Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлініп жатқандығы бәрімізге белгілі. Халқымыздың ата кәсібі – мал шаруашылығының ел экономикасындағы алар орны ерекше. Ауыл экономикасының, яғни ауылдағы халықтың тұрмыс жағдайының деңгейі негізінен осы саланың дамуымен тікелей байланысты екені баршамызға мәлім. Сондықтан да мал шаруашылығындағы ахуалды жақсарту, оның жоғары деңгейде дамуына қажетті жағдайларды туғызу бүгінгі таңдағы үлкен мақсаттардың бірі болып табылады. Оны шешу жолында көптеген ауқымды шара белгiленген. Iрi қара етiн өндiруге арналған мал бордақылау алаңдары, жемшөп өндiру цехтары, мал сою, ет өңдеу кәсiпорындарын салу жұмыстары қолға алынуда. Және де бұл мәселе 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық бағдарламасының ең маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған бағдарламаның негізінде республикамыздың өңірлеріндегі барлық мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істеуде. Қазіргі таңда осы аталған мәселені дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде.
Сонымен бірге, қазіргі таңда елімізде ет бағасы шарықтап барады, мұның бір себебі шет елдерден әкелінген ет бағасының жоғары болуымен байланыстырылады. Алайда, елімізге импортталатын етке байланысты жылда мемлекет тарапынан квота бөлінеді. Бұл квотаны бөлумен еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігі айналысады.
Аталған министрліктің бөлген квотасы көбіне трейдерлік компаниялардың жетегінде кетіп, еліміздің басты ет өңдеуші кәсіпорындары квотасыз қалып жатады немесе осы арадағы трейдерлік компаниялардан бөлінген квотаны үстеме бағамен сатып алуға мәжбүр болады. Нәтижесінде, еліміздің ет өңдеуші кәсіпорындарына ішкі рыноктағы ет бағасын көтеруге тура келеді. Бұдан зардап шегетін тағы да қарапайым халық.
Осы жерде туындайтын бір сұрақ, еліміздегі ет өңдеуші кәсіпорындар тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігімен қарым-қатынаста, бірақ, осыған қарамастан, етке квотаны басқа министрлік бөлуде. Меніңше, осы аталған квотаны Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына беру өте тиімді болар еді. Арадағы көптеген трейдерлік компаниялардан арылар едік, нәтижесінде, еліміздегі ет бағасы біршама тұрақтанар еді.
Ерзат ӘЛЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты.