• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Айнакөл айшықтары

477 рет
көрсетілді

Ақсу қаласы аумағына  қа­рас­ты бұл ауылдың әуел бастан-ақ жолы болғандай. Ертіс өзені­нің жағасында, айнала үлкенді-кішілі көлдер, үлкен жолдың бойы, бір шеті облыс орталығы, келесі шеті Ақсу қаласы, екі қаладан шыққан жолаушылар таситын автобустар Айнакөлге соқпай кетпейді. Әкіміне қарап ауылын таны. Бұрын азаматына қарап ауылын таны деуші едік, қазір ол заманға сай өзгерді. Өйт­кені бүкіл бір ауылдың ты­ныс-тіршілігі  жалғыз әкімге қарап қалды. Ауыл әкімі Аманжол  Жабайұлы «Егеменнің» әр санын жібермей, ұқыпты түрде оқып отырады екен. Онысы әң­гіме барысында байқалып тұр­ды, көзі ашық, оқыған-тоқыға­ны мол, әр мақалаға мән беріп, өз пікірін білдіріп те қояды. Негізі осы Айнакөл ауылдық аума­ғына қарасты Сынтас, Көктас, Қараой деп аталатын тағы  үш ауыл бар екен. Ақсу  қаласы ау­мағына қарасты үлкенді-кішілі 33 ауыл бар. Бұл күндері оларда  28 мыңдай халық тұрады.  Ауыл­дар өткен жылы 7,4 миллиард теңгеге ауылшаруашылық өнімдерін, атап айтқанда, 6 мың тоннадан астам ет, 27,5 мың тонна сүт, 39 миллион дана жұмыртқа өндірсе, мұның ішінде Айнакөл ауылының да үлесі бар екені сөзсіз. Бүгінгі күні ауылда ірі қара мал, қой, жылқы бар, әр аула­ның отбасында қосалқы шаруа­шылық бар, бұл әл-ауқаттың жақсарғаны. Жәрмеңке сайын қала халқын тамсандырып ет-май, сүт, қаймағын, құрт-ірім­шігін ала жөнелетін де  осы қа­лаға жақын орналасқан ауыл­дар. Ақсудың әкімі сол үшін қаладан «Ауыл» деген үлкен жәрмеңке өткізетін базар ашып қойды. Келесің де делдалсыз өнімдеріңді сата бересің. Тұр­мыс жақсы. Мал өсіргеннің пайдасы осы. Қазір Жаңа жыл алдындағы жәрмеңкеге қызу дайындалып жатырмыз. Өткен жылы  51 рет жәрмеңке өтті. Бұл – байлық, молшылық. Тіліміз тасқа. Тіпті, бұл бар ғой, кәдімгі бәсеке, әр ауыл барын салып, жарысқа түскендей болады, деп ауыл әкімі  бір күліп алды. Айна­көл­дің өзінде негізін  жергілікті ұлт құрайтын 171 орыс, 92 ук­раин, 12 неміс, 4 шешен ұлты­ның өкілдері ағайындас-туыс­тай болып кетіпті. Жұмыс жоқ деп екі қолды қусырып отыра­ты­н­дай емес, дәл қастарында түтіні будақтап Ақсудың қос бірдей алып зауыты –  бірі электр энергиясын, бірі фер­роқо­рытпа өндіреді.  Содан кейін, тау баласы тауға қарап өседі демекші, үйінің ауласында ойнап жүрген ауыл баласы тех­никалық мамандық алып, сол зауытқа жұмысқа түскенше асығады екен. Біздің Айнакөлдің суындай таза су жоқ шығар-ау деп ойлай­мыз, КБМ  де орнатып  алдық, жалпы, ауыл судан таршылық көрген емес, дейді ауыл әкімі бізбен әңгімесінде.  Жаз шыға ауылдан 8 табын мал өріске шы­ғады. Онымен бірге мал шаруашылығымен айналысатын 16 шаруа қожалығы бар. Олар ауыл ішінде болып қалатын өлім-жітімде,  той-томалақта, ме­­ре­келерде демеушілік жасап, көмектесіп отырады. Міне, күз де келеді. Қысқа дайындық. Кәдімгі науқан. Тіршілік деген осы.  Ауылдың ет-сүт, майы жетеді. Дастарқан  мол. Зейнетақыны уақытында алады. Көмірлерін, отын-сула­рын  дайындап ауыл халқы қыс­қа әлдеқашан әзірленіп алған. Бұрынғыдай біреуге масыл бо­лып, өкімет  жасап береді деген жоқ, әркім өз тыныс-тіршілігі үшін, бала-шағасының қамы үшін еңбек етуде. Облыста қа­былданған «Жайлау» бағдарла­масы арқылы ауыл тұрғыны  Бақтыбай Қасымханов 100 қой алып, әйелі, балалары бәрі ба­ғып, төрт түлік мал басын кө­бейтуге үлес қосуда. Балығын аулаймын, демаламын десе  – өзен-көл қасымызда. Өткен жыл­ға өкпе жоқ. Ауыл көшелері қоқыстан тазартылды,  қоршау­лары жөнделді, шамдар орна­тылды. “Жол картасы” бағдарлама­сының кезінде ауылдың кіреберіс жолдарына жөндеу жүргі­зілді. Көктас ауылындағы бас­тауыш мектепке телефон байла­н­ысы орнатылып,  интернетке қосылды. Айнакөлдің өзінде 20 балаға арналған шағын орталық ашылды. Ауылдық дәрігерлік ам­булатория автокөлікпен қам­тамасыз етілді, енді Сынтасқа, Көктасқа, Қараойға баруға мүм­кіндік туды, телефондан­дырыл­ды, жас мамандар келді. Облыс әкімінің тапсырмасына орай дә­рі­хана ашылды, дәрігерлік  бө­лім­ше, мәдениет үйі, мектеп бәрі де қысқа дайын, жөндеу жүргізіліпті. Биыл 7 ана «Күміс Алқа», «Алтын алқа» иегерлері атаныпты. Шоқанның досы        Г.Потаниннің атын алып тұрған ауыл мектебіне келгенімізде таң­қалдық, жайнап, жарқырап тұр, ұқыпты қолдардың, тәртіп пен жүйеліліктің бары бай­қалады. Мектеп директоры Мұ­рат Айдарбековтің өзі   алды­мыз­дан шықты. Кең де жарық спорт залда ауыл балалары жаттығуда. Директордың өзі  спортшы, сондықтан ауыл бала­лары да спортқа жақын көрі­неді. Мұрат пен Аманжол сияқты жігіт ағаларының және мәдениет үйінің директоры Светлана Байманқұлова апай­дың туған ауылдарының  тірлігін өз қолдарына алғандары, оның болашағы үшін, көркеюі үшін жанашырлықпен қызмет жасап жүргендеріне риза болып, Айнакөлдей атына заты сай ауылдарымыз көбейе берсін деп тіледік. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.