• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

«Өзіміздің Иван Адамович!»

425 рет
көрсетілді

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына қоныс аудар­ған кез. Жиналыстар көп шақы­ры­латын. Президиумда республика­лық деңгейдегі ла­уазымды кісілер жиі отыратын бас­қосулардан газетке есеп жазуға тура келгендіктен ба­рамыз. Осы жина­лыстардың ма­ңы­зын салмақтандыру үшін әлгі өкіл­дердің аты-жөнін тәп­тіштеп, сөй­леген сөзіне екпін түсіре жазамыз. Уақыт өте стиль өзгерді. Таң­дап барып, талғап жазуға тыры­са­мыз. Бірде «Нұр Отан» ХДП об­лыстық ұйымының есеп беру-сайлау жиналысына шақы­рылдық. Дай­ындық мықты. Концерттер қой­ы­лып, көрмелер ұйымдастырылған. Делегаттарды былай қойып, мекеме басшылары, партиялар мен қо­ғамдық бірлестіктердің өкілдерін қосқанда, жалпы адам қарасы 300-ге жуықтайды. Президиумда екі орындық қойылған. Мені ғана емес, баршаның жүзінен «екінші креслоға кім жайғасады?» деген сұ­рақ менмұндалап тұр. Көп ұза­май сахнаға облыс әкімі, филиал төр­ағасы Сергей Дьяченко мен сұңғақ бойлы, ашаң жүзді кісі ширақ қи­мылдап шықты. Біраздан кейін жина­лыс төрағасының тәр­тіп­ке шақыр­ғанына қарамастан, зал­дың әр бұры­шынан «Оу, бұл өзіміздің Иван Адамович қой!» деген таңданысынан қуа­нышы басым дауыстар дүр етті. Президиумнан аста­на­лық адамдарды іздеп дағ­дылан­ғандықтан болар, алғашында танымап­пыз. Алдымызда Целиноград ауда­нындағы «Родина» аг­ро­фирмасы» ЖШС директоры Сауэр отыр. Ол «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі екен. Көпшілік жетекші партияның жаңашыл ұс­та­нымына риза болды. Біз де есепті құлшына жазғанбыз. Одан бері де біршама жылдың жүзі өзгерді. Өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – жұртшылықтың осы адамға қаратып айтатын «Өзіміздің Иван Адамовичі». Көшеде көрсе де, көшелі жиналыста көрсе де, теледидардан көрсе де осыны ай­та­ды. Ауқымында қаншама ізет-құр­мет жатыр десеңізші. Иван Адамович туралы, оның «Родинасы» ту­ралы әжеп­тәуір мақала жаздым. Халық құрмет сөзін жай айтпайды екен. Әмбебап шаруашылық «Ал­тын сапаның» ең алғашқы жеңім­пазы. Былтыр тағы да иеленді. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің «Қараөт­кел-2010» көрмесінің «Алтын белгісін» де жарқыратты. Көкөрімге бөлен­ген Ро­дина ауылының үйлері орта­лық­тан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің аумағы 40 шақырымды алып жа­тыр. Үйлену тойы мен сәби туған­дағы дәстүрлі базарлық 50000 тең­ге­ден екен. Ұжым мүшелері 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150000 теңгені иемденеді. Өткен жылғы 65 жылдық мерекеде соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Бо­гатыревқа «Ваз-2167» автокөлігі мін­гізілді. Ауыл мәдениет ошағы рес­публиканың «Үздік клубы» атан­са, алдыңғы жылы шаруа­шылық «Жыл­дың үздік әлеуметтік жоба­сы» номинациясы бойынша рес­публикалық «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды. Осылайша жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, менің айтпағым басқа жыр. Елбасының «Родинаға» сапарларында байқағаным, Нұр­сұл­тан Әбішұлы «Өзіміздің Иван Адамович» дегенді кішкене өзгер­тіңкіреп, әңгімесін «Есің­де ме, Иван...» деп бастайды екен... Ойымнан кетпей жүрген тақы­рыпты аша түсудің орайы келді жуырда. Шаруашылық 60 мың гектар егістіктің рекордты ырыздығын құт қамбаға құ­йып, көңілі жай­лан­ған тұс. «Есіңде ме, Иван...» тектен тек айтылмайды ғой, Елбасымен кездесулеріңіздің кейбір сәттерін әңгімелесеңіз» деймін оған. Бұл жолы кәдімгідей ашылды. – Президентпен кездесу көп бол­ғанымен, еркінсіп кету мүмкін емес, әр кездесудің жауапкершілік жүгі ауырлай түседі, – дейді И.