• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Халық сенімі қанаттандырған

266 рет
көрсетілді

Тәуелсіздікпен бірге қанатын қа­тайтқан, бүкіл бір ұжымның ертеңге деген көзқарасын қалыптастыруға еңбегі мен қажыр-қайратын жұм­са­ған азаматтар қатары баршылық. Нарық әкелген өзгерістерге орай сонау жылдары іргесі берік ұжым­дардың басына да қиындық келгені белгілі. Ісіне мығым, халқына қам­қор жандар сол кездің өзінде тұтас ұжымды сақтап, барын ұқыптауға тырысты. Солардың қатарында Ала­көл ауданындағы «Тоқжайлау» өн­дірістік кооперативі бар еді. Тыным­сыз тірлікпен бірді екі етіп, ұжым­дағыларды қиналтпаған кооператив төрағасы Алексей Яковлевич Баби­чев ол кездерді былайша еске түсіреді. – Ол қиын уақыт еді. Қолдағы техника ескі, қаржы тапшы. Бірақ, егістік жеріміз, малымыз бар болатын. Оған қоса уақыттың талабымен өн­дір­ген өнімімізді қайта өңдеп, халық­тың игі­лігіне жарату қажет болды. Мал­дың біразын сатып, қуатты диірмен орнаттық. Ұн  шығардық. Ас атасы – нанға деген сұраныстың өскендігінен көршілес аудан тұрғындары бидайын жеткізіп, тартқызып жатты. Осылай­ша біз табыс таптық. Сол сәтте қолдағы сары майды Барнауыл, Павлодар қалаларына апардық. Қосалқы бөлшектерге айырбастадық. Бардың бағасын білуге үйрендік. Бірте-бірте ел экономикасы көтерілді, мемлекет тарапынан көмек келе бастады. Бүгін де «Тоқжайлау» кооперативі егіні де, малы да жеткілікті іргелі шаруашы­лық. Жайқалған егіні мен төрт тү­лігін қатар өсіріп, жылдың қай мау­сы­мында болмасын еселі еңбек­терімен танылған. Биылдың өзінде 4,5 мың гектарға бидай, 150 гектарға жүгері, 500 гектарға жоңышқа егіп, оны төкпей-шашпай жинаған. Машина-трактор шеберханасында 32 доң­ғалақты, 13 шынжыр табанды тракторлар, 12 комбайн, 25 автомаши­наның жартысына жуығы жаңа. Айта кетерлігі, механизаторлар мен жүргізушілер қатары жастардан жасақталған. Жыл сайын жастарды осы мамандықтарға оқытып, біліктіліктерін арттыруға ден қойылған. Кооператив есебінен техникалық ма­ман­дық иелері ғана емес, мал дәрі­гері, агроном, тағы басқа маман­дарды оқыту қолға алынса, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін олар ауылға оралып, жұмысқа  кіріседі. Мамандар баспанамен қамтылады. Кәсіп­одақ ұйымының шешімімен ұжым мүшелері «Сарыағаш», «Ке­рім­ағаш», «Көктем» тағы басқа емдеу-сауық­тыру орындарына тегін жолдамамен жіберіледі. Еңбек озат­тарына он үшінші еңбекақы төлеу, сыйақы беру мәселесі шешілген. Кооператив жыл сайын өз мүшелері мен еңбек ардагерлеріне 700 тонна астықты, малы­на шөпті тегін үлестіреді. Мектеп ұжымына да қаржылай көмек қол­дарын созады. Жұмысшыларға қыс­қы көмір алу үшін жеңілдік жа­салады. Қазақтың салт-дәстүрін,  тілін білетін Алексей Яковлевич қанағат­шыл басшы. Содан болар ұжымның табысы шалқып, жұмысы жандан­ғаны. Ол ғалымдармен байланыс орнатып, бидайдың «Казахстанская 4», арпаның «Агро» жоғары сортты тұқымдарын өсіріп, оны да табыс көзіне айналдырып отыр. Арпаны өзге өңірлердегі сыра зауыттарына саудаласа, сортты тұқымды көршілес аудандардағы шаруашылықтар тап­сы­рыспен алады. Кооперативте 25 мың қой, 850 бас ірі қара, 800 жылқы өз төл есебінен өсіріліп, өнімділігі артқан. Қой мен сиыр қолдан ұрықтандырылады. Ұжымдағы 300 сауын сиырдың сүтін Талдықорғандағы зауыттар жақсы бағаға алады. Жылқы малын асыл­дан­дыру бағытында да жақсы жұ­мыстар жалғасуда. Мәселен, Қамбар атаның «Найман» жылқысына қы­зығушылық басым. Өткен жылы осы түліктен 6 млн. теңге таза пайда түсіпті. Ал, кооператив былтыр өнім өндіруден 241 млн. теңгеден астам пайдаға қол жеткізген. Иә, атына іргелі істері сай ұжым­дағы бірлік пен береке осыған негіз болғандай. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.