Қазақстандық мұнай компаниясы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы халықаралық қор рыногына шығып, шетел рыногында отандық мұнай саласын мойындатып келе жатқанына 5 жыл болды. Халықаралық қор рыногы – IPO-ға қарымы мықты, стратегиялық жоспары жасампаз компаниялар ғана ене алса керек. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың атқарып жатқан, алда да атқарар жұмыстары ауқымды екенін байқауға болады. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ мұнайды барлау мен өндіруде еліміздегі жауапты әрі ірі компаниялардың бірі. Сол себепті ол шетелдік және отандық қор рыногындағы еркін саудаға өз акцияларын шығарған тұңғыш отандық мұнай компаниясы.
Компания IPO-ға енген 5 жыл ішіндегі жұмыстарына байланысты роуд-шоу ұйымдастырып отыр. Роуд-шоу аясында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бірқатар отандық және шетелдік инвесторлар мен сарапшылар, журналистер қауымымен кездесіп, өзінің соңғы жылдары атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндап, Қазақстандағы ең ашық компания ретінде бекер мойындалмағанын тағы бір айғақтады.
Роуд-шоу Алматы қаласындағы қазақстандық зейнетақы қорларының өкілдерімен және осы рыноктың сарапшыларымен кездесуден басталды. Кездесулерде халықаралық қор рыногына енген кезден бергі атқарылған жұмыстары және жеткен жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, компанияның қазіргі даму барысы мен 3 жылға жұмыс жоспары нақтыланды. Кездесуден кейінгі арнайы брифингте «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Асқар Балжанов журналистер сауалдарына жауап берді.
«Қазір біздің еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі қор рыноктары қиын-қыстау кезеңді бастан кешіруде. Әйтсе де біз осы жағдайға қарамастан, жылына кем дегенде бір рет болса да инвесторлармен және сарапшылармен кездесу ұйымдастыруға тырысамыз. Жаһандық экономикадағы проблемалар әлі де сақталуда, бірақ осыдан бес жыл бұрын, 2006 жылдың қазан айында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» IPO-ға шықты. Қазір біз мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстандағы ең ірі үш мұнай компаниясының қатарындамыз. Біздің басты басымдығымыз – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен арадағы тығыз қарым-қатынас. Осының арқасында, біз әсіресе құрлықта орналасқан мұнай-газ активтеріне қол жеткізіп отырмыз. IPO-дан кейінгі бес жылдың ішінде осы басымдықтардың арқасында біздің компания үлкен өсім көрсетті. Миноритарлық акционерлеріміздің мүддесін қорғауға бағытталған корпоративтік басқару жүйесі де біздің ілгері дамуымыздың басты элементтерінің бірі. Біздің компанияның IPO-сы – Қазақстан үшін мемлекет пен миноритарлық инвесторлардың мұнайгаз саласындағы бірлескен тамаша жобасы»,– деді Асқар Балжанов.
Компания акцияларының қор рыногында сәтті болуы компанияның корпоративтік басқаруына тікелей байланысты. Сонда ғана инвесторлардың қызығушылығы артып, компанияның тынысы кеңейетінін түсініп отырған компания бұл бағытта тиімді жұмыстар атқарып келеді. Мұнай компаниясы болған соң оның экологиялық жауапкершілігі мен еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне де жіті назар аударылады.
Қор рыногына ену арқылы компанияның әлеуетін қалың жұртшылыққа паш етіп, отандық және шетелдік инвесторларды тарту үрдісі біздің елімізде дами қоймағандығы белгілі. Халықаралық қор биржасында қарымын байқатып отырған шетелдік компаниялардың ішінен ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың орын теуіп, бес жыл жемісті жұмыс атқарып келе жатқандығы қуантарлық жағдай.
Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тың бас геологы Базар Есқожа 2018 жылға дейін алып өндіріс ошағының мұнай қоры қазіргі 290 миллион тоннаның үстіне 116 миллион тоннаға дейін толығатынын айтты. Былтырғы жылы «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ еншілес компаниялардағы үлестерді санағанда 13 миллион тоннадан астам мұнай өндірді. Компания 2020-жылға қарай әлемдегі жетекші 30 мұнай компаниясы қатарына кіру мақсатын қойып отыр. Ол үшін айқындап алған нақты даму стратегиясы бар.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының өндірістік кешенін арттырып отырған «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» кәсіпорындары болып табылады. Соңғы кездері «Өзенмұнайгаз» ұжымының бір бөлігі оқтын-оқтын ереуілге шығып, өндірістің қалыпты жұмысына кедергі келтіргені белгілі. Орынсыз ереуіл өз шегіне жетіп, жұмысшылары қызмет орындарынан айырылғандығын компания басшысы Асқар Балжанов БАҚ өкілдеріне арналып өткізілген брифингте: «Биыл біз бірінші рет ереуілшілердің талап-тілегін орындаған жоқпыз. Өйткені, соңғы жылдары компания әлеуметтік шығындарды молайтып, жалақыны өсірді. Тіпті шарықтау шегіне жетті десек, артық айтқандық емес. Демек, жұмыс беруші ретінде біз жұмысшылар алдындағы міндеттемелерімізді толық орындап шықтық. Оның үстіне, ереуілді түрлі деңгейдегі сот орындары заңсыз деп таныды. Дей тұрғанмен, біз соңына дейін сабыр сақтадық. Үш айға созылған ереуіл кезінде жұмысқа шықпаған 2,5 мың адамның бір жарым мыңы жұмыстарына оралды, ал өкінішке орай, жұмысқа шықпаған 990 адам жұмыстан босатылды», – деп түсіндіріп өтті.
«Егемен-ақпарат».