• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Тиімді қатынастар көкжиегі

346 рет
көрсетілді

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан мен Беларусь ара­сын­дағы байланыс 1992 жылдың 16 қыркүйегінде дипломатиялық қатынастар арқылы жолға қойылды. Қазіргі таңда екі ел арасында өз­ара сенім мен түсіністік қалыптасқан әріптес республикалар болып табылады. Елдердің Кеден одағына мүшелігі, ЕурАзЭҚ, ТМД және Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бірігіп іс-қи­мыл танытуы көптеген мәселелерді шешуге оң ықпал етері сөзсіз. Қазақстан, Ресей және Беларусь мүшесі болып табылатын Кеден одағы аталған елдер арасындағы келісімдердің негізінде өмірге келгені белгілі. Беларусь аталған кедендік келісімдер ар­қы­лы өз тауарларының Ресей ры­ногына еш кедергісіз өтуіне үл­кен мүмкіндік алып, бірқатар ар­тықшылықтарға да ие болды. Осы орайда Беларусь пен Ресей арасында АЭС салу, жер серігін ұшыру және басқару сияқты жо­баларды жүзеге асыру көздел­ген­дігін айта кету керек. Алайда ресейлік тарап мұндай жобаларды көршілерінің аумағында жүзеге асыруға асығар емес. «Известия» басылымының 17 қазандағы са­нын­да жарық көрген «Біздің ин­те­грациямыздың тағдыры тура­лы» атты мақаласында А.Лукашенко шенеуніктердің селқос іс-қимылына қынжылыс таныта­тын­дығын ашық айтқан. Бірақ бұл жерде мәселе басқада екені күмәнсіз. Егер ресми статистикаға жүгі­нетін болсақ, Беларусь эко­но­ми­касында кейбір қиыншылықтар байқалуда. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру өткен жылмен салыстырғанда тө­мендеп кеткен. 2011 жылдың соңғы жеті айында ішкі жалпы өнім өткен жылмен салыс­ты­р­ғанда болмашы ғана өскен. Инфляцияның жоғары деңгейінің сақталуы, валюта жетіспеушілігі, өсім көрсеткішінің төмендеуі және билік тарапынан нақты шешімдердің болмауы эконо­ми­када тұрлаусыз ахуал қалып­тас­тырып отырған сыңайлы. Қайта қаржыландырудың жылдық став­ка­сы 35 пайыз болса, сарап­шы­лар несие беру қымбатқа соға­ты­нын мәлімдеуде. Тек биылдың өзінде қайта қаржыландыру 10 рет өзгеріпті. Оның тағы өсуі мүмкін екендігін осы ел Ұлттық банкінің төрайымы Надежда Ер­ма­кованың өзі мәлімдеген. Оның орынбасары Сергей Дубков жа­қында берген баспасөз мәсли­ха­тында кейбір банктердің бір-біріне қосылатыны немесе бірігетіні туралы мәлімдеп те үлгерді. Ол бұл жерде барлық тәуекел­дер­ді ескеру қажеттігін де ескерте кеткен. Өйткені, бұған дейін де осындай қадамдардан бірқатар екінші деңгейлі банктердің бан­кротқа ұшырағаны белгілі. Қаржылық қиындықтарды ба­сынан өткеріп отырған Минс­кі­нің қазіргі кезде шетел инвес­ти­ция­сына зәру екені байқалып қал­ды. Беларусь Премьер-министрі Михаил Мясникович Қазақ­стан Парламенті Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджанов­пен болған кездесуінде Қазақстан тарабына «МобильныеТеле­Сис­темы» компаниясының мемлекеттік үлесін сатып алу туралы ұсы­ныспен шығуы осыны аңғартса керек. Аталған мәселе бойынша аукцион 2011 жылдың 1 жел­тоқ­са­нынан бастап өткізілмекші. «Белтелекомның» аталған ком­па­ния­дағы 51 пайыздық үлесін са­тып алуға 1 миллиард АҚШ дол­лары сұралып отыр. Осы орайда ресейлік тарап бұл ұсыныстан бас тартқандығын да ескерте кеткен жөн. «Сіздердің бұған қан­ша­лықты қызығушылық таныту­ла­ры­ңызға қарай иелік етуге қа­тысты реформалау мәселелерін қарастырып көруге болар еді», деді Беларусь Премьер-министрі Қазақстан Парламенті Мәжілі­сі­нің Төрағасына. Беларусь тара­бы, сонымен қатар, қазақстандық парламентшілер делегациясына ірі экскаваторларды, сыйымды­лы­ғы 450 тоннаны құрайтын жүк көліктерін бірлесе шығаруды ұсын­ды. Қалай десек те, қазіргі таңда Беларусь шетелдік инвес­тицияға зәру. Айта кету керек, Беларусь пен Қазақстан бір-бірі үшін сенімді әріптес және айнымас дос ретіндегі ынтымақтастығын тереңде­ту­ге мүдделі. Бұл елде кеңестік дәуірден келе жатқан техника шығару дәстүрі қалыптасқан. Эко­номикалық жағынан дамуға бет алған Қазақстан үшін қазіргі таңда мұндай техникаларды са­тып алудан гөрі, өзімізде құ­рас­тыру, тіпті мүмкіндік болып жатса, шығару өте тиімді болмақ. Мәжіліс Төрағасының