Осыдан тура 8 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Амангелді» газ конденсаты кен орнының тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану үрдісінің тұсаукесерін өткізген еді.
«Амангелді Газ» ЖШС-ның еңбеккерлері осы кен орнын игеру жұмысын бастаудан бұрын бұл жерде үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Қажетті жабдықтар жеткізілді, кеніштің қалыпты жұмысын бастауға қажетті құрылыс нысандары бой көтеріп, 193 шақырым қашықтыққа созылған 530 мм диаметрлі «Амангелді» кеніші – КС-5» магистралдық газ құбыры салынды. Сөйтіп, 2003 жылдың қазан айында жаңа кен орнын өнеркәсіптік негізде пайдалану жұмысы басталды.
Амангелді жобасы еліміздегі газ кеніштерінің ішіндегі бірегей жоба болып табылады. Оның геологиялық күрделі сипаттамасына байланысты мұндай тәсілмен газ өндіру тәжірибесінің Қазақстанда баламасы жоқ. Бұл кенішті игеру қазақстандық компаниялардың және отандық мамандардың күшімен жүзеге асырылды. «Амангелді» кен орнының пайдалануға берілуіне байланысты еліміздің оңтүстік өңірі Өзбекстан газын импорттаудан арылып, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып, отандық мамандардың кәсіби шеберлігі шыңдалды. Қазір «Амангелді» кенішінде Жамбыл облысының 190 тұрғыны тұрақты түрде еңбек етеді. Республика аумағында нақ осындай жаңа кен орындарын игеру және пайдалануға беру үшін қажетті ұлттық кадрлар әлеуеті қалыптаса бастады.
Бүгінде бұл кен орнында 24 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Орташа есеппен тәулігіне бұл жерде 942 мың текше метр табиғи газ және 76 тонна газ конденсаты өндіріледі.
2010 жылы мұнда 344,1 млн. текше метр газ және 24,15 мың тонна конденсат алынды. Осы жылы жоба бойынша 323,6 млн. текше метр газ және 27,7 мың тонна конденсат өндіріледі. «Амангелді» кенішінің пайдалануға берілуіне байланысты Жамбыл облысының тұрғындары және жылу өндіретін компаниялары басқа өңірлермен салыстырғанда тұрақты түрде арзан әрі сапалы газбен қамтамасыз етілу мүмкіндігіне ие болды. Газ және конденсат өндіру жоспары жүйелі орындалып келеді. Бұл ретте МемСТ-5542-87 талаптарына сәйкес өндірілген өнімнің сапасына айрықша мән беріледі. Өндірілетін өнім сапасы осы кен орнында қоныс тепкен, аккредитациядан өткен зертханада тексеріліп отырады. Амангелді кеніші газының калориялық қуаты импортталатын өзбек газымен салыстырғанда 5-10 пайыз жоғары.
«Амангелді» кенішіндегі газ өндіру жұмысы 15 күндік вахталық әдіс бойынша жүзеге асырылады. Вахталық жұмысшылар үшін тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалынған. Вахталық кентте қазіргі заман талабына жауап беретін тұрғын үй блоктары, асхана, медициналық қызмет көрсететін, кір жуатын орын, мәдени-спорттық кешен, арнаулы техникаларға қажетті жылы бокс, жылу орталығы және басқа әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы сәуір айында берген тапсырмасына байланысты «ҚазТрансГаз» АҚ және «Амангелді Газ» ЖШС Амангелді тобындағы газ кеніштерін зерттеу жұмыстарын дамыту жөніндегі жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. «ҚазТрансГаз» АҚ-қа қарасты келісім-шартты аумақта сейсмологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Жарқұм», «Айрақты» және «Анабай» кен орындарын тереңдете зерттеу жұмыстары жалғасуда. Кен орнын игеру және пайдалану барысында экологиялық шараларға айрықша көңіл бөлінеді. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың Жамбыл облысы аумағындағы газ кеніштерін игеру барысындағы жетіжылдық қызметін қорытындылай келіп, бұл мақсаттағы Қоғамның атқарып отырған жұмысы еліміздің оңтүстік өңірі тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканы дамытуға өлшеусіз үлес қосатынын атап көрсету ләзім. Иә, игілікті іс одан әрі шапағатын төгіп, жалғаса бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.