• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Инновациялар ілгерілеуге із ашады

343 рет
көрсетілді

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығы мен осы жоғары оқу орнының 15 жыл­дығына орайластылып «Инновациялар және білім беру тех­нологиялары» деген тақы­рыпта халықаралық ғылыми-тәжіри­бе­лік  конференция  өткізілді. Оған Ресейден, Башқұртстаннан және еліміздің  Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушы-профессорлары қа­тыс­ты. Іргетасы қаланғанына  15 жыл толып отырған бұл университетті тәуелсіздіктің төл перзенті деу орынды болмақ. Осыдан тура он жыл бұрын  университет мәртебесін алған  мұнда қазір орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі  кәсіби білім беріледі. 2001 жылдан бері университеттен бес мыңнан астам экомикалық, гуманитарлық-педагогикалық, техникалық мамандар, сондай-ақ, аудармашылар мен дизайнерлер түлеп ұшты. Профес­сорлық-оқытушылық құрам­ның сапасы мен саны артып келеді.  Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізілетін аралық мемлекеттік байқаулардың нә­ти­желері, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішінің жоға­ры­лығы, жұмыс берушілердің ризашылығы  университетте жо­ғары білім берудің уақыт тала­бымен үндес жүргізіліп жатқа­нының дәлелі болса керек. Университетте  инновациялық білім технологияларын енгізуде де ілгерілеу бар. 2004-2005 оқу жылы­нан бастап мұнда білім берудің несиелік жүйесі енгізілді.  Батыс Қазақстан аймағының әлеуметтік және өндірістік саласында ба­сым­дылыққа ие 21 мамандық бойынша жоғары кәсіби білім (бакалавриат) берілсе, магистратурада 8 мамандыққа даярлана­ды. Қазір университетте 4278 студент білім алуда, 92 болашақ магистр бар. Университет Қытай­дың екі іргелі жоғары оқу орнымен тығыз байланыс жасап келеді, нәтижесінде студенттер алмасу тәжірибесі қалыптасты. Сондай-ақ, М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу университетімен, Самара темір жол институтымен, Неміс менеджмент академиясы­мен, Мәскеу қазіргі заманғы бизнес институтымен, М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық институтымен, Бе­ларусь мемлекеттік, Владимир мемлекеттік және Қытайдағы Шың­жаң   университеттерімен  ара­дағы келісім-шартқа сәйкес өзара байланыс аясында оқытушылар мен студенттер тәжірибе алма­сып, түрлі тақырыпта халықара­лық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру дәстүрге айналған.  Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жақсы, 2005 жылы жаңа ғи­маратқа көшті. Жалпы аумағы 17 мың шаршы метрден асатын білім беру кешенінде университет пен колледждің оқу корпустары, спорт зал, ғылыми кітапхана, оқу-баспа орталығы, ақпараттық-тех­нологиялық орталық, жатақ­хана бар. Сақтаған Бәйішев атын­дағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылым­дары­ның докторы Бекежан Ахан ғыл­ыми-тәжірибелік кон­ферен­ция­­ны қысқаша сөз сөйлеп ашып, осы жоғары оқу орнының өзі тәуел­сіздіктің жемісі екеніне тоқтал­ды.   Облыс әкімінің орын­ба­сары Сара Нұрқатова жас ұр­паққа жоғары білім берудегі елі­міздің қол жеткізген табыстарын тәуел­сіздікпен, Елбасы Нұрсұл­тан На­зарбаевтың сарабдал сая­са­тымен сабақтастырды.  Жоғары білім эко­но­мика дамуының ма­ңыз­ды факторы екенін тілге тиек ете келіп, адам капиталы жа­йында ой өрбітті. Ғалымдар индустриялық-инновациялық даму бағыттары және аймақтық экономика мен басқарудың да­муы, инвестия­ларды және аумақ­тық тәуекел­дерді басқару, жоғары мектептегі білім беру жүйесін дамытудың әлеуметтік-педагоги­ка­лық және психологиялық проб­лемалары, білім берудегі иннова­циялық технологиялар, техника­лық ғылым­дардың қазіргі даму пробле­ма­лары мен келешегі, инновация­лық жетістіктер, тілдік және білім беру кеңістігі, тілдерді жоға­ры мектептегі оқытудың теория­сы мен тәжірибесіндегі инновациялар, Батыс Қазақстан­ның экологиялық және әлеумет­тік проб­лемаларын шешудің иннова­циялық технологиялары, білім беру жүйесін модернизациялау бағыттарындағы ізденістерді те­реңірек қаузады,  өзекті мәселе­лер бойынша ой бөлісті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.