Беларуське ресми сапарында Минск трактор жасау зауытының трактор­лар­ды құрастыру цехын арнайы аралап көруі осындай игі ниеттен туғандығы жасырын емес. Спикер өз сөзінде де Беларусь тара­бының қатысуымен жүзеге асы­рылып жатқан жобалардың азды­ғын, әлі де бұл бағытта заң­на­малық жағынан жетілдіретін тұс­тар бар екенін меңзеді. Қазіргі таңда екі ел арасында 2009-2016 жылдарға арналған ұзақ мер­зімді экономикалық ынты­мақ­тастық келісімі жасалып, сол бойынша бағдарлама да әзір­лен­ген. Бұдан басқа 2010-2011 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары да бар. Осы ретте «Жол картасы» бойынша 27 жоба қарастырылса, қазіргі таңда Қазақстан Индус­трия­ландыру картасына сәйкес құны 98,6 миллион долларлық беларусьтік техникаларды құрас­тыруға арналған 5 бірлескен жоба жүзеге асырылуда екендігін де қаперге салған жөн. «Жол кар­та­сына» сәйкес БелАЗ техникасын құрастыру мен жөндеу жөніндегі кәсіпорын салу, Есіл-740 астық жинау комбайнын шығару, дизель қозғалтқыштары мен «Беларусь-3022» модельді трактор­ла­рын құрастыру және «МАЗ» автошассиі базасында арнайы техника шығару жөніндегі Қазақ­стан-Беларусь бірлескен кәсіп­орын­дарын іске қосу көзделген. Оның үстіне қазақстандық тарап беларусьтік кәсіпорындарды жекешелендіруге қызығушылық та­ны­тып отыр. Еліміздің Эконо­ми­калық даму және сауда министрлігі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірлесіп, беларусьтік кәсіп­орын­дарды жекшелендіруге Қа­зақстанның қатысуы мәселелерін қарау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу, сондай-ақ бұл мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеу үшін Минск қаласына делегация жіберу жайы да күн тәртібіне қойыл­ған. Екі ел арасында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық та дамып келеді. Мәселен 2010 жылы Беларусь аумағынан Қа­зақ­стан мұнайының экспорты 8 миллион тоннаға жетсе, бұл көлем үстіміздегі жылы да сақталады деп күтілуде. Жалпы, қазақстан­дық қара алтынды Беларусь аумағы арқылы алыс шетелдерге жеткізу үшін «Транснефть» АК» ААҚ құбыр желісі пайдала­ны­ла­ды, сондықтан да ресейлік тараппен келісуге тура келеді. Үш мем­лекет арасындағы мұнай және мұнай өнімдері ортақ рыно­гын дамыту және жұмысын жүр­гізу, басқару, ұйымдастыру тәр­ті­бі туралы үшжақты келісім ая­сын­да еліміз екі мемлекет үкі­мет­тері арасында «Беларусь Респуб­ликасына мұнай мен мұнай өнім­дерін сату бағытындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық ту­ралы» екіжақты келісімге қол қою мәселесін қарастыруда. Қазақстан Беларусь тарапына 2009 жылы 2,8 миллион тонна қатты сортты бидай сатса, қазір бұл сұранысты Ресей мен Украина жауып отырғандығын айта кеткен жөн. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы, мәдени-гумани­тар­лық және өзге де салаларда ынтымақтастық артып келеді. Беларусьте ғылым дамуы мен іргелі зерттеулер саласында айтар­лық­тай жетістіктерді ескере келіп, ғылым саласында, әсіресе «Назарбаев Университетімен» ынты­мақ­тастықты нығайтуда айтар­лық­тай әлеует бар. Ортақ рухани құндылықтарды насихаттауда Қазақстан және Беларусь халықтарының қазіргі мә­дениетімен, дәстүрімен және сал­тымен, тарихымен танысу жөнін­дегі іс-шаралар үнемі өткізіліп келе жатқандығын айта кеткен орынды. Қазақстанда 65 мың белорусь тұратын болса, олардың 12 этномәдени бірлестіктері жұ­мыс істейді. «Беларусь этномә­де­ни бірлестігі» ҚБ төрағасы болып Мәжіліс депутаты Леонид Питаленко сайланған. Осы орайда Беларусь жерінде 1500 этностық қазақ тұратынын, олардың «Елім-ай» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейтінін қаперге сала кетейік. Қорыта айтқанда, Беларусьте техника жасау, ғылыми-техни­калық жетістіктерді пайдалану дұрыс жолға қойылған. Елімізде қаржы-несие саясатының тиімді жүзеге асырылып келе жатқанын, оның үстіне жинақталған қаржы­ның болуын есепке алсақ, бізде осы елдің техника саласында жеткен жетістіктерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, бұл қарым-қатынастар заңнама­лық тұрғыдан да кепілдендірілгені ұтымды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.