• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Айыппұл алынбай іс бітпейді

513 рет
көрсетілді

Жыл сайын елімізде миллиардтаған соманың ай­ыппұлы өтелмеген күйі қалады. Неліктен бұлай бо­лып отыр? Борышкерлер әкімшілік айыппұл төлеу­ден жалтармас үшін мүдделі мемлекеттік органдар қандай шара қолдануы керек? Еліміздің Бас проку­ро­ры Асхат Дауылбаевтың төра­ға­лы­ғымен жуырда өт­кен Құқық қорғау орган­да­рының үйлестіру кеңе­сінде осы жәйттер және осы жөнінде жаңа құқықтық тетік енгізу жайы кеңінен сөз болды. Жыл сайын әкімшілік жауапкершілікке екі миллионнан астам адам тартылады. Ал әкім­­шілік жазаның ең көп тараған түрі айыппұл екені белгілі. Ол әкімшілік істердің 80 п­а­йызында қолданылады. Алайда, тек айып­пұл салумен ғана іс бітпейтінін бүгінгі тә­жі­рибе көрсетіп отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (ҚСжАЕК) жүргіз­ген тексеру айыппұл салу туралы қаулы­лар­дың 40 пайызы орындалмайтынын анықтап берді. Бұл жыл сайын 800 мыңнан астам азамат мемлекеттік органдардың шешімдерін аяқ асты етіп, қазынаға миллиондаған сома қай­тармай отыр деген сөз. Жалпы 2010 жылы әртүрлі мемлекеттік органдар жалпы сомасы 109,3 млрд. теңге­нің айыппұлын салса, соның 29,7 млрд. тең­гесі ғана қайтарылған. Бұл көрініс биыл да қайталанып отыр. Өткен жарты жыл ішінде 45,5 млрд. теңге айыппұл белгіленсе, оның 13,6 млрд. теңгесі ғана өндіріліп алынған. Мұндай заң бұзушылардың 75 пайызын ішкі істер бөлімдері анықтайтынын талдау көрсетіп берді. Ал барлық айыппұлдың со­маға шаққандағы 60 пайызын салық орган­дары салады. Сондықтан да төленбеген ай­ыппұлдардың дені осы органдардың үлесін­де. Мәселен, салық органдары 2010 жылы 64,3 млрд. теңге, ал ағымдағы жылы 17,5 млрд. теңге айыппұл қайтара алмаған. Бұ­ған қарағанда ішкі істер органдарының қай­тара алмаған айыппұлдары аздау: сәйке­сінше 5,4 және 3,1 млрд. теңге. Бұл ретте прокуратура органдарын са­лын­ған айыппұлдарды өндіріп алу жөнін­дегі жұмыстардың ұйымдастырылу жағы да алаңдатып отыр. 2008-2009 жылдары уақы­тылы шара қолданылмағандықтан, кейде тіп­ті мемлекеттік органдардың әрекетсізді­гі­нен мемлекетіміз 25 миллиард теңге айып­пұл өндіріп алу мүмкіндігінен біржола айы­рылып қалды. Ал өткен жылы мерізімі өтіп кеткен немесе басқалай себептермен мұн­дай өндіріліп алуға болмайтын айыппұл­дардың жалпы сомасы 3,6 млрд. теңге болды. Мұндай жағдай жергілікті өңірлерде де оңып тұрған жоқ: Астана мен Алматы қалалары сәйкесінше 819,3 млн. және 558,4 млн., Атырау облысы – 370,8 млн. және Қарағанды облысы 329,9 млн. айыппұл жоғалтты. Әлбетте, барлық мемлекеттік органдар үшін айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіріп алу­дың негізгі жолы қаулыларды сот орындау­шыларға жіберу болып табылады. Алайда, 2010 жылы әртүрлі (кейде әдейі ойлас­тырылған) себептермен 17,2 млрд. теңгенің 437 мың әкімшілік материалдары орындауға жіберілмей қалған! Бұл келеңсіз көрініс әлі де жалғасуда. Осы жылдың бірінші жарты­жылдығында 5,7 млрд. соманың 276 мың материалы жабулы күйінде