БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2011 жылдың 1 қарашасынан Ливияның үстінен ұшып өтуге болмайтын аймақты ашу жөнінде шешім қабылдады.
Қауіпсіздік Кеңесі осы мәселеге байланысты арнайы қарар қабылдап отыр. Ол НАТО-ның Ливиядағы операцияларының аяқталғанын білдіреді. НАТО-ның Солтүстікатлантикалық кеңесі 28 қазан күні отырыс өткізіп, онда Ливиядағы әскери-әуе науқанының аяқталғандығы ресми түрде мәлім етілетін болады. Осы орайда Ресей Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін өз мандатын асырып жібергені үшін сынға алғанын айта кету керек.
ТАСҚЫН ТЫНЫШТЫҚ БЕРМЕЙ ТҰР
Тайланд астанасы Бангкок сенбі күні кешке болатын су тасқынының шарықтау шегіне дайындалуда.
Онсыз да айтарлықтай қаңырап қалған қаладан тұрғындарды басқа жерлерге көшіру одан әрі жалғасуда. Тұрғындар судың көбейе беруін тоқтату үшін Чао Прайя өзенінің жағалауын қапшықпен және құммен бекітуде. Ұлттық метеоқызметтің хабарлауынша, өзен деңгейлері әлі де көтеріле түспек. Қала сыртында 200 мың адамды қабылдайтын ірі эвакуациялық орталықтар бой көтеруде.
ЖАҢА МҰРАГЕР ХАНЗАДА АНЫҚТАЛДЫ
Сауд Арабиясының жаңа мұрагер ханзадасының есімі белгілі болды.
Ол – Наиф ибн Абдель Азиз ас-Сауд. Мұндай шешім таяуда ұзаққа созылған ауыр науқастан ханзада Сұлтан бин Абдулла Азиздің АҚШ-та қайтыс болуына байланысты қабылданды. Жаңа кронпринцтің жасы 78-де. 1975 жылдан бері ол ішкі істер министрі қызметін атқарады. Бұдан былай оған премьер-министрдің орынбасары міндеті де жүктелетін болады.
ИСЛАМИСТЕР БИЛІККЕ КЕЛДІ
Өткен жексенбіде Тунистің ұлттық құрылтай ассамблеясының сайлауында «Ан-Нахда» исламистік партиясы жеңіске жетті.
Батыс үміт артқан прогрессивті-демократиялық партия төртінші орында қалып, сайлау науқанында жеңіліс тапты. Дауыстарды санау нәтижелері бойынша исламистер 41,47 пайыз дауыс алған. Сөйтіп, олар құрылтайшы ассамблеядағы 217 орынның 90-ына ие болды. Екінші және үшінші орындарды тиісінше 13,82 және 9,68 пайыз дауыс жинаған екі солшыл партиялар – «Республикалық конгресс» және «Еңбек пен еркіндік үшін демократиялық блогы» иеленді.
ЕГИПЕТ ПЕН ИЗРАИЛЬ ТҰТҚЫНДАР АЛМАСТЫ
Израильдің «Моссад» барлау ұйымының офицері делінген Илан Грапельді Египет өкіметі Израильдегі 25 египеттік тұтқынға айырбас ретінде босатты.
27 жасар Грапельді Египет өкіметі шпиондық жасады деген күдікпен маусым айында қамауға алған болатын. ВВС агенттігінің хабарлауынша, Грапель бейсенбі күні Каирден отанына ұшып шығып, оның орнына 25 тұтқын Египет өкіметіне қайтарылған. Израильдің және АҚШ-тың азаматы болып табылатын Грапель Израиль премьер-министрімен кездескен соң АҚШ-қа ұшады деп күтілуде.
КЛИНТОН ОБАМАҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон өкілдер палатасының сыртқы істер жөніндегі комитетінде сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол Обама әкімшілігінің Пәкстан мен Ауғанстанға қатысты саясатына қолдау білдірді. Ауғанстан мен Пәкстанда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық міндетті шешуде АҚШ қаншалықты алға ілгеріледі деген сауалға Клинтон аталған елдермен арадағы қарым-қатынас дәл ойлағандай дәрежеде емес, сонымен бірге белгілі бір табыстар да бар деп жауап қайтарған.
ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Түркі мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуде бұқаралық ақпарат құралдарына маңызды міндеттер жүктеледі.
Жұма күні Бакуде ашылған түркі тілдес мемлекеттер мен ұйымдардың ІІ Медиа-форумына жолдаған үндеуінде Түркия Премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған осылай деп атап көрсеткен. Құттықтауды форумға жиналғандар алдында Түркия министрлер кабинеті баспасөз қызметінің басшысы Мұрат Каракая оқып берді. Ердоған форумның қызметтестікті арттыруда өте маңызды нәтижелер беретініне сенім білдірген.
ЭСТОНИЯ ТҮРКИЯҒА 100 МЫҢ ЕУРО БӨЛДІ
Эстония сыртқы істер министрлігі алапат зілзаладан запа шеккендерге және оның зардаптарын жоюға көмек ретінде Түркияға 100 мың еуро бөлді.
Эстония сыртқы істер министрі Урмас Паэттің айтуынша, бөлінген көмектің елеулі бөлігі баспаналарынан айырылған адамдарды тұрғын жайымен қамтамасыз етуге арналған. Айта кету керек, қазіргі күні баспанасыз қалғандар саны шамамен 600 мың адамды құрап отыр. Ахуалды жалғасып жатқан жер асты дүмпулері мен күннің салқындап кетуі, сол сияқты эпидемияның таралу қаупі одан бетер күрделендіре түсуде.
САЯСАТКЕРЛЕР ҚАЛАЙ ЖҰДЫРЫҚТАСАДЫ?
Британдық The Guardian газеті саясаткерлердің қатысуымен болған ең қызу төбелестерді жариялады.
2005 жылы «Родина» фракциясы мүшелері мен РЛДП депутаттары арасындағы қақтығыс арқасында ресейлік депутаттар аталған тізімде екінші орын алды. Ресейлік саясаткерлерді жұдырықтасу рейтингінде тек италиялық әріптестері ғана артта қалдырған. Прагадағы наразы стоматологтар арасындағы жанжал үшінші орында көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.