Сауэр. – Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқы кездесуім 1989 жылдың тамызында, біздің астықты алқа­бы­мызды аралаған шағында бо­лып еді. Ол кісі 22 шілдеде Қа­зақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып сайланған. Ал, менің директор­лық қызметіме екі жыл енді толған. Мені таң қал­дыр­ғаны, біріншіден, оның аңғарым­паз­дығы, еш нәрсені қалт жібермейтін қасиеті. Қолымды жең ішіне жасырып, өзімді барынша сергек ұстауға тырысқаныммен, жол апатынан кейін ауруханадан ертерек шыққаныма ескерту жасады. Екіншіден, өзінің негізгі маман­ды­ғы металлург екендігіне қара­мас­тан, біздің кеңшардың жер өңдеу ерекшелігі, егіншілік техноло­гия­сы, тұқым сұрыптау мәселелері ту­ралы білікті ғалым агроном дең­гейінде пікір білдіруі. Одан кейін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет кездестім. Әсіресе, 1993 жылғы жаң­быр­лы қыр­күйектегі шаруашылығы­мыз­ға сапары айрықша есімде қал­ды. Күн жарықтық шайдай ашыл­ды. Президент «мен сіздерге қо­лай­лы ауа райы мен жылылық алып келдім, енді астықты жинап аласыздар» деп қалжыңдап қояды (дәл солай болды да). Одан кейін іс бары­сына ауысып: «Сен жас ди­ректорсың, жекешелендіруді неге қолдамайсың, реформаларды жақ­та­мағаның ба?» деп, маған сынай қарады. Мен батылданып, меншік түрінің мұндай формасы сон­ша­лықты өзгеріс әкелмейтінін айтып, жеке пікірлерімді ортаға салдым. Ол мені мұқият тыңдап, сол кездегі Премьер-Министр Сергей Терещенко мен Ауыл шаруашылығы министрі Сергей Кулагинге менің айтқандарым бойынша ұсыныс жасауға нұсқау берді. Президент кісіні тыңдай білуімен қатар, қа­рапайым пікірдің өзін назардан тыс қалдырмайтынын, осы арқылы адам­дарды қанаттандырып отыра­ты­нын қо­ғам дамуындағы нақты істерімен үнемі дәлелдей білетініне тәнті болдым. Біздің 1994 жылғы 5 маусым­дағы кездесуіміз ұмытылмас әсер қалдырды. Ауылымыздағы ардагерлер аллеясында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы жергілікті қария­лармен бірге өз ақ қайыңын отырғызды. Тәуелсіздігіміздің бес жылдық мерекесіндегі салтанатта Елбасы қолынан алғашқы наградам – «Достық» орденін алғаным мәңгі есте сақталады. Марапаттау рәсі­мі­нен кейін Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болып, 40 минуттай әңгімелестік. Ол маған жоға­ры лауа­зымды қызмет ұсынды. «Мен өз орнымда еліме көбірек пайда келтіремін» дегендей сылтаумен бас тарттым. Қатты қиналдым. Бірақ, ренжіген жоқ. Одан кейінгі кездесулерде маған деген пиғылы мен ықыласын өзгерткен емес. Мемлекет басшысы 2001 жыл­ғы 18 наурыздағы сапарында да ауылымызға көтеріңкі көңіл-күй­мен келді. Еуростильмен күрделі жөндеу жүргізілген мектебімізге риза болумен қатар, көп балалы от­басынан дәм татып, теледидар сый­лады. Машина-трактор шебер­хана­сында өңір шаруашылық бас­шы­ларымен кеңес өткізді. Ал, 2008 жылдың 3 қыркүйегінде Германия Президенті Келлермен бірге тік­ұшақпен келуі ауылымыз үшін нағыз мейрамға айналды. Осынау тарихи тұлғамен алғаш жүздесіп, көрісіп, қол алысқаны­мыз­ға жиырма жылға жақындап қа­лыпты. Бұл Қазақстан тәуелсіз­ді­гінің 20 жылымен тұспа-тұс ұмы­тыл­мас кезең екен. Ел­басымен, Ұлт көшбасшысымен әрбір кездесу өзін­дік қимас әсерге бөлейді. Әсі­ресе, қалыпты жағдайға айналған «Есіңде бар ма, Иван...» деп бас­та­латын әңгі­месі терең тағылым-толғанысқа бас­тайды. «Құрметті Президент мырза, әрине, есімде және мұндай кездесулер әлі талай болады деп үміт­те­немін. Сіз біздің «Родинамыздың» аса құрметті қонағысыз, әрдайым төрімізден орын аласыз!» Біз бұған сөз қосып, толғаныс толқындарын бұзғымыз келмейді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Целиноград ауданы.