қалған. Мұндай бойкүйездіктің алдында Алматы (71 189), Қарағанды ( 49 710), Ақмола (48 791) және Батыс Қазақстан (47 507) облыстары тұр. Мұндай заң бұзушылықтар салық орган­дары қызметінде де кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбекші ауданы бойынша салық басқармасы «Строй-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты дер кезінде әкімшілік іс қозғамағандықтан 38 миллион теңгенің салық жөніндегі берешегін өтеу туралы хабарлама хат талабы орындалмады. Бұл ретте де салықшылар жол полициясының әді­сін қолданып, құқық бұзушылар жөніндегі мәліметтерді деректер базасынан алып тастап, оларды жауапкершіліктен босатып жіберген. Мұндай жағдай Алматы қаласында да орын алған, онда деректер базасынан «Алтын Тас Инвест» серіктестігіне қатысты хаттама алынып тасталып, олар 131 миллион теңге айыппұл төлеуден сытылып кеткен. Құқық бұзушылардың іс-әрекеттерін дұ­рыс бағамдамау және айып салуды төмен белгілеу фактілері тіпті көп. Мәселен, Аты­рау облысының төтенше жағдайлар департаментінде жеке адамдардың орнына 24 заңды тұлғалар басшылары жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ айыппұлдар өтел­меуі­нің тағы бір себебі мемлекеттік орган­дардың әкімшілік айып салу туралы қау­лыларды мәжбүрлеп орындату жөніндегі жұ­мыстарды тиісті дәрежеде атқармай от­ыр­ғандығы болып табылады. Атап айтқан­да, салық органдары айыппұлдарды өз бетінше мәжбүрлеп орындату мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Мәселен, Салық кодексі ережелерінде салықтық берешекке қа­тысты айыппұлдарды өндіріп алуда инкас­салық әдістер мен мүліктерді тізімдеу және дебиторлардан өндіріп алу сияқты шаралар кешенін қолдану мүмкіншіліктері ашып ай­тылған. Алайда іс жүзінде бұл борыш­кер­­лерге пәрменді ықпал етудің мұндай құрал­дары өз дәрежесінде пайдаланылмай отыр. Әрине, осы мә­жбүрлеп өн­ді­ру ісінде соңғы нүктені атқару өндірісі органдары қоятыны белгілі. Өкінішке қарай, айыппұл қайта­ру­дағы олардың жұмысы да өз дәре­жесінде емес. 2010 жылы өндірістегі жалпы сомасы 15,7 млрд. теңге болатын 297 мың атқару құжаттарының 2,9 млрд. теңгесін құрайтын 182 мың материалы, яғни оның 18 пайызы ғана орындалған. Ал үстіміздегі жылы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 110 мың мате­риал ғана орындалған. Бұл жалпы са­лынған 9 млрд. теңге айыппұлдың 16 пайы­зы ғана. Тіпті осы соманың да күмәнді екендігін прокурорлық тексеру көрсетіп отыр. Мыса­лы, Астана қаласының сот актілерін орын­дау жөніндегі департаментінде мәж­бүр­леп қайтарылған қаржының жалпы со­ма­сының 800 млн. теңгеден астамы асыры­лып көрсе­тілген. Ал атқару құжаттарын жоғалтып жіберу жаппай орын алған десе болады. 2010 жылы Алматы қаласының сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің әкімшілік айып­пұл­дарды өндіріп алу жөніндегі бөлімінің 15 мың осындай құжаттарды жоғалтып жібергені анықталып отыр. Департаменттің лауазымды адамдары оны құқық қорғау ор­гандарына айтып, тіпті ішкі қызметтік тексеру де жүргізбеген. Мұндай жағдайда осы мекеменің биылғы жылы да 6 мың атқару құжатының ізін таба алмай отырғанына таңғалудың қажеті де жоқ шығар! Айыппұл өндіріп алудың алға баспай отырғаны көп жағдайда сот орындаушы­ларының әрекетсіздігі мен жұмыстарының берекесіздігінен, сондай-ақ ол үшін жаза белгілеу мен бақылаудың жоқтығынан бо­лып отыр демеске амал жоқ. Мұның бәрі өз кезегінде есеп берулерде түрлі қитұр­қы­лар­ға баруға жол ашатыны сөзсіз. Мәселен, жоғарыда аталған Алматы қаласының сот актілерін орындау жөніндегі департаментте 2011 жылдың сәуір айынан бері 154 млн. теңгеден астам соманың 21 мың қаулысы қозғаусыз жатыр. Сөйтіп, Бас прокуратура тарапынан жүр­гі­зілген тексеру елімізде салынған және өндіріліп алынған айыппұлдардың анық та нақты толық мәлімет жоқ екенін көрсетті. Мемлекеттік органдардың ведомстволық есеп­тері мен сол органдар ұсынған құжат­тардың негізінде түзілетін құқықтық статистика органдарының мәліметтері арасында едуір алшақтық бар болып шықты. Тіпті осындай бөлек-бөлек ведомстволық есептер болуының өзі әркелкілікке соқтырып отыр. Сондықтан да прокуратура органдары мұн­дай ведомстволық жүйелер мен мәліметтер базасын ықпалдастыру туралы бірлескен бұйрық жобасын дайындап жатыр. Бұл өз кезегінде әлгіндей статистикалық алшақ­тық­тар түйінін тарқатуға тиіс. Мұндай ық­палдасу салық органдарымен жүргізіліп те қойылды, енді олардың деректері біздің Ко­митеттің мәліметтер базасына келіп түсетін болады. Бұл болса материалдардың келіп түскен уақытынан бастап, олардың түбе­гей­лі орындалуына дейін атқару өндірісін тү­гелдей автоматтандыруды және электронды есепке алуды жедел жүзеге асыруды қамта­масыз етуді талап етеді. Демек, бейберекеттікті болдырмас үшін ал­дымен айыппұлдар мен әкімшілік-құқық­тық статистика жөніндегі жалпы мәлімет­терді қалыптастырудың нақты жүйесін жасау қажет. Бұл ретте олардың жаңа қағи­даттары, мерзімдері мен оларды қалып­тас­тыру тәртіптерін айқындап алу керек. Ос­ы­лардың бәрі ақырында Мәліметтердің бір­тұ­тас банкін құруға мүмкіншілік береді. Мұ­ны біз шартты түрде «Шектеу» деп атап от­ыр­мыз. Мұның мағынасы адамдардың құ­қығын шектеу емес, керісінше құқық бұ­зу­шылықтарға шектеу қою дегенді білдіреді. Мұндай мәліметтер банкінің тұғырна­ма­лық негізі мемлекет пен азаматтар арасын­дағы әріптестік қарым-қатынас идеясын іс жүзінде жүзеге асыру болмақ. Яғни, егер азамат мемлекет алдындағы өз міндеттемелерін орындамаса, онда мемлекет те оған өз қызметін көрсетпейтін болады. Мәліметтер­дің біртұтас банкіне барлық борышкерлер жөнінде деректер енгізіледі. Одан кейін олардың кәсіпорын ашуға қандай да бір рұқсат беретін құжаттар мен лицензия алуына, ел аумағынан шығуына, банк не­сие­лерін алуына, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына және т.б. шектеу қойылатын болады. Мұндай банктің құрылуы мемлекет қа­зы­насына миллиардтаған айыппұл қар­жы­ларының қайтарылып, сайып келгенде қо­ғамда құқықтық тәртіптің одан әрі орны­ғуына алып келетіні сөзсіз. Марат АХМЕТЖАНОВ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.