Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірқатар заң жобаларын депутаттардың талқысына шығару жөніндегі ұсынысы қаралды. Атап айтқанда, «Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің ерекшеліктері туралы шартты ратификациялау туралы», «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмегі және өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобалары жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілетін болды.
Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралатын болды. Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.