• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Дүбірге толы дүние

268 рет
көрсетілді

ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ ТАҢДАУЫ КІМГЕ ТОҚТАЙДЫ? Оны біз жексенбі күнгі президенттік сайлауда білетін бо­ламыз. Бұл сайлау ел өміріндегі айтулы оқиға ретінде та­рихқа енер деген үміт бар. Бұған дейін мемлекет бас­шысы төңкеріс жолымен белгіленсе, енді бейбіт жолмен, сайлау арқылы таңдалуы мүмкін. Нық айтпай, мүм­кін деудің де себебі бар. Оны осы сай­лаудың науқаны кезіндегі оқиғалардан жұрт анық аңғарған. Сайлаудың өтуіне жауап беретін Орта­лық сайлау комиссиясы (ОСК) нау­қан кезінде біраз сынға ұшырады. Кейбір үміткерлердің наразылығын да тудырды. ОСК-ні сотқа беріп, оның шешімдерін бұзған жайлар да болды. Сайлау өтіп, оның қо­рытындысы шығарылғанда, оны­мен келіспейтіндердің табылуы да ықтимал. Бұл сайлаудың ерекше бола­тыны алғашқы күннен-ақ аңғарыл­ған. Бұл елде билік үшін күрес өркениеттік қалыпқа сыйыңқыра­май­тын сипат алып отыр. Ел ай­мақтарға бөлініп, өз адамдарын ұсыну, соған ғана дауыс беру елдің бірлігіне айтарлықтай нұқсан келтірері анық. Бұл елді бөліп қана қоймай, ұлттық ауқымдағы тұлға­ны таңдауға мүмкіндік бермейді. Әркім өз «көсемдерінің» соңынан еретін жерде ұлттық ауқымдағы бірлікке жету қиын. Сірә, алғашқы кезде сексеннен астам үміткердің ұсынылуы да жағаны ұстататын-ақ жәйт. Бұл өзі халықтың билікке ел мүддесінен гөрі, арзан бедел жинаудың, дүние табудың жолындай көретіндігін аң­ғартады. Елдің, халықтың, ұлттың мүддесін ойлағанда, жұрт қызме­тімен, еңбегімен танылған тұлға­лар­дың ұсынылуын күтуге, со­ларды қолдауға тиіс еді. Ұсын­ғандар арасында қаншама кез­дей­соқ адамдардың болғаны қоғамның да деңгейін көрсеткендей еді. Рас, тіркеу кезінде сол үміт­кер­лердің көпшілігі тіпті, қарапайым талапқа лайық еместігінен күрес­тен шығып қалды. Сонда да қал­ғандарының өзі жетерлік. ОСК дауысқа түсуге 23 адамды жіберді. Тіпті кемітіп айтқанда, соның жартысы жеңістен үміт етпейтінін анық біледі. Ал сол ОСК бекітіп, бюллетень тізіміне енгізіліп, сол бюллетеньдерді басып болғаннан кейін төрт үміткердің дауысқа тү­суден бас тартуын қалай түсінді­рерсің?! Тәубесіне келіп, райынан қайтты дегеннен гөрі, мұны қа­лайда сайлауға кесір келтірмек кісәпірлік қадам деген жөн болар. Енді 2 миллион 800 мың бюллетеньнен олардың атын қолмен сызып тастау қиямет қиын екен­дігі өз алдына, сол сызу кезінде басқа үміткерлер сызылып кетпеді ме екен деген күдік туады. Ал бюллетеньдерді түзетіп, қайтадан басу орасан қаржыны талап етеді. Сөйтсе де жұрт сайлау күні жақындаған сайын осынау билік жолындағы күресте кімнің ұпайы көбірек болатынын бағамдап отыр. Бұл ретте ақпарат құралдары «сол­түстіктің» өкілі, Социал-демо­кра­тиялық партияның көсемі Алмазбек Атамбаевтың, «оңтүстіктің» өкі­лі, «Атажұрт» партиясының кө­семі Қамшыбек Тәшиевтің және тағы бір «оңтүстік», «Бүтін Қыр­ғызстан» партиясының көсемі Адахан Мадумаровтың атын атайды. Күрес осы үшеуінің арасында өтсе керек дейді. Қазір жұрт айта беретін аймақ­тық сипатқа әдейі назар аударып отырмыз. Сол аймақтық сипат бұл үшеудің біреуіне алғашқы турда суырылып алға шығып, жеңіске жетуіне мүмкіндік бермейтін сияқ­ты. Сайлаушылар өз «аймағына» дауыс береді. Ал «оңтүстіктегі» дауыс екі адамға бөлінуі тиіс. Үміт­керлер үшін мұның да сал­қыны тимей қоймайды. Жарайды, екінші турда қалайда осы екі «ай­мақтың» біреуі жеңіп шыққанда, екіншісі не істейді? Парасат­ты­лық­қа жүгінгенде, жеңгенін құттық­тап, өз жеңілісін мойындауға тиіс қой. Ал соңғы жылдардағы қырғыз