды. Ондағы білім сапасы үздік оқитындар үлесінің Мәс­кеу­дегі ММУ-дің осы маман­дықтар бойынша үздіктері пайы­зымен бірдей екендігінен көруге болады. Ал жалпы, бүгінгі таңда ММУ-де мыңнан артық қазақ студенттері білім алуда, деді ол.  Сөзінің соңында В.Садовничий үстіміздегі жылдың қараша ай­ында Мәскеу университетінің негізін қалаған М.Ломоносовтың 300 жылдығы болатынын қаперге салып, айтулы датаны мерекелеу шеңберінде қандай шаралар жасалатынына тоқталды. Келесі сөз ЕурАзЭҚ Бас хат­шысы Т.Мансұровқа берілді. Ол Президент Н.Назарбаевтың Еуразия идеясының 1994 жылы алғаш рет Мәскеуде қалай жария­лан­ғанын, ММУ-дан кейін оның ресейлік қаламгерлермен, журналистермен де кездесіп, оларға өзінің идеясының дұрыстығын дәлелдеп бергенін айтты. Мен ол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған едім, сондықтан мен бұл идея­ның таратылуының басы-қа­сын­да болдым деп айта аламын, деді Т.Мансұров. Сол кездерде-ақ Н.Назарбаевтың праг­матик саясаткер ғана емес, стратег саясаткер екендігі таныл­ды. Ол орталықтан қашу идеясы қаулап тұрған кездің өзінде мәскеулік сұңғыла саясаткерлерге болашақтың экономи­ка­лық интеграциямен тығыз байла­ныс­ты екенін дәлелдеп берген еді. Одан әрі ЕурАзЭҚ Бас хат­шысы ММУ-дің ТМД елдері көш­басшыларының арасынан Н.На­зарбаев ең бірінші құрметті профессор атағын алғанын еске салып өтті. Одан әрі Еуразия идея­сының іске асуында ЕурАзЭҚ-тың ма­ңызы бар екеніне тоқталды. 2001 – 2008 жылдар аралығында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің тауар айналымы 29 млрд. доллардан 123 млрд. долларға дейін артып, 4 есе өсті. Ал 2010 жылдан Кеден одағы құрылды. Осылай дей келіп, оның әріптес елдер үшін пайдасын тереңнен толғап, Еуроодақ елдерімен салыстыра отырып саралап берді. Соның ішінде іскер адамдардың кедендік бақылауларда күні бойы кідіретінін, ал бірінен өткен соң 900 метрден кейін екіншісіне килігетінін айта келіп, Алматыда бол­ған бизнес-форумда олардың Кеден одағына қатты риза болғанын білдіргенін жеткізді. Ал 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап кү­шіне енетін БЭК – бұл нағыз то­лыққанды, өркениетті, еуропалық ортақ рынок сияқты құрылым болады, деді ол. Осыдан кейін сөз  ТМД Атқа­ру комитеті төрағасының орын­басары Е.Новожиловқа берілді. Ол өзінің жас кезінде қазақ жерінде 20 шақты жыл өмір сүріп, үлкен өмірге жолдама алғанына риза екендігін айтты. Мен еур­азиялық интеграция идеясының көпұлтты қазақ жерінде туып және іске асып келе жатқанында табиғи заңдылық бар деп ой­лаймын. Өйткені, нақ осы жер еуразияшылдық дәстүр­лерге ба­рын­ша бай, деді ол. Одан әрі ТМД Атқару комитетінің төра­ға­сы С.Лебедевтің форумға қат­ы­су­шыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. Форумға қатысушыларды М.Ломоносов атындағы ММУ қа­зақ­стандық филиалының студенттері К.Акст пен Х.Әкім­жанов құттықтады. Таңертеңгілік отырыста соңғы болып Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Қ.Сұлтанов сөйледі. Өзінің сөзінде ол Еуразия идеясының өміршеңдігін, оның қазақстандық, ресейлік ой­шылдар мен сұңғыла саясаткерлер тарапынан қызу қолдау тап­қандығын атап өтті. Сондай-ақ ше­шен ұлттық қауіпсіздік мәсе­лесіне тоқталды. Біз интегра­ция­ны қолдай отырып, елдің қауіп­сіздігін де ұмытпауымыз керек, деді ол. Еуроодақ елдері инте­грациясында үйренетін үрдістер көп, соның ішінде кез келген ел экономикасының үлкен-кішілі­гі­не, халық санының көп-аздығына қарамай, бірдей дауысқа ие. Мәселен, Германия мен Сан-Ма­ри­ноның дауысы бірдей. Ал біз­дің елдеріміздің Кеден одағын­дағы дауыс үлестерінің ұлттық қауіп­сіздікке зиян келтіруі мүм­кін деген алаңдаушылық тудыра­ты­ныны шындық, деп атап өтті ол. Форум жұмысының кофе-брейктен кейінгі отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты К.Бұрханов, Астрахан мемлекеттік университетінің ректоры Ю.Пименов сөз сөйледі. Пленарлық отырысты жабардың алдында В.Садовничийге Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық наг­радасы табыс етілді. Содан кейін Т.Мансұровтың «Нұрсұл­тан Назарбаевтың еуразиялық жо­басының іске асуы» атты кі­та­бының тұсаукесер рәсімі болды. Түстен кейін форум жұмысы бірнеше секцияда жалғасты.  Олар: «Білім саласындағы Еуразия идеясы», «Еуразия идеясы және еуразиялық экономикалық интеграцияның дамуы», Еуразия кеңістігіндегі математика мен информатика мәселелері, «Еуразия гуманитарлық кеңістігінің қа­лып­тасуы мен дамуы», «Эко­логиялық мәселелер мен тұрақты даму» секциялары деп аталып, әңгіме аталған тақырыптар төңі­регінде өрбіді. Секция жұмыстары кезінде Еуразия кеңістігі шеңберіндегі көп­тің көкейінде жүрген мәсе­ле­лер талқы таразысына түсіп, сан қилы ой-пайымдар ортаға салынды. Мәселен, «Еуразия идея­сы және еуразиялық эконо­микалық интеграцияның дамуы» деген тақырыпта сөз қозғаған Ресей Федерациясындағы Қазан мемлекеттік университеті халық­ара­лық қатынастар кафедра­сы­ның доценті, тарих ғылым­да­ры­ның кандидаты А.Белоглазов Қа­зақстан мен Ресей арасындағы интегра­циялық үдерістер бары­сы, жай-күйі, посткеңестік кеңіс­тік шеңбе­ріндегі экономикалық интеграция­лық мәселелер төңіре­гінде жан-жақты ой-пайымын жеткізді. Ол «Білім саласындағы Еуразия идеясы» секциясы барысын­да да көпшілікті толғандырып отыр­ған келелі мәселелерге қа­тыс­ты ой-пайымын ортаға салды. Мәселен, жаһандану заманына сай білім беру жүйесінің қалып­тасуы, даму үдерісі төңірегінде қызықты ой-пікірлер де кім-кімді бей-жай қалдырмағаны анық. Бұл секция жұмысы кезінде оған қа­тысушылар посткеңестік кеңіс­тік­тегі елдерді еуразиялық интеграциялау идеясы жайында келелі әңгіме қозғады. Сала маман­дары мұндай идеяны Қазақстан Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 1994 жылы 29 наурыз күні ұсынғанын еске салды. Бүгінгі таңда Н.Назарбаев ұсын­­ған Еуразия идеясы өз дең­гейінде, шынайы түрде жүзеге асы­­рылып келе жатқаны, мем­ле­кет­тердің Еуразия одағын құру пост­кеңестік елдердегі мемлекет­ара­лық қатынастар тарихында айыр­ықша оқиға болғаны, бұл өз кезегінде осы елдер арасындағы әріп­тестік байланыстарға жаңа сапалы кезеңге көшуге, өзара тың интеграциялық даму кезеңіне аяқ басуға серпін бергені де назардан тыс қалмады. С.Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі педагогика және әлеуметтік жұмыстар кафедрасы­ның доценті Л.Какиева Еуразия­лық одақтың тәжірибе жүзінде іске асырылуы қоғамның сан са­лалы бағытында өзара байланыс орнатуға жол ашқанын, оның ішінде интеграциялық үдеріс­тер­дің жоғары мектептің дамуына да өз ықпал-әсерін тигізіп отырға­нын жеткізді. Жоғары білім қо­ғам­дағы барлық өзгерістер мен үдерістердің қажеттілігін өтей алатын маңызды әлеуметтік институт болып есептеледі. Елдер­дің білім саласындағы ықпалдас­тығы БҰҰ мен ЮНЕСКО қызме­тінің де ең басымдыққа ие ба­ғыттарының бірі саналатыны бел­гілі. Соңғы уақытта жоғары бі­лімнің интер­на­циялануы жаңа­ша қарқын алып келе жатқанын айтуға болады. Ал бұл өз кезегінде Еуразиялық ықпал­дастық идеясының жүзеге асуына серпін болары сөзсіз, деді өз сөзінде Л. Какиева. Бүгін халықаралық ғылыми форум «Математикалық модельдеу және ақпараттық технологиялар», «Эко­номикалық ғылым және оны оқытудың бүгінгі мәселелері», «Эко­логиялық білім беруді жетілдірудің мәселелері», «Бүгінгі еуразиялық кеңістіктегі тіл мен мәдениетаралық коммуникация», «Еуразия әдебиеті» деген тақырыптар аясында өтетін дөңгелек үстелдер жұмысымен өз жалғасын табады. Жақсыбай САМРАТ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.