ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
_________
Республика халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде суармалы жерлердің алатын орны ерекше. Ондай жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті тиісті орталық өкілетті органдармен бірлесіп өткізген бірнеше талқылаулардан кейін, 2011 жылға арналған республикалық бюджеттен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға (жерді тегістеу, терең қопсыту, каналдар мен кәріздері тазарту) арналған қанатқақты жоба ашылып, Оңтүстік Қазақстан облысына 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша аталған жұмыстарды жүргізу үшін 2012 жылдан бастап республиканың басқа да суармалы өңірлерін қамту ойластырылған болатын.
Бөлінген қаржыларды толық және тиімді игеру мақсатында «Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығын арттыруды субсидиялауға 2011 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидасын бекіту туралы» 2011 жылдың 9 наурызында Үкіметтің қаулысы қабылданды.
Алайда, Үкімет қаулысымен бекітілген құжатта суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстары техника пайдалану арқылы және жыл он екі ай бойы жүргізе беруге болатыны ескерілместен, суару жүйелері арамшөптерден және лайдан қолмен тазартылады, суармалы жерлердегі мелиоративтік жұмыстар 25 сәуірден кешіктірмей жүзеге асырылады деп көрсетілген.
Бұл суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстарын бастамай жатып тоқтатуға әкеліп отыр. Бір жылға бөлінген қаржыны 25 сәуірге дейін, бір жарым ай көлемінде игеру мүмкін де емес еді. Осының салдарынан бөлінген 1,8 млрд. теңге субсидияның толық игерілмей қалу қаупі туындап отыр.
Осыған байланысты үстіміздегі жылдың ортасында Үкімет қаулысымен бекітілген құжатқа өзгерістер енгізу туралы Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған едім. Үстіміздегі жылдың 18 шілдесінде №11-21/3638 хатпен келген жауабында Үкімет басшысы суару жүйелерін арамшөптерден және лайдан тазарту жұмыстарын қолмен немесе техникамен тазарту, мелиоративтік жұмыстардың аяқталу мерзімін 25 сәуірден 25 желтоқсанға ауыстыру және 1 га. жерде атқарылуы тиіс мелиоративтік жұмыстарға қаралатын қаржы көлемін 40-50 пайызға ұлғайту туралы ұсыныстарды қолдап, оларды Үкіметтің құжатты бекіту кезінде ескеретінін хабарлаған еді.
Алайда, содан бері бірнеше ай өтсе де, аталған құжатқа тиісті өзгерістер енгізілмей, мәселе өз шешімін таппай отыр. Бұған қоса қанатқақты жоба бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген 1,8 млрд. теңге қаржыны толық игеруде қиыншылықтар туындап, бюджетті пысықтауда оның көлемі 491 млн. теңгеге азайтылды. Ал 2012 жылға арналған республикалық бюджетте суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға субсидия мүлдем қарастырылмаған.
Бұл мәселенің толық шешілуі, елімізді суармалы жерлерде өсетін азық-түлік өнімдерімен, атап айтқанда: қант, өсімдік майы, көкөніс, күріш, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белокты жемшөп дақылдарымен қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізген болар еді.
Сондықтан, ештен – кеш жақсы дегендей, жоғарыда айтылғандардың негізінде, 2011 жылға арналған республикалық бюджеттен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаға бөлінген қаржыларды игеру мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстарға Үкімет әлі де болса оң көзқарас танытады деп сенейік.
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.