Кеше Әзербайжан астанасында Түркі тілдес журналистердің медиа-форумы өткізіліп, оған Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан журналистерімен қатар, Ресей Федерациясы құрамындағы башқұрт, татар, малқар, саха, тыва, қарашай, алтай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Молдовадан – гагауыз, Ирактан – кекрук түріктері, Украинадан – қырым татарлары, Косово, Македония, Грекияның батыс Фракиясынан, Солтүстік Кипрден, Болгариядан түркі тілдес қаламын қару еткен журналистер қатысты.
Былтырғы жылы түрік жерінде алғаш жиналған түркі тілдес журналистердің Баку қаласындағы бұл екінші форумы. Жер-жерден 200 делегаттың басын қосқан форум өз жұмысын таңертеңгілік Гейдар Әлиевтің ескерткішіне гүлдесте қоюдан басталды.
Ал форум беташары Әзербайжан әнұраны орындалысымен түріліп, барлық қатысушылар әуелі Түркияның Ван өлкесіндегі зілзаладан құрбан болғандарды бір минөт үнсіздікпен еске алды.
Тарих, тіл, төл ерекшеліктері және мәдениет ортақтастығына негізделген ортақ құндылықтары бар Түркі дүниесінің дауысы биылғы жылы тәуелсіздіктерінің 20 жылдықтары мерекеленіп жатқан Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен тәуелділік қамытын мойнына іліп көрмеген Түркия мемлекетінің түбі бір, түбірі бір екендіктерін айқын ұғынып, интеграциялануы нәтижесінде жарқын шыға бастады. Жақында ғана Алматы қаласында өткен Түркі кеңесінің бірінші саммитінде қабылданған декларацияда мүше мемлекеттердегі бұқаралық ақпарат құралдары Түркі кеңесі және оның тиісті органдары туралы халықты жиі ақпараттандыруда маңызды рөл атқара алатынын атап өтіп, осы орайда, «Түркі тілдес мемлекеттердің медиа тұғырнамасының» құрылуын қоштаса, медиа-форум осы игілікті ойдың іс жүзінде жалғасуының көрінісі болды десек, артық айтқандық емес.
Шынында да түркі әлемінде талқыланатын да, көтерілетін де мәселелер жеткілікті. Сол себептен де форум жұмысы «Жаһанданған әлемдегі Түркі тілдес медиа-факторы: ерекшеліктер және ортақ құндылықтар» мәселесіне арналып, талқыланған тақырыптар «Түркі әлеміндегі медиа: өзіндік ерекшеліктер, қызмет аясы және мүмкіндіктер», «Түркі тілдес медиа ынтымақтастығымен оның болашақта бірлесудегі қадамдары», «Түркі тілдес елдер мен қауымдастықтардағы әлеуметтік медиа: оларды жақындастырудағы ғаламтор мүмкіндіктері», т.с.с тақырыптарға арналды.
Журналистерді Бакуге жиып, ортақ мақсатқа жұмылуға шақырған форумды ұйымдастырушы Әзербайжан Баспасөз кеңесінің төрағасы Афлатун Амашев, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің форум жұмысына сәттілік тілеген құттықтауын жеткізген Президент әкімшілігінің қоғамдық-саяси мәселелер бөлімінің басшысы Әли Гасанов, еліміздегі билік басындағы партия жанындағы «Нұр Медиа» холдингінің Бас директоры Қайсар Жанаханов, Түркияның Баспасөз және ақпарат тарату агенттігінің бас директоры Мұрат Каракая өз сөздерінде түркі тілдестердің бір-бірімен ұғыныса, жақындай түсуінде осындай шаралардың атқаратын жүгі мол екендігін айтып, мемлекеттер мен олардағы түбірі бір халықтардың, жеке азаматтардың арасында сенім мен түсіністік орнауындағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екендігіне баса мән бере сөйледі. Расында да, Жаратқан Иенің адам баласына тартқан баға жетпес сыйы – тіл арқылы ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыруға да, алыстатуға да, тіптен жауластыруға да болады. Сөз құдіреті орнымен пайдалансаң жасампаз, бір ұлт қана емес, бүкіл адамзат баласының игілігіне қызмет ете алады.
Форумға жан-жақтан жеткен делегаттар ойларын ортаға салып, Түркі әлеміндегі ортақ проблемаларды сөз етіп, мінберге көтерілген шешендер жиналғандар назарына өз елдерінде тіл аясында туған қиындықтарымен де бөлісті.
Медиа-форум жалғасуда.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Бакуден.