ағайындардың тәжірибесі бұған күмән келтіреді. Әрине, әр елдің өздері қалаған жолы бар. Сол жолдың дұрыс-бұ­рыстығын уақыт көрсетеді. Қы­р­ғыз ағайындар қалаған бүгінге дейінгі төңкеріс жолы, «қирату демо­кратиясы» жолы әзірге жұрт қы­зығарлық жемісін бере қойған жоқ. Енді, міне, ел басшысын бейбіт жолмен, сайлау жолымен таңдауға кіріскелі отыр. Таңдау дұрыс жа­салып, сол сайланған қайраткерге қолдау жасалса, елдің ынтымағы жарасар еді-ау дейсің. САЯСАТТЫ ПАНАЛАП, ҚЫЛМЫСТАН ҚҰТЫЛУ ҚИЫН Юрий Лужков – белгілі тұлға. Ресейдей үлкен держава­ның астанасын 18 жыл басқарған беделді қайраткер. Кезінде онымен ел басшылары санасты. Тек өткен жылы ғана сол қызметтен өз еркіммен кетуің керек қой деген емеурінге құлақ аспаған соң, оны президент Дмитрий Медведев «сенімді жоғалтуына байланысты» деген тұжырыммен мэрліктен босатты. Содан бері оның төңірегінде көбірек әңгіме айтылады. Біреу еңбегін айта­­ды, біреулер оның жемқорлыққа қаты­сы болғанын сөз ете­ді. Әсіресе, кә­сіп­­кер әйелі Елена Батуринаға қатысты оған айып тағады. Дегенде, оны сынаушылардың пікірлерінде де біраз шындық жатқаны аңғарылар еді. Ол – дүниені алшаң басып, сапырып өмір кешкен адам. Бір қызығы – бұл адам біздің елімізге де айрықша назар ауда­ратын. Әсіресе, Астана қаласына жиі келіп, онда өткен жиындарға қатысып, жас елордамыздың өсіп-өркендегеніне ықылас білдіретін. Одан кейін өзінің қызметіне қа­тыс­ты болмаса да, Сібір өзен­дерін Қазақстанға бұру жөніндегі мәселені қайта көтергені бар. Оның болашағы жоқ жоба болса да, оған мән беруін біздің елімізге деген ықыласы деп қабылдаған едік. Сол қайраткерге қатысты әңгіменің бізді қызықтыратыны бір жағы соған да байланысты. Юрий Михайлович соңғы күндері тағы да үлкен әңгіменің тақырыбына айналды. Ресей ақ­парат құралдары бұл жайында жарыса жазып жатыр. Мұның өзі саяси мәнге де ие болып отыр. Әңгіме мынада. Осыдан он күн­­­­­дей бұрын Ю.Лужков «Азат­тық» радиостансасына сұхбат беріп, онда РФ президенті Дмитрий Медведевтің атына ауыр-ауыр сын­дар айтқан еді. Араға екі күн са­­лып, Мәскеудегі тергеу орын­да­ры оны қылмыстық істерге қа­тыс­ты жауап беруге шақырды. Бұған Лужков саяси сипат береді, президентті сынағаным үшін солай етті дейді. Сынға келсек, ра­сында да ол ауыр. Лужков Медведевті президенттігі кезінде «елдік мәсе­ле­лерді шешуге қа­бі­летсіздігін көрсет­ті» деп мә­лімдеді. Сондай-ақ ертең ол В.Путиннің орнына премьер болған кезде де бұл Ресей үшін теріс нәтиже беретін қадам болады деді. Бірақ сондай сын үшін Луж­ковты тер­геу­ге шақырып отыр деу де артық көрінеді. Ал енді Лужковты тергеуге жауап беруге шақыруында біраз қылмыстың иісі шығады. Ол қала мэрі болып тұрғанда қала бюджетінен Мәскеу банкіне 15 миллиард рубль аударылып, ақыр со­ңын­да ол Лужковтың әйелі Елена Батуринаның компаниясына өте­ді. Бұл мәселе олардың отбасында шешілген. Енді Лужков бұған қа­тысым жоқ, жауапты банк бас­шы­лары береді дейді. Ал банк бас­шылары Бородулин және Акулинин дегендер осы қылмысқа бай­ланысты Лондонға қашып кетіп, сонда бас сауғалап жүр. Лужков­тың бұл мәселеден басын арашалап алуы оңай болмас. Сірә, Лужков содан құтылу­дың жолы ретінде саясатқа жү­гі­ніп отырған сыңайлы. Шын м­ә­нінде Юрий Михайлович алда өзіне осындай айыптау тағыла­ты­нын біліп, жылдамырақ қимыл­дап қалғандай. Енді саясат үшін қудалап отыр деп ақталмақ. Бірақ бұл айла-тәсілдің оны құтқаруы екіталай-ау. Адам дүниеқоңыздық деген бәлемен былғанса, одан ары­лу, тазалану қиын-ақ. Тіпті әлем таныған Лужковтай тұлға­лар­ға да ол оңай соқпас. Мамадияр ЖАҚЫП.