Облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе, сал ауруларына шалдығып, қол арбаға таңылған азаматтар үшін арнайы пандустармен жабдықталған тұрғын үй салу жобасы елімізде тұңғыш рет біздің облыста ғана жүзеге асырылып отыр десек, шындықтан алшақ кетпеспіз. Соның айқын бір мысалы, жақында пайдалануға берілген «Болашақ» шағын ауданындағы 40 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үй болып табылады. Бұл соңғы үш жылда мүгедек жандарға арнайы салынған екінші тұрғын үй. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі келді. Өңір басшысы қол арбаға таңылған қамкөңіл азаматтарды қуаныштарымен құттықтап, жылы лебіз, ыстық ықыласын білдірді.
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына таралғылы тартулармен келіп отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында халықтың өздерін әлеуметтік жағынан қорғалғанын, барлық жұмыстардың олардың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын сезінетіндей шаруалар істеу жөнінде тапсырмасы орындалуда. Елбасының тікелей бастамасымен бірқатар әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда, мүмкіндігі шектеулі жандар құқықтық жағынан қорғалды. Қазір облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, қоларбамен, ортопедиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жақсарды, олар қоғамдық көлікте тегін жүреді, коммуналдық төлемдер үшін өтемақы төленеді. Соның айқын дәлелі – сал ауруларына арнайы салынған осы тұрғын үй болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Біз мүгедек жандардың қоғамда өздерін дені сау азаматтармен тең сезінулері үшін барлық жағдайды жасаймыз,– деді әкім.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған осы үйде оларға қолайлы жағдай туғызылған. Ішке қоларбасымен кіру үшін пандус жасалды. Бір тонна жүк көтеретін лифт жұмыс істейді. Бірінші қабатта қоларба қоятын бөлме бар. Сондай-ақ, осы қабатта ортопедиялық, аяқ киім жөндеу шеберханалары , тігін цехы және басқа мүгедек жандарға қажетті жұмыс орындары ашылатын болады. Оларда кемінде жиырмадан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді. Сөйтіп, жергілікті билік «Бір оқпен екі қоянды» бірден атып алды деуге болады. Мүгедек жандарды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ете отырып, оларға жұмыс істеп, күнкөріс жасауға жағдай туғызылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолынан су жаңа пәтер кілттерін алып, қуанышқа кенелді.
40 пәтерлі осы тұрғын үйді «Контакт» ЖШС салды. Оған бюджеттен 332,9 миллион теңге бөлінді. Пәтерлер кең, балкондарының өзі қоларбамен қозғалуға қолайлы етіп жобаланған.
Салтанатты сәтте сөз алған «Ақтөбе қаласындағы сал ауруларына шалдыққан азаматтардың құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова, пәтерлі болған Әлібек Елеусізовтің анасы Зәмза Шалабаева осындай шынайы қамқорлықтары, көмектері үшін Елбасына, өңір басшысына шын жүректен алғыстарын жеткізді.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген бірінші топтағы мүгедек Сәбит Мұхитовтың отбасында болып, пәтердің жайлылығына көз жеткізді, қуаныштарын бөлісті. Екі баласымен анасының қолында тұратын азаматтың қуанышында шек жоқ. Бұдан сегіз жыл бұрын жол апатынан сал болып қалған жарымжан баласы мен екі немересін қайтсем жеткіземін деп шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген Сәбеш ананың есіне артта қалған қиындықтар түсті ме, көзін жаулығының ұшымен сүрткілеп қояды. Сегіз жыл бойы жайлы пәтердің азабын тарту оңай емес, әрине.
Семейде әскери қызметін өтеп, ядролық сынақтың зардабынан екі аяғынан бірдей айырылған Қуат Бұлдықов та он жыл үй кезегінде тұрып, екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіпті. Бұған дейін жатақханада тұрып келген оған алған пәтері хан сарайынан кем емес. Ол да толқулы. Дегенмен, бұл қуаныштың көз жасы екенін түсіндік